ТАЛДЫҚОРҒАННЫҢ КӨРНЕКТІ ЖЕРІНЕ ЖОЛБАРЫС БИДІҢ ЕСКЕРТКІШІ ОРНАТЫЛАДЫ

Уақыты: 20.05.2021
Оқылды: 1449
Бөлім: ТҮПСАНА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Жолбарыс бидің 350 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференцияға қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Конференцияны Жолбарыс би және Қадырғали би Қосымұлы Жалаири атындағы қоғамдық қорлар ұйымдастырып, басқосуды Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, Жалаири атындағы қордың президенті Өмірәлі Жалаири жүргізді.

Алғашқы сөз облыс әкімі Амандық Баталовқа беріліп, өңір басшысы батыр әрі би Жолбарыс бабаның қазақ тарихындағы орны, даңқты тұлғаның есімі мен ерлігін ұрпаққа таныту мәселелеріне тоқталып өтті. «Облыс әкімдігі тарапынан Талдықорғанның көрнекті жеріне қасиетті бабамыздың ескерткішін орнатуға,  жоспарланған  кешенді шараларды атқаруға тиісті қолдау көрсетілетін болады», - деді А.Баталов.

Бұл игі бастамаға конференция қатысушылары ризашылығын білдірді. Мұнан соң Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов, еліміздің және Қытай, Өзбекстан елдерінен қатысқан ғалымдар тарихи тұлғаның өнегелі өмір жолы жайлы кеңінен айтып, мазмұнды баяндамалар жасады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"