Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

«XX ҒАСЫРДЫҢ ГОМЕРІ»: ЖАМБЫЛ МУЗЕЙІНДЕГІ ЖАҚСЫ КҮНДЕР

Уақыты: 09.06.2021
Оқылды: 512

Бүгінде бүкіл Қазақ елі ұлтының атын алысқа жайған жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығын атап өтіп жатыр. «XX ғасырдың Гомері» атанған асыл адамның ұлылығын ұрпағына паш ететін, әрдайым осы жерге ерекше ілтипат-ізетпен келіп керемет әсер алатын, халыққа көп ой салатын музейін қазір немересі Салтанат Жамбылова басқарады. 


Ал, енді алыста қалған ескі күндерді есіме алсам, кезінде бұл қасиетті орынның кең қанат жаюына, ісінің ілгері басуына менің Құдай қосқан қосағым – белгілі жазушы марқұм Мұхаметжан Етекбаевтың да үлкен үлес қосқанын үнемі мақтан етіп жүремін.

Жүз жасаған Жамбыл бабамыз дүниеден өткен соң өзі тұрған 12 бөлмелі үйдің Үкімет шешімімен музейге айналдырылғаны белгілі. Өйткені, өлмес, өшпес өлеңдерімен қазақтың атын дүние жүзіне танытқан, «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, ел бірлігін сақтаған татулықты айт!» деп жырлаған ұлы ақынға, оның шырайлы шығармаларына деген ел-жұртының құрметі, махаббаты айрықша еді.

Міне, осы республикалық әдеби-мемориалдық музейге Мұхаметжан Етекбаев 1966 жылы директорлыққа тағайындалып, оны он үш жыл бойы байыпты басқарды. Сонда бірге оқыған жолдастарының: «Қазір ел қалаға қашады, ал сенің далаға қашқаның қалай?» дегеніне қарамай алған бетінен қайтпаған. Жалпы, қазіргі Жамбыл ауданының Алатау етегіндегі Қарақыстақ ауылында туып-өскен Мұқаң үшін бұл өмірінің өте бір берекелі, барынша мағыналы кезеңі еді деп айтуға әбден болады.

Туған жері мен оның ақ ниетті адамдарын айрықша сүйетін, Жамбылдайын ақпа жырдың ақтаңгерін қатты қадірлейтін ол осы жұмысқа келе салысымен музейге күрделі жөндеу жүргізілуіне көп күш салды. Оның ішін жабдықтап, жаңа жәдігерлермен толығуын ұйымдастырды, жарығын жарқыратып, жолының жақсы күйге жетуіне мұрындық болды. Ондағы басты мақсаты, әрине, осынау ел-жұртқа аса қымбат орын қашанда шетелдік туристер мен Қазақстанның өз ішінен келушілердің көзін тартып, көңілін қуантып тұрса деген тілек-ниетке саятындығы анық еді.

Дәл музейдің жанында ұлы жыраудың мәңгілік мекені – күмбезі де тұр. Сондықтан да бұл жерге тәу ету үшін ат басын бұратындар аз болмайды. Иә, Мұқаң жарғақ құлағы жастыққа тимей шапқылап жүріп, соның нәтижесінде осы бағыттағы көп істің оңды шешілуіне қол жеткізді.

 1968 жылы музей күрделі жөндеуге жабылды. Осы себептен де 1972 жылы, Жамбыл Жабаевтың 125 жылдығын атап өтетін кезде, сол уақыттағы өлшеммен алғанда музей жарқырап, жайнап тұрды. Бұл тойға өз елімізбен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен атақты ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, журналистер келгенін қалай ұмытайын? Олардың ішінде Всеволод Рождественский, Георгий Марков, Берды Кербабаев, Олесь Гончар, Аалы Тоқомбаев, Александр Чаковский, Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов, Қайсын Кулиев, Давид Кугультинов, Мырза Тұрсын Заде, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, шетелдіктерден Фаиз Ахмад Фаиз (Пәкістан), Алекс Ла Гума (Оңтүстік Африка), Махмұд Дервиш (Палестина), Фан Ти (Вьетнам), Клаус Шнайдер (Германия) және т.б. бар еді. Мерекеден кейін Ілияс Есенберлин мен Мұхаметжан Каратаевтың зайыптарымен музейге келіп, артынан біздің үйден дәм татқаны да есімде.

Мұхаметжан музей жәдігерлерінің көрсеткіш кітапшасын екі рет шығарды. Ел арасынан ұлы ақынның бұрын белгісіз шығармаларын, оның көзін көргендердің естеліктерін де жинастырып жүрді. 

Енді Мұқаңның тағы бір ерлікке тең еңбегін айтуға тиіспін. Ол бұл уақытта музейді жаңартып, жаңартуға орай одақтағы бірқатар осындай орындарды зейін сала зерделеп, аралап көрді. Сапарлатып сонау Мәскеу мен Ленинградқа барды. Қасында қазақ телевидениесінің режиссері Осман Дүйінбаев болды. Осылайша Мұхаметжанның авторлығымен «Ақындар атасы» деген деректі фильм түсірілді. Оның 1973 жылы ел назарына ұсынылып, жақсы баға алғаны да жадымда.

Айтқандай, сол жолы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қалалық кеңесі төрағасының (қазірше мэрі, аты-жөнін ұмытыппын, өзі Мәскеудегі орталық партия комитеті Саяси Бюросының мүшесі екен) қабылдауында болып, кең отырып әңгімелесіпті. Тіпті, ол кісі үлкен құрметпен арнайы көлік бөліп, қаланы сонымен аралапты. Бұл жүздесудің ең сүйсінерлік ерекше үлкен бір нәтижесі – Жамбыл атамызды қатты қадірлеп, құрметтейтін қаланың басшысы Жамбыл музейіне арнайы қаржы бөлдіртеді. Ол қаражат (3 миллион рубль, бұл сол шақтағы орасан көп сома еді) тойдан кейін болса да аударылып, баба музейіне апаратын көше бойына 14-15 екі пәтерлік екі қабатты тұрғын үй тұрғызылды ғой. Сондай-ақ, Мәдениет үйі, мектеп, кәдесый дүкені де салынып, көше асфальтталынды. Бұл да: 
Ленинградтық өренім, 
 Мақтанышым сен едің. 
 Нева өзенін сүйкімді,
 Бұлағымдай көремін! – деп төгілтіп жырлаған, сол «Ленинградтық өренім» атты өлеңімен блокададағы жұрттың рухын көтерген ақын атамызға деген орыс халқының керемет сый-құрметінің шын белгісі еді. 
Әрине, артынан музей бірнеше рет жөнделіп, кеңейтілді, жаңа бөлмелер қосылды, конференц-зал салынды, басқа да сандаған игі істер атқарылды. Сондықтан Мұхаметжаннан бұрын да, кейін де ешкім ештеңе істемеді дей алмаймын. 

Осындай көптеген орнықты жұмыстардың, елеулі еңбектің арқасында қазіргі кезде ол, шын мәнінде, ұлы ақынның рухына табынып, бас иетіндердің жиі келетін орнына айналды. Мен де әлі күнге дейін оған оқтын-оқтын ат ізін салып тұрамын. Сонда сонау бір қызық-қуанышқа толы күндердегі Мұқаңның еңбегі, жастық шақтағы жұмыла атқарған жұмыстарымыз есіме түсіп, сағынышпен жадымда жатталған жақсы жайларды ойыма жиі алып қоямын. Иә:
...Өшпейді халық жыры, қартаймайды,
Өшед деп оны ешкім де айта алмайды. 
Халықтың жүрегінің түкпірінен
Төгілген күй шын жорға тайпалмайды.
Алтындай ел ішінде сақталынған
Сұлу жыр судан тұнық, шайқалмайды...
– деп жырлаған Жамбылдың аты мәңгі жасайды!
Неміс жазушысы Клаус Шнайдердің 1978 жылы Лейпциг қаласында «Алматы. Қазақ көктемі» атты кітабы шығыпты. Қазақ жерінің талай өңірін аралаған шетелдік қаламгер ұлтымыздың салт-дәстүрі, өнері мен мәдениеті жайында жаза келе өзінің Жамбыл музейінде болғанын да атап көрсетіпті. М. Етекбаевтың 1966 жылдан музейді басқаратынын айта отырып былай депті: «Мұхаметжан маған орысша аудармашы ретінде өзінің қымбатты қазынасы – арықша келген әдемі әйелі фрау Хазиманы таныстырды...». 

Осы тұста айта кетейін, мен бір-екі жыл музейде экскурсия жүргізушісі, кіші ғылыми қызметкер болып істегенмін. Кітаптың аты мен бұл сөйлемді немісше жақсы білетін адамға аудартып алған өзім. Ол қолыма кездейсоқ түсті. Бір неміс тілінің мұғалімі музейге келеді де мені сұрайды, содан соң тауып алып кітапты маған ұстатты. 

Әйгілі Кенен атамыз, Жамбылдың шәкірті Кенен Әзірбаев тірі кезінде музейге жиі келіп тұрды. Әлі есімде, мен ол кісіні алғаш рет 1967 жылдың көктемінде, музейдің бас қор сақтаушысы Нағысбек Оразбековтың алдында көрдім. Шай үстінде Нағысбек аға жаңа директордың отбасын таныстыра келе менің қазақтың атақты байы, Жетісудың, Верныйдың (Алматы) көркеюіне көп үлес қосқан Медеу Пұсырманұлының шөбересі екенімді де айтты. Сонда Кенен атаның: «Ойпырмай-ә, Медеудің ұрпағы екенсің ғой о, айналайын!», – деп таңқалғаны бар-еді (мақтаныңқырап кетсем, газет оқырмандарынан кешірім өтінемін). 

Мұқаңның алмас жырдың алдаспаны Сүйінбай Аронұлының өмірі мен шығармашылығына да терең үңілгеніне куәмін. Әрі осы ұлы ақын жерлесіне Жамбыл ауданында музей ашылғанда оны ұйымдастырушылардың алдыңғы легінде жүргенін де жақсы білемін.

Сөз аяғында жалпы Мұхаметжан Етекбаев кім еді, осыған аздап тоқтала кетсем деймін. Ол Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі, қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі еді. Аудандық басылымдарда, «Қазақстан пионері» газетінде, Қазақ телевидениесінде қызмет істеген. Республикалық «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Пионер», «Балдырған» сияқты газет-журналдарда балаларға арналған әңгімелері мен ертегілері жиі жарияланып тұрды. «Алтын мүйізді киік», «Қисық бұтақ», «Қызыл автобус», «Болатбек», «Жапалақ туралы ертегі», «Қара жартас хикаясы», «Алатау ертегісі» тәрізді көптеген кітаптың авторы. «Алатау ертегісі» орыс тіліне аударылып, 1972 жылы Мәскеудегі «Детская литература» баспасынан «Острый коготь» деген атпен шыққандағы қуанышты жүзі күні бүгінгідей көз алдымда. Аталған кітап бір жылдан соң украин тілінде Киевте, онан соң Германияда неміс тілінде жарық көргенін де айта кетейін. Бұл туындысы туралы қазақ өнері мен мәдениетінің шынайы жанашыры, осы саланың ілгерілеп, өркендеуіне зор еңбегі сіңген, Мәдениет министрі болған Ілияс Омаровтың өзі 1968 жылы 3 қыркүйекте жылы лебіз білдіріп, арнайы хат жазғанын қалай ұмытайын?! Сол сияқты, 1981 жылы «Болатбек» повесі Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан жарық көріп, 1988 жылы украин тіліндегі «Берег було видно» повестер жинағына еніп, Киевте шыққанын да атап өткім келеді. Ал, 2016 жылы «Раритет» баспасы оқырмандарға аңыз-әңгімелері топтастырылған «Қызыл ала жолбарыс» кітабын тарту етті.
1998 жылы өмірден озған Мұқаң жер басып жүргенде биылғы 15 мамырда 85 жасқа толар еді...

Хазима АЙДАРБЕКОВА,
еңбек ардагері
Жамбыл ауданы