ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ ОРЫС ӘЙЕЛІ ТУРАЛЫ ӨЗ ҚОЛЫМЕН ЖАЗҒАН ХАТЫ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 12.08.2021
Оқылды: 3497
Бөлім: ТҮПСАНА

Биыл ғылыми іссапармен Башқұртстанның астанасы Уфа қаласындағы архивте жоспарлы тақырып бойынша деректер іздестіру барысында қазақтан шыққан даңқты палуан Мұқан Мұңайтпасұлының Орынбор мұсылмандар діни басқармасына жазған хатын кездейсоқ кездестіріп, көшірмесін елімізге алып келдік. Жәдігердің атақты палуанның 150 жылдық мерекесіне дөп келуі кездейсоқтық емес.

Алматыдан шыққан ұшақ бортында ұсынылған қазақ газеттеріне көз жүгірту барысында «Ана тілі» газетінің 24 маусымдағы санында «Қажымұқанға етік тіккен жауынгер» атты мақаламен таныстым. Даңқты палуанның өмір жолына қатысты мәліметтердің қызықты берілуі жолды кәдімгідей қысқартуға септігін тигізді.

Кейіннен Уфа қалалық архивінің 295 қорында сақтаулы тұрған түрлі діндегі адамдардың мұсылман дінін қабылдау туралы өтініштері туралы істі қарау барысында палуанның хатына тап болғанда қайран қалғаным рас. Өйткені, бұған дейін Қажымұқанның бірінші әйелі туралы түрлі мәліметтің айтылатынын білетінмін. Тіпті, осы әйелінен көрген Халиолла деген ұлынан тараған ұрпағының Омбы қаласында тұратындығы да баршаға мәлім. Бұған дейін белгісіз болған хатта алғашқы жары туралы толық мәлімет беріліпті. Сондықтан хаттың мазмұнын толық беруді жөн көрдім.

«Орынбор мұсылмандар діни басқармасына, кәсіпқой палуан, Ақмола облысының тумасы Корея және Жапония чемпионы, халық арасында Мұқаннұр атымен белгілі Мұқан Мұңайтпасовтан

Өтініш

Орынбор мұсылмандар діни басқармасынан мынадай сұрақ бойынша тиянақты кеңес беруді өтінемін:

Туғаннан мұсылман болсам да Кубань губерниясының шаруасы, римдік-католиктік дінін ұстанатын 22 жастағы Анастасия Николаевна Щапковскаямен төрт жыл бірге тұрамын, арамызда бір жасар ұлымыз бар. Оған мұсылманша ат қою рәсімі әлі орындалмады. Өйткені біз мұсылмандық салт бойынша заңды некеге тұрмағанбыз.

Солтүстік-батыс аймақтың жергілікті молдаларына жүгініп, сұраған сауалыма мұндай жағдайда не істеу керектігі жөнінде олар мардымды жауап бере алмады. Оның үстіне ешкімнің толық кеңес бере алмауына менің кезбелік өмір салтым да кедергі келтіруде.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Орынбор діни басқармасынан өмірлік жарым Щапковскаямен заңды некеге қалай тұру керектігіне жөн сілтеуге көмек сұраймын және жарымның мұсылман дінін қабылдауға ниетті екендігін жеткіземін.

Хатқа жапсырылған құны жетпіс бес тиындық екі маркаға жалпы сомасы 1 сом 50 тиын төледім. Мекенжайым: Либава қаласы, Девинья циркі. Палуан Мұқаннұр. 1910 жыл, 16 қаңтар».

Аталған хатты 1910 жылғы 28 қаңтарда қарастырған Орынбор мұсылмандар діни басқармасының өкілдері мынадай мазмұнда жауап беріпті: «...сұраушының, кәсіпқой палуан Мұқан Мұңайтпасовтың өтінішіне байланысты оған тұрғылықты жері бойынша Либава қаласындағы Девинья циркіне Либава полицей басқармасы арқылы егер оның азаматтық әйелі (құжатта ашынасы) Щапковская римдік-католиктік сенімнен мұсылман дініне өтуге ниет білдірсе, онда Ішкі істер министрінің 1905 жылғы 18 тамыздағы № 4628 циркулярлық ұсынысына сәйкес жергілікті губернаторға тікелей немесе уезд әкімшілігі арқылы өтініш беруі қажеттігі және губерния басшысының оның мұсылман дініне өткендігі туралы жарлығы шыққан кезде ол мұсылманмен, мұсылмандық дәстүр бойынша некеге отыра алатыны жөнінде арнайы хабарлама жіберу қажет».

Шағын хат, бір өмір, алып жүректің тыныс-тіршілігі. Қайткенде де бұл хат қазақ руханиятына елеулі үлес қосқан жанның өмірінен хабар береді. Сол себепті оны бәрі білу керек.

Рашид ОРАЗОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері