БЕКСҰЛТАН НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ: "ШЫҢҒЫС ХАН ҚҰРҒАН МЕМЛЕКЕТ ҚАЙДА?"

Уақыты: 15.08.2021
Оқылды: 4957
Бөлім: ТҮПСАНА

Меніңше, Шыңғыс ханның шындығына көз жеткізетін екі негізгі тетік бар: бірі – оның қай моңғол екенін, екіншісі – оның атамекені қәзіргі Монғолия, не бұрынғы Моғолстан екенін анықтау.

Әңгімені Моңғол халық республикасынан бастайық. 1921 жылы халха халқы манжұр бійлеушілеріне қарсы көтеріліс жасап, 1924 жылы Кеңес өкіметінің қолдауымен Моңғол халық республикасы (МХР) құрылды. Соның басы-қасында Тұрар Ырысқұлов болды, сол кісінің ұсынысымен астанасы Ұланбатор атанды. 2004 жылы жарық көрген «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының 6-томында «моңғол тілі – халха тілі» делінген. Этникалық құрамы жағынан онда 90 пайыз халха-моңғолдар тұратыны және олардың XVI ғасырда халха деген атқа ійе болғаны айтылған (53-бет). МХР-да тұратын халықтардың халхадан кейінгі көбі ойраттар екен. Қазақтар ойратты қара қалмақ, халхаларды құба қалмақ деген. Әйгілі «Ақтабан шұбырынды» заманында қазақтың Мүйізді Өтеген батыры осы құба қалмақтардың тұтқынында болып, оларға қытайлар шабыуыл жасаған кезде құтылып шыққан.

Жаңа құрылған мемлекетінің атын елдің тоқсан пайызын құрайтын халхалар «Халха мемлекеті» демей, неге «Моңғол халық республикасы» деп атаған? Оны солай ататқан – Кеңес өкіметі. Неге?

Шыңғыс ханның түрік екенін түрік халқынан жасырыу үшін. Неге? Өйткені Дөң өзені мен Оралдың батыс жағынан Байқалға дейінгі жалпақ өңірді жайлап жатқан ірілі-ұсақты түрік халқын, тайпалары мен руларын көріп, біліп отырған Сталин олардың бірігіп кетіуінен қатты қорыққан. Сондықтан оларды біріктірмей, үрейлендіріп отырыу үшін, «пантүрікшілер», «панисламисшілер» деп, оларды әлсін-әлсін жазалап отырыу әдісін ойлап тапты. Онымен де шектелмей, Сталиннің тікелей нұсқауымен бүкіл түрік халқының тарыйхы бұрмаланып, қайта жазылды.

Орыс ғалымдары В.Захаров пен А.Клесевтің айтыуынша, 1944 жылдың 9 ағұсында қабылданған БК(б)П Орталық кәмійтетінің «Татар партия ұйымында бұқаралық-саяси және идеологиялық жұмысының жайы және оны жақсартыу шаралары туралы» қаулысынан кейін «Шыңғыс хан мемлекеті Моңғолдікі болып қайта жазылды («Государство Чингиз хана было переписано под Монголов»), скифтерді иран тілді деп қайта жазды, ал Қағанаттар туралы үндемеу ұйғарылады». Шынында, ол қаулыда: «7. ВКП(б) татар обылыстық комитетіне Татарстанның тарыйхын ғылыми тұрғыда талдап жазу ісін ұйымдастыру, жекелеген тарыйхшылар мен әдебійетшілердің Татарстан тарыйхын жазып шығаруда жіберген елеулі кемшіліктері мен ұлтшылдық сыйпаттағы қателіктерін (Алтын Орданы әсірелеп көрсету, Едіге жайындағы хандық-феодалдық эпосты дәріптеу) жою тапсырылсын!» – делініпті (СОКП съездерінің, конференцияларының және Орталық комитет пленумдарының қарарлары мен шешімдері. 6-том, 1941-1954, 2-басылымы, 129-бет).

«Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда!» деген – осы. Бұл – бір татар халқы арқылы бүкіл түрік халқын қорқытып отырған қаулы. Сол қаулының зардабын тарыйхымыз әлі тартып келеді. Сталиннің Украина мен Қазақстанға айрықша шүйлігіуі олардың көптігінен қорыққандығынан.

Шыңғыс хан жайындағы ең негізгі түпнұсқа деректер қытай мұрағатында сақталған. Ол деректерді жарыққа шығарыуға орыс қытайтаныушылары Н.Я.Бичурин (Йакинф, 1777-1853) мен П.И.Кафаров (Архимандрит Палладий, 1817-1878) үлкен үлес қосса, Шыңғыс хан жайындағы ең толық, ең сенімді деректерді қамтыған Рәшит әд-Діннің «Жамиғ ат-тауарих» атты әйгілі шығармасын алғаш парсы тілінен орысшаға аударған И.Н.Березин (1818-1896) еді. Бұл үшеуі Қазан қаласында білім алған, түрік дүнійесінен азды-көпті хабардар болған адамдар.

И.Березин – арап, парсы, түрік тілдерін білген адам. Ол Рәшит әд-Діннің әйгілі шығармасын өзі оқыған, өзі білген деректерді де айғақ ете отырып тәржімелеген. Сондықтан оның аудармасы өте құнды. Ол 1858 жылы С-Петербургте «Сборник летописей. История Монголов. Сочинения Рашид Эддина» деген атпен жарық көрді. Менің біліуімше, бұл аударма содан кейін қайталап жарыйаланбаған. Неге? Өйткені ол аударма жасырған, бұрмаланған тарыйхтың бетін ашып қойатын еді. Мәселен, ол былай аударады: «Бұл Моңғолдар Түрік тайпаларының бірі еді» (1-бөлім, 8-бет). Мұнымен қоймай, бұл Моңғолдардың Яфестен тарайтын мұсылмандар екенін айта келіп, «Бүкіл Моңғолдар, сан алуан түрік рулары мен далалықтар соның ұрпақтары», – дейді (сонда, 12-бет). 

Сонда халха – моңғолдардың түріктілді, түрік халқы болғаны ма? Әрійне, олай емес, Березиннің айтып отырғаны – түрік тілді татар моңғолдар. «Моңғол сөзі әу баста «Мунғ ул болатын», – дейді Рәшит әд – Дін (сонда, 136 – бет). Арап қәрпімен ол сөз Монк аол деп жазылған. Мұндағы «к» әрібі «г» болып та оқылады. Қалай болғанда да, ол сөздің қазақша мағынасы «мұң ұл» немесе «мұңды ұл» болып табылады, халха моңғолдың сөзі емес екені айдан анық. Бұл атаудың мәнін тарататын сөз халхаларда бар ма екен?

Мен «Орыс-моңғол қатынастарының тарыйхы жайындағы құжаттар» деген төрт томдықты қарап шықтым. Жер бетінде ойраттар мен халхалардың бар екенін орыстар қазақтың Көшім ханы бійлеп отырған Сібір хандығын басып алған соң ғана біле бастапты. Көшімнің үш баласы қалмақтармен бірге күн кешіп кетіпті. Ал Есім атты бір ұлы әйгілі Батыр қонтайшымен біраз уақыт бажа да болыпты. Орыстардың ол кезде қазақтар жайындағы мәліметі де мардымсыз екен, олар Есім ханның ұлы Жәңгірді бір құжатта Жәнібек деп шатастырыпты.(2-том, 419-бет). Ондағы құжаттарға қарап отырсаң, орыстардың моңғол деп отырған халқы түгелдей қалмақ болып шығады. Алғашқы жазба дерек 1607 жылдан басталады. Томның алғашқысы 1959 жылы шыға бастапты. Қалмақтар «қара» және «құба» (белый) болып бөлінетінін орыстар сол кезде білген (1-том, 33-бет).

1619 жылғы бір құжатта: «А по другую сторону Черных Мугалов живут Желтые Мугалы», – делінген (1 – том, 83 – бет). Бұл, әрійне, «моңғол», «моғол» сөзінің өзгеше айтылып кеткен бір түрі. Тағы бір құжатта: «Олар Қырғыз жерін басып өтіп, Алтын хан (Алтан царь) бійлейтін Мұғал мемлекетіне (мугальское государство) барды», – делінген (сонда, 88-бет). Төрт томның бәрінде де осылай. «Мұғал» деп отырғаны – халха, Алтын хан деп отырғаны – халханың қонтайшысы. Халханың сегізінші Алтын ханын Батыр қонтайшының баласы Сенге тұтқындап, әйтеуір, бірнеше жылдан соң аман босанып шығады. Халхадан өзге де өздерін «мұғал» деушілер болыпты. Мысалы, Сенге « в 1667 году имел войну с мугалским ханом Лоозаном» десе (1-том, 302-бет), Лоозаны – халханың қонтайшысы. Тағы бір жерде Галдам «в том же году ходил в поход на халхов и мугалов» дейді (сонда, 303-бет). Олардың неге «мұғал» немесе «моңғол» атаныуға құштар болғанын Рәшит әд – Дін шығармасынан аңғарыуға болады. Бұрын, татарлар күшті болып тұрған кезде, түріктер өздерін «татарлар» деп атаса, (халхалар ешқашан татар аталмаған – Б.Н.) сол сыйақты, қәзір түріктердің басым бөлігі өздерін моңғол деп атапты. «Подобно большую часть Турков называют Монголами» (1-бөлімі, 9-бет).

Мұны Қадырғалый бабамыз да анықтап жазған: «Оларды, йағный осынау қалың түркіні моғол деп атады, өйткені мұнан ілгері татар жеңіп бағындырған жұрттың бәрін татар деп атап еді» («Армысың, әз баба!»Талдықорған, 2008 жыл, 13-бет, құрастырған – Наурыз Қылышбаев, қәзіргіше қазақшалағандар: Н. Мингулов, Б. Көмеков, С. Өтениязов).

Өзі түрік халқына жатпаса да, халхалардың Алтын ханы да өздерін «мұғал», «моңғол», Шыңғыс хан мемлекетінің халқымыз деп, ал өзін Қытайдың басшысынан кем санамай, Алтын хан деп дәріптеуге тырысқан. Бұл күнде қазақ халқының құрамында өмір сүріп жатқан жалайыр, найман, керей, қоңырат тайпалары мен меркіт рұуы да өздерін «моғол», деп дәріптеген. Күйік қаған мен Мөңке қағанның тұсында Шыңғыс қағанның еліне келген еуропалық Карпини мен Рубрук тек татар мен өздерін «моал» деп айтатын түріктерді ғана көріп қайтқан. Халхалар 1969 – жылғы санақ бойынша бір мійлійонға сәл жақындаған. Ал жеті жүз жыл бұрын қанша болғанын бір құдай біледі, ол кезде олардың аты да аталмайды. Ондай халықтың державаға ійе болыуы ертегінің өзінде де айтылмайды.

Біреу «моғол», біреу «моңғол» деп жүрген түрік тайпалары XV ғасырда Қазақ хандығы құрылғаннан кейін өздерін «қазақ» деп атаған да, моңғол (моғол) аты бірте-бірте ұмытылған. Шындығында, біреудің «моңғол», біреудің «моғол» деп отырғаны бір халық екенін мынадан да байқауға болады: Рәшит әд-Дін «Монголия» деп отырған сөз арап қәрпімен жазылғанда «Мкулстан» делініпті (сонда, 1-бөлім, 2-бет). Бұл – аудармашы Березиннің қәтелігі. Себебі Монғолия мен Моғолстан екеуі – екі басқа атау. Шындығында, Рәшит әд-Дін кітәбінің еш жерінде «моңғол» сөзі айтылмайды, тек «моғол» деген ғана бар. Ал Березин өмір сүріп отырған заманда «монғол» сөзі кең тарап кеткен болыу керек. Ал өз халқымыздан шыққан тарыйхшы Қадырғалый Жалайырый: «Йесуге (Шыңғыс ханның әкесі – Б. Н.) баһадұр моғол қауымында патша болды», – дейді («Армысың, әз баба!» 42 – бет), енді Әбілғазының жазғанына қараңыз: «Есуки баһадұрдың көзі шаһла еді. Моңғолдар шаһланы боржыған дер еді» (Әбілғазы. «Түрік шежіресі» Алматы, 1992 – жыл, 40 – бет). 

Көрдіңіз бе, бір Есугейді біреуі «моғол» десе, біреуі «моңғол» дейді. Осы жағдайды пайдаланған кеңес өкіметі 1924 жылы Моңғол халық республикасын жарыйалаған да жіберген. Сталиннің түрік халқына деген көзқарасын анықтайтын бұл да бір жағдай.

1937 жылы Шығыс Түркістандағы ұйғыр халқы көтеріліс жасап, жеңіске жетіп тұрған шақта кеңес өкіметі қырғыз жерінде арнайы жасақ құрып, ұйғыр тәуелсіздігін жүзеге асырмай, ұйғыр көтерілісін басып-жаншыды. 1944-1949 жылдар аралығында тағы да жеңіске жетіп тұрған қытайдағы ұйғыр, қазақ, қырғыз халықтарының Үш аймақ көтерілісін кеңес өкіметі тағы да жүзеге асырмай, Үш аймақ басшыларын ұшақ апатына ұшыратты. Сталин халха моңғол халқының көтерілісін қолдап, керісінше татар-моңғол халықтарының көтерілісін үнемі тұншықтырып отырған. Шығыс Түркістандағы Оспан батыр көтерілісі де сол сайасаттың құрбаны болғаны белгілі. Қазақстанның астанасын ағаларымыз орысы көп жерден орысы жоқ жерге көшіреміз деп, Орынбордан Қызылордаға көшіріп жатқанда да Сталин мұртынан күліп отыра берді. Өйткені оның көктен сұрағанын құдай жерден берді.

Шыңғыс хан өз мемлекетін қай жерде, қай аралықта құрғанын Рәшит әд-Дін жұмбақтамай, жарыйа жазған. Ол түрік тарыйхын Оғыз хан дәуірінен бастап, оның хандық құрған мекені қәзіргі Қазақстанның оңтүстігі екенін анықтап жазады. Қарахан мен Оғыздың арасында мұсылман дінін қабылдау жолында жетпіс – жетпіс бес жыл бойы соғыс жүргенін, ақырында мұсылман дінін қолдаған Оғыздың жеңіске жеткенін айта келіп, оның Юрсукъ (Түркістан обылысындағы Ійірсұу болыуы мүмкін – Б. Н.), Какъян және Қарақорым (бұрынғылардың айтыуынша, қәзіргі Матай тауы – Б. Н.) деген жерлерді қыстағанын, ал оның Талас және Қары – Сайрам қалаларының маңайында екенін жазады. Және, көргендердің айтуынша, Қары – Сайрам қаласының өте үлкен екенін, оның ана шетінен мына шетіне жетіу үшін бір күн кететінін де жазады (1-бөлім, 13-бет).

Бұл сөздің шын екеніне мен, мәселен, еш күмән келтірмеймін, себебі Түркістан обылысындағы Өгіз сайдың Оғыз хан атына қатысы бар, ал сол жердегі Шәуілдір мен Байылдыр мекендері бекерден-бекер Оғыз хан ұрпақтарының атымен аталмаған деп ойлаймын. Аудармада олар «Байалдур» (27-бет), «Джаулдур» (28-бет) деп жазылған. Ал бұл өңірде бұрын-соңды халхалар өмір сүрген де емес, сүріуі мүмкін де емес, өйткені олар – түрік халқының ежелден бел ортасы болған атамекен жерлер.

Березин мен Әбілғазы «моңғол», ал Қадырғалый бабамыз «моғол» деп отырған керей, найман, меркіт, жалайыр, қоңырат тайпаларының қәзір қай жерде өмір сүріп жатқанын бәріміз де білеміз. Бірақ Шыңғыс хан заманында олардың қай араны мекендегеніне кейбіріміздің көзіміз жете бермейді. Оған да үңіліп көрейік.
Тоғызға толған Теміршыңды (Сәкен Сейфуллин бастаған қазақ оқымыстылары, 1776 жылы жазған кітәбінде Қазыбек бек Тауасарұлы оны осылай атайды, мен соның дұрыстығына сенем) әкесі Есугей қыз айттырыуға қоңырат еліне алып барады да, қайтар жолында оған татарлар у беріп, ақырында ол содан қайтыс болады. Демек, татарлардың мекені қоңырат пен Есугей ауылының ортасында.

«Татар тайпалары қытай бійлеушісі Алтын ханға бағынады», – делінген аудармада (2-бөлім, 34-бет).

Кітәбінің «Татар елінің байаны» деген тарауында Әбілғазы былай дейді: «Татардың жақсылары және көбірегі Қытайға жақын Биұрнаур деген жерде отыратын еді («Түрік шежіресі», Алматы, 1992 жыл,   35-бет). «Биұрнаур» дегені – Бүйірнор немесе Бүйіркөл, ол бүгінде де солай аталады, Шығыс Түркістанда. Керейдің Уан ханы мен Шыңғыс хан, Алтын ханның өтініші бойынша, татарларды шапқанда, Құлжа өзені арқылы (Ұлджа) көтеріледі. «Нарат» деген жерге барады. Ол жер әлі де Нарат аталады, Іле өзенінің («Онон» деп жазылған) бас жағында. Ол кездегі татарлардың мекен – сол ара.

Ал қоңыраттар қайда отырған?

«Қоңыраттардың тұрағы Онгудың шетінде, Александр қабырғасы секілді қорғанның қасында, Қытай мен Моңғол елінің ортасындағы аймақта», – деп жазыпты Рәшит әд-Дін (аударманың 1-бөлімі, 149-бет). Енді Онгу қайда дерсіз? Рәшит әд – Дін оны да анықтап, «Халахин Алат пен Онгу қытай қорғанымен шектеседі», – дейді (сонда, 3-бет). Тарыйх мұның бәріне мән бермесе, оның несі тарыйх? Картаға қараңызшы, Бүйірнор көлі (жері) халха мен Қытайдың ортасында жатқан жоқ, Қытай мен қәзіргі Қазақстанның ортасында жатыр. Демек Шыңғыс хан халха моңғол емес, татар моңғол. Ол моңғол – бізбіз, бүгінгі қазақ. Сенбесеңіз, Әбілғазы бабамыздың жыйнағына қараңыз! «Моңғол жұртының күн шығысында сегіз су бар еді, оны Сегіз мұрын дер еді. Ойрат елі сол сулардың ортасында отырар еді… Моңғол жұртының шеті – Селенге, оның арғы жағында отыратын торғауыт деп аталады» (сонда, 36-бет).

Мұны жалпақ тілмен айтсақ, бұрын моңғол аталған меркіт, керей, найман, қоңырат, жалайырлар қәзіргі Моңғолия аталған халхалардың батыс жағында отырған, әлі де сол орнында қазақ деген атпен отыр. Ал Селенге өзені қәзіргі Монғолияның күн шығысында емес, күн батысында.

«Моңғол жұртында екі тау бар, – дейді Әбілғазы, – ұзындығы күншығыстан күнбатысқа қарай созылып жатқан ұзын таулар,… сол екі таудың арасында моңғол жұртының күнбатысында тағы бір тау бар, оны Құттағ дейді» (сонда, 32-бет).

Шыңғыс ханның мекені өзі жүріп өткен жолдағы екі таудың ортасында екенін Карпини де жазған. Бұл екі таудың бірі Жоңғар болса, екіншісі Іле Алатауы емес пе? Құттау дегені, әрійне, Қаратау. 

Солай ма, жоқ па, оны анықтай түсіу үшін қытайлық дерекке де көңіл аударып көрелік. 

Қытай мұрағатында жатқан, әуелгіде «Моңғолдың құпыйа шежіресі», кейін «Моңғолдың қасыйетті шежіресі» деп Ресей ғалымдары жалған ат берген шығарманы қытай тілінен орысшаға алғаш аударған – Кафаров («Труды членов Российской духовной миссии в Пекине», том 4, 1866 г). Ол шығарманың алғысөзінде: «Бұл шығарманың түпнұсқасы астананы оңтүстіктен солтүстікке көшірген кезде жоғалған. Шығармаға ат қойылмаған», – дейді. Алайда мұрағат қызметкерлері Кафаровты алдаған деп ойлаймын. Себебі ол шығарманың қолжазбасы жоғалған болса, Тілеуберді Әбенайұлы аударған «Шыңғыс қағанның құзауыры» деген атпен қытайшадан аударылған шығарма қайдан шықты? Мұнда қандай құпыйа бар? Меніңше, біреу-ақ: ол шығарманың аты көне қазақ тілінде болғанына қарағанда, шығарманың өзі де көне қазақ тілінде және арап қәрпімен жазылған.

Сол кездің дәстүрі бойынша, қызы Бөртені ұзатып әкеле жатқан Дай (Тай) шешен оны Урахчуэльге дейін әкеліп салады да, әйелі қызымен бірге кетіп, өзі кейін қайтып кетеді (сонда, 181-бет).

Кафаровтың Урахчуэль дегенін қазақшаласақ, «Орақшы ел» болып шықпай ма? Ал Орақты Шыңғыс ханның Андастан бұрынғы бабасы ғой, қазақ шежіресі бойынша. Және ол араның Кері өлең (қәзір Терісаққан) бойында екені де айтылады аудармада.

Кафаров дауа ілімінің негізін қалаушы монах Чан Чун Цзының Шыңғыс ханға қалай барып жолыққаны жайлы жазылған «Монах Чан Чунның батысқа сапары» атты жолжазбасын да орысшаға аударыпты. Ол жолжазбаны Чан Чунның қасында сапарлас болған Ли Чжи Чань атты шәкірті жазған (сонда, 266-бет). Сапарлас топта жыйырма адам болыпты.

Олар әуелі оңтүстік астанадан солтүстікке қарай жүреді. Содан кейін ұйғыр жеріне жетеді. Ал ол кезде Шыңғыс хан батыс жақта жорықта болатын. Ұйғырлардың қәзір де, ол кезде де қытайдың батыс жағында отырғанын білеміз. Чан Чун: «Мен Шыңғыс ханның елі мен жерін ол жоқта басқарып отырған кенже інісі Отчигенге жолығыуым керек, оған уәде бергем», – дейді де, солай бұрылады. Ал Отчиген деп отырған Теміге ол кезде Керөлең өзенінің бойында отырыпты. Отчиген деп, отырғаны қазақтың «Отшақа», «Отшаған» сөзі болса керек. Мағынасы «отқа немесе шаңыраққа ійе бала» деген сөзді білдірмек. Біз қәзір «бала-шаға» деп жүрміз, баланы жаңа тұуған кезде «шақа» деген ғой қазақ. Кербұлақ ауданындағы Шаған тауы сол отшағанның отырған жеріне дәл келеді.

Чан Чунның тобын Шыңғыс ханның кенже інісі өзі қарсы алады (сонда, 280-бет).

Енді ойлап қараңыз, ол топ Отшағанға жолығыу үшін ұйғыр жерінен қәзіргі халхалар отырған жаққа кері бұрылған жоқ, ілгері жүрді. Сонда Шыңғыс ханның ордасы қайда болғаны?

Шыңғыс ханның ордасы Эквиус («Екі өзен» – Екісұу, Көксұу мен Қаратал өзендерінің қосылған жері) және Қайылық (Қайалық) қалаларының маңайында екенін Еуропалық Карпини де, Рубрук та жазып кеткенін ескерсек, бір тоқтамға келетін кезіміз болды-ау деп ойлаймын: Шыңғыс ханның Алтын Ордасы Қазақстан жерінде болған. 

«Шыңғыс хан – қазақ» дегенді бізден бұрынғылар да айтқан. Бірақ қолында бійлігі барлар олардың үнін өшірді, өшіре алмағанын құудалады, қорқытты. 1952 жылы Хетагуров аударған Рәшит әд-Дін кітәбінің алғысөзіндегі «кейбір пантүрікшілер мен панисламшылар оны түрік дегісі келеді» деген үрейлі пікір біздің зыйалы қауымды әрі қорқытты, әрі үнін шығармай келді. Сол отарлық дағдыға бойы үйреніп қалған кейбіреулер ортамызда әлі бар. Әйткенмен Тілеуберді Әбенайұлы бауырымыздың «Шыңғыс қағанның құузауырын» қытайшадан тікелей қазақшаға аударыуы Шыңғыс хан тақырыбына, шын мәнінде, төңкеріс жасады: ол жер аттарын дәл аударыу арқылы ұйқтап қалған санамызды қайта сілкіледі. Шыңғыс хан мен Жамұқаның алғаш соғысқан жері Зерен Қапшағай, екінші ірет соғысқан жері Күйтең (қәзіргі Кійтің), ол соғысқа Шыңғыс ханның Көренлік (Баркөрнеу), ал Уан хан бастаған Керей қолы әлі күнге дейін Керей сай аталатын жерден қарсы шыққаны, Шыңғыстың өз тайпасына хан болған жері Көкнор (Жасыл көл), оның тұуған жері Теліген Бөлдағ (Екі бөлек тау – Қосқотырқай) мен Шұбардың және Көде аралдың (Аралтөбенің), солардың қасынан ағатын Керөлең (Терісаққан), Жамұқаның хан сайланған жері Алқабұлақ (Айнабұлақ), оның мекені Сарықыр (Сарөзек), Шыңғыс ханның мекені Бұрқан тауы, тайшыуаттардан қашып тығылған тауы – Түргентау, тоғыз күн тығылған жері – Түргентоғай; Түрген өзенінен әкеліп, Онанда кісендеп қойған жерінен қашып, өз ауылына келген жері – Бүркей Ірге (Ірге тау); меркіттерден қашып Көренлік арқылы Бұрқантауға барғаны, елін керейлер шапқанда Шыңғыс ханның аң аулап жүрген жері – Түрген мен Сөгеті, керейлермен соғысқан жері – Қарқара мен Келте қада (Сынтас – сынған тас), тағы басқа жер-сұу аттарының кейбірі тұп-тұура, кейбірі сәл өзгерген күйде – бәрінің Алматы обылысынан табылыуы еріксіз ойлантады. Кез келген тарыйх белгілі бір жерде, орында өтеді, сондықтан жер-сұу аттары – тарыйхтың түп қазығы.

Шұбар ауылының Алтынемел жақ бетінде, Нұрғалый Нүсіпжанов ағамыздың тұуған ауылы Доланалының қасында Шыңғыс сай атты сай бар. Ол, меніңше, алжыған әлдебіреудің айта салған аты емес, тарыйхтың сұуырылмай қалған бір шегесі. Осыншама мекеннің бір-бірімен қанаттас, қабырғалас бір өңірде жатыуы бекер ме? Осыны көп ойладым. «Шыңғыс ханның ата-бабасы да, өзі де осы өңірде өмір сүрсе, төрт жүз жыл бойы екі бабасы отбасымен бірге тығылып қалған Ергенеқон атты мекен де осы төңіректе болыуы керек қой», – деген сұрақ ұзақ уақыт мазамды алды. Ақыры таптым. Әбілғазы бабамыз бен Қадырғалый бабамыз оның біреуі Елханның ұлы – Қыйан, екіншісі Елханның інісінің баласы Нүкүз («Нөкіс» деп жазыушылар да бар), екеуі құрдас еді деп жазады.

Осы дерекке біз онша мән бермей келген сыйақтымыз. Елхан кім, оның інісі кім?

551 жылы қыс ішінде Жужандарға кенет шабыуыл жасап, оны жеңіп, 552 жылы тұңғыш Түрік қағанатын құрған Бумын қаған таққа отырғанда Елхан аталады да, ал оның інісі – Естемі кейін ол да қаған болады. Түрік қағанатын құрған олар түрік болса, сол екеуінің ұрпағынан тараған Шыңғыс хан кім болады? Бұл тіпті даулаусыуға ұйалатын ақыйқат емес пе?

Енді Әбілғазы бабамыздың жазғанын оқыйық: «… он күн дегенде бір кеште екеуі әйелдерімен қашып шықты. Өздерінің жұртына келіп еді, жаудан қайта қашып келген төрт түлік малдың түр-түрінен де көп мал бар екен. Екеуі кеңесіп: «Егер елге барсақ, елдің бәрі бізге жау; жұртта отырсақ, жүрген-тұрғанның көзіне түспей тұрмаспыз, оданда таудың ішінен жұрттың айағы жетпейтіндей бір жер табайық», – деп шешті. Малдарын айдап, таудың етегіне барды. Бір бійік таудың ішіне кіріп, арқардың салған ізімен таудың үстіне көтерілді. Тоқтап, айнала қарап көріп еді, өздері келген жолдан басқа жол жоқ екен, келген жолдары өте қыйын, тек түйе мен жылқы әрең өтетін жол еді, егер айағын қата басса, жардан ұшып кететіндей еді. Таудың үстінде үлкен бір жазық жер бар екен, айнала ағып жатқан сұулар, жердің шөбі қалың, ағаштарында түрлі-түрлі жеміс-жійдек өсіп тұр, аңдары да көп жер еді. Мұны көргеннен кейін тәңірге шүкіршілік етіп, келген төртеуі қыста малдарының етін жеп, жазда сүтін ішіп, терісін кійім етіп кійді. Ол жерге Еркіне қон деп ат қойды. Еркіненің мағынасы – таудың кемері, қонның мағынасы өткір деген болады» (Әбілғазы, «Түрік шежіресі», Алматы, 1992, 28-бет). «Өткір» дегені, сірә, «тік жар» деген мағынада болса керек.

Басқа тарыйхшылар ол жерді Ергенеқон деп жазады. Тарыйхтың жазуынша, Шыңғыс ханның (Шыңқұз хан) бүкіл әулеті осы екі отбасынан тарайды.

Дәп осы араға мені өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бірінде Жәркент аудандық гәзетінің редакторы Қазалый Сембаев алып барды. Қорғас өзенінің бойында орналасқан «Красный Восток» қалхозы басқармасының орынбасары Әбжәлел деген жігіт, інім Сұлтанбек, Қазалый төртеуміз мәшійнемен батысқа қарай жүріп, Алмалысұу деген сайға келдік те, сонда отырған шопаннан төрт ат мініп, қайтадан шығыс жақтағы тауға қарай өрледік. Жол ортасына келгенде, дәл Әбілғазы бабамыз жазғандай жар үстіне келдік, інім Сұлтанбек қорыққаннан атын жетектеп жайау өтті. Сөйтіп Ойжайлау аталатын жерге түнделетіп әрең жеттік. Ертеңгісін жан-жағыма қарасам, бұл жайлау айналасын тау қоршаған дөңгелек жазық жер екен. Шығыс жақ іргесін кемерлеп Қорғас өзені ағады. Ол жақтағы тауды талқандап, қытайлар тасжол салып жатыр екен, біздің мемлекеттің Қорғас өзенінің бойымен салып жатқан жолы, шамасы, быйыл бітетін болыу керек.

ҚР Су шарыуашылығының аудандық бөлімінің бастығы Керімқұлов Тоқтарбай атты ініміздің (1957 жылы тұуған) маған берген мәліметі бойынша, Қорғас өзенінің бойындағы Басқұншы ауылынан Ойжайлауға дейін он бес шақырым. Ойжайлаудың көлемі – 5100 га. Жалпылай Ойжайлау аталатын өңірде Аршалы, Қарағайлы, Қасқабұлақ, Арасан атты жеке-жеке сайлар бар. Бұл араны басқа жұрт тұрмақ, жәркенттіктердің көбі біле бермейді, өйткені жолы өте қыйын. Мәселен, Қорғас Арасанға барыу үшін, көп жеріне ағаштан баспалдақ жасап жол салған. Әлемдік деңгейде тексеріс жасасақ та, бұл араның ертедегі Ергенеқон екенін мойындайтынына сенімдімін. «Ергене» сөзін Березин «барьер» деп аударады. Бұл сөз қазақтың «ергенек» сөзімен мағыналас. Ал «қон» дегеннің қәзіргі мағынасы «қоныс» болса керек. Екеуінің де түрік сөзі екеніне ешкім күмән келтіре қоймайды. Бұл тарыйхый дәлел, біреуге жапқан жала емес, долбармен айтқан жорамал да емес, жер-сұудың өзі айтып тұрған ақыйқат.

Қыйан мен Нүкүз қай жылы жаудан қашқанын дәл баспасақ та, шамалауға болады. Елхан өлгеннен кейін бір баласы Мұқан қаған болып, ұзамай қайтыс болады. Жау, сірә, түріктерді сол Мұқан өлгеннен соң шапқан тәрізді. Өйткені екі құрдас өз еліне (жұртына) барыудан да қорқады. Ал Шығыс түрік қағанатының астанасы Сұйаб (қәзіргі Тоқпақ) қаласы болғаны белгілі. Оның қәзіргі Моңғолиядан гөрі Жәркентке жақын екені әркімге-ақ айан.

Ергенеқонға кейін қоңыраттар да келген. Өйткені төрт ғасырдан соң ол арадан алдымен қоңыраттар шыққаны деректерде айтылады. Шыңғыс ханның өзі мен бүкіл ұрпақтарының қоңыраттармен құдандалас болыуының басты себебі де осында.

Тағы бір дәлел: Шыңғыс хан заманында осы арада өмір сүрген жалайырлар күні бүгін де осы өңірде өмір сүріп отыр. Біреу «моғол», біреу «моңғол» деп жазған жалайырлар – осы, жер бетінде басқа жалайыр жоқ. Жалайырлардың ежелден Қаратал (Кері өлең) өзенінің бойында өмір сүргенін «Зафарнаманы» оқыған әр адам-ақ біледі. Ақсақ Темір Моғолстанды он шақты ірет, Қаратал бойындағы жалайырларды да бірнеше ірет шапқан, Жәркенттің желкесіндегі Тышқан аталатын жердегі бір рұулы елді түгел қырып, Іле арқылы Өндір тауына өткен. Ақсақ Темір XIV ғасырда шапқан Моғол (Жете) жерінде Шарын, Шелек, Ұржар, Айагөз, Ійт ішпестің ала көлі, Қой маңырақ, Ертіс деген жер-сулар болған. Ол жерлер XXI ғасырда да сол орнында тұр. Мұның бәрі жазба тарыйх. Біз де, біздің сайасат та жоқ кезде жазылған тарыйх.

Қазақ хандығы ХV ғасырда осы Елханның екі ұрпағы төрт жүз жыл тығылған Моғолстанға келіп құрылғанын, оның Қазақстан жері екенін, М.Дулатый бабамыздың анықтап жазғанын қай тарыйхшы білмейді?

Енді өткен тарыйхымызға оймен қарасақ, осы бір аймақта ежелден өмір сүріп келе жатқан халықтың әуелде сақ, онан соң құн, біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда бірі – үйсін, бірі – құн, бірі – қаңлы болып үш мемлекет құрғаны, одан кейін түрік, Оғыз заманында ұйғыр, Шыңғыс ханға дейін татар, содан соң моғол (моңғол), ақырында қазақ атанғанын көреміз.

Бұл халық тұуралы Қадырғалый Жалайырый: «Барлығы Оғыз тұсында мұсылман болды. Кейбір халықтар, ағалар, ағаларының балалары Оғыздан басқа жерде еді. Олар күн шығыс жақты мекен етті. Моғолдардың барлық жыйынтығы солардың нәсілінен (ұрпағы) тарады… Олардың уалайаттары түгелдей Талас, Сайрамнан Бұхараға дейін алды», – деп жазса («Армысың, әз баба!», 19-бет), Әбілғазы бабамыз одан ары тереңдетіп, «Қыпшақтар Дон, Еділ, Жайық өзендерінің арасында отырар еді», – деп жазған жоқ па? («Түрік шежіресі», 1992 жыл, 31-бет).

Олай болса, Шыңғыс хан бұл елдерді басып алған жоқ, бөлек-бөлек бійлік құрып кеткен түрік халқының басын біріктірді. Ол сөйтіп Шыңғыс хан мемлекетін құрды. Оны құрған Жошы да, Батый да, Үгедей де, Шағатай да емес, Шыңғыс ханның өзі. Ол балаларына:«Өз мемлекетіңнің абыройлы болашағын қорғаңдар!» – деген ғой («Алтын тобчи», Москва, 1973, 240-бет). Ал ол мемлекеттің шығысы сол кезде қоңыраттар отырған Ұлы Қытай қорғанынан басталып, батысы қыпшақтар отырған Дон (Дөң) өзеніне шейін созылса, оңтүстігі Бұхарадан басталып, солтүстігі Мұзды мұхыйтқа дейін созылып жатқан жоқ па еді? 

Әлемнің тарыйхы әр заманда әрқыйлы дамыйды: бір кезде Ұлы қытай қорғанының қасында отырған қоңыраттар қәзір Қазақстанның Түркістан обылысында отыр, бұрын Шығыс Түркістанның өзінде, төрінде отырған найман, керей, уақ, меркіттер ығыса-ығыса келіп, қәзіргі Шығыс Қазақстанда тұрақтап отыр, ал бұрын Шыңғыс хан мемлекетіне қараған бұлғар, татар, башқұрт, саха, ұйғыр, қарақалпақ, болған, хакас, шұбаш, ноғай, құмық, балқар, хазар, қарашай, шеркес, тыба, ұранқай, сойот, долған, марыйел, табасаран, барна, алтайлық, теле, теленгіт (төлеңгіт), телеуіт, шор, топа, қотан, тұман, қарайым, ғағауыз, қырым татарлары, бесермен, байат, салар, дәргін, йофа, шұлым секілді бірі аз, бірі көп түрік халқы мен рұу-тайпалары қәзіргі күнде қандай күйде, қайда екенін әркім-ақ біледі деп ойлаймын. Шыңғыс хан мемлекетінің құрамында болған өзбек, қазақ, қырғыз, әзірбайжан, түрікмен, тәжік халқы ғана бұл күнде дербес мемлекет құрып отыр.

Тарыйхтың дерегіне сүйеніп айтсақ, бүгінде біз жайлап отырған Қазақстан мемлекетінің жері – Шыңғыс хан бабамыз құрған мемлекетінің бел ортасы: шығысы да, батысы да, оңтүстігі мен солтүстігі де – бәрі мүжілген.

Шыңғыс хан мемлекетінің орталығы немесе ордасы Моғолстанда болды. Кейін оны Алтын Орда деп атап кеткен – орыстар. Ал Алтын орда деген – мемлекеттің басшысы – ханы немесе патшасы отыратын үй. Ресейдің Кіремілі, қазақтың Ақордасы сыйақты. Қазақ хандары да, хандардың ата-баба хандары да Алтын ордадағы алтын тақта отырған.

Оғыз хан жайында Рәшит әд-Дін былай деген: «Он созвал великое собрание, развил Золотой шатер» (Березин аудармасы, 1-бөлім, 22-бет). Бұл оқыйғаны Қадырғалый бабамыз «Алтыннан орда тікті,… ұлы той жасады», – деп жазады (аталмыш кітәбі, 19-бет). 1245 жылы, Шыңғыс хан қазасынан кейін он сегіз жылдан соң Күйіктің (бәлкім, Кійіктің) қаған сайланыу рәсіміне қатысқан Плано Карпини: «Бір әдемі жазыққа, тау арасындағы әлдебір бұлақтың қасына өздері Алтын Орда деп атайтын басқа шатыр тікті», – дейді («Путешествия в восточной страны», Алматы, «Ғылым» баспасы, 1993 жыл, 67-бет). «Басқа шатырдан» бөлек тіккені ол – Сары орда, онда отырып, Күйік қаған өз елінің ішкі мәселесін шешсе, Алтын ордада шет ел адамдарын қабылдаған. Орыс кінәзі Яраславілге осы Алтын ордада у беріліп, ол содан өлгені белгілі. Соның бәрін Карпини өз көзімен көрген, жазған. «Ярославнаның жоқтауы» дейтін орыс халқының шығармасы осы оқыйғаға байланысты тұуғаны және белгілі. Бұл Алтын орда найманның ұйғырмен шегаралас жерінде Қарақорым атты астанада тігіледі. Жалпы, отыз қанат үйді қазақтар ғана Алтын орда деп атайды.

Шыңғыс хан өзі құрған мемлекетті көзі тірісінде төрт ұлысқа бөліп, төрт ұлына бөліп берген. Төрт баласы төрт орда тігіп отырды. Ал орталықтағы Қарақорымда бас хан болып отыратын адам Сары орда (Карпини «Сыр – орда» деп жазады) және Алтын орда екеуін қатар тігетін еді. Бас хан (қаған) болып әуелде Үкітай, одан соң Күйік, одан соң Мөңке, одан кейін Құбылай сайланды. Батыйдың, Шағатай мен Төленің ұлысы – бәрі Алтын Ордада отыратын қағанға бағынатын. Құбылай бас ханның Алтын Ордасын Қарақорымнан Ханбалыққа (Бежін) көшіріп әкеткен соң, бұл дәстүр бұзылды, Шыңғыс хан мемлекеті төрт дербес мемлекетке бөлініп кетті де, оларға Алтын орда қәжет болмай қалды. Бұл – Құбылай қағанның Қытайға өте пайдалы, ал қазаққа зыйаны тійген ісінің «жемісі». Ұлы державаның бірте-бірте күйреуіне де жол ашқан – сол қәтелік. «Шыңғыс хан әулетінің соңғы төрт ханы» атты кітәбінде И.Бичурин төрт қағанның еңбегіне егжей-тегжейіне баға береді.Оны оқыған адам бүгінгі Қазақстанның сол Шыңғыс хан құрған мемлекеттің орнында отырғанын да түсінеді. Бұл – құпыйаға жатпайтын жарыйа жағдай. Мен інтернеттен ХІІІ ғасырда еуропалықтар сызған, латын қәрпімен жазылған «Шыңғыс хан империясы» деген картаны көрдім. Жоғарыда мен айтқан жердің бәрі сол картада белгіленіп тұр.

Жоғарыда «моғол», «моңғол» сөздерінің төркіні «мұң ұл» деген түрік сөзі екеніне тоқталдық. Ал осы «мұң ұл» деген сөздің өзі қайдан шықты? Ол сөздің Шыңғыс ханға қандай қатысы бар?

Меніңше, оған екі жағдай бір-біріне үстеме болған. Біріншісі – Елхан Бумынның ұлы Қыйан мен Елханның інісі Естемінің ұлы Нүкүздің жау шапқыншылығы кезінде Ергенеқонға қашып барып тығылыуына қатысты жағдай. Елден, жерден айырылған олар мұңды ұл болмағанда, қандай ұл болмақ? Оларды өзге жұрт «мұңды ұл» демегенде, қандай ұл дейді?

Екіншісі – одан кейінгі, Әбілғазы бабамыздың жазыуынша, Шыңғыс ханның жетінші атасы – Дотуман ханның жағдайы. Ол өлгенде, артында тоғыз ұлы, Мұнұлұн атты әйелі қалады. Аш жалайырлар жаужұмыр дейтін шөптің тамырын қазып жеп, ауыл төңірегін ой-шұңқыр қылып қазып тастағанын көріп, өлген ханның балалары оларды сабап құуалайды да, екі арада төбелес шығады. Аш, жалаңаш, ашынған жалайырлар ханның сегіз ұлын, оған қоса қолдарына түскен біраз адамды да қырып салады. Балалардың анасы Мұнұлұн да өлгендердің ішінде кетеді. Тек қыз айттырыуға кеткен Хайду хан ғана аман қалады, ол – Шыңғыс ханның алтыншы атасы («Түрік шежіресі», 45-бет). Хайдудан басқа сегіз ұлды өлтірген жалайырларды өзге жалайырлар сөгіп, Хайду ханға ұлын құл, қызын күң етіуге шешім жасайды. Олай болса, сегіз бауырынан, анасынан айрылған Хайду хан мұңды ұл аталмағанда, қалай аталыуы мүмкін?

«Мұнұлұн» деген сөздің түбірінде де «мұңды ұл» дегенге ұқсастық бар. Бірақ «мұңды ұлға» ол сөздің қатысы болмаса керек? Оның дұрысы Мыңұлын болыуы мүмкін деп ойлаймын. Тарыйхтың тәлейіне қараңызшы, егер Хайду хан да жалайырлардың қолынан өлсе, онда тарыйхқа Шыңғыс хан да келмес еді. «Мен мұңұлмын» немесе «мұңұлдың ұрпағымын» деп Хайду да, Шыңғыс хан да айта қоймаса керек, оларды солай атайтындар сырттағылар, өзгелер.

И.Бичуриннің жоғарыда аталған шығармасында Хайду хан «Черная вода» – Қара сұу – Қарақол деген жерді жайлағаны айтылады. Ол ара әлі де Қарақол аталады, ақын ағамыз Рахметолда Нұрпейісов сол Қарақол аталатын жерде тұуған.

Әсет Найманбаев өзінің дастандарында төрелерді нұрдан жаралған деп жырлайды. Шыңғыс хан жайында жазылған барлық дерек ол тараған ұрыуды «нирун» деп жазады. «Нұр» сөзін ежелгі түріктердің «нир» деп атауы мүмкін емес секілді. Ол күдікті Березин аудармасындағы арапша жазыу да өршіте түсті. Аударманың 1-бөлімінде ол сөз арап әрібімен нрун деп жазылыпты (34-бет). Ал 42-бетте норин деп жазылған. 74-бетте орсон деп арапша жазылғанды Березин урсун деп аударған. Біз «о» деп отырған бір әріп төбесіне әр түрлі нүкте мен үтір қойыуына байланысты, біресе о, у, қ болып оқыла береді. Осыған қарағанда, парсы тілінің ықпалымен қазақтың «нұр» деген сөзі «нир» болып қәте жазылып кеткен болу керек деп ойлаймын. Әбілғазы мен Қадырағалый бабаларымыз да бұл сөзді «нирун» деп жазған, өйткені олар да барлық деректі парсыша жазылған Рәшит әд-Дін кітәбінен алған. Березин аудармасында арап әрібімен қәте жазылған сөздер кездеседі.

Мәселен, 78-бетте «ойрат» сөзі арап әрібімен аойрат болып жазылған, бірақ «й» әрібінің астына қойылатын екі нүкте қойылмаған. Осыларды көре отырып, Рәшит әд – Дін кітәбіндегі «нұрин» сөзі «нирун» болып, алдыңғы «нұ» бұуны мен соңғы «ни» бұуынының орны ауысып кеткен-ау деп ойлаймын. Бұл сөз арап әрібінен көбінесе «нирун» деп жазылғанмен, кей жерде «нирон» (213-бет), кей жерде басқаша жазылып кеткен. Кей сөздердің бұуынын ауыстырып жіберетін Рәшит әд-Діннің әдеті бар екенін Березин де ескертеді. Мәселен, Керулен өзенінің атын оның үнемі Келурен деп қәте жазатынын айтады (222-бет).

Березин кейбір моңғол сөздерінің орысша мағынасын да көрсетіп отырады. Мысалы:«канк» – «арба», «карлук» – «снежний» (223-бет), «ур – хан» – «верх хан»,«куз – хан, значить, око – хан», «кук» – «небо» (2-бөлім, 225-бет). Осы сөздерден де татар моңғолдың, йағный түріктердің төбесі көрініп тұрған жоқ па?

«Моңғолдың құпыйа шежіресінде» (Өлгий, 1979, 141-бет) Шыңғыс ханның сүйегін қазақ арбамен әкеле жатқаны айтылады. Арбаны алғаш жасаған – қаңлылар. Ал қазақ арбаны қазақтың өзі жасамағанда, кім жасайды. «Қазақ арба» дегені, сірә, жақтауы бійік, дөңгелегі үлкен арба болса керек. «Қазақ» сөзі мен қазақи мінездің бұрыннан белгілі екеніне бұл да күә.

1952 жылы аударылған Рәшит әд-Дін кітәбінің алғы сөзінде Шыңғыс хан мемлекеті жайында «олар түрік тілді емес, моңғол тілді» деген пікірдің жалған екенін осы жоғарыдағы сөздер-ақ дәлелдеп тұр емес пе?

Қазақтың қай тайпасынан шықса да, Шыңғыс хан – бүкіл қазаққа ортақ тұлға. Біріміз оны адай деп, біріміз найман, тағы біріміз шанышқылы, не қоңырат деп, әрбіріміз әр жаққа тарта берсек, одан тарыйх бүтінделмейді, әр жерінен әрғалай жырымдалады, өсек пен өтірік көбейеді. Әбілғазы бабамыз «Жалайыр елінің байаны» деген тарауда оны анықтап айтқан. «Көп ел еді, сансыз көп болар еді. Көбірегі монғол жұртында Онон деген жерде еді. Бір рет қытайдан көп әскер келіп, бір жерде жыйылып отырған жалайыр халқын шауып, малын-мүлкін талап, бірқатарын құл-күңдікке алып кетті… Шыңғыс ханның жетінші атасы Дотумен хан өліп, артында тоғыз ұл қалды», – дейді ол («Түрік шежіресі», 45-бет).

Бұған бірдемені алып-қосыудың қаншалық қәжеті бар? Шыңғыс ханның қытайлардан кек алыуының да себебі осы оқыйғадан анықталып тұрған жоқ па? Қытайлар және Амбағайды да ағашқа байлап өлтірген жоқ па? Амбағайдың өлерінде: «Кегімді алыңдар!» – деп аманаттағаны тағы бар.

«Жалайырлар он бір атаға дейін, йағный Шыңғыс ханның төртінші ұрпағына дейін пенде болып жүрді», – дейді Әбілғазы «Түрік шежіресінде» (сонда, 45-бет).
Қазақша жазылған бұл сөзді тағы қазақшаға аударыудың не қәжеті бар? 

Боданжардың бір баласынан «доғлан» елі тарағанын, олардың көпшесі доғлат аталатынын жазады Березин (сонда, 30-бет). Мен осы сөзде де шійкілік бар-ау деп ойлаймын. Себебі Алтай – Сайан өңірінде «Долған» аталатын түріктер бар. Мұндағы «Доғлан» сол «Долған» болыуы мүмкін. Өйткені Рәшит әд-Дінде аталатын «ұранхай», «теле», «теленгіт», «телеуіт» атты түрік тайпалары мен рұулары осы күні Алтай – Сайан өңірінде, сол Долғандармен қатар өмір сүріуде, бәрі де түрік моңғолдар. Доғланды Доғлат деп, Бәйдібек бабаның ұрпағы Дулаттармен шатастырған болыу керек деп ойлаймын.

Теміршыңның шешесі «Олун – эхэ» делінген, ал қазақ шежірелерінде «Өлең» деп айтылады, сол дұрыс шығар. «Өөлун», «Оолун» деп жүргеннің бәрі, меніңше, оны түріктен алыстатыу үшін, әдейі бұрмалаған.

Жалайыр тайпасының ежелгі тұрағы деп көрсетілген Онон өзенінің жазылыуы мен айтылыуы да ойлантады. Березин аудармасында ол арап әрібімен Онн деп жазылған (1-бөлім, 13-бет).

Екі «н» әрібінің ортасында жазылмай қалған әріпті біреу «о», біреу «а» деп оқып келеді. Мен дұрысы «а» болыу керек деп ойлаймын. Өйткені Қарақорымға келген Карпини де, Рубрук та ол өзеннің атын «Онан» деп жазады. Ал олар ол сөзді елдің өз аузынан естіген. Түрік тілінде ол сөз «Өнән», йағный «нән өзен» деген мағынаны білдіреді. Ол, Тілеуберді Әбенайұлының дәлелдеуінше, Іле өзенінің дәріптелген аты. Мен осы пікірге қосылам, өйткені өз жеріндегі біз Онон деп жүрген өзенді халхалар Онын дейді екен және халха тілінде оның мағынасы да жоқ екен. Демек, ол сөз – оларға жат сөз. Соларды бійлеген Шыңғыс хан ұрпақтарының: «Біздің Өнән секілді өзен», – дегенінен өзгерген сөз болыуы мүмкін.

Шыңғыс қағанның атамекенін біржола даусыз анықтайтын бір шара – оның бейітін табыу. Оның бейіті Ұлытаудағы Алашахан мазары деген пікір – дәлелсіз. Ахмет ханның Алаша хан аталғаны тарыйхтан белгілі, сондықтан оның бейітіне Шыңғыс ханды таластырыу – ыңғайсыз нәрсе. Оның үстіне, Қадырғалый Жалайыр бабамыз бұл жағдайды ап-анық жазған. «Уалайат Таңғұтта қаза тапты, – дейді ол. – Доңыз жылы рамазан айының он төртінші күні тарыйхтың 624-інде өз ордасына әкелді… Өз жерінде бұрын уақытта қорық бұзирг қылыуды дайындап еді, сол жерге қойылды («Армысың, әз баба!» 54-бет)».

Рәшит әд-Діннен Березин былай аударыпты: «Шыңғыс ханның Бұрқан –Қалдұндағы ұлы мәртебелі қорымын (запретную рощу) күзетіуші болып сол қанаттың бійі, мың күзетшіні басқаратын мыңбасы, Селдес тайпасынан шыққан Удаджи тағайындалды, олар ұландық құрылымға («гвардейский корпус») ешқашан кірмейтін. Құбылай қағаннан басқа Толыйдың өзі мен оның үрім-бұтақтары, бүкіл үрім-бұтақтарымен қоса Мөңке қаған – бәрі осы мәртебелі қорымға жерленген; Шыңғыс ханның өзге ұрпақтарының мәртебелі қорымы басқа жерде» (сонда, 1-бөлім, 92-бет).

Ұлытауда Жошының қасында мұнда айтылғандай қалың қорым жоқ, жекелеген бірер бейіт қана бар. «Запретная роща» дегені, қазақшалағанда «қорғалатын тоғай» деген мағына беретін болса, «Қорғанақ Шұбар» ауылының аты осы сөзден қалса керек. 

Шыңғыс ханды артында қалған балалары, ұрпағы өздері қасыйетті санаған жерге ғана жерлейтіні даусыз деп ойлаймын. Ондай қасыйетті жер – Шыңғыстың тұуып- өскен жері: Кері өлең өзенінің бойындағы Шұбар мен Аралтөбе және Шыңғыс сай. Ол жердің бұрын да, қәзір де қасыйетті саналыуы тійіс екенін мынадан да аңғарыуға болады. «Алтын топшы» кітәбінде: «Сыйыр жылы (1229) қырық үш жасында Кері өлең бойындағы Хұдуге аралда Үгедей ұлы таққа отырды», – делінген (Москва, 1973, 24-бет).

Мөңке де өстіген. «Қырық беске келген жасында Шыңғыс қағанның кенже ұлы Толыйдың баласы Мөңке доңыз жылы (1251) төртінші айдың үшінші күні Кері өлең бойындағы Худуге аралда таққа отырды», – делінген (сонда, 247-бет).

Таңғұт жерінен Шыңғыс қағанның мәйітін әкеле жатқанда, қазақ арба балшыққа тығылып қалады. Сонда Құлығат атты батыр: «Сені құрметтейтін халқың мен сенің мемлекетің, сенің тәніңді жұуған суың, сенің сансыз моғол халқың, Өнәндегі Делійгүн Болдағ – сенің тұуған жерің ғой!.. Сенің сөйлейтін халқың, сенің хан тағына отырған ордаң Кері өлең бойындағы Арал – бәрі сол жақта ғой! – деп, Шыңғыс ханның мәйітіне қарап тақпақтайды (сонда, 241-бет). Сонда қазақ атарба жүріп кетеді. Осыншама қастерлі, қасыйетті араға жерлемей, Шыңғыс ханды басқа араға жерлепті дегенге адам баласы қалай сенеді? 

Кербұлақ ауданындағы Қорғанақ Шұбар ауылы мен оның оңтүстігіндегі Шыңғыс сай екеуінің арасында он бес шақты хан обасы бар. Археологтар оның бәрін қазып тастаған, бірақ тарыйхқа жарты сөйлем де жаңалық қоспаған. Төленің де, Мөңкенің де бейіттері соның ішінде із-түзсіз кетті деп ойлаймын.

Шаған тауының оңтүстік бетінде, Шыңғыс сайдың солтүстік қарсысындағы екі ортада, Сарыөзек – Қорғас тас жолының жағасында өзге обаларға еш ұқсамайтын, дөңгелек кійіз үй кейпіндегі үлкен оба тұр. Бейітінің төбесі түскен, үстіне мәшійне емін-еркін шыға береді. Осы обаны мен Шыңғыс ханның бейіті деп жорамалдаймын. Әрі соған сенемін. Амал не, археологтар да, тарыйхшылар да оған әлі көңіл бөлмей келеді. Жыл өткен сайын ол оба да мүжіліп барады. Сірә, мемлекет басшылары көңіл аудармаса, оны зерттеуге ешкім құлшына қоймайтын сыйақты. Алтын адамды табыу да тарыйхқа керек шығар, алтын тарыйхты анықтау одан да керегірек деп ойлаймын.

Шыңғыс ханның қай жерде тұуып-өскенін, қай халықтың баласы екенін анық білген екі мемлекеттің ғалымдары: біріншісі – Қытай, екіншісі – Ресей. Және, бір қызығы, оның сол шындығын жасыра білген де осы екі ел.

Шыңғыс хан құрған мемлекеттің біраз жерін бұл күнде ійемденіп отырған да осы екі мемлекет. Сондықтан олар үшін Шыңғыс ханның шындығын жасырыу – өздеріне тійімсіз сол шындықты да жасырыу. Ал бодандық жүйенің жасырғаны мен бұрмалағанын қалпына келтіріу – біздің азаматтық борышымыз.

Тарыйхшылардың көбі «Шыңғыс хан Қазақстанды жаулап алды» деп сенімді жазады. Ешбір елдің басшысы өз елін өзі жаулап алмайды. Шыңғыс хан бүкіл түрік жұртын бір мемлекетке бағындырды.

Түрік аталатын елдің қай өңірден шыққанын, қай жерлерді мекендегенін, қай тілде сөйлегенін, мемлекетінің атын қай тілде атағанын – бәрін жыйнақтап қарасақ, бәрінің де бел ортасында қазақ тайпаларының жүргенін көреміз. Сонда Түркійе пірезійденті Тұрғұт Озалдың: «Қазақстан – біздің атажұртымыз», – дегені де еріксіз еске түседі.

Әрійне, Шыңғыс қағанның шындығы халха моңғолдарға ауыр тійеді, алайда қазақтың онда ешқандай кінәсі жоқ, тек өз тегін іздеуге, табыуға толық қақысы бар.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

(Ескерту: Материалда автордың орфографиялық, емлелік тілдік қолданыстары сақталды)

Материал "Жас Алаш" газетінің сайтынан алынды