БІШКЕКТЕ ЖАМБЫЛ КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛІП, ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ АЙТЫСЫ ӨТТІ

Уақыты: 04.09.2021
Оқылды: 1517
Бөлім: ТҮПСАНА

Тамыры терең туыстық

"Қазақ пенен қырғызым, нағашы мен жиенім"  дегенді жыр алыбы Жамбыл бабамыз текке айтпаған-ау!

Көршілес, бауырлас қырғыз еліне сапар шегетініміз анық болғанда қуаныш пен қобалжу, толқынысы аралас екіұдай сезімде болғанымды жасырып қайтейін. Шынымды айтсам, балдырған шағымда шопанның баласы ретінде ақбас Алатаудың жайлауына сан рет шықсам да осы уақытқа дейін оның шыңынан әрі асып, қырғыз жеріне аяқ басып көрмеппін. Содан кейін де шығар, сандаған тарихи оқиғаларды бастан кешкен, сан рет Жамбыл мен Кенен, Үмбетәлі аталарымыз қонақ болып жыр төккен ел қашанда қол бұлғап шақырып тұрғандай көрінетін.

Жамбыл ата демекші, бұл жолғы сапарымыз созылатын екі күн барысында Қырғыз Республикасы егемендігінің 30 жылдығы мен Жамбыл ақынның 175, Жеңіжоқ ақынның 160 және «Айтыш» қорының 20 жылдығына арналған еларалық айтыс өтпекші. Бір мезгілде Жәкеңнің мерейтойы аясында ақынның қырғыз тіліне аударылған таңдамалы шығармаларының тұсаукесеріне арналған еларалық ғылыми-практикалық жүздесу ұйымдастырылмақ.

«Қордай» кеден бекетінен өткеннен кейін де жер бедері мен ауа райына байланысты көп өзгеріс байқала қоймады. «Байкелеген» қырғыз ағайындардың тіліндегі аздаған айырмашылық болмаса тіпті өз еліңде жүргендей сезінеді екенсің. «Сен қазақ екенсің...» деп бөліп жатқан ешкім жоқ, қайта бір туған қазақ екеніңді білгесін бауырластардың саған деген құрметі арта түскендей көрінеді.

Кеден маңы мен көше бойында кездескен қариялардың жүздері де әлдебір жақын туысың секілді жылыұшырайды. Содан ба, Есенқұл Жақыпбеков ағамның қырғыз ақыны Ашыраалы Айталиевпен айтысында айтқан бір шумақ өлеңі ойға оралды. Сол кезде жасы келіп қалған Ашыраалы ағасын Жамбыл бабасына ұқсатқан Есенқұл:

Ассалаумағалейкум, Әшір ағам,
Қырғызды ырыменен асыраған.
Жамбыл атам күнгейге көп барушы ед,
Тұқымы емеспісің шашыраған?
– деп тыңдарманын күлкіге қарық қылған ғой.

Сол айтқандай, мұндай туыстық сезімі бұл күндері бойымыздан бір сәт те арылмады деуге болады. Мұндай толқынысты жайт менің ғана басымда емес, сапарлас болған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаевтың, айтыскер ақын, «Алатау» газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов пен М.Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рысжан Аязбаеваның, Ж.Жабаевтың немересі, Жамбыл әдеби-мемориалды музейінің директоры Салтанат Жамбылованың, Жамбыл аудандық Мәдениет үйінің «Сүйінбай сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің жеке дауыстағы әншісі Есбол Шаңбаевтың бойларында да болды ма деймін.

Кітаптың тұсаукесері

Еларалық ғылыми-практикалық жүздесу «Манас» және Шыңғыс Айтматов Ұлттық академиясының ғимаратында өткізілді. Бұл жиынды осы шараны өткізуге бастамашы болған Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды.

Ұлттық академия ғимаратына бас сұққаннан-ақ таныс бейнелер көзімізге оттай басылды. Бүгінде елімізге танымал өнерпаз, жыршы, осыдан біраз уақыт бұрын ғана облыс әкімдігінде лауазымды қызмет атқарған, қазіргі кезде ҚР Мәдениет министрлігіне қарасты Мәдениет комитетін басқаратын жерлесіміз Ақан Әбдуәлиев пен белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжановтар осы жерде екен.

Маңызды шараға Алматы облысының делегациясынан басқа Жәкеңнің кіндік қаны тамған Жамбыл облысынан да арнайы делегация келіп отырғанын білгенде көңіліміз бұрынғыдан да жайланып сала бергендей болды. Өзімізге көршілес аймақтың делегациясын Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Мәмбетқали Сарыбеков бауырымыз бастап келген екен. Ал қырғыз тарапынан бұл жүздесуге Қырғыз Республикасының аңызға айналған Парламентінің тұңғыш төрағасы Медеткан Шеримкулов, Қырғыз Республикасы Манас және Ш.Айтматов Ұлттық академиясының президенті Топчубек Тургуналиев, Қырғыз Республикасы Ұлттық Жазушылар одағының төрағасы Нұрланбек Калыбеков, Қырғыз Республикасының ел артисі Түгөлбай Казаков, басқа да бірқатар қазақ-қырғыз зиялы қауымының өкілдері қатысты.

Бұл жерде айтылған ақ тілектердің бәрін егжей-тегжейлі тізбелемей-ақ қойғанды жөн көріп отырмыз. Бір ғана баса айтып кететін мәселе – сөз алған лауазымды, екі елге белгілі тұлғалардың қай-қайсысы да бір туған қазақ пен қырғыздың туысқандық байланысына, ежелден үзілмей келе жатқан бауырластық қарым-қатынасына айрықша тоқталды. Ағыл-тегіл ақтарылған ақ тілектерді тыңдап отырып қырғыз бауырларымыздың жалпы қазақ халқына деген ыстық ықыласына тәнті болдық. Қазақ жерінде болған алапат жарылыста қаза болғандарға көңіл айтқан туғандардың қабырғасы қайысқандары да айқын байқалып тұрды.

Жиында алғашқы болып сөз алған академия басшысы, бүгінде сексен дейтін сеңгірдің биігіне көтеріліп отырған ақ сақалды қария Топчубек Тургуналиев: «Жамбыл – қазақ пен қырғызға ортақ тұлға. «Сүйегім – қазақ, етім – қырғыз» деп айтатын ақынның қоңсы қонған қырғыз халқына деген риясыз көңілі анық аңғарылады. Алатаудың абызы осы қырынан да түркі бірлігіне қызмет еткені баршаға ғибрат», – деп толғанса, Медеткан Шеримкулов ағамыз күні бүгін басталатын еларалық айтыстың екі ел арасындағы мәдени, рухани байланыстарды бұрынғыдан да нығайта түсетіндігіне тоқталды.

– Батыры жоқ ел бақытсыз, ал ақыны жоқ ел екі есе бақытсыз. Ақыны да, батыры да бар қазақ пен қырғыздың бақыттылығы да осында деп ойлаймын, – деп бастады сөзін Ұлықбек Оразбайұлы. – Әлемдегі ең биік таудың бірі Алатау болса, әлемдегі ең ұлы ақындардың бірі Жамбыл Жабаев. Ғаламшардың аспанын Алатау қалай биіктетсе, адамзаттың аспанын Жамбыл ақын да солай биіктетті. Содан кейін де Алатау десе Жамбыл бабамыз еске түседі, Жамбыл десе Алатау көзімізге елестейді. Мұндай ақынды адамзаттың алыбы деп атайды. Егіз туған екі халықтың ұлы перзенттері Жамбыл мен Тоқтағұлдың достығы бүгінге де, ертеңге де үлгі.

Қырғыз Республикасы Ұлттық жазушылар союзының төрағасы Нұрланбек Қалыбеков бұл пікірді жүйелі жалғастыра келе: «Мәскеуде, Кремльде намаз оқыған қай ақын бар? Қазақ пенен қырғызда жүзге таяған қай ақын бар?» деп тебірене толғанды. Сөз орайы келгенде Нұрланбек Өскөналиұлы екі ел Жазушылар одағының арасында ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойылғанын, соған орай «Қазақ ақындарының антологиясын» шығаруға мүмкіндік бар екендігін айта келе болашақта қазақ жағы таңдау жасап берсе бұл жоспарларының да жүзеге асатындығын айрықша атап өтті. 

– Екі көздің арасын бөліп тұрған мұрын болса, екі елдің арасын бөліп тұрған Алатау. Содан кейін де біз бір-бірімізбен етене жақын елміз, – деген Ақан Жылқышыбайұлының сөзін де жұртшылық ұйып тыңдады. – Таңертең қырғыз бен қазақ бір-бірімен шәй десіп қалса кешке қарай қайта табысып, домбыра мен қомузын тартысып отырады. «Жақсының өкпесі шәйі орамал кепкенше, жаманның өкпесі басы жерге жеткенше» деген сөз бар. Сол айтқандай, біз бір-біріне өкпе жүрмеген, сыйластығы үзілмеген елміз. Мынадай құрмет жасап жатқандарыңызға да көп рахмет айтамыз!

Ақан Жылқышыбайұлы сөз соңында Ыстықкөл облысымен ағайындық, туысқандық қарым-қатынас жасап келе жатқан Алматы облысы жұртшылығының, оның әкімі Амандық Баталовтың сәлемін жеткізіп, бүгін тұсауы кесілейін деп отырған кітаптардың авторларына арнайы сый беріп жібергенін, сол сый-сияпатты алып Жетісу жерінен арнайы делегация келіп отырғанын айтып өтті. Соған орай келесі кезекте Керімбек Кадыракунов пен Түгөлбай Казаков бауырларымызға зерлі шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Жүздесуді өз ғимаратында өткізіп отырған академия басшылығына да сый-сияпат табысталды.

Айта кетерлік тағы бір мәселе – аталған жүздесу барысында қазақ пен қырғызға белгілі тарихи тұлғалардың ұрпақтарының жолы тоғысты. Нақтырақ айтатын болсақ, Жамбыл атамыздың немересі, Ж.Жабаев әдеби-мемориалдық музейінің директоры Салтанат Жамбылова  мен қазақ тарихында Шәбден манап деп аталатын Шабдан батырдың шөбересі Жайнагүл Тайгүроңова жиында қатар отырды. Өз кезегінде Жайнагүл ханым Салтанат Тезекбайқызына құрмет көрсетіп, естелік сыйлық жасады. Жиналғандар белгілі тұлғалардың ұрпақтарына қол соғып, құрмет көрсетті.

Ғылыми-практикалық конференция барысында Жамбылдың қырғыз тіліне аударылған таңдамалы шығармаларының («Жамбыл Жабаев. Тандалган чыгармалар») тұсауы кесілді. Еңбекті қырғыз тіліне белгілі әдебиеттанушылар – жоғарыда аттары аталған Керимбек Кадыракунов пен Түгөлбай Казаков тәржімалаған. 

Жүздесуде тағы бір құнды кітаптың тұсауы кесіліп, көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі жазушы Каныбек Иманалиевтің “Тагай бий (Мухаммед Кыргыз)” атты тарихи повесі оқырманға жол тартты. Бұл құнды еңбек ХVI ғасырда қырғыз елінің  басын біріктіріп, ел тарихында үлкен рөл атқарған Тағай бидің өмірі мен қайраткерлігіне арналған.

Иә, Медеткан Шеримкулов ағамыз айтқандай, қазақ пен қырғыздың достығы бізге дейін де үзілмеген, бізбен де бітіп қалмайды. Жүздесуге қатысқандар бұл достығымыз ешқашан үзілмесін деген ақ тілекпен тарқасты. 

Аламан айтыс өтті

Тағылымды әңгімелер айтылған мазмұнды шара кешке қарай қазақ және қырғыз ақындарының қатысуымен өтетін ХІV халықаралық аламан айтысқа ұласты. Бұл айтысқа қазақ елінен 8 бірдей ақын шақырылса, қырғыз елі тарапынан да соншама ақын қатысты.

Осы жерде өзімізде өтіп жүрген «халықаралық» деп ат қойылып, айдар тағылатын айтыстардың жайы ойға оралмай қоймайды. Қырғыз елінен бір-екі ақын, әйтпесе басқа бауырлас мемлекеттерден қаны қазақ бірнеше ақын қатысса болды, оны халықаралық айтыс атандырып жүрміз. Бұл жөнінде қырғыз жерінде өткен осындай еларалық айтыстың жүлдегері Балғынбек Имашевтің пікірі көкейге қонады. «Қазақ-қырғыз еларалық айтысы бізде бірде-бір рет өткен емес. Қытайдан, Моңғолиядан, Қырғызстаннан 1-2 ақын шақырып аламыз да «Халықаралық айтыс өтті» деп дүркіреп қоямыз. Айтыс қазақ пен қырғызда ғана! Басқа мемлекеттен келген ақындар өз қандастарымыз. Сонда біз Дүниежүзі қазақтарының айтысы немесе халықаралық қазақ-қырғыз айтысы деп өткізуіміз керек», – деген еді айтыскер ақын.

Қырғыз жерінде осымен он төртінші рет өткізіліп отырған бұл жолғы айтыстың ерекшелігі – айтыстың бастан-аяқ тікелей эфирден көрсетілгенінде болды. Аламан айтыстың ұйымдастырушылары атап өткендей, мұндай жағдайда сөз бостандығы қамтамасыз етіліп қана қоймай, айтысқа қатысушылардың әрбір айтылған сөз үшін жеке жауапкершіліктері де өлшеусіз арта түседі. Ақындардың көкейлерінде «Мынаны айтсам бәрібір кесіп тастайды...» дегендей салғырттық та бола қоймайды.

Бәйге қоры 3 млн.сомды құрайтын айтыстың атап өтер тағы бір ерекшелігі – бұл айтыс, қырғызша айтқанда қош бәйге, яғни, қос бәйге форматында өтеді. Бір-бірімен бәсекеге түскен қазақ пен қырғыз ақыны формальды түрде бірін бірі жеңді деп айтылуы мүмкін, бірақ қазақ ақындарының ұпайлары өзінше есептеледі, қырғыз ақындарының ұпайлары өзінше есептеледі, демек талас болмайды. Яғни, екі жақтың ақындарына да бас бәйге беріледі, басқа жүлделер де осы жүйемен тапсырылады. Қырғыз елінде ғана бар, қазақ ақындарына өзгеше құрмет танытатын бұл ерекшелікті біздің үйренгеніміз де артық болмас деп ойлаймыз.

Тоқтағұл Сатылғанов атындағы Қырғыз Ұлттық филармониясының үлкен залында өткен ХІV еларалық айтыстың беташарында Қырғыз Республикасы Президенті Администрациясының жетекшісі Сүйүнбек Касмамбетов пен осы елдің Мәдениет, мәлімет, спорт және жастар саясаты министрі Кайрат Иманалиев, КР Жоғорғы Кеңесінің депутаты Каныбек Иманалиев, Еларалық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ҚР Мәдениет және  спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Әбдуәлиев сөз сөйлеп, қырғыз бен қазаққа ортақ өнердің ерекшелігі мен бүгінгі жай-күйіне, болашағына тоқталды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл жолғы еларалық айтыс Қырғыз Республикасы егемендігінің 30 жылдығы мен  Жамбыл ақынның 175, Жеңіжоқ ақынның 160 және «Айтыш» қорының 20 жылдығына арналды. Соған орай, ең алдымен бүгінде шетелде қызмет атқарып жүрген белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, суырыпсалма ақындарды қолдау мақсатымен құрылған «Айтыш» қоғамдық қорының негізін салушы Садық Шер-Нияздың бейнеқұттықтауы көпшілік назарына ұсынылды.

Айтыс барысын толықтай талдамасақ та ең бір қызықты сәттері жайлы айтып өтпей болмайды. Сондай қызықты сәттердің бірі қырғыз ақыны Кубат Тукешов пен қазақ ақыны Айбек Калиевтің арасындағы сөз қақтығысы барысында өрбіді. Бәсекенің соңына қарай қырғыз ақыны мүлдем басқаша мақаммен әндетіп қоя берді. «Мен сені сүйем, қырғыз» деп бірнеше шумақпен қайталағаннан кейін «Мен сені сүйем, қазақ» деген әуенге көшті. «Қазақ! Тап-таза мөлдір судай ағып келгенсің, космосқа Байқоңырдан бағыт бергенсің, мұнайыңды сатып байып келгенсің. Мен сені сүйем, қазақ! «Көкбөрі» ойнамай қашсаңдағы-ай, өзбектен ұтылып жатсаңдағы-ай, шегараңды анда-санда жапсаңдағы-ай, мен сені сүйем, қазақ» деп езуге еріксіз күлкі үйірді.

Айтыс, бір жағынан алғанда, театр тектес өнер емес пе, осы жолы бір байқағаным, біздің айтыскерлерде тыңдарманын тартатын осындай ойнақылық, оттылық жетіспей жатқан сияқты көрінді.

Әрине, Айбек Қалиев те қарап қалған жоқ, бірақ айтыстың аяқталатын кезі болып, уақыт қысып бара жатқандықтан қысқа ғана қайырды. Айтысты:

Қырғызды мен де сендей өшіп сүйем,
Самал боп Алатаудан есіп сүйем.
Мазақ қылып жатсаң да тамаша ғып,
Мен сенің көкейіңді тесіп сүйем.
Алты құрлықтан мұндай жұрт таба алмаймын,
Алты миллион қырғызды қосып сүйем,
– деп сыпайы қорытындылады.

Отызыншы тамыз күні өткен айтыстың алғашқы кезегінде екі елдің де ризашылығына бөленген ақын Аспанбек Шұғатаев болды. Құндық бөркіне үкі қадап шыққан, «Ассалаумағалейкум, байкелерім, әрқайсыңның басында бір Алатау» деп аспандап шыққан Аспанбекке Мундузбек Борончуев «Аспанбек емес, үкіні Аспангүл киеді қырғызда» деп тиісті. Жерлесіміз бұл қисынға қысыла қойған жоқ, «Бұл қырғыз қызының сыйлығы еді, оны біз жерге тастамаймыз, қадірлеп басымызда ұстаймыз» деген орынды уәжбен жауап қатты. Содан кейінгі жерде қарсыласына өзі тиісіп: «Первый Май, Октябрьский, Свердлов, Ленин деген төрт бірдей райондарың бар екен, олардың атын бабалардың атына неге өзгертпейсіңдер?» – деп шүйлікті.

Осыларды айтатын
Сен ғой қырғыз баласы.
Қазақтан келіп мен айттым,
Ал енді бері қарашы:
Ленин деген кім еді ол,
Орнына келсін одан да
Қырғыздардың Манасы.
Осыған мына баурыңның
Жетпейді ме шамасы?
Есінде болсын бәрінің, –
Бішкек деген тек қана
Қырғыздардың қаласы. 
Соншама құрметтейтіндей
Владимир Ильич Ленин
Қайсыларыңа нағашы?
– деп төкпелегенде риза болмаған ел қалмады.

Жартылай финалға осындай айтыскерліктерімен ерекшеленген Кубат Тукешов пен Нұрмат Мансұров, Асылбек Маратов пен Бөрібай Оразымбет, Акмат Султан уулу мен Аспанбек Шұғатаев, Турат Жумаев пен Айбек Қалиевтер шықты. Ал ақтық бәсекеде Асылбек Маратов пен Аспанбек Шұғатаев, Акмат Султан уулу мен Айбек Қалиевтер шеберлік сынасты.

Жүлдегерлерді де осы ретпен тізбелейтін болсақ, бас жүлде қазақ пен қырғыздың қос ақыны Асылбек Маратов пен Айбек Калиевке, бірінші орын Акмат Султан уулу мен Аспанбек Шұғатаевқа, екінші орын Турат Жумаев пен Нұрмат Мансұровқа, үшінші орын Кубат Тукешов пен Бөрібай Оразымбетовке бұйырды. Ал Эстебес Турсуналиев атындағы сыйлық Нурлан Эсенгуловқа, Тууганбай Абдиев атындағы сыйлық Мундузбек Борончиевке, Ашыраалы Айталиев атындағы сыйлық Алтынбек Ибрагимовке, Бексултан Жакиев атындағы сыйлық Баян Акматовқа, Элмирбек Иманалиев атындағы сыйлық Айбек Калиевке тапсырылды.

Бұл жолғы айтысқа Қырғызстанда он үшінші рет, яғни, өткен жолы өткен халықаралық айтыста жүлдегер болған Айнұр Тұрсынбаева мен Жандарбек Бұлғақов, Балғынбек Имашев сияқты мықты ақындар қатыспады.

Құлағымыз шалып қалған әңгіме – ендігі жерде дәл осындай еларалық айтыс болашақта қазақ жерінде де ұйымдастырылмақшы. 

***

Шын мәнінде дүрілдеп өткен аламан айтыстан кейін елге қайтуға жиналдық. Соған орай Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігінің қызметкерлері түстік ас ұйымдастырып, оған қонақтармен қатар кітаптардың тұсаукесеріне арналған ғылыми-практикалық конференцияны, айтысты ұйымдастырған қырғыз елінің азаматтары да шақырылды. Достық, туысқандық рәуіште өткен ас барысында да ақ тілектер айтылып, бір туған қазақ-қырғыздың бауырластығы әңгіме өзегіне айналды.

Қазақстаннан келген қонақтарға еліміздің Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаевтың өзі келіп амандасып, сәт сапар тілегенін де жақсылыққа жорыдық. Бұл жерде Елшілік қызметкерлерінің қырғыз жеріне ат басын тіреген кезден бастап елге қайтқан сәтке дейін отандастарына қамқорлық танытып, таң атқаннан кешке дейін қасымызда болғандығын да айтпай кетуге болмайды. Бұл үшін оларға ризашылықтан басқа айтарымыз жоқ.

«Дүниеде бізбен жақсы қарым-қатынастағы жүздеген ел бар, солардың арасынан қазақты ғана бауыр дейміз» деген қырғыз туғандарымыздың жасандылықтан ада, қадір-құрметке толы қатынастарына қатты риза болып, осындай байланыстарымыз ешқашан үзілмесін деген ақ тілекпен елге қарай ат басын түзедік. Иә, сапар барысында Ақан бауырымыз айтқандай, мемлекеттердің арақатынасы кейде жанданып, кейде сәл бәсең тартып жатады. Ал қарапайым халықтың арасындағы мәдени, рухани байланыстар үзіліп қалса, оның қайта жандана қоюы қиын. Жаратқан Алла тағала ондай күнді туғызбасын деп тілейік.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық кезінде Жамбыл атамыздың достары оны қырғыз жеріне шақырып әкеткен деген әңгіме бар. Жалғыз Жамбыл атамыз ғана емес, сол бір қиыншылық  кезеңде ондаған, жүздеген  мың  отандасымыз  қырғыз  жерінен  пана тапты. Соның  ішінде өзімнің  әжемнің де болғандығын айта кетейін. О бастан қырғыз жерінен тұрақ тапқан түп нағашымыз «Қазақстанда алапат аштық болып жатыр екен» деген суық хабарды естіп, арнайы жолға шығып, қызын бес баласымен көшіріп алады. Сол бес баланың үлкені, сол кезде 12-13 жасқа келген біздің әкеміз ашаршылықтың сұмдық әңгімелерін ылғи әңгімелеп отыратын еді.

Алатаудың күнгейін ен жайлаған, «бірге туған» деп бауырлас құшағын жайып отырған қырғыз елімен қимай қоштастық. «Жолығысар күн жақын болсын!» деп соңымызға қарай-қарай аттандық. Амандық-саулықта болайық, бір туған бауырлар!

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,

Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Талдықорған – Бішкек – Талдықорған