ҚАЗАҚШАДАН-ҚАЗАҚШАҒА АУДАРУ НЕМЕСЕ ТІЛІМІЗДІ ЖЕЛІДЕ ЖЕРЛЕП ЖҮРМЕЙІК

Уақыты: 27.09.2021
Оқылды: 1960
Бөлім: ТҮПСАНА

Алтайды алты айналып айтсақ та, Жамал апамызды қартайтып, о дүниеге аттандырып жіберсек те мемлекеттік тілдің мүшкіл халі сол күйінде қалып отыр. Бұл мақала да тіл туралы тебіренген көп толғаныстың бірі ретінде өткен күннің еншісіне енері беп-белгілі. Бірақ өтіміз жарылып кетсе де айтуға тиісті алуан мәселені шетінен кертіп болсын, ауық-ауық айналып соғуды әдетке айналдырмасақ, ертең бармақ шайнап, өкініште қалуымыз бек мүмкін. Өйткені жаһандық мәдениет пен күн сайын түрленген технология аз ұлттарды әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тіл-ділімен қосақтап, ығыстырып әкетіп барады. Оған ықпалы күшейген ғаламтор әлемін, ондағы онлайн қазақ тілінің қауқарсыз халін қоссаңыз, тіптен қорқынышты.

Онлайн дегеннен шығады, қазір кейбір мемлекеттік құрылым жүйесі, ұйым-мекемелер, жергілікті атқарушы органдар баяғы сүрлеудің ізімен бірінші орыс, одан кейін (мемлекеттік тіл деген заңдық күші болғандықтан ғана, әйтпесе...) қазақ тілінде шалажансар аударма жасап, көпшілікке ұсына салу сияқты ескі әдетінен жаңылмай отыр. Кешегі кеңестік жүйенің таптаурын жолынан шыға алмайтындай қызыл галстук тағып өскен алдыңғы буын ағалар емес, кейінгі жас толқын да мемлекеттік тілдің дәргейін көтеруге құлық танытпай жатады.

Ал ұсынған ақпараттың мәтіні көз сүріндіреді. Құлаққа түрпідей тиетін «бұзушылық», «нөлдік төзбеушілік», «қатқақ күтілуде», «аз уақытты жаңбыр», «қарқынды көлбеу ағынның қалыптасуы» секілді мағынасы бұлыңғыр неологизмдер жастарды қазақ тілінен одан сайын безіндіріп жатқаны жасырын емес. Мәселен, «қатқақ», «қарқынды көлбеу ағын», «қираулар жоқ» деп телефонға тыным бермей, ескерту жасайтын төтенше жағдай қызметі бір күні қазақ тілінің өзіне төтенше жағдай жариялап жүрмесе екен дейміз.

Міне, осындай онлайн аударманың жарымжан «жемісін» тану оп-оңай. Автоматты аударма қазақ тілінде сөйлеудің мәдениетін, әдебін, ақпаратты кімге қалай жеткізудің өзіндік жолын түп-тамырымен ұмыттырғандай. Қазақ тілінің қайнар бұлағы тәрбиелік тағылымы мол мақал-мәтелдерін, қысқа да нұсқа түйіндейтін тұрақты сөз тіркестерін онлайн желі мүлде қабылдамайды. Бұдан шығатын түйін біреу-ақ: адамның қанымен берілген тілді қаз-қалпында ғаламтор әлеміне қондыра салу мүмкін емес дүние.

Қазіргі мекеме атынан ақпарат тарататын қызметкерлер, екі тілде мәтін дайындайтын мамандар осыны ұғынса дейміз. Себебі, онлайн желінің аудармасынан шыққан шалажансар сөз қоғамдық орындарға жарнама түрінде ілініп жатыр. Ал оны күнделікті оқыған адамдардың тілдік қоры да жұтаңданып барады.

Сөзімізге тұздық болсын деп жарымжан жарнамаға себепкер онлайн аудармаға жүгініп көрдік. «Көзі атыздай болды» деген қазақтың тұрақты тіркесін орысша қалай болар екен деп жазып қалып едік, бір секундқа жеткізбей әлгі «шебер аудармашымыз» тәржімалай салды. Жылдамдығында шек жоқ «аудармашымыздың» нұсқауынша, «екі көзі атыздай болдымыз» «двум глазам было около тридцати» екен. Мынаны оқып, өзіміздің көзіміз, шын мәнінде, атыздай болғанын жасырып қайтеміз? Ал «Туған жерге туыңды тік» деген мәтелімізге әлгі «аудармашы» «Туған жеріңе туды вертикальді әдіспен орнат» деп кеңес берді. Орысша тіркестерді қазақша аударғанда да дәл осындай шалдыр-шатпақтар ұсынылды.

Бұл – сөз дәйектілігі үшін келтірілген бір ғана мысал. Ал тізбелесең, жаға ұстатар жайт өте көп.

Жуырда Талдықорған қаласының тұрғыны, бала күтіміне байланысты демалыста отырған Маржан Берікқызы (аты-жөні өзгертілді) халық санағын онлайн толтырған. Әрине, ресми сайтты ашып, өзіне түсінуге жеңіл болсын деп қазақ тілін таңдаған. Мектепті қазақша тамамдаған, үй ішінде тек қазақ тілінде сөйлесетін, балаларына әрдайым ертегі оқып, өлең-тақпақтар жаттатып жүретін, өзі де әже тәрбиесін көріп өскен көпбалалы ана халық санағындағы сұрақтарды оқып жағасын ұстаған.

– Маған қойылған сұрақтардың атын қазақша демесең, заты түйеден түскендей өте дөрекі жазылған. Онлайн аударманың әсері бары бірден байқалады. Өте күрделі. Амал жоқ, сайттың орыс тіліндегі нұсқасын ашып, қарап, салыстырып, содан кейін ғана жауап беруге тура келді. «Неше баланы тірі тудыңыз?» –  деген сұрақты оқығанымда жағамды ұстадым. Төбемнен біреу ұрып қалғандай әсер етті. Қазақ осылай сұраған ба? «Сәбилеріңіздің санын көрсетіңіз» немесе «Өмірге неше бала әкелдіңіз? Кешіріңіз, оның нешеуі шетінеп кетті?» деген мағынада мәдениетті жолмен жеткізудің сан әдісі бар ғой. Ал мұндай сұрақ сәбилі бола алмай жүрген аналарға қалай әсер ететінін білесіз бе? Мені қазақ тілінің осыншалықты жұтаң қалыпқа түскені қатты алаңдатады, – дейді Маржан Берікқызы.

Бір сөзбен айтқанда, қазақ тіліне жан-жақты қолдауды жандандырмаса, ел-жұрт, мемлекет болып комиссия құрып, әр мекемеге арнайы қазақ тіліне жетік мамандарды орналастырмаса және әр қызметкер мемлекеттік тілден емтихан, тест немесе сынақтың басқа да түрлерінен өтіп тұрмаса, баяғы жартас сол қалпында қала бермекші. Ең қорқыныштысы, әлгі екі аптада бір тіл жойылып отырады екен деген мәліметтің қатарына қосылып кетуіміз ғажап емес. Сондықтан, бәрін қазақшалаймыз деген игі қадамның жанында бірнеше мәселенің басы қылтиятынын түсінетін кез жетті.

Бізге «нөлдік төзбеушілік», «бұзушылық» деген қазақша қажет емес. Біз құнары жойылмаған, кәдімгі қазақтың жалпақ тілін талап етуге тиіспіз. Әйтпесе, бүгінде қазақ тілін қазақ тіліне аударатын пұшайман күйге түскеніміз ащы да болса ақиқат.

Бұл орайда билік үнсіз дейін десек, Елбасы мен Президенттен бастап қазақ тілі туралы айтылған небір жалынды сөздер бар. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Оған көңіл де, қаржы да солай бөлінеді. Қазақ тілі – өзіміздің ана тіліміз. Біз бәріміз ана тілімізді ардақтаймыз. Ана тілін білмеу қазақ азаматы үшін ұят саналуға тиіс. Мемлекеттік тілге, өзінің ана тіліне құрметпен қарамауы оның қызмет бабында өсуіне де әсер ететін болуы керек», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен тілге деген қолдаудың таудай екенін сезіну қиын емес.

Ал Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деп отыр.

Бірақ іс жүзіне келгенде, қоғамдағы боямасыз көріністерге қарап, көзімізді төмен салуға мәжбүрміз. Иә, қазіргі қоғам қазақ тілін қорғаушыларды қуана қолдап-ақ жатады, сырнайлатып-кернейлетіп тіл тағдыры – ұлт тағдыры десіп, ұранға ұран қосады. Тіпті, мемлекеттік тілсіз күніміз де, құнымыз да жоқ деп, тамылжытып, майын тамызып небір авторлар мақала жазады. Алайда мемлекеттік тілдің мәселесі сол баяғыдағыдай отыз жылда да өзгеріссіз қалып отырғаны қынжылтады.

Қазақ тілінің көсегесін көгерту үшін бір игі қадам жасала қалса ар жағында түрлі кедергілер немесе айқай-шулы әңгімелер өрбіп шыға келетіні шындық. Дәл қазақ тіліне қатысты талап күшейе қалса «үңгірдегі ұлтшылдық», «нацист» сөздерінің айналасында дау туындай жөнелетіні қандай өкінішті?! Қазақ тілі туралы сөз қозғалса, иненің ұшында отырғандай қалбалақтап, бүгежектей береміз.

Қазақ тілін сүйреген арба да тозды, өгіз де қартайды. Бір жерге аялдап, жаңалап, жаңғыртып, біржақты ететін күнге жеттік-ау, сүйретілгенше суырылып алға шығатын кезге келдік-ау дейміз баяғы.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Сурет ғаламтордан алынды