КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНДА ҚАРАСАЙ БАТЫРДЫҢ ҰРПАҚТАРЫНА БЕЛГІТАС ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 01.10.2021
Оқылды: 1405
Бөлім: ТҮПСАНА

Ұлы даланы мекен еткен қазақ халқының басынан небір зұлмат заман өтті. Тарихын тасқа қашап қалдырған баба жолына үңілер болсақ, қазіргі уақыттың әр сәтін бағалап, бейбітшілік бесігінде күн кешіп жатқанымызға мың мәрте шүкіршілік айтуымыз керек. Қалмақ, жоңғар шапқыншылығынан қажыған жұртты орыстың бодандығы тағы жаншыды. Олар ұлтты түп-тамырымен құртудың неше түрлі қитұрқы тәсіліне барды. Тарихты бұрмалап, асыл мұраларды тас-талқан етті. Ашаршылық, қуғын-сүргін секілді қолдан жасалған саяси қастандық бізді одан бетер есеңгіретті. Осыдан отыз бес жыл бұрынғы Желтоқсан көтерілісінде де қазақ қасқыр мінезді қайсар халық екенін дәлелдеді. Мың өліп, мың тірілген қазаққа азаттықтың арайлы таңы атты. Сол тәуелсіздіктің жемісі ретінде Кербұлақ ауданы Матай тауының етегіне қойылған Қарасай батырдың Əуез, Өтеп, Көшек, Түрікпен ұрпақтарына арналған тарихи белгінің ашылуын атап өтуге толық негіз бар.

Атақты қолбасшы, тарихшы, шежіреші, өз заманының көзі ашық, көгірегі ояу арда азаматы Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабының 208-бетіне үңілсеңіз:

«Іленің оң жағында Матай тауы,

Кетеді қарағанда көздің жауы.

Алтынеміл, Шаңқанай, Матай, Бақай,

Шеруендер көктемде бақша-бауы

Бұл жерді мекендейді Асыл, Еміл,

Қалмайтын «Қарасайласаң» жігіт сауы.

Қарасай батыр Арқа жерінде Хижраның 1049 доңыз жылы тамыз айында 73 жасында дүние салды. Бір жылдан соң асы берілді. Одан бір жылдан кейін батырдың ұрпақтары атақонысы Іленің оң жағасындағы Матай төңірегіндегі Алтынемілге қайтып оралды», – деп жазылған. Сондықтан Есім ханның өзі «Қазақтың Қарасай батыры» деп атақ берген баһадүр бабаның ұрпақтары тарихи белгі қойып, ел ертеңі мен өскелең ұрпақ үшін осындай игі істерді жүзеге асырып келеді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы Кəміл Малдыбаев тарихи белгінің салтанатты ашылуының тізгінін ұстады. Жиналған көпшілікке шарапаты мол шараның мақсатын түсіндіріп, арнайы ат арытып келген қадірлі қонақтарды таныстырды.

Алғашқы сөзді алған Халықаралық Жамбыл қорының төрағасы, белгілі ақын Манарбек Ізбасар қатпарлы, қалың, тарлан тарихтың біз білмейтін сыры аз емес екенін, ол жайында жаңа дерек, маңызды мағлұмат табылған сайын тарихымыздың тайқазаны толыға түсетінін айта келе:

- Халқымызда «Өткенін білмегеннің ертеңі бұлыңғыр» деген сөз бар. Иә, өткен өмірдің өкініші, сүйініші, жақсылығы мен жамандығы уақыттың еншісінде қалған. Бар мен жоқты түгендейтін де, оған көз бен көңілді жеткізетін де сол уақыттың өзі. Енді уақыттың уысында қалған қазынаны шашпай-төкпей, қазып, аршып алып, оны кейінгі ұрпаққа аманаттау біздің парызымыз. Қазір шежіре жазу мәселесі алда тұр. Әр тайпа, ру өз шежіресін кітап етіп шығарып жатыр. Бұл бодандықта болып, өз ататегін білмей адасып, шатасып жүрген қазақ үшін өте қажет дүние. «Жеті атасын білмеген жетесіз», «түбін білмеген түгін білмейді». Ендеше, шыққан тегіңді, одан тараған ұрпақты білу әркім үшін қасиетті іс, – деді. Сонымен қатар, шежіре жазудың ешқандай айыбы жоқтығын, ол қазақтың бөлінуі емес, қайта тұтас бірігуінің, Мәңгілік ел болуының берік негізі екендігін жеткізді. – Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабының негізгі бөлігі арқылы «Күреңбел түрікпендері» атты кітап шықты. Оны жазған осы өңірдің тумасы, абыз ақсақал, марқұм Нұртай қажы Айдынбайұлы болатын. Әр ауыл мен өлкеде көпті көрген, естігендерін көкейіне тоқыған, зерделі асыл адамдар бар. Міне, Нұртай да сөзі сондай салиқалы, ойы орамды, көкірегі күмбір қазына қарттарымыздың бірі еді. Зерделеп оқыған оқырман киелі Күреңбел өңірін, оны мекен еткен қазақ тайпалары мен руларының қоныстану тарихы, осылардың арасынан шыққан есімдерді, елге белгілі тұлғаларды таныды. Атақонысы Алтынемілдегі Матай тауының етегін мекендеген атақты Қарасай батырдың Түрікпен баласынан тараған бір қауым ұрпақтың тарихын зерделеді. Осы кітапта Күреңбелді мекен еткен Байторы мен Тайторы, Матай би, аруақты аналарымыз – Қоянкөз бен Шанханайдың жұрт жадында қалған жақсы қасиеттері баяндалған. Осы белгітастың басы-қасында болған Ермек, Өмірбек есімді азаматтарға алғыс айтамын.

Келесі кезекте көптен күткен сәт те келіп жетті. Аузы дуалы ақсақалдар тарихи белгінің ақ матасын түріп, салтанатты түрде ашты. Әрмен қарай бабалардың аруақтарына арналып Құран бағышталды. Сөз тізгінін алған тарихшы-шежіреші Асқар Селеуов:

- Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында: «Алтынеміл, Матайды Құдай артық жаратқан жер», – дейді. Неге десеңіз, топырағы өте құнарлы. «Қоғалының картобы» дегенді білесіздер. Суғарылмай өсе береді. Бұл жерде жұт болмайды, – деп 17 жасынан бастап қалмақтарға қарсы соғысқа қатысқан Қарасай батырдың өмір жолын баяндап берді.

Тарихшының сөзіне сүйенсек, 255 жыл бойы қалмақпен соғысқан қазақтың талай рулары шегініп, шүйгін жерлерден кетуге мәжбүр болған. Соғыса жүріп, кейіннен Арқа төсін мекен еткен Қарасай батырдың ұрпақтары атақонысқа қайта көшіп келеді. Қалмақты бір жола жойғанымен, орыстың отарлауынан құтыла алмады. Ал, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шəміл Əбілтаев болса:

- Қолымызда киелі де қасиетті қос кітабымыз бар. Оның біріншісі – Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін», екіншісі – Асқар Селеуовтің «Бәйдібек би» деген кітабы. Осы екі кітап бізді адастырмайды. Қазақ көп уақыт әртүрлі себептермен бассыз кеуде болып келді. Ол не деген сөз? Баласына айтамыз да әкесіне айтпаймыз. Енді соның бәрін еңсеріп, шындыққа көшетін кез келді. Жалтақтауды қоюымыз керек. Сонда ғана дұрыс ел боламыз. Түбімізді түгендеп, басымызды бүтіндеуіміз қажет. «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабындағы мені қатты қызықтырған тұсы – Алма деген атамыз. Тоғызыншы ғасырда өмір сүрген бағбан 1500 шөптің түрінен дәрі жасап, елді емдеген екен. Халқы жақсы көріп, «Алма ата» деп сол кездегі қаланың атын берген. Қазір Алматы тұр. Атамызға ескерткіш болсын деп күй шығардым, – деп домбырасын қолына алып, игі шараға шашу ретінде «Алма ата» деп аталатын күйінің тұсауын кесті.

Ата жолын аттап өтпеген, олардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын берік ұстанған Қарасай батырдың ұрпақтары үш жүздің ақсақалын сахна төріне шақырып, иықтарына шапан жапты. Келесі кезекте белгілі балалар жазушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұрдəулет Ақыш, Әуез ата ұрпағынан Ерболат Жамантаев, Өтеп ата ұрпағынан Талғат Қыдырұлы, Түрікпен ата ұрпағының атынан белгілі азамат Жұмаш Арғынбайұлы жүрекжарды тілектерін жеткізді. Қоғам қайраткері, генерал-майор, қазақ спортының жанашыры Қайрат Сатыпалдының құттықтау хатын Қанат Мұсағұлов оқып, сый-сияпатын тарту етті.

Жазушы Жұмабай Шаштайұлы: «Кейінгі уақытта тарихты пән ретінде алып тастау керек деген сөз шығып жүр. «Көп қоспасы бар», – деп айтады. «Қарасай батыр болмаған», – деп айтқандарды көрдік. Біздің шежіреші аталарымызды Құдай әділетті жаратқан. Олар кие, қадір тұтуды жақсы білді. Сондықтан кез келген қазақтың Жайықтан бері Тянь-Шаньға дейін аралықта тұтасқан дүниесі бар. Осындай бабаларды тарихи тұрғыдан қатты сыйлағанымыз дұрыс. Жасап жатқан істеріңіз баянды болсын, әр қазақтың ауылында осындай қасиетті есімдер көбейе берсін», – деді.

Шарада Қазақстанның орыс, казак және славян ұйымдарының үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасары Михаил Киндалев сөз сөйлеп, ізгі тілегін айтты. Одан кейін сахнаға әнші-композитор Марат Омаров шығып, әннен шашу шашты. Белгітастың ашылуынан кейін тарихи тұлғалар аруағына арналған ас берілді.

Ресей империясының патшайымы Екатерина ІІ-нің: «Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алады», – деген сөзіне үңілер болсақ, тарихтан алар еншіміз әлі де алда екенін ұғынамыз. Ол үшін елінің бағына туған даңқты бабалардың өмір жолын жұрт жадына мықтап сіңіру керек. Солардың бірі – қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшысы Қарасай Алтынайұлы өмірінің соңына дейін ат жалын тартып мініп, ел ертеңі үшін жаумен алысты. Есімі тарихта алтын әріппен жазылған осындай ұлы тұлғаның Əуез, Өтеп, Көшек, Түрікпен атты төрт ұлы да әке абыройын асқақтата білді. Қазір батыр бабадан тараған ұрпақтары өркен жайып, қазақ халқының біртұтастығын сақтап қалу жолында тер төгіп жүр. Жиылған жұрт болашақ үшін жасалған осындай иігі істер жалғаса берсін деген тілекпен тарқасты.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы