ХАНТӘҢІРІНІҢ ЕТЕГІНДЕ МҰҚАҒАЛИДЫҢ 90 ЖЫЛДЫҚ ТОЙЫ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 02.10.2021
Оқылды: 2002
Бөлім: ТҮПСАНА

«Осы мен сірә да өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап қайтадан тұрармын»,
- деп жырлаған ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың мәңгілік ғұмыры жалғасуда. Қара ормандай халқының ыстық ықыласы, шынайы құрметінің белгісіндей, ақынның 90 жылдығы туған жері қасиетті Қарасаз ауылында бастау алды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Жұлдыздар жамыраған шақта ақынның ауылы, оның қазіргі тыныс-тіршілігі туралы еш қоспасыз түсірілген «Қарасаз көшелері» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді. Бұдан соң Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына, Мұқағалидың 90 жылдығына және Қазақ радиосының 100 жылдығына орай Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ радиосы бірлесіп өткізген "Еркін елдің ертеңі" атты жас ақындардың мүшәйра жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.

Қасиетті жұма күні Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйінде "Алаш жұртының ақиығы" атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Бауыржан Жақып жүргізіп отырған келелі басқосуды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастап берді. Конференцияда ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, "Мұқағали" журналының бас редакторы Батық Мәжитұлы "Азаттықты аңсаған ақын" атты әсерлі баяндама жасады. Сондай-ақ, Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі Байынқол Қалиев, академик Шерубай Құрманбайұлы, белгілі қаламгер, «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжит, қоғам қайраткері, қаламгер Рысбек Сәрсембайұлы, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы және басқа да ғалымдар мен қаламгерлер ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер мен терең талдауларын ортаға салды. Бір атап өтерлігі, осы жиында баспа бетін көрген «Мұқағали тілі сөздігі» кітабы таныстырылды.

Бүгінгі шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысады деп жоспарлануда. Олар жұртшылықпен бірге ақынның музейін аралап, Нарынқолда Мұқағалидың қоладан құйылған еңселі ескерткішін ашып, ауыл азаматтарына жаңа салынған тұрғын үйлердің кілтін тапсырады деп күтілуде.

Айта кетейік, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына дайындық өткен жылдан бастау алған болатын. Жалпы мерейтойды өткізуге жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Айтулы шараға орай құрылған арнайы жұмыс тобын облыс әкімі Амандық Баталов өзі басқарды.

Мерейтой аясында, ең алдымен, ақынның туған жері Қарасаз, Сарыжаз, аудан орталығы Нарынқол ауылдары абаттандырылды. Жолдар жасалып, ауыз су жүйесі жаңғыртылып, мәдени нысандар жөнделді, саябақтар салу қолға алынып, ескерткіш орнатылды.

Мерейтойға алдын ала дайындық барысында Қарасаз ауылындағы ақын музейіне, Мәдениет үйіне, А.Барманбекұлы атындағы орта мектепке жөндеу жұмыстары жасалып, нысандар жаңа кейіпке енді. Елді мекеннің орталық көшелері, орталық алаңы абаттандырылып, көше шамдары орнатылды. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында республикалық бюджеттен бөлінген 427,1 млн.теңгеге ауызсу жүйесі қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр. Қарасаз ауылында өнер мектебін салу да – мерейтой аясындағы маңызды бастамалардың қатарын толықтыруда. Қазір нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ауылға кіреберістегі Жастар саябағы абаттандырылды.

Ағымдағы жылы 3 гектар аумағы бар Мұқағали атындағы жаңа саябақтың құрылысы басталды. Құны 374,5 млн.теңгелік жобада концерттік сахна, шағын футбол алаңы, балалар алаңы, воркаут спорт алаңы, аллея, демалыс аймағы қарастырылған. Сол сияқты аудандық әкімдік ғимаратының жанынан шағын саябақ салына бастады. Ал аудандық Мәдениет үйінің алдындағы сквер мен орталық саябақ толық абаттандырылды. 

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы