ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛЫНДА ТӨЛ МӘДЕНИЕТІМІЗ ҚАЛАЙ ДАМЫДЫ? САРАПТАМА

Уақыты: 23.10.2021
Оқылды: 1913
Бөлім: ТҮПСАНА

Тәуелсіздік. Азаттықтың ақ таңы. Егемендік. Тұғырлы мемлекет - тәуелсіз ел. Мәдениеті өркендеп, ұлттық құндылықтармен бірге рухани жаңғырған азат Қазақстан.

Иә, расымен де бұл сөздерді тілге тиек еткенімізде, кеудемізді мақтаныш сезімінің кернейтіні де рас. Бірақ 1991 жылдың 16 жетоқсанында арайлап атқан Тәуелсіздіктің ақ таңы бізге оңайлықпен келмеді. Тарих тұғырнамасында қаншама қиын-қыстау кезеңдерді басымыздан өткердік,  Отаны мен елі үшін қаншама патриот жастар Тәуелсіздік жолында құрбан болды?! «Елім», «жерім» деп соққан жүректер қазақ елінің Тәуелсіздігі мен ұрпағының болашағын бәрінен биік қойып, аңсаған мұратымызға жеттік.

Міне, біз бүгінгі Тәуелсіздік үшін кешегі өткен ата-бабаларымыздың алдында мәңгі қарыздармыз. Осы орайда Отаны мен елі үшін жанын құрбан еткен текті халықтың, елі мен жерін ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған батырлардың ұрпағы екенімізді бір сәтке де естен шығармауымыз қажет.

Биыл - ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Бұл уақыт бедері кейбіреулер үшін тым қысқа болуы мүмкін. Соған қармастан осы Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан бүкіл әлем мойындаған алпауыт мемлекетке айналды. Қазақстан өзге дамыған елдермен терезесін тең етіп, әлеуметтік-экономикасын өркендетіп, дамудың даңғыл жолына қарыштап қадам басты. Бүгінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сындарлы саясатымен іргетасын берік етіп қалаған егемен еліміздің тізгінін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алып, табысты жалғастыруда.

Кез келген тәуелсіз елдің дамуы жолында ең басты құндылықтардың бірі - ол мәдениеттің дамуы мен өркендеуіне баса назар аудару. Яғни, мемлекеттің өсіп-өнуімен бірге біз мәдениетті де назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Материалдық мәдениетпен бірге ең әуелі рухани мәдениет, өркениеттің жаңғыруы аса маңызды. Біз тек рухани құндылықтарымызды сақтай отырып, сонау заманнан бері келе жатқан салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды, наным-сенімдерімізді, ұлттық кодымызды  қастерлегенде, рухани мұраларымызды сақтап, олардың заман ағымымен бірге мәдениет сахнасында өркендеткенде ғана егемен еліміздің Тәуелсіздігі тұғырлы болып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, жалпыұлттық  идеямыз - Мәңгілік Елді басты бағдар еткен мемлекет болатынымыз сөзсіз. Қажырлы еңбекті қажет ететін жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Бұл ретте «Мәңгілік Ел» - елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмайтын қайнар көзі болып табылады.

Осы орайда әрбір қазақстандықты «Бүгінгі күнге дейін руханиятқа, мәдениетке, өркениетке қаншалықты көңіл бөле алдық?», «Қазақстанның мәдениеті Тәуелсіздік жылдары бедерінде қалай дамыды?», «Мемлекет тарапынан қандай мәдени іс-шаралар қолға алынды?» деген сауалдардың мазалайтыны белгілі. Бүгінгі мақаламызда осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Тәуелсіздікке ие болған 30 жылдың ішінде мемлекетіміздің рухани өмірінде де көптеген өзгерістердің орын алғаны ақиқат. Еліміздің мәдениет пен өркениет жолындағы жетістіктерін сараптау - бүгінгі күн тақырыбындағы өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда елімізде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен 2000 жыл елімізде «Мәдениет жылы» деп жарияланып, 2004 жылы Елбасы 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Аталған бағдарлама қабылданғаннан кейін елімізде көптеген іргелі мәдени еңбектер жарық көрді. Мәдениетіміздегі құнды кітаптар қоры көбейді, мәдени тарихи ескерткіштеріміз қайта жаңғырды. Ежелгі тұрақтар мен қоныстарда, көне қалаларда археологиялық зерттеу жұмыстары қолға алынды. Әлемдегі бірқатар мемлекеттерге экспедициялар ұйымдастырылды, өнер жайлы бұрын белгісіз болған қаншама қолжазбалар табылды?! Қазақстан тарихы мен мәдениетіне байланысты бұрын зерттелмеген басқа тілдегі бірнеше кітаптар зерттелді. Ұлттық және әлемдік ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиет, өнертану, философия, тарих ғылымы, саясаттану, тіл білімі сияқты бағыттар бойынша жүздеген кітап шығарылды. Мәдени мұраламызды танытуға арналған осы бір ғана бағдарламаның аясында егемен елімізде атқарылған бұдан өзге де іс-шаралар легі толассыз.

Ал Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары, оның ішінде, «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық», «Қазақстанның киелі жерлері», «Қазақстанның сакральды географиясы» арнайы жобалары, «Туған жер» бағдарламасы, «Ауыл - ел бесігі», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «100 жаңа есім», «Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстандағы мәдениет» және басқа арнайы жобалар аясында жүзеге асырылып жатқан ауқымды игі шаралардың барлығы Қазақстан өркениеті мен мәдениетін дамытуға бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында айтып өткендей, тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздігімізді мәңгі ету үшін сонау сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мемлекетінен бері жалғасып келе жатқан рухани және материалдық мәдениетіміздің құндылықтарын насихаттап, тағылымды тарихтан сыр шертетін танымдық дүниелерді шеттетпеуіміз қажет. Кез-келген мемлекеттің дамуы, өсіп-өркендеуі жолында руханияттың, мәдениеттің алар орны айрықша екенін естен шығармайық.

Алтынай СЕЙТКЕН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің 1-курс студенті

Серғазы ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының оқытушысы