ЛЕПСІДЕ БАУЫРЖАН ОСПАНОВТЫҢ ДЕМЕУШІЛІГІМЕН ЖАҢА МУЗЕЙ САЛЫНДЫ

Уақыты: 27.10.2021
Оқылды: 1414
Бөлім: ТҮПСАНА

«Ер туған жеріне» демекші, алакөлдік атпал азаматтардың арқасында айдынды өңірде атқарылып жатқан айтулы жұмыстар көп. Әсіресе, белгілі меценат Бауыржан Оспановтың ордалы істері көңіл қуантады.

Жетісу Алатауының жоталарын бөктерлей қоныс тепкен Лепсі ауылында тарихи-өлкетану музейі ашылды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қолға алынған игілікті бастама қарт тарихтың қатпарларын ақтарып, өткен күннің өнегелі тұстарын насихаттауға жаңаша мүмкіндік беріп отыр.

Табиғаты таңғажайып ауылдың көрнекті орнына айналған мұражайдың ашылу салтанатына ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Берік Абдығалиұлы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев, аудан әкімі Алмас Абдинов, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Болат Каметұлы қатысты.

Шара шымылдығын ашқан аудан басшысы А.Абдинов:

– Міне, тау қойнауында қара шаңырағын тіктеген аядай ғана ауылда айтулы мереке. Туған өңірге деген ізгі махаббат пен тарихқа деген құрметтің арқасында жаңа музей тұрғызылды. Жомарт жерлесіміз Бауыржан Кеңесбекұлының демеушілігімен 2019 жылы салынған ғимарат бүгінде өткен күндерден суыртпақтап сыр тартар небір жәдігерлермен толығып, өз жұмысын бастады. Көненің көзі болар құнды дүниелердің басын біріктіру де оңайға соқпағаны рас. Алайда таудай талпыныс, ізденіс пен еңбектің арқасында бүгін қуанышты жағдайдың куәсі болып отырмыз, – деп лепсілік жұртшылықты құттықтап кетті.

Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Б. Каметұлы ұлт тарихының, жер тарихының өткенінен өнеге ала отырып, өзіміздің кім екендігімізді айқындаудың, сол арқылы ертеңгі күнге деген бағытымызды түзеудің маңыздылығын атап өтті.

ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Лепсі тарихи-өлкетану музейінің жұмысын дөңгелентуге өзіндік үлес қосқан азамат Б.Абдығалиұлы:

– Талай уақыттан бері Алашорда жайлы мәліметтер жинап, кітап та жаздым. Бұл менің ең өзекті тақырыптарымның бірі. Бәукеңнің демеушілігімен музей ашылады деген соң мен де өз қолтаңбамды қалдыруға тырыстым. Мұнда Алашорда әскерлерінің үш дана киімін алып келдім. Ондай жәдігерлер ел аумағында кемде-кем. Алаштықтардың әскери құрылымы негізгі үш бөліктен тұрған. Сол үш бөліктің киім үлгісі әртүрлі еді. Яғни, 5-ші Сібірлік дивизияның, атаман Анненковтың басшылығындағы және Жаркент өңіріндегі отрядтардың әскери формалары бір-біріне ұқсамайтын. Осы киімдерді арнайы дайындап, музейдің көркін ашар деген ниетте халық назарына қойдық, – деп, жиналғандарға ақжарма тілегін жеткізді.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М. Көлбаев құттықтау сөзінен кейін музейдің демеушісі Б. Оспановқа облыс әкімі А.Баталов Құрмет грамотасы мен қазақы салт бойынша арнайы шапан сыйға беріп жібергенін атап өтті. Сонымен қатар, Б. Абдығалиұлының да иығына шапан жапқан ол музейдің бас жобашысы, осындағы құнды жәдігерлерді жинастырып, мектеп ішінен кішігірім мұражай қылып бастаған Мұхаррам Хайбулинге алғыс айтып, облыс әкімінің сый-сияпатын табыстады.

Еңбек ардагері Уәли Рабатов батасын бергеннен кейін лента қиылып, халық музей ішін тамашалауға кірді.

Айта кетерлігі, барлығы 871 жәдігерден тұратын мұражай үш залға бөлінген. Олардың біріншісі Лепсі ауылының тарихы мен мәдениетіне арналса, одан кейінгі зал жалпы қазақ тарихын, осындағы ұлттардың этникалық ерекшеліктерін паш етеді. Соңғы зал Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбын таныстырады. 1988 жылы мектепішілік музей ашып, осындағы экспонаттардың басым бөлігін жинаған М.Хайбулин сақтаған жәдігерлер өлкетану, ауылшаруашылығы, нумизматика салаларын, революцияға дейінгі және кеңес заманын қамтиды. Өлкетану бағытындағы экспонаттар лепсілік бұқараның белсенділігінің арқасында толықтырылған.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы