ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖОЛБАРЫС БИДІҢ ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШІ БОЙ КӨТЕРДІ

Уақыты: 29.10.2021
Оқылды: 3117
Бөлім: ТҮПСАНА

Жезкиіктің желісіндей жүйткіп жатқан ғасырлар тізбегінде айшықты із қалдырып, елінің мұрадым-мұраты, асқақ арманы жолында аршынды қадам басып, өткенін ақ сүрдекке айналдырған тұғырлы тұлғалар қазақ тарихында жетерлік. Солардың барлығы да төрт құбыласынан анталған жаудан елін аман сақтап қалуда асқақ қайраткерлік көрсете білген. Бүгінде сол кен кеуделі даналар мен ділмарларды, би-шешен, ақын-жырау, баһадүр  бабаларды ұлықтап, тарихты қайта түлету үстіндеміз. Жарық дүниемен жанар суарған шағынан аттай 15 жасқа жеткенінше ел ішінде «Әй бала» атанып, барымташылардың жетегінде кеткен Шұбар айғырдың үйірін қарулы қолдан жолбарыстай ептілікпен жұлып алған ерлігіне сүйсініп ел ішінде «Жолбарыс» атанған ұлы би, қолбасшы-батыр Жолбарыс ЖЫЛҚАЙДАРҰЛЫНЫҢ туғанына 350 жыл толып отыр. Осынау ұлы тойды күні бұрын алты Алашқа сауын айтып сүйіншілесек, бүгінде ел көлемінде атап өтіп, Талдықорған шаһарында абыздың асқақ тұрпаты ескерткіш ретінде еңсе көтерген қуанышына куәгер болды.

Заманның заңғар биігінен тақ сайлаған тұғырлы тұлға Жолбарыс би Жылқайдарұлының 350 жылдық тойы жер жаннаты Жетісу жерінде жалауын көтеріп, ел көлемінде тойланды. Әуелі ұлт зиялылары, би бабаның ұрпақтары 18 әулие шыққан қасиетті мекен – Қаратал ауданындағы Кәлпе ауылына ат басын бұрды. Аталмыш елді мекенде жарық ғаламнан жанар тайдырған ұлы бабаның кесенесі бар. Бұл қасиетті орында зиялы қауым Құран бағыштап, елдің есендігін, жердің амандығын найзаның ұшы, ділмарлықтың күшімен қорғай білген, хандық дәуірдегі Ақтамберді, Доспамбет сынды дала дауылпаздарындай ұлт тарихы мен руханиятына сүбелі үлес қосқан Жолбарыс би аруағына тағзым етті.

Ішпегіне тер қатқан, терлігіне қан жапқан жаугершілік заманда әулиелігімен, шешендігімен, көсемдігімен танылған Жолбарыс бабаға зиярат еткеннен кейін Талдықорған қаласындағы Б.Әшімов пен Жолбарыс би көшесінің қилысында орын тепкен ескерткіштің ашылу салтанаты өрнек тапты.

Алшайтып тұрып арғымақ мінген бабаның асқақ тұрпаты бедерленген ескерткіштің ашылу салтанаты Сүйінбай атындағы филармония өнерпаздарының биімен бастау алды. Ақ кимешекті әжелер мерейтойға келген ұлт зиялылары, халық қалаулылары мен мерейтой меймандарына шашу шашып, қазақы дәстүрдің үзілмес жалғасын көрсетті. Ал өз кезегінде ғажайып ескерткіштің шымылдығын облыс әкімі Амандық Баталов, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев, «Жолбарыс би атындағы қоғамдық қордың» президенті, мемлекет қайраткері Омархан Өксікбаев, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев салтанатты түрде ашты.

Ескерткіш авторлары - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист, суретші Мүсәпір Жанұзақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Марат Нүсіпов және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Бауыржан Жуасбаев. Авторлар бұл туындыны жасап шығуға 2 жыл уақытын арнаған. «Ескерткіштің өзі қоладан құйылды. Астындағы тасы, күркеден алынған табиғи тас. Граниттің биіктігі 4 метр, ені 3 метр. Ал, мүсіннің биіктігі 5,6 метр. Жалпы, идеямыз, билігін және шыңға биікке көтеруді көрсету болды», - деді ескерткіш авторы Марат Нүсіпов.

Рухани шараның алғашқы сөзін алған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы көпшілікті ұлы баба мерейтойымен құттықтап өтті.

– Биыл біз үшін ерекше жыл. Тәуелсіздігімізге 30 жыл болса, қиын кезде Елбасының шешімімен Алматы облысының орталығы Талдықорғанға көшірілгеніне 20 жыл толып отыр. Міне, бүгінде сол Талдықорғанымыз ажарымен айшықталып, көркімен көпті қуантқан ғажайып қалаға айналды. Сол жер жаннаты Жетісудың орталығында тағы да бір үлкен ескерткіш еңсе тіктеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлыларды ұлықтап, өшкенімізді жандырып келеміз. Биыл Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы дүркіреп өтті. Солардың қатарында ұлы бабамыз Жолбарыс бидің 350 жылдығы да ел көлемінде аталып өтуде. Қашанда тарихымыздан тамыр тартып, өткенімізді жаңғыртып, келешек ұрпаққа үлгі болар ұлы істің басы-қасында жүре берейік! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Баба тойы құтты болсын! – деген облыс әкімі Амандық Баталов Қазақстан Респбликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сарабдал саясаты арқасында ұлы істер атқарылып жатқанын жеткізді.

Елдің тұтастығы мен бірлігін сонау Тәука хан мен Абылай ханның тұсында Жетісу жерінде тұрып қорғаған Жолбарыс би ескерткішінің басында ұлы бабаның тауарихта алатын орнын, ел үшін атқарған еселі еңбегі мен ерен ерлігін айрықша атап өткен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев өткенін таныған ұрпақ тектілігін жоғалтайтыны заңдылық екенін ескертіп, ескерткіштің тарихы, рухани маңызы ерекше екенін жеткізді. 

– Асылымызды ардақтап, жақсымызды жақтап, өнегелі өскелең ұрпаққа өрнектеп өскен халықпыз. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында: «Әрбір өлкенің туған халқына суықта пана, ыстықта сая болған есімі ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Солардың бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс», – деген болатын. Олай болса біз бүгін халқына сая да, пана да бола білген, есімі ел есінде молынан сақталған батыр, әулие Жолбарыс атамыздың рухын жаңғыртып отырмыз. Туғанына 350 жыл толып отырған Жолбарыс атамыздың 90 жылдық ғұмыры ерлік пен өрлікті, Отанға деген сүйіспеншілікті, әділдікке деген ұмтылысты паш етеді. Ал бұл қасиеттер бүгінгі біздің жас ұрпаққа үлгі болып, өнеге таратуы қажет, – деген «Жолбарыс би» атындағы қордың президенті, мемлекет қайраткері Омархан Өксікбаев ұлы бабаның өнегелі өмірінен аз-кем сыр тарқатты. Сонымен қатар, дала дауылпазының мерейтойы ел көлемінде аталғаны тарихымыз үшін да айрықша оқиға екенін жеткізді.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев сөз алып, тарихи тұлғаның ақтаңдақ жазба бетінде айшықты із қалдырған асқақ істері бүгін мен ертең үшін елдік пен ерліктің ұранындай үлгі болып қала берітінін, торқалы тойдағы аталмыш рәсімдер ұрпақ үшін ауадай қажеттігін айрықша атап өтсе, белгілі әнші, компазитор Ағайша Исағұлова ақын Әли Ысқабайдың сөзіне жазылған «Жолбарыс бабам» әнін асқақтада әуелетті.

Таудың алып қойтастарының үстіне тұғыр тепкен Жолбарыс бабаның еңселі бейнесі Талдықорғанның ажарына ажар қосқандай. Шашасын шаң қаппаған тұлпарды тақымдаған әулие, би, батыр бабаның айбырлы тұрпаты ұлттық рухты жанитындай. Осынай ғажайып ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін Салтанат сарайында «Рухты елдің Жолбарысы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен ғалыми-тәжірибелік конференцияны мемлекет қайраткері Омархан Өксікбаев жүргізіп отырды. Ол:

– Жазиралы Жетісу өлкесі – небір шешен, іскер, білімпаз, білікті, ойшыл, билердің Отаны! Арғыны айтпағанның өзінде, қазақ хандығы құрылған ХV ғасырдан бергі уақыт ішінде небір сұрапыл соғыстарды бастан кешіп, еліміз бен жерімізді басқыншы жаулардан қорғап өткен батыр би бабаларымыз, кемелді кемеңгерлеріміз қаншама? Солардың бірі – әрі көсем, әрі би, әрі  қол бастаған батыр Жолбарыс бидің еңбегі ерекше. Айбынды ержүрек батыр, мемлекет ісін жүргізудегі көрегендігімен танылған Жолбарыс би «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары Іле мен Қаратал өзендері аралығындағы жоңғарлармен болған шайқастарға қатысып, босқын елді атамекеніне қайтаруға үлкен еңбек сіңірген ірі тұлға. Ел аузындағы аңыздарда Жолбарыс би денесіне жау қаруын дарытпаған батыр әрі ертеңгі күнін болжай білген әулие, қара қылды қақ жарған әділ би ретінде сипатталады, – деген Омархан Нұртайұлы батыр бабаның ұлы өмірінен сыр шертті.

Өз кезегінде батыр бабаның мерейтойына орай жарық көрген «Аңызбен жеткен абыз», «Жылқайдарұлы Жолбарыс би елінде» кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған рухани қазынаның лантасын облыс әкімі Амандық Баталов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, Қадырғали би Қосымұлы Жалаири атындағы қоғамдық халықаралық қордың президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірәлі Жалайри, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелді, жазушы, зерттеуші, журналист Талғат Айтбайұлы салтанатты түрде қиды.

«Рухты елдің Жолбарысы» атты конференцияның алғашқы сөзін алған аймақ басшысы Амандық Ғаббасұлы құттықтау сөзінде раухани шараның мән-маңызы, мазмұны терең екенін атап өтті. Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов:

– Бүгінде Елбасының бастамасымен, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен қазақ тарихының алтын қазыналары ашылып жатыр. Талай батырларымыз бен Ту ұстаған даңқты бабаларымыздың аттары қайта жаңғыруда. Ескелді, Балпық би сынды замандастарындай халықты жауға қарсы ұйымдастыруда үлкен еңбек сіңірген Жолбарыс бабамыз атына заты сай тұлға. Тарихта алтын әріппен жазылатын бабаның басына барып құран бағыштап, ескертішінің ашылуында болдық. Енді міне, ғылыми-тәжірибелік конференцияда өмірде өшпес із қалдырған өршіл рухты бабамыздың өнегелі өмірін өрнектеп отырмыз, – деп тебіренген академик ел тойына құтты болсын айтты.

«Жылқайдарұлы Жолбарыс еліндегі бүгінгі салтанат аңыз болып жеткен Абызға арналған. Аңыздың қайнар көзі он бес жасына дейін ат қойылмай ержеткен «әй, баладан» бастау алады. Балаларына енші бөліп бергенде «әй, бала» атаусыз қалады. Ерек өскен алғыр бала:

– Әке, менің еншім қайда? – дейді жұлып алғандай.

– Сенің еншің мал басы шұбар айғыр барымташылардың жетегінде кетті. Таба алсаң шұбар айғыр сенікі! – дейді әкесі. Шұбарды іздеп сапарға шыққан бала күндердің күнінде бір байдың ауылына келеді.  Сапарының мән-жайын айтады.

– Мына бала жоқ іздеп жүр екен, біздің өрісте түрі бөтен мал бар ма? – дейді бай жылқышысына. «Ойын баласына жылқы беріп, қай сасқаның деген жылқышыға сол сәтте «Әй, бала» жолбарысша атылып, қара дәуді алып ұрып буындырады. Мұрнынан қанын ағызады. Сонда:

– Кінә бізден, осыдан он жыл бұрын шұбар айғыр үйірімен біздің табынға қосылған, – деген бай шұбарды өсімімен алдына салып береді. Осы оқиғадан кейін «Әй, бала»  Жолбарыс атанып кетеді. Аңыздың басы осы. Бұл ХVІІ ғасырдың соңғы жылдар», – деп баяндаған Қоғам қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз Қалышбаев «Аңыз боп жеткен Абыз» баяндамасында ұлы тұлға жайлы тоғыз түйін сөз айтты.

Өз кезегінде:

– Жолбарыс би ХVІІІ ғасырдың тұлғасы. ХVІІІ ғасыр қазақ халқының тарихында ерекше орын алады. Жойқын жоңғар шапқыншылығына ұшыраған қазақ халқы аласұрып, бұл дағдарыстан аман шығуды ойлап, қайрат-жігер, биік парасат танытқан ірі тұлғалар шоғыры өмірге келіп, артында терең із қалдырды. Сондықтан да қазақ тарихындағы ХVІІІ ғасырды ел бастаған және қорғаған ұлы билер мен батырлардың ғасыры деп айтуға толық негіз бар, – деп сөз бастаған тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелді Жолбарыс бидің арғы бабаларынан тартып, кешегі-бүгінгі ұрпақтарына дейін үзілмеген тектілікті айрықша атап өтті. Ұлы Шығыс ханның оң қосынын басқарған Жалайыр Мұқали Жолбарыстың арғы бабасы екенін, кешегі репрессия құрбаны болған асыл текті азаматтар Жолбарыс бидің зәузаты екенін жеткізді. Тарихтың ақтаңдақ беттерінен айшықты дерек келтірді.

Аталмыш конференцияда Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, Қадырғали би Қосымұлы Жалаири атындағы халықаралық қоғамдық қордың президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірәлі Жалайри мен жазушы, зерттеуші, журналист Талғат Айтбайұлы сөз алып, ұлы баба жайлы танымы терең баяндама жасады.

XVII ғасырдың аяғында дүниеге келген Жолбарыс бабамыздың бүкіл саналы өмірі XVII-XVIII ғасырдың ішінде өтті. Жолбарыс бидің Ақтамберді, Доспанбет, Бұқар, Қабан жырау секілді даңғайыр шешендігін айтқызбай аңғартарлықтай шежіре әңгімелер аздау дегенмен, Абылайдың ұлы Әділ төреге қаратып:

Алпыстан жасың асқаңда,

Аруағың жақындасқанда.

Алланы алып аузыңа,

Сәждеге басты қосқанда,

Алжастың қалай жолыңнан,

Сені албасты басқан ба? – деп кесек сөйлеп, кесіп айтқаны, оған қоймай:

Төреден билік оң болмас,

Көнеден пішіп тон болмас.

Осыны білмеген ел мен ердің,

Сірә да, оңынан жолы болмас! – деуі нағыз ұлы көнеден қотарылған халықтық данылық емес пе?

Қазақ елінің ішкі-сыртқы саясатын жүзеге асыруға белсене араласқан Жолбарыс бабамыз ел ішінде ой түйіп, сөз ұстап, әділ төрелік айтумен бірге, бүкіл бір халықтың болашақ ұрпағын тәрбиелеуде де теңдессіз қызмет атқарған. Оның ірі әскер басы және қазақ хандары санасатын ықпалды қайраткер болғандығы туралы деректер белгілі қаламгер Ораз Исмайылұлының «Данагөй» атты кітабында айтылған. Әрі көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың зерттеу еңбектері дәлел бола алады. Заманының заңеар тұлғасы болған Жолбарыс би Жылқайдарұлына қаратып «Жолбарыстан бата алмай жолың болмас» деп мәтелдеудің өзі, қазақ халқының тұлғаны асқақ тұғырға қондырып, айрықша пір тұтқанынан болса керек-ті.

Міне, осынау ұлы тұлғаның торқалы тойы конференциядан кейін «Ай-Сер», «Шаған», «Жетісу» мейрамханаларындағы асқа ұласты. Баба рухына арнап боз қасқа шалып, ақ дастарқан жайылды. Бұл киелі дастарқанда зиялы қауым, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мерейтой меймандары мен баба ұрпақтары дала дауылпазына арнап Құран бағыштады.

Сақараның самал желіне кеудесін төсеп, Ұлы елдің ұлы мұраты жолында тынымсыз тірлік кешіп, тоқсан жылдық ғұмырында толғамалы ақ найза мен қатар қалам ұстап, дипломатиялық істі қатар алып жүрген Жалайыр Мұқалидың ұрпағы Жолбарыс бидің 350 жылдық мерейтойы Бикен Римова атындағы драма театрында жалғасын тапты. Жетісу руханиятының шаңырағы саналған театрда баба мерейтойына орай жазушы, журналист Серік Сарыбайдың «Аманат»  қойылымының премьерасы сахналанды.

Қазақтың ұлы қос ханының заманында Жетісу жерінде кесімді көз айтып көсемдігімен, шешімді сөз саптап шешендігімен, қара қылды қақ жарған әділеттілігімен би атанған, жоңғар шаппқыншыларының өр кеудесін басқан батырлығымен танылған Жолбарыс бабаның саналы ғұмырынан сыр шертер қойылымда оның ерлігі мен еңбегі насихатталды. Ұлт сенімін абыроймен айрықша атқарған Жолбарыс би Жылқайдарұлы бір тайпаның аумағынан асып, халық мүддесін аман алып қалуды көздеген. Ұлылығы мен шешенігін айрықша танытқан. Міне, осындай сан қасиеті сахна тілінде сөйлеген қойылымның қоюшы режиссері - Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасым.

Жолбарыс бидің ерлігі мен өрлігі, даналығы мен ділмарлығы сахнада сөйлеген «Аманат» қойылымында батыр баба рөлін театр майталманы, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы Сағындық Жұмаділ ойнады. Ұлттың руханият пен тауанды тарихына өлшеусіз үлес қосқан дала дауылпазының асқақ бейнесі көрермен жанарында тұлғаланып, жадында тоқылғандай болды.

Дана баба бейнесі сомдалған қойылым соңында «Жолбарыс Жылқайдарұлы» қорының президенті, мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, композитор Әли Алпысбаев қойылымды өмірге әкелген драматург Серік Сарыбаевқа, қоюшы режиссердің көмекшісі Ұлан Ахметов пен Жолбарыс би рөлін сомдаған Сағындық Жұмаділге шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

Сөйтіп, тотыдай түрленген Талдықорғанда басталған мерейтой театр шымылдығымен сәтті аяқталды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Талдықорған қаласы

Алматы облысы