ТАЛДЫҚОРҒАНДА "БЕС ҚАРУ" ДЕП АТАЛАТЫН ЕРЕКШЕ САЙЫС ӨТКІЗІЛДІ

Уақыты: 09.11.2021
Оқылды: 1526
Бөлім: ТҮПСАНА

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында Тұрарбек Айтқожанов атындағы І республикалық «Бес қару» театрландырылған сахна сайыстары фестивалі өтті. Оған бірнеше театр ұжымы қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Байқау қарсаңында қазылар алқасымен баспасөз конференциясы өтіп, журналистер ұйымдастырушылардан байқаудың мақсаты, талабы жайлы сұрады.

Байқауды өткізудің мақсаты – қазақтың тарихи бес қаруын ұрпаққа насихаттау, театр саласын қазақтың қару-жарақ тарихи дәстүрімен толықтыру. Фестивальде Қазақстанның әр өңірінен келген облыстық, академиялық дәрежедегі театрлар бақ сынады. Фестивальге келген қонақтар мен қатысушылар қызыл кілем үстімен жүріп өтіп, театр фойесінде «Сазген» фольклорлық ансамблінің күмбірлеген күйін тыңдап, қару-жарақ мұражай бұрышын ашты.

Фестиваль шымылдығын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Әбдуәлиев ашып, игі істің жалғасын табуына, мән-мағынасының өсе түсуіне сәттілік тіледі. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев шараға келген қонақтарға алғыс білдірді.

Ол өз сөзінде қазақтың рухын көтеру мақсатында ұйымдастырылған бастама болашақта екі жылда бір рет өткізіліп тұратынын айтты. "Қазақ үшін садақ, найза, айбалта, шоқпар, қылыш секілді қарулардың орны бөлек. Ел қорғаған, жер қорғаған батырларымыздың бәрі осы қаруларды асынып, ерекше қадірлеп ұстаған. Шараның "Бес қару" аталуында да үлкен мән жатыр. Барша келген жұртшылыққа алғысымыз шексіз. Бұл фестивальдің жас ұрпаққа берері мол. Алдағы уақытта жалғасатын табады", - деді облыстық басқарма басшысы.

Бұдан кейін әр өңірден келген театр ұжымдары өнерлерін көрсетіп, халықтың ықыласына бөленді. Келесі күні әділқазылар байқау жеңімпаздарын жариялады. Фестивальдің бас жүлдесін Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры иеленді. Бірінші орынды Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры алды. Екінші орынды Шығыс Қазақстан облысының Жастар драма театры, үшінші орынды С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры жеңіп алды. Байқаудағы ең жас қатысушы Бекарыс Еркінұлына «Жас жауынгер» атағы берілді.

Бес қаруын асынған қазақ батырлары соғыс ойынының түр-түрін көрсетті. Батыр бабаларымыз найзаның ұшы, қылыштың жүзімен туған жері үшін қасық қаны қалғанша күресіп, жауға бермегенін көріп, рухымыз бір көтерілді. Фестиваль театрда қару-жарақ пайдаланудың қыр-сырын да терең үйренуге мүмкіндік тудырды. Бес қаруымыз бойымызда болсын, Алаш жұрты.

Гүлжан ТҰРСЫН

Талдықорған қаласы

Алматы облысы