ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТАНЫМАЛ ҚОЛӨНЕРШІЛЕРДІҢ ЭТНОФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ

Уақыты: 20.11.2021
Оқылды: 1270
Бөлім: ТҮПСАНА

27 қарашада Талдықорғандағы Көрме кешенінің ғимаратында «Жетісу – Ұлы Жібек жолының жаңғыруы» атты қолөнершілер этнофестивалі өтеді. «Томирис» фильмінің басты рөлін сомдаушы, актриса Альмира Тұрсын мен жас суретші, ЮНЕСКО және ЮНИСЕФ халықаралық байқауларының жеңімпазы Давид Ан көрменің арнайы қонақтары ретінде қатыспақ. Бұл туралы баспасөз мәслихаты барысында шараның ұйымдастырушысы - «Алтын Адам» Жетісу шеберлер орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Динара Бакирова хабарлады.

Динара Бакированың айтуынша, іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған және «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының жүзеге асырылуының көрінісі. Этнофестиваль облыстың Іскер әйелдер кеңесінің, «Жетісу» ӘКК өңірлік даму институтының және облыстық жастар саясаты басқармасы жастарға қызмет көрсету орталығының қолдауымен өтпек.

– Осы жылдың маусым айынан бастап біздің бірлестік аудандар мен қалаларда бес көрме ұйымдастырды. Қолөнершілердің алтыншы этнофестивалі енді Талдықорғанда өтеді. Сондай-ақ, «Дармарка» әлеуметтік жобасын өткізіп, KTF Park халықаралық көрмесіне және АҚШ Елшілігінің жобасы бойынша «Born nomad» республикалық фестиваліне қатыстық. Біздің іс-шараларымыз өңірде дәстүрлі қолөнерді, сәндік-қолданбалы өнер мен шығармашылық индустрияны танымал ету, отандық өнімді дамыту, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, болашақ ұрпақ үшін ұлттық рухани және мәдени құндылықтарымызды сақтау және дамытуға бағытталған. Біздің қолөнершілердің тәжірибесін республикалық және халықаралық деңгейде танымал етуді міндет қойдық, – деп атап өтті «Алтын Адам» Жетісу шеберлер орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.

Баспасөз мәслихатының қатысушылары, қолөнершілер Қоңыр Бекдайыр мен Анаргүл Норботанованың айтуынша, көрмеге Талдықорған қаласы мен облыс аудандарынан 30-ға жуық қолөнерші қатысады. Олар зергерлік, киіз және жібек бұйымдары, тоқыма және тоқылған, былғары заттар, музыкалық, аспаптар, ат әбзелдерін ұсынады. Қаражаттың бір бөлігі «Другая жизнь» ұйымына аутизмі бар балаларға көмек ретінде бағытталатын болады. Сондай-ақ, қолөнершілер арасында үздік бұйымдар байқауы өтіп, «Томирис – Ұлы дала қызы» атты этнодизайнерлердің сән көрсетілімі жоспарлануда.

Көпке үлгі, жастарға өнеге болатын шараға АҚШ, Оңтүстік Корея Елшіліктерінің Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктерінің өкілдері, Талдықорған қаласы әкімдігі, қайырымдылық ұйымдарының, облыстық Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, кәсіпкерлер мен өңір жұртшылығы шақырылды. Қызығушылық танытқан тұрғындардың да келіп көруіне есік ашық.

Қажет АНДАС

Алматы облысы