БІРЖАН МЕН САРА АЙТЫСЫНА - 150 ЖЫЛ: ТАРИХИ ШЫНДЫҚ ПЕН ДЕРЕКНАМА

Уақыты: 25.11.2021
Оқылды: 2779
Бөлім: ТҮПСАНА

Сонау Көкшеден әні мен жырын әуелетіп, өзі сынды сал-серілерді жанына ертіп, қашаннан жүрген жері той мен мерекеге ұласатын Біржан келді. Ат терлетіп, бірнеше күндік жолды жүріп өткен Біржан салды Жетісу жұрты да сән-салтанатымен қарсы алды. Сондағы бар ықылас, арманы – ақындығымен елге таныла бастаған,
«Қызы едім Тастанбектің атым Сара,
Ішінен ер Қаптағай шықтым дара,
Он үште домбыра алып, сөз сөйлеп ем,
Келемін бір сүрінбей жалғыз қара»,
– деп жырлаған ақын қызды көзбен көріп, сөз қағыстыру.

Ұлттық салт-дәстүріміз бен айтысымыз паш етілген осынау сахналық көрініспен басталған Біржан мен Сара айтысының 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған игі шара І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. «Біржан мен Сара айтысы» тарихи шындық пен дерекнама» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақсаты – сөз өнерінде өшпес із қалдырған қос саңлақтың қайталанбас айтысын зерттеп, зерделеу, жас ұрпаққа насихаттау болды.

Конференция барысында ақын Сараға қатысты жәдігерлер қойылған көрме орын тепті. Оны тамашалаған көпшілік Біржан мен Сара туралы сахналық қойылымға назар аударды. Спектакльді қойып, Жетісу жұртшылығына ұсынушы Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылхан. Ал Біржан салдың рөлін Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері, «Еңбек ері» медалінің иегері Сағат Жылгелдиев, ақын Сараның бейнесін Атырау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияның әншісі Гүлмайдан Сүндетқызы сахналады. Әсерлі спектакльден соң Біржан мен Сара айтысына орай дайындалған бейнефильм көрсетілді.

Жалпы, Сара Тастанбекқызының өмір жолына үңілер болсақ, сол кезеңдегі әйел теңсіздігінің құрбаны болғанын пайымдаймыз. Сараның басына түскен тауқымет оны ерте есейтті. Ол үш жасында әкесінен айрылып, анасы екеуі жетімдік пен жоқшылықтың зардабын көрді. Бұларды алғашында қамқорына алған немере ағасы Жайсаңбекке де жала жабылып, ол ертеректе қамалып кетті.

Қиыншылықта бой жеткен қыз бен оның жесір анасын Тұрысбек қажы деген кісі алғашында өз ауылына көшіріп әкелген. Кейін ол Сараны кеміс туған бай баласы Жиенқұлмен атастырып, одан қыздың қалыңмалын алады. Мұны естіген Есімбек қажы дау шығарып, Сараны өз ауылына көшіреді. Алайда, бұл жағдай ақын қыздың өмірін жеңілдеткен жоқ. Тек Біржан салдың Сара ауылына келген сапарынан кейін ғана жетім қыздың өмірі өзгере бастайды. Таңды таңға ұрып айтысқан қос ақын бүкіл жұртты өнерімен тамсандырады. Нәтижесінде ақын қыздың абыройы ел алдында бірден көтеріліп, халықтың оған деген қошеметі артады. Сараның тағдыр тізгіні өз қолдарынан сусып шығып бара жатқанын сезген қажылар да оған қарсы шыға алмай, басына бостандық береді. Сөйтіп ақын Сара өзінің асқан дарынының арқасыңда теңдікке қол жеткізіп, он тоғыз жасында өз теңі Бекбай Алтынбекұлы деген кісіге тұрмысқа шығады.

Алайда ақын қыздың өмірі ұзақ болған жоқ. Жастайынан қиындық көріп өскен ол ауруға шалдығып, ерте көз жұмады. Оның артынан "Жүрек", "Ашындым", "Арсалаң аға алдыңда", "Жүрек сыры", "Жайлауда", "Әбіштің аруағына", "Хош бол, елім" секілді көптеген өлендері мен "Тұзақ" атты дастаны қалды.

Біржан сал Ақмола облысында өмірге келіп, алпыс үш жасында қайтыс болған. Бозбала кезінен әнші-ақындардың қасына еріп, той-думанның сәніне айналған Біржан алғаш ауыл арасында ән салып, өнер куған, бертін келе өз жанынан ән шығара бастайды. Ол қазақтың әншілік-орындаушылық өнерін дамытып, халық музыкасын өз шығармашылығымен биік белеске көтереді. Біржан сал әндері өзі өмір кешкен заманның неше алуан окиғаларын, адамгершілік, ізгілік мәселелерін толғап, адам жанын лирикалық әсем сазға бөлейді. Біздің заманға Біржан салдың алпысқа жуық әндері жеткен. 

Өмірінің соңғы кезінде ру арасындағы талас-тартыстар, ағайын ішінің кикілжіңі Біржан салдың жеке басына да қатты әсер етеді. Қиянатшылар тіпті оны «жынданды» деген лақап таратып, қол-аяғын байлап тастауға дейін барады. Аталмыш оқиға Біржан салдың «Теміртас» әнінде үлкен қасіретпен айтылады. Оның «Айтбай», «Адасқақ», «Жамбас сипар», «Жонып алды», «Алтын балдақ», «Көкек», «Жанбота», «Теміртас» сияқты әндері дәстүрлі қазақ әндерінің классикалық үлгілері ретінде қазақ мәдениетінің алтын қорынан орын алды. 

Міне, осылайша қазақ мәдениетін көкке көтерген қос тұлғаға арналған конференцияда алғашқы болып облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов сөз алып, облыс басшылығының құттықтауын жеткізді. 

– Жетісу ежелден айтыс мекені болып саналады. Асыл сөздің маржаны бүгінге жетіп, қазақ халқының ортақ қазынасына, ұлы мұрасына айналды. Біржан мен Сара айтысы қазақ еліндегі бас бостандықты, адамгершілік пен шындықты, әлеуметтік тақырыпты өзек еткендігімен де құнды. Бұл екі ақынның арасындағы сөз сайысы ғана емес, халық ауыз әдебиетінен ерекше орын алған тың дүние. Оның тереңдігін сезінген Мұқан Төлебаев 1946 жылы «Біржан-Сара» операсын жазғаны да белгілі. Ол теңдесі жоқ классикалық шығармаға айналды.  Осынау сөз өнерінің алтын кенін жастарға жеткізу, Жетісу айтыс өнері мектебін жалғастырып, кешегі мен бүгінгіні жалғау мақсатында бұл конференцияны ұйымдастырып отырмыз, – деді ол.

Бұдан соң жас әдебиетші Ерден Нұрахмет құрастырған «Біржан мен Сара айтысы: тарихи шындық пен дерекнама» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Парламенттегі Сенаторлар кеңесінің мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғали сөз алып, Біржан салдың туған өлкесі Көкшетаудың ыстық лебін ала келгенін жеткізді. 150 жылдық тарихы бар айтыстың тереңдігіне бойлап, оның негізінде Мұқан Төлебаев жазған  операның кез келген сахнаны түрлендіріп, қазақтың салт-дәстүрін паш ететін әлемдік деңгейдегі шығарма екенін атап өтті.

Ақын, публицист, Қазақ журналистикасының қайраткері Жұмаш Кенебай да жүрекжарды сөзін жеткізді.

Қазақ халқы ауыз әдебиетіне өте бай халық. Соның ішінде Біржан мен Сара айтысының орны ерекше. Энциклопедияда ол туралы мынандай деректер бар. "Айтыс 1871 жылы қазіргі Алматы облысы, Қапал, Ақсу өңірінің Ешкіөлмес тауының баурайында Тоғызқұмалақ мекенінде өтеді. Бұл айтысты ең алғаш 1895 жылы Жүсіпбек Қожа Шайыхисламұлы жариялайды. Айтыс қазақ өнеріндегі шоқтығы биік туынды екені ақиқат. Ондағы өлең жолдар, шымыр ұйқастар, бірінен-бірі өтетін көркем бейнелеулер, ой тереңдігі ешкімді бей-жай қалдырмайды. Біржан мен Сара айтысы – қазақ айтысының інжу-маржаны".

Біржан мен Сара айтысын зерттеуші, Нұр-Сұлтан қаласы ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы, «Құрмет» орденінің иегері Салтанат Меңлібаева «Аманат хаттың ізімен» деген тақырыпта баяндама жасады.

– Сара апаға қатысты Мәскеуде 60 жыл сақталған жәдігерлерді елге алып келдік. Оған негіз болған мына жайт. Гелия Ващенко деген кісі 1955-1960 жылдары Талдықорған облысында бас сәулетші болып еңбек етеді. Ол  елімізде үш зәулім Мәдениет үйін салады. Соның бірі – Көшкенталда. Мұнымен қатар ол ақын Сара апамыздың басына ескерткіш қою керек деген бастама көтереді. Бес жыл осында қызмет еткенде Сара апамыздың бейнесін құрастырып, Мәскеуге оралған соң он жыл бойы оның мүсінін жасайды. Оны Көшкенталға апарып орнатуға ықпал еткен де осы Ващенко болатын. Ол кісінің Сара апамыздың қағазға түсірген бейнесін, басқа да жинақтаған құнды құжаттарын бізге оның қызы аманаттап табыс етті. Оны Мәскеуге барып алып келудің сәті түскен еді. Оған көзі тірісінде Бәтима Сақауова апайымыз, меценат Бауыржан Оспанов бауырымыз өз көмегін көрсетті. Бүгін сол құнды заттардан көрме ұсынып отырмыз. Әлі де бір кітапқа арқау боларлық Сара апа туралы деректер бар қолымда. Соны негізге алып, кітап шығарсақ деген де ұсынысым бар, – деді ол.

Өз кезегінде «Біржан мен Сара айтысы: тарихи шындық пен дерекнама» атты кітапты құрастырушы Ерден Нұрахмет те сөз алып, Біржан мен Сара айтысы танымалдылығы, көркемдігі, деңгейінің жоғарылығымен ел есінде қалғанын, ол басқа айтыстардан озық тұрғандығын тілге тиек етті.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты бағдарлама жобалары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Қанапиянов Сара Тастанбекқызының шығармашылығын зерттеп, халыққа насихаттаудың өзектілігін айта келіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлы есімдер» жобасы аясында ақынның мұрасын зерттеуде жаңа тұжырымдама әзірлеу қажеттігін жеткізді. Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейде ақын Сара Тастанбекқызына қатысты құнды құжаттарды сақтап, ақын өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм, кітап шығару жайлы да жоспарымен бөлісті.

Конференцияда Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері Төлеутай Серіков Біржан салдың «Он саусақ» әнін әуелетсе, «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі биден шашу шашты.

Қазақ өнерінде қыз бен жігіт айтысының нақты үлгісін көрсетіп, заманның ащы шындығын жеткізген айтыстың 150 жылдығына арналған конференция жан-жақтылығымен, мазмұндылығымен есте қалды.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы