ӘЛЕМГЕ ҚАЗАҚТЫҢ КӨЗІМЕН ҚАРАУЫМЫЗ КЕРЕК. ПРОФЕССОРДЫҢ ПІКІРІ

Уақыты: 13.12.2021
Оқылды: 1844
Бөлім: ТҮПСАНА

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік және тарих тағылымы» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Басқосудың мақсаты – Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын жастарға түсіндіру, Қазақстаннның 30 жылдағы даму жолы мен жетістіктерін ғылыми-практикалық тұрғыдан талдау, сонымен бірге, Қазақстанның Тұңғыш Президенті тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуындағы рөлін айқындау. Іс-шараға білім шаңырағының оқытушылары мен магистранттары, студенттер қатысты. Отырысты «Рухани жаңғыру» ғылыми-білім беру орталығы,  әлеуметтік-гуманитарлық бағыт бойынша білім беру қызметкерлері ұйымдастырды.

Алғашқы сөзді заң ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Сериев алып, тәуелсіздік маңдайға басқан бағымыз, оған жету үшін қазақ сан мыңдаған жылдар бойы  басынан талай қақтығысты өткізгенін айта келіп, елдің дамуына баршамыз атсалысу керек екенін жеткізді.

Келесі сөзді философия ғылымдарының докторы, профессор, «Рухани жаңғыру» ғылыми-білім беру орталығының жетекші ғылыми қызметкері Аманжол Қасабек алып, «Тәуелсіздік идеясының танымдық мәні» атты баяндама жасады. Ол Елбасы мақаласын бөлімдерге бөліп талдады. Оның біріншісі – ел тарихы, екіншісі - кеңес кезіндегі тарихымыз, үшіншісі – тәуелсіздіктің 30 жылдығы, соңғы бөлім - қазіргі заманғы Қазақстанның жеткен белесі. Осылай бірнеше бөлім арқылы өз пікірін ортаға салған баяндамашы Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін мызғымас құжат екенін еске салды.

- Біз тарихты парақтай отырып, тағылым алуымыз керек. Өткенге, тарихи оқиғаларға сыни көзбен қарау керек. Дүние өте жылдам дамып, өзгеріске ұшырап барады. Заманды қазір мораль ғана құтқарады. Сондықтан, әрқайсымыз елге адал қызмет етуіміз қажет. Ұлттық құндылықтарымыз, дін, тіл мәселесіне қырағылық танытқанымыз жөн. Салт-дәстүр ұлттық ұстанымсыз жойылып кетуіміз мүмкін. Сондықтан, алдымен әлемге қазақтың көзімен қарауымыз керек. Ата-баба ұстанымын ұстанғанымыз абзал, – деді профессор.

Басқосуда тарих ғылымдарының кандидаты, оқытушы-дәріскер Ержан Буланов сөз алып, қазақтың 250 жыл бойы отарлау саясатын бастан өткізгенін айта келіп, қазақтың маңдайына біткен аяулы ұлдары жайлы ой өрбітті. Мысалы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтардың Алаш бағын асырған ерліктері жайлы құнды деректер келтірді. «Дөңгелек үстелде» айтылған әңгіме тәуелсіздікті тұғырлы ету барысында өткенімізді саралап, болашақты бағамдауға арналды.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы