ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ТАРИХШЫСЫ ТУРАЛЫ ТӨРТ КІТАП ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 18.12.2021
Оқылды: 1305
Бөлім: ТҮПСАНА

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай Тіл сарайында тұңғыш қазақ тарихшысы Қадырғали би Жалайыридің 490 жылдығына арнап жазылған төрт кітаптың тұсауы кесілді. Атап айтсақ, Құлтай Нұрқалбайұлының «Қадырғали би Жалайыри (библиографиялық көрсеткіш)», «Қазақ тарихының атасы», «Қадырғали би Жалайыри – қазақ тарихының Геродоты», «Қазақ тарихының көшбасшысы» атты кітаптар оқырманға жол тартты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Бұл жинақ қазақ ұлтының ғұлама перзенті, тарихшы, этнограф, географ, шығыстанушы, фило-соф, жазушы, публицист, қоғам қайраткері, ержүрек батыр, дарынды әскербасы, дінтанушы Қадырғали би Жалайыри туралы тұңғыш рет Отан тарихында шығып отырған ғылыми еңбек. Кітапта тарих саласында қарымды еңбек етіп жүрген ғалымдар мен жазушылардың құнды еңбектері, Қадырғали Қосымұлы жайлы жазылған түрлі дерекнамалар пайдаланылған.

Жиында ең алдымен, тарихшы ғалымның ғұмырдерегі мен қалдырған еңбектеріне қатысты деректі фильм ұсынылды. Фильмде қазақтың тұңғыш тарихшысы, қоғам қайраткері, қолбасшы, философ, тарихи публицистиканың негізін қалаушы қаламгер ретінде Қадырғали би Жалайыридің бет-бейнесі жан-жақты ашып көрсетілді. Қазақтың белгілі ғалымдары Әлкей Марғұлан, Шоқан Уәлиханов, жазушы Мұхтар Мағауиннің Қадырғали би туралы терең зерттеулерінен келтірілген деректі фильм басқосудың мазмұнын аша түсті.

Бұдан кейін шараны жүргізіп отырған «Қадырғали би Қосымұлы Жалайыри» республикалық қорының төрағасы Өмірәлі Шакарапұлы жалпы кітаптың мазмұны мен жиынның негізгі мақсатына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, қордың қандай жұмыс атқарып жатқаны жайлы да сөз қозғап, алдағы уақыттағы жұмыстарымен ой бөлісті. Мұнан кейін бірінші сөзді құнды төрт кітаптың авторы, тарихшы Құлтай Нұрқалбайұлына берді.

– Біз қазақ тарихының атасы Қадырғали биді әлі де қазақ жұрты оқып зерттей түссе, білсе екен деген оймен осы алғашқы ғылыми-зерттеу ғұмырнама кітабын жазып отырмыз. Бұл ғұмырнаманы жазу үшін талай жыл еңбек еттім, көп күш жұмсадым. Мәліметтерді жинауыма отыз жыл уақытым кетті. Осы уақытқа дейін кітаптың екі жинағы шықты. Әрқайсысы, кемі 500 беттен болды. Талай кітапханалардың есігін тоздырдым. Кітапхана қызметкерлері: «Аға, кейбіреулер келіп 1-2 кітап қана сұрап алып кетеді. Ал сіз болсаңыз барлығын қарадыңыз ғой», – деп күлді. Осы зерттеуге байланысты 300 бет материал жинадым. Әрине, отыз жылдың ішінде жиналған дүние болғандықтан оңай емес. Қазақстан Республикасы ғана емес, Ресейден,оның ішінде Татарстаннан бірқатар деректер таптым. Осының барлығын жиыстырғанда төрт кітап болып шықты. Бұл мен үшін ғана емес, күллі қазақ жұрты үшін, жастар үшін тарихты түгендеуде ең асыл қазына болмақ. Қадырғали би жалпы қазаққа ортақ, ұлтымыздың ұлы тұлғасы, тұңғыш тарихшысы. Біз оны терең және жіті зерттеуіміз керек. Алла ғұмыр берсе, Қадырғали би Қосымұлы Жалайыридің 500 жылдық тойында әлі де керекті деректерді тауып, жинақтап шығарамын, – деді кітап авторы.

Түркі елдерінде және қазақ тарихында Қадырғали бидің «Жылнамалар жинағы» ерекше орын алады, ол орта ғасырдағы қазақ тілінде жазылған тұңғыш тарихи шығармалардың бірі. Ал мына библиографиялық шығарманы жасаудағы негізгі мақсат – ғалымның кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен қайталанбайтын бағалы асыл мұраларын зерттеу, зерделеу, ұрпаққа насихаттау.

Жинақ тұлғатану тарихын зерттеуші мамандарға, ғалымдарға, жоғары оқу орындарының оқытушыларына, студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына, көпшілік оқырман қауымға арналған. Осындай көпке керек құнды кітаптың тұсауын журналист-жазушы Әли Ысқабай, облыстың Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мұрат Халықұлы қиып, автордың еңбегіне ризашылығын білдірді.

Салтанатты шарада жиынға қатысушылар сөз алып, Қадырғали би Қосымұлы туралы әңгіме өрбітті. Тарихшы Сәкен Нұрбеков автор Құлтай Нұрқалбайұлына алғысын айта келе Қадырғали би Қосымұлы жайлы аздаған тың деректерімен ой бөлісті. Одан кейін Әли Ысқабай, Наурыз Қылышбаев жүрекжарды лебіздері мен Қадырғали би туралы атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Жиын соңында ақын Дүйсен Аңсабаев пен Сайлаубек Тойлыбай қазақтан шыққан тұңғыш тарихшы Қадырғали би Қосымұлы Жалайыриға арнаған арнауларын оқыды.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы