ЕСІКТЕ ТӨРТ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҒАЛЫМДАРЫ ЖИНАЛЫП, БАЯНДАМА ЖАСАДЫ

Уақыты: 23.12.2021
Оқылды: 1391
Бөлім: ТҮПСАНА

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «ІІ Есік оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған алқалы жиында «Еуразия далалық белдеуіндегі мемлекеттіліктің пайда болуы мен дамуы: алғышарттары, кезеңдері, салдары» атты тақырып жан-жақты қамтылды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Онлайн және оффлайн форматта жалғасқан конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар қатысты. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Арғынбеков, ҚХР Шәнси провинциясы археологиялық институтының директоры Сунь Чжоу Юн, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының жетекшісі Ақан Оңғарұлы, Түркияның Хажетепе университетінің профессоры Мехмет Дервиштер құттықтау сөз сөйлеп, аталған жиынның мәні мен маңызына тоқталды.

Ғылыми конференцияны ашып, жүргізген «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова:

- Аталған шара осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жылдан-жылға «Есік оқуларының» аясы кеңейе береді. Бүгінгі конференцияға Түркия, Белгия, Қырғызстан және Қытай Халық Республикасынан ғалымдар қатысып отыр. Мәселен, біз Қытайдың Сиянь қаласындағы археологиялық институтпен бірлесе жұмыс істеп келе жатқанымызға біраз жылдың жүзі болды. Шетелдік әріптестермен өзара тығыз байланыс орнату арқылы археологиялық зерттеу жұмыстарының сапасы артады, – деді.

Алқалы жиында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Иран-Тұран» зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей «Сақ тарихы жазба деректер мен зерттеу еңбектерде» атты тақырыпта баяндама жасады. Ғалым ежелгі тарихи жазба деректерді аударатын мамандардың тапшылығын тілге тиек етті.

- Өкінішке қарай, біз осы кезге дейін тарихи жазба деректерді басқалардың аударуымен, басқалардың көзқарасымен зерттейміз деп көп нәрседен құр қалдық. Сондықтан жоғалтқанымызды түгендейтін уақыт жетті деп ойлаймын. Біз енді ежелгі Иранның шеге, авеста жазбаларын, көне грек тілін тікелей қазақшаға аударатын мамандар даярлаумыз қажет. Сол арқылы арғы тарихымызды тереңнен зерттеуге кең жол ашылады, – деді Ислам Жеменей. Сонымен қатар, конференцияда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, түркітанушы Александр Гаркавец «Руническая надпись на малой иссыкской чаше», Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зекенұлы «Шығыс Тянь-Шаньдағы сақтардың көне мұралары», әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен келген тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Қартаева «Археологиялық ескерткіштердің этнографиялық интерпретациясы және далалық археоэтнографиялық зерттеулер жүргізудің маңызы», «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлмира Мұхтарова «Кемел Ақышевтың еңбектеріндегі мемлекеттіліктің қалыптасуы мен даму мәселелері» тақырыптарында баяндамалар жасады.

Секциялық отырыста тағы біраз баяндамалар тыңдалды. Ежелгі дәуір мен орта ғасырлардағы далалық Еуразияның әлеуметтік және саяси тарихы, археологиялық мұрасының өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Ғалымдар халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмыстарын қорытындылай келе арнайы қарар қабылдап, «ІІ Есік оқуларының» жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы