АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АСТАНАДАН БАСТАЛДЫ

Уақыты: 03.03.2022
Оқылды: 1375
Бөлім: ТҮПСАНА

Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ЮНЕСКО дәргейінде аталып өткелі отырған Ахаңның тойы асқан ұйымдастырушылық толқынында бастау алды. Енді еліміздің бар аймақтарында және әлденеше шет мемлекеттерде аталып өтпек. Ұлт ұстазының ұлық тойына шақырылғанымызға бір қуансақ, оны бастан-аяқ тамашалаған соң тіптен еңселеніп кеттік. Негізгі жоспарға сай аталмыш шараға Президентіміздің өзі қатысып, сөз алуға тиіс екен. Алайда аяқасты халықаралық жағдай ушығып кетуіне байланысты конференцияға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин қатысып, кіріспе сөз сөйледі, соңына дейін өткерді.

«Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арттарыңнан Алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар!» - деген кемеңгер Ахаң дәл қазір де зиялыларымыздың есін жиғызып, елдікке теліп тұрғандай! Алдында өткен Абай хакім секілді, қазаққа қажеттілердің  бар саласына белсенділікпен атсалысып қана қоймай, сол бар керекті мұрнынан тізіп берген. Соның бәріне қысқа ғұмырында қалай үлгерген деп қайран қаларыңыз бар. Сөйтсек, мұның бәрі ұлтын жанындай жақсы көрген бекзаттың жүрегінен қайнап шығып жатқан адами ақ қайнарлар екен-ау!

«Қазақ» газетін шығарды, ұлт журналистикасының негізін қалады.«Қырық мысал», «Маса» сынды құнды шығармаларды дүниеге әкелді. Жас шәкірттерді тәрбиелей жүріп, тұңғыш ұлттық әліпбиімізді түзді, тілдің өзге арналарының да іргетасын бекітті. Ал енді қазақ әдебиеттануы мен қазақ тілінің әдістемесі саласындағы асқан асуы тіптен баға жеткісіз еді. Ағартушылықты қоғамдық-мәдени, әдеби қызметпен етене байланыстырды. Ұлттың адал перзенті ретінде туған халқын жаппай күреске және мәдениеті мен санасын көтеру арқылы билік жүйесінен арылуға үндеді. Бұл үшін жер аударылды, абақтыға жабылды, ғұмырын қиды.

А.Байтұрсынұлы өзінің әріптестерімен бірге Алаш қозғалысының бастауында тұрды. Әдепкіде Алаш автономиясының, кеңестік тұста Қазақ автономиясының туын көтерісті. Міне, сол себепті де Ахаң Ұлт ұстазы, Ұлт күрескері ретінде айрықша бағаланады.

Түрік Республикасынан арнайы келген қонағымыз, профессор Нергиз Бирайдың баяндамасы «Ахмет Байтұрсынұлы және бір ұлттың келешегі: балалар және жастар» деп аталды. 1926 жылы 24 ақпан - 5 наурыз аралығында Баку шаһарында түркологтардың жалпыодақтық съезі өткендігі белгілі. Ахаң қазақстандық ғалымдарды бастап барады. Өзі съезд президиумына сол тұстағы даңқты ғалымдар Ахундов, Бартольд, Ольденбургерлермен бірге сайланады. Мінберден отаршыл және зорлықшыл елдердің қол астындағы тәуелді елдерге жасап отырған қиянатын барынша ашық айтады.

Жиналғандардың риза-хош күйге бөленгендіктері соншалық, съездің төрағасы қорытынды сөзді А.Байтұрсынұлына береді. Түркі халықтарының көктемгі өскіндей оянып келе жатқандығын, ғылым мен мәдениет жетістіктерінің барша адамзатқа ортақтығын, – бұған тек әділеттілік арқылы жетуге болатындығын қадап-қадап алға тартады.

Мұны айтып отырған себебіміз, түркиялық ғалым Нергиз Бирай мінберге шыққанда А.Байтұрсынұлының сол жалынды сөзін толықтай оқып берді. Ұлт ұстазының тура алдында отырып дәріс алғандай тамаша бір күйге бөлендік.

Алқалы жиын аясында пленарлығы бар, секциондығы бар ұзын саны отыз ғалым ой бөлісті. Бүгінгі тарихшылар абызы саналар Мәмбет Қойгелдиев бастаған топ Ахаңның әлемін бетке ала ғылыми кеңістікте ой бір оңды-солды жүйткіді-ай дерсіз! «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, ауызымен құс тістеген ділмәрлардың қайбірі бұған дейін әйгіленбеген дәлел-дәйектемелерді де жұртты жадырата алға көлденеңдетті. Ұлт ұстазы турасындағы таным-түйсігіміз әдеттегіден де тереңдеп, тебіреніп кеттік. Терең сараптамалардың әрбір тосын иірімін санамызға бірден сіңіруге тырыстық.

Несін айтасыз, Ахаңның асқақ рухы Алаш аспанында қайталай бір айшықтанды! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Жаңа Қазақстан құрғалы жатқан қабырғалы еліміз үшін Ахаңның айбынды бейнесі мен айдынды кеңістігі қашанда ауадай қажет екендігін және біз жете сезіндік!

Әміре ӘРІН,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

"Жетісу" газетінің бас редакторы