ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҰЛЫС КҮНІ ТОЙЛАНЫП, 2000 ЛИТР НАУРЫЗКӨЖЕ ТАРАТЫЛДЫ

Уақыты: 21.03.2022
Оқылды: 1634
Бөлім: ТҮПСАНА

«Бауыры жылып науат қар, бабымен ғана жібиді», – деп күннің игісі, мерекенің ұлысы Әз-Наурызды ақиық ақын Мұқағали Мақатаев асқақ жырына арқау етсе, түп бастауы бес мың жылдықтан тарқатылар түркі жұртының ұлық мейрамын жыл сайын қазақ халқы асыға күтетіні рас. Саба-саба ырысы ақтарылып, ақ түйенің қарыны жарылар шуақты мерекені жетісулық жұртшылық ерекше пейілмен атап өтті. Талдықорған шаһарында Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВТЫҢ қатысуымен ұлы мерекенің шымылдығы түріліп, ұлы өнерлер асқақтап, ұлттық ойындар салтанат құрды.

Әлемді әбігерге салған індетке байланысты соңғы екі жылда алғаш рет облыста Наурыз мерекесі ерекше атап өтілді. Мереке алты Алаштың танымынан тарқатылып, дәстүріне сіңісті болған – бұлақтың көзін ашу, тазарту және ағаш отырғызу рәсімімен бастау алды. Ықылым заманнан «Бұлақ көрсең көзін аш» деп мәтелге айналдырып, табиғатты аялап, жас жүректің бұлқынысына шабыт беріп, егемен елдің ертеңі саналар ұрпақтың бойына адамгершілік қасиетін сіңіруді мұрат еткен елдің ырым-жоралғыларымен бастау алған мереке өз шырайын салтанатты шаралармен жалғастырды.

Қаланың шығыс бөлігіндегі орман алқабында орналасқан бұлақты тазалағаннан кейін облыс әкімі Қанат Бозымбаев және өңірдегі халық қалаулылары, зиялы қауым өкілдері І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жаңа жатақханасына ат басын бұрды. Ғимарат жанында облыс әкімінің тікелей қатысуымен көшет отырғызу рәсімі өтті.

Мерекенің негізгі бөлігі «Жастар» спорт сарайы мен «Жастар» мәдениет және демалыс саябағы аумағында өрнек тапты. Аталмыш спорт сарайының аллеясы бойында киіз үйлер мен басқармалардың, мекемелер мен бірлестіктердің шатырлары тігіліп, ырыс шалқып, ұлттық тағамдар қонақтарға ұсынылды. Қазақы қанды тулатып, бабалардың байырғы заманынан бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан жомарттық пен қонақжайлықтың иісі аңқыған мерекеде облыстық және қалалық мекеме басшылары, шығармашылық зиялы қауым, жастар бірлестіктерінің өкілдері құрметті қонақтарды жылы шыраймен қарсы алса, қарапайым халық ұлық мерекені шаттықпен қарсы алғандай шырай танытты.

Бақ дарып, қызыр қонған өлкенің мерекелік салтанатты көшін бастап ақшаңқан үйлерден дәм татқан облыс әкімі тұсаукесер және беташар рәсімдеріне қатысып, бірнеше киіз үйге бас сұқты.

Ішкі саясат басқармасының киіз үйінде делегация «Жетісу жауһарлары» кітаптарының тұсаукесерін өткізді. Киіз үйлер маңында домбырадан асқақ күй саулап, тегене толы наурызкөже сапырылып жатты. Барлық киіз үйлерде қонақтарға дәстүр туралы танымы терең сыр шертіліп, қазақтың қолөнерінен туындаған киіз үй жабдықтары, зергерлік бұйымдар таныстырылды.

Айта кету керек, Ұлыстың ұлы күнінде қамшы өру, қыш жасау, қолөнер шеберлері, ұлттық тағам аспаздары көктемгі күн мен түннің теңелуіне арналған жұмыстарын көрме ретінде көрермен назарына ұсынды. Облыс әкімі болашақ тігіншілердің, сервис және технологиялар колледжі студенттерінің жұмыстарын да тамашалады. Сонымен қатар, мерекені ұйымдастырушылар саябақта алтыбақан тепсе, балалар асық ойынының көрігін қыздырды. Өнер атаулының ғажайып туындылары, қазақ халқының ұлы танымындағы ерекше жәдігерлер самсап тұрған мерекелік салтанатты шара барысында қонақтар ұлттық тағамдардан дәм тата жүріп, қолөнершілердің бұйымдары мен ұлттық костюмдер көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің әуесқой әртістерінің музыкалық қойылымдарын көрді.

Ұлық мереке - Наурызда Талдықорған қаласының тұрғындары мен қонақтары көп жиналды. Жүздеріне күлкі үйіріліп, бала-шағасымен мәз-мейрам болғандар бір-бірін Жаңа жылдарымен құттықтап, ақ тілектерін ақтарысты. Көптен көріспегендер етжақындарын құшағына қысып, амандық-саулық сұрасты.

Осындай ыстық көрініске куә болған Алматы облысының әкімі Ұлыстың ұлы күнінің айшықты белгісі саналатын ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан жарысты тамашалады. Тоғызқұмалақ, қолкүрес, садақ ату, арқан тартыс, қазақша күрес сынды додаларда спортшылар бақ сынасты. Балуандар күресі елді қиқулатып, рухын көтерді.

Бір ерекшелігі, бұл жолы кіл мықтылар түйе көтеріп жарысты. Жеңіске жеткені түйені үйіне алып кетіп, олжаға кенелді. Талдықорғандық Ибрагим Берсанов жарыста топ жарып, 240 келілік түйені бұйым құрлы көрмей көтеріп, жеңіске жетті. Қой көтеру жарысында да біраз білекті сынға түсті. Этноауылдар көрмесінде алма жемісінен жасалған Алматы облысының картасы да тың жаңалықтардың бірі болды.

Шара соңын ала халыққа сахна төрінде Наурыз туралы көрініс ұсынылды. Көпшіліктің ортасында Қанат Алдабергенұлы Қыдыр атаның ақ батасына қол жайып, халықпен бірге тілек тілеп, бет сипады. Ұлы күн «Наурыз шашуы» атты мерекелік концертпен жалғасып, өнерпаздар ән айтып, би билеп, жиналғандарды шаттыққа бөледі.

Талдықорған төрінде өткен Ұлыс мерекесінде тұрғындарға 2000 литр наурызкөже таратылып, түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы