ҚАПШАҒАЙҒА ҚОНАЕВТЫҢ ЕСІМІН БЕРУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫС БІРАУЫЗДАН МАҚҰЛДАНДЫ

Уақыты: 25.03.2022
Оқылды: 1617
Бөлім: ТҮПСАНА

Қапшағай қаласы Дінмұхамед Қонаевтай ұлы тұлғаның есімімен аталатын болады. Бұл туралы Қапшағай қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

24 наурызда Қайрат Ахметтаевтың төрағалығымен Қапшағай қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысы өтті, онда қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бибігүл Шәйкенованың "Қапшағай қаласын "Дінмұхамед Қонаев" деп қайта атау туралы" баяндамасы тыңдалды.

Б.Шәйкенова қала әкімінің атына "Қамқор жүрек", "Қапшағай самға", "Ана сәулесі", "Семей полигоны", "Қапшағай қалалық полигоны" қоғамдық бірлестіктері сияқты түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен "AMANAT", "Ақ жол" партияларынан Қапшағай қаласын "Дінмұхамед Қонаев" деп қайта атау туралы қолдаухат келіп түскенін мәлімдеді.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Қапшағай қаласын "Дінмұхамед Қонаев" деп қайта атау туралы бірауыздан шешім қабылданды. Айта кетейік, жария тыңдаудың хаттамасы жергілікті атқарушы және өкілді органдардың интернет-ресурстарында және Қапшағай өңірлік "Нұрлы өлке" газетінде жарияланды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"