Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жылдан бастап «Оқитын ұлт» жобасы қолға алынғаны белгілі. Аталмыш жоба аясында С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасында қазақ әдебиетінің жауһары, драматург, Халық ақыны Мұхтар Шахановпен «Ғұмырымыз сан үміттен тұрады» атты кездесу кеші өтті.
Рухани шараның шымылдығы қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жайында түсірілген бейнефильммен ашылды. Осыдан кейін І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің білімгерлері ақын шығармасынан сыр шертетін өлеңдерді нақышына келтіре оқып берді. Сонымен қатар, белгілі өнерпаз Нұржан Ахметбековтің орындауында «Махаббат майданы» әні жұрт назарын өзіне аударды.
Шарада алғашқы болып Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуат Қайранбаев сөз алды. Ол:
– Жетісудің кіндігі саналатын Талдықорғанның қай жеріне барсаңыз да, сізге төріміз дайын. Біз мектепте оқып жүргенде Мұхтар ағаның өлеңдерін жаттап өстік. Әсіресе, Мұқағали мен Мұхтар ағаны сүйіп оқыдық. Ағаның үлкен дастандарын осы күнге дейін жатқа оқимын. Жалпы, қазақ халқы Мұхтар Шахановтың шығармашылығын жақсы көреді, құрметтейді. Бүгін сізді көргенімізге қуаныштымыз. Жасыңыз ұзақ болсын, аға! – деп ақжарма тілегін ақтарды.
Шарада Халық жазушысымен сүбелі сұхбат жүргізілді. Кеш кейіпкері туындыларының ішінен «Өлең құрау – ақындықтың көп қырының бір түрі» өленін оқып берді. Осы орайда №1, №9 және №28 білім ордаларының оқушылары да өнерлерін паш етті. Ақынның сөзіне жазылған Абылай Қожақовтың орындауындағы «Асыл жарым» әні өнерсүйер қауымды өзіне баурап алды.
Кеш соныңда кітапхана ұжымының атынан әдебиет тарланына шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Шара соңында ақын жастарға ақ батасын беріп, жылы лебізін білдірді.
Кәмилә ТҰЯҚОВА
Алматы облысы