Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай Талдықорғандағы Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясының алдынан ұлы ақынның бюсті ашылды.
Бюстің ашылуында сөз алған мектеп директоры Самғат Долаев ескерткіштер күнінің тарихына тоқталып, мектептің ұлы ақын есімімен аталуы ұжымға, шәкірттерге қуат беріп, шабыт шақыратынын жеткізді. Мектеп алдында ақын бейнесінің тұруы да ерекше сезім сыйлайтындығын айтты. Мектеп мүдірінен кейін сөйлеген Талдықорған қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділет Рымтаев та ұлыларды ұлықтаудың, дәріптеудің ерекше бір жолы екендігін айта келіп, мектеп ұжымына, білімгерлеріне сәттілік тіледі.
Артынша мектеп оқушыларының өнерін көрдік. Домбырашылар ансамблінің орындауындағы «Тепең көк», Әлімжан Нұрланұлының орындауындағы «Көзімнің қарасы» әні, сондай-ақ, оқушылардың «Білімдіден шыққан сөз», «Әсемпаз болма әрнеге», «Құлақтан кіріп бойды алар», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» сынды өлеңдерді мәнерлеп оқуы да жиналғандарға ерекше әсер етті. Ал Сымбат Нұрбақыт ұлы ақынның алтыншы қара сөзін, Жанәділ Қожахмет бірінші қара сөзін оқыды. Игі шаралар мектепте әлі де жалғаса бермек.
Серік ҚАНТАЙ
Алматы облысы