«Барлық білім – кітапта, ерінбе оқып көруге», – депті дана Абай атамыз. Данышпанның дәуірінде мазмұны терең, құнарлы, нәрлі кітап көп болғаны рас. Барлық білімнің кітапта екенін дала ділмары көп оқығаннан айтып отыр-ау. Содан ба, «болмасам да ұқсап бағайын» деп мұқабасы сәнді, іші мағыналы, мәнді жинаққа байланып қалатыным бар. Тағылымы мол, пайдасы зор жаңа кітап қолыма тигенде жан дүнием жаңарып сала береді. Жақында сондай арнасы тартылмас өзендей сарқылмас қазынаға тап болдым.
Әлқисса, әңгімемді кітап авторын таныстырудан бастайын. Көзіңіз көрмесе, көңіліңіз сене қоюы қиын. Ақын-жыршы, жыршы-термешіні жиі естігеніңізбен, заңгер-жыршы дегенді ілуде бір болмаса, мүлдем естімеген де шығарсыз. Мақалама арқау болып отырған «Жыраулар сөзі – тарихтың өзі» деген көзің сүйсініп, көңілің толатын жинақтың иесі, ұзақ жыл құқық саласында еңбек еткен, дәл қазіргі уақытта жыршы-термеші атанған Әбіш Әбілдек өзін былайша таныстырады:
«Менің мамандығым – заңгер. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің заң факультетін бітіргенмін. Прокуратура саласында жиырма жылдан аса қызмет атқарып, отставкаға шыққанмын. Еңбегім бағаланбай қалған жоқ. Бір ғажабы Ұлы Жаратушы менің тағдыр-тәлейіме өнерлі болуды жазыпты. Өнер болғанда да қандай өнер! Ол – кез келген әншінің шамасы келе бермейтін қазақтың хас өнері, төл дүниесі – жыршылық, термешілік өнері. Сөйтіп мен өз елім мен туған жеріме мемлекеттік қызметіммен де, өнеріммен де қолымнан келгенше тең қызмет етіп келемін», – деп ағынан жарылыпты кітаптың «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» бөлімінде.
Атын сырттай естіп, жыға танымайтын адамым емес, көптеген рухани сапарларда бірге жүріп, қоян-қолтық араласып, термешілігіне тәнті болып, жыршылығына таңдай қаққан жанмын. Ағалы-інілі екеуара ұзақ жолды қысқартып, бойға қуат, жанға азық болатын әңгімелерін де сан мәрте тыңдағанмын. Тіпті, тамырыма тартсам, «Аспантаулар аясы» деп аталып келе жатқан Хантәңірінің етегі, Райымбек батырдың мекені екеуіміздің де кіндік қанымыз тамған қасиетті топырағымыз. Туған жеріміз бір болғанымен өскен ауылымыз шұрайлы Жетісудың екі пұшпағы.
Әбіш ағам өзі айтсын: «Көдектен қалған бір ұлмын, Құлманбеттен қалған құлынмын», - деп айтыстың ақтаңгері атанған, 29 жыл ғана ғұмыр кешкен Оразалы Досбосынов жырлағандай, мен де осы екі алыптың тұяғымын. Мұз құрсанған қаһарлы Хантәңірі баурайында дүниеге келіп, етек-жеңі кең Үшқоңыр жайлауында, қазыналы Сарытауқұм қойнауында балалық балғын шағым, арман қиялдың желкеніне үміт арқтан бозбала кезім өтті», – дейді жыршы.
Тектіліктің, текті өнердің тұқым қуатынын ескерсек, Көдек пен Құлманбеттің жауһар жырлары қанын тулатқан Әбіштің жыршы-термеші болуы заңдылық.
Жыршы-термеші һәм заңгер Әбішпен аз-кем таныс болсаңыздар, енді сол ағам шығарған кітаптың қандай қазына екеніне де тоқтала кетейін.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің: «Жыршы Әбіш Әділбектің бұл кітабы тарихи деректер мен ұлттық танымға сүйенген тарих, әдебиет және өнер саласы тоғысқан құнды еңбек. Қазақ ұлтының тарихы мен салт-дәстүрін, жыраулық өнерін, ұлттың тектілігі мен даналығын, дарқандығы мен батырлығын, сондай-ақ қазақ деген халықтың мынау ұлан-ғайыр даланың иесі екенін паш еткен туынды. Ұрпаққа үлгі боларлық ұлағат та жетерлік. Ұлттық идеология да осында. Жас ұрпақтың түбіміздің кім екенін, қазақтың қайдан шыққанын және кім болғанын танытып, тарихи санасын қалыптастыруда бұл кітаптың қосар үлесі зор болмақ. Кітаптан автордың Ұлы Дала перзентіне лайық қазақы тарпаң мінезі де байқалады. Ұлтқа тән мінез болмаса, мұндай кітаптың жазылуы да неғайбыл», – деген алғы сөзінен-ақ бұл жинақтың көп кітаптың бірі емес, ішіндегі ірі, айтары мол, берері зор жинақ екенін аңғару қиын емес. Бұл пікір - Әділбектің ұрпағының еңбегіне берілген әділ баға.
Тарихымызды түгендеп, ұрпаққа тәрбие, ұлтқа рух беретіндей бұл кітаптың ішінде не бар екен?! Оған қазынаға толы жинақты қолыңызға алып, ашып қалсаңыз-ақ көз жеткізесіз. Сақ, Ғұн, Түрік қағанаты дәуірі, Жоңғар шапқыншылығы мен Патшалы Ресей кезіндегі жыраулар сөзі, Томирис, Шырақ, Алып Ер Тоңға, Шу батыр, Аттила, Көк бөрі, Ергенекон, Күлтегін, Абылай хан, Қабанбай, Райымбек дастандары тамыры терең тарихымызды киелі сөз өнері арқылы санамызға сыналай сіңіреді. Тасқа жазылған тарихымызды қағазға түсірген, VІІІ ғасырдағы Иоллығ жыраудың Күлтегін батыр жыры, ХІІІ ғасырдағы Кетбұға, ХVІІІ ғасырдағы Саршуаш, Қабан (Қабылиса), Сабдалы жыраулар, одан кейінгі Құлмамбет, Бақтыбай, Жүсіпбек қожа, Зарзаман Асан, Көдек, Шарғын ақын жырлары бойыңызда қазақ деген сезім болса, тамырыңызды тулатпай қоймайды.
Кітаптың Мұқағали ақынның «Бабаларым, рахмет сендерге!» деген өлеңімен басталуының өзін ел басына екі талай күн туғанда, ұрпағы үшін жарқын болашаққа ұмтылғанда елінің бас иесі болған батыр, би, көсем, шешен бабалар рухына ұрпағының бас иіп, құрмет көрсетуі деп түйдік.
Кітап төрт бөлімнен тұрады. Алғашқы «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» бөлімінде өскен орта, жүрген жер, еліне еткен қызметі мен ел аралап, су кешіп жүріп, жыраулық дәстүрді насихаттаған ерен еңбегі туралы толғанады. Арнайы оқу орнын бітіріп, кәсіби маман атанған жыршы-термешілеріміз бармаған жерге, көрмеген елге жоғарыда есімдері айтылған бабалалар ерлігін насихаттау ұлтын сүйген жүректің қуаты болса керек. Арнайы ұйымдастырылған рухани шара аясында Еуропаның бірнеше еліне барып, тілі басқа, жүзі бөлек ұлтқа қос ішекті домбырамен төгілдіре жырлап, алақан соқтырып, туған халқының рухани мұрасын танытуы да орасан еңбек.
Бұл сапарлар туралы бірінші бөлімнен кеңінен таныса аласыздар. «Тегін тану – тектілік» бөлімі бүгінгі ұрпақ құнын біле бермейтін ұлттық құндылықтарымыз бен ұрпақ тәрбиесіне қажет ой-толғамдармен толығыпты. Қан тазалығынан бастап, ар-иман, намыс-жігер, ұят-иба, ілім-ғылым сынды адамзатқа ортақ құндылықтар ұлттық болмыста терең зерделенген. Қобыздың қадірі, домбыраның киесі, сөздің жүиесі де ой салмай қоймайды. Ал «Жыраулар поэзиясы – ұлт тарихы» бөлімінде осы жинаққа жырлары енген бабалар өмірінен сыр шертеді. Осылай қыздың жиған жүгіндей әдемі үйлесім тапқан үш бөлімнің соңын ала өзі орындап, елге насихаттап жүрген бабалар жырын нотасымен ұсынып отыр.
Бұл жинақ – әдебиетші мамандарға ғана емес, ұлтым деген кез келген мамандық иесі кәдесіне жаратар ұлы мұра. Саз колледждері мен консерватория студенттері пайдаланатын оқулық. Тамырын тарихынан үзбеу үшін мектеп оқушыларына да керек құнды жәдігер.
Бұл мақаланы кітап пен автор жайлы терең зерттелген дүние деп емес, жан азығы болатын жаңа кітаптың таныстырылымы деп қана қабылдаңыздар. Жинақтың ішкі мазмұнына сай сапалы шыққаны да қуантады. Дәл қазіргі жаһандану жағамызға жармасып, ұлттық құндылықтар қалтарыста қалып бара жатқан алмағайып уақытта ұлтты сақтап қалуға үлес қосатын осындай бағалы кітаптың мың данамен ғана шығуы «әттең-ай» дегізеді. Сөйте тұра, барға ырза, жоққа сабыр жасап үйренген елдің ұрпағы ретінде осының өзіне де шүкір дейміз!
Жұматай ОСПАНҰЛЫ
Алматы облысы