СОЛАҚАЙ САЯСАТ СОЙҚАНЫ НЕМЕСЕ АҚСУ КӨТЕРІЛІСІ ЖАЙЛЫ ТЫҢ ДЕРЕКТЕР

Уақыты: 31.05.2022
Оқылды: 2818
Бөлім: ТҮПСАНА

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Кеңес одағы құрамында болған кезеңдегі ақтаңдақ тұстар зор құлшыныспен зерттеле бастады. Саяси қуғын-сүргін көрген арыстарымызды ақтаудан бастап Алашорда, халықты ұжымдастыру мен аштық, саяси репрессия тарихы терең зерттеліп, көптеген шындықтың беті ашылды.

Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы Қазақстанда орын алған саяси жағдайларға қатысты ҚР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы комиссиясының қорытындысында: «Күштеп қысым жасау мен дөрекі озбырлыққа қарсылық ауылшаруашылық өндірісінің күрт құлдырауынан ғана көрініп қойған жоқ. Бүкіл елдегі сияқты, Қазақстанда да халық ашықтан-ашық наразылық көрсетті, ол бірсыпыра реттерде шаруалардың қарулы қимылына ұласты. Қазақстанда 1929-1931 жылдары 372 көтеріліс болды, оларға 80 мыңға жуық адам қатысты. Әсіресе, Созақ, Шемонаиха, Бұқтырма, Ырғыз, Қазалы, Қармақшы, Самар, Абыралы, Бүйен-Ақсу, Шыңғыстау, Бәрібаев, Қастек, Балқаш, Шұбартау, Маңғыстау және басқа аудандардағы шаруа қозғалыстары ерекше қасіреттермен әйгілі болды. Көтерілістің аяғы халықтың республикадан тыс жерлерге, соның ішінде шетелдерге үдере көшуіне жалғасты», – деген мәлімет келтірілген еді.

Кеңес өкіметінің 1928 жылғы байларды кәмпескелеу саясаты үлкен қателікке ұрындырды. Мәскеудің тікелей тапсырмасын орындау мақсатында жергілікті атқамінер атаулы бар күшін салып, мыңдаған байды, орта шаруаны кәмпескелеп, жер аударды. Талан-таражбен тартып алған малды кедей-кепшікке таратып, аз уақытта жоқ етті.

Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың (ОГПУ) деректеріне сүйенсек, 1929-1932 жылдар аралығында қазақ даласында ұжымдастыру саясатына қарсы 80 мың адам қатысқан 372 көтерілістің барлығы аяусыз басылып, оған қатысқандар қатаң жазаланған. Архив құжаттарын ақтарып отырсақ, шаруалардың үкіметке қарсы көтерілуі бір жерде бейбіт түрде өтсе, кей жерлерде қарулы қақтығысқа ұласқан. Жалпы осы көтерілістерге байланысты ғалымдар арасында түрлі пікір қалыптасқан. Бірі оны «шаруалар толқуы» десе, кейбір ғалымдар «үкіметке қарсы наразылық», «кеңеске қарсы наразылық», «шаруалар көтерілісі», «көтеріліс», «халық көтерілісі» деп жазып жүр. Қалай аталса да бұл халықтың Кеңес үкіметінің жүргізіп отырған солақай саясатына қарсылық білдірген жан айқайы, наразылығы еді.

1930 жылдың 19 ақпанында ұжымшар құрылысын өрістету және бай-кулактарға қарсы күресу туралы қаулы қабылданып, мал-мүлкі тәркіленген байларды жер аудару ісі округтік атқару комитеттеріне берілді. Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында өкімет тарапынан жасалған зорлық-зомбылыққа қарсылықтар шыға бастады. Ондай көтерілістер қазақ елінің барлық ауданында дерлік өріс алды. Мал-мүлікті жаппай тәркілеп, ұжымшар ұйымына күштеп көндіру әрекеттері, «шаш ал десе, бас алатын» кеңестік шолақ саясатқа, оспадарсыз салыққа, озбырлық істерге төзбеген халық 1930 жылы наурыз айының 20-нан бастап ашық көтеріліске шықты. Мақсат – түрмеге қамалғандарды босатып, кеңестік биліктің озбырлығына қарсылық таныту.

«Матай елінің игі жақсыларын Ақсудағы түрме қамауынан шығару үшін Бөрте елінен бастау алған «Бөрібай көтерілісі» 1930 жылы, 25 наурызда Бүйен-Ақсу ауданында №3 ауылында жиын өтіп, азық-түлік салығына, асыра сілтеуге қарсы тұру сол ауылдан бастау алды. Қарапайым халық ашатаяқпен, балтамен қаруланып келіп, Ақсудағы түрмеден, бастапқыда ұсталған игі жақсыларды босатып алады. Көтерілген халық бірнеше елді мекенді басып алып, ұстап тұрды. Ақ-қарасын анықтамай, қызылдар көтеріліске қатысқандарды жазалаған», – деп жазылған сол тұстағы есепте.

Бисебай Қылиев пен Арнай Сарбасов басқарған Матай елінің көтерілісшілері 1930 жылдың 26 наурыз күні Ақсу елді мекенін басып алады. Осылайша игі жақсылар түрмеден босатылады. Саны жүздеп көбейген көтерісшілер екіге бөлініп, бір бөлігі Қапалға, бірі Сарқанға қарай бет алады. Бірақ, қаруланған қызыл отрядтар шығып, көтерілісті жедел басады. Кеңес өкіметінің ОГПУ органдары шұғыл қимылға көшіп, 27 наурыз күнгі кеште Ақсудағы көтерілісті басуға 7  винтовка, қалғаны аңшы мылтығымен қаруланған 25 жауынгерден тұратын жазалаушы отрядты суыт жөнелтеді. Жазалаушы отряд 28-ші наурыз күні Ақсуға бір шақырымдай жерде көтерілісшілермен кездесіп қалады. Қым-қиғаш атыс басталып, жазалаушы отряд қоршауға түседі. Түн қараңғысында жазалаушы отряд ебін тауып, қоршау қыспағынан сытылып шығып, Сарқанға жетеді. Жазалаушы отрядтан Сарқан комсомолының хатшысы ғана жараланады.

«Ақсу көтерілісінде НКВД-ның қолынан 68 адам өліп, 517 адам тұтқынға алынды», – делінген тергеу ісінің қорытынды құжатында. Сондай-ақ: «Бұл көтеріліс үш тарапты Ақсу, Сарқан, Қапал бағытына қарасты өткен. Қарашоқыда өткен жиынды Сардарбек Сырттанов, Батырбеков, Тасыров дегендер ұйымдастырған. Олар Арасан, Сарқанды басып алмақ болған. Бөрте елін Арнай Сарбасов, Бисебай Қылиев деген азаматтар қолдап, Ақсуды алған. Қапал бағытын Тәнекенің Қожабегі басқарып, Арасанды алған», – деп жазылған.

Оларға қарсы қаруланған отрядтар шығып, күдік туғызған жанның бәрі ұсталады. Ұсталғандарға «кеңес өкіметіне қарсы болдыңдар» деген айып тағылып, түрмеге қамалады. ОГПУ-дің орталыққа берген мәліметінде 1930 жылы Ақсу аймағындағы ірі көтеріліс жойылған. Аталған көтерілісті бай және Алашорда элементтері басқарған. ОГПУ органдары 1930 жылы сонымен бірге Лепсі, Саркан, Черкасский және т.б. «Тоғыз» деп аталатын контрреволюциялық ұйымдардың жойылғаны туралы ақпарат берген.

Алматы облысының мемлекеттік архив қорларында сақталған деректерге назар салсақ, көтеріліске қатысушылардың кейбірі туралы мынадай мәліметтер келтіріледі:

Ахмет Байгөбеков 1881 жылы Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған. 52 жаста. 1930 жылын Наурыз ауылындағы көтеріліске белсенді қатысушы, бұрын істі болмаған, бай, сауатты. 1933 жылы 23 мамырда ОГПУ үштігінің шешімімен сол кездегі қылмыстық кодекстің 58-баптың 7 тармағымен 10 жылға бас бостандығынан айырылған.

Бейсембі Тешербаев 45 жаста, Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған, сауатсыз, бұрын істі болмаған, бай, бұрынғы старшынның баласы, 1930 жылы Наурыз ауылындағы көтеріліске белсенді қатысушы.

Сейтқазы Селізбаев 34 жаста, Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған, сауатты, бұрын істі болмаған, бай, бұрынғы саудагер, тері илейтін зауыты бар.

Ақамбай Есімбеков 52 жаста, Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған, сауатсыз, бұрын істі болмаған, бай.

Әлібек Кереқұлов 63 жаста, Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған, астық дайындау жоспарын орындамағаны үшін 3 жылға сотталған, 1930 жылы байлар көтерілісіне белсенді қатысушы.

Қожа Жүнісов 66 жаста, Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған, сауатсыз, бұрын істі болмаған, бай, ертеде 3 жыл ауыл старшыны болған, 1930 жылғы байлар көтерілісіне белсенді қатысушы.

Күшік Байбашев 58 жаста, Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған, шаласауатты, бұрын істі болмаған, бай.

Исағұл Ақжігітов 38 жаста, Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған, сауатты, бұрын істі болмаған, бай.

Мырзабек Өтемісов 44 жаста, Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған, бұрын істі болған шөп шабу науқанын тоқтатқаны үшін, 1917-1918 жылдары ақтар әскерінде қызмет еткен, бай-алыпсатар.

Ыдырыс Жексенбеков 33 жаста, Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған, бұрын істі болмаған, бай, 1930 жылғы байлар көтерілісіне белсенді қатысушы.

Қабдулла Балабеков 20 жаста, Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған, бұрын істі болмаған, байдың баласы.

Құрманғали Ахметов 25 жаста, Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған, шала- сауатты, бұрын істі болмаған, байдың баласы.

Сатифулла Арқабаев 31 жаста, Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған, сауатты партия мүшесі, бұрын істі болмаған, кедей.

Нұрбек Мырзабаев 26 жаста, Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған, бұрын істі болмаған, орташа.

Жексебек Сүлейменов 21 жаста, Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған, бұрын істі болмаған, байдың баласы, 1930 жылғы байлар көтерілісіне қатысушы.

Орынбасар Даданов 38 жаста, Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған, партия мүшесі, кедей.

Киреев Константин Федорович орыс, Лепсі ауданы Покровка селосының тұрғыны, 25 жаста, бұрын істі болмаған. Орташа.

Жүніс Женгілбаев 65 жаста, Алматы облысы Ақсу ауданының 6 ауылында туған, бұрын істі болмаған, кедей, 1930 жылғы наурыздағы көтеріліске қатысушы.

1930 жылдарда болған шаруалар көтерілісінің нәтижесі аса қайғылы болды. Себебі Кеңес өкіметі көтеріліске қатысты дегендердің барлығын аяусыз жазалады. Басшылары өлім жазасына кесілді. Қалғандары 3 жыл мен 10 жылдың аралығында сотталды. Көтеріліске қатыспаса да бірақ біліп тұрып тиісті орындарға айтпағандар да сотталып кеткен. Бір жағынан аштық қысқан, екіншіден, үкіметтің қысаң саясатынан әрі нақақтан жазалауына іліккен шаруалар жерін, елін тастап басқа өңірлерге қашуға мәжбүр болды. Осы жылдар аралығында Қытай жеріне мыңдаған шаруа мал-жанымен өтіп кеткен. Ұжымшардан қашып, шетелге өтуге қамданып жүргендерді және шегарадан жасырын өтіп бара жатқандарға кеңес әскерлері тосқауыл құрып, талай адамды қырып тастаған.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 24 қарашадағы «Cаяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығында халықаралық стандарттар мен құндылықтар негізінде саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру, олардың адал және игі есімдерін халық пен ұрпақтарына қайтару міндетін басты мақсат ретінде алға қойды. Осы мақсатқа толыққанды қол жеткізу үшін архив қызметкерлері, тарихшылар, заңгерлер, өлкетанушылар, саясаттанушылар, құқық қорғаушылар және өңірдің басқа да зерттеушілерінің алдында үлкен маңызды жұмыстар тұр.

Гүлмира АСЫЛХАНОВА,

Алматы облыстық мемлекеттік архиві құжаттарды мемлекеттік есепке алу және сақталуын қамтамасыз ету бөлімінің басшысы