ҰЛТТЫҚ ТЕРМИННІҢ ТҮП АТАСЫ. АХАҢ КІРМЕ СӨЗДЕРДІ ҚАЛАЙ ҚАЗАҚШАЛАДЫ?

Уақыты: 11.07.2022
Оқылды: 1667
Бөлім: ТҮПСАНА

Бүгінгі күні ана тіліміздің абыройын өсіру мен оның қолданыс аясын кеңейту – уақыт күттірмейтін маңызды мәселеленің біріне айналды. Жаһандану кезеңіне байланысты көптеген жаңа ұғым мен терминдер күнделікті тұрмыстық қолданысымызға еркін енуде. Жасыратыны жоқ, қазақ тіліндегі терминдік жүйенің маңыздылығына тоқталғанда, дәл осы терминологияның айналасында туындаған мәселелерді айналып өте алмаймыз. Әсілінде, терминдер табиғатын ұғыну һәм оның қалыптасу кезеңіне үңілу – сол тілде сөйлеуші ұлттың таным-түсінігіне тікелей байланысты. Егер де алдымен осы алғышарттар орындалар болса, онда күн тәртібіндегі мәселелердің шешілуіне анағұрлым салмақ салмаған болар едік.

Жалпы, адамзат баласының рухани толысуы, көкжиегінің кеңеюі, ең алдымен, оның ұлттық мәдениетінің көрінісі. Ал ұлттық мәдениет – ұлттық ерекшеліктердің қайнар көзі. Демек, осы ғылым тілін ұлттық ерекшеліктерімізге сай тұғырына қондыру баршамыздың абыройлы міндетіміз болмақ. Ұғынықты тілде айтқанда, «қазақыландыру» бағдарының басты ұстанымы осы болуы тиіс. Біздегі ғылым тілінің 60-70 пайызын алып жатқан халықаралық нормадағы, интернационалдық қатынастағы терминдердің қазақша қалыпқа сай икемделуі мен балама мысалдарды ойлап табуға деген қадамдардың барлығын «өркениеттен алшақтау» деп түсінетін өресі төмен адамдардың шоғыры қалыптасқанын жасыра алмаймыз. Алайда олай тон пішетін заман баяғыда-ақ келмеске кеткен. Қазіргі таңда қоғам мен тіл арасындағы қатынас әлдеқашан жаңа сатыға көтерілді. Танымдық түсініктер мен негіздердің сабақтасуы – ғаламдық дамудың құбылысына айналуда. Ол құбылысқа: тілдік құралдардың атауларын ұлттық ұғымға сай атау, терминдердің тілдік төл баламаларын енгізу, ғылым тіліне қазақы реңк беру сынды үрдістерді жатқыза аламыз.

Терминдердің ұлттық таным-түсініктен алшақтамауы, ұғынықты формада берілуі мен тілдің негізгі қалпын бұзбай дамуы – оның шартты белгілерден айырмашылығын көрсетеді. Ұлт ұстазының шығармашылығындағы термин жасау ұстанымының негізгі арқауы да осыған саяды. Негізінде ұлттық термин қалыптастыруда: ұлттық, қоғамдық, әлеуметтік  мүдде тұрғысынан қойылатын талаптарға сай болу сынды қағидаттар әркезбірінші орында тұрады. Жалпы термин сөздің өзі әр халықтың тіліндегі ғылыми ұғымдардың атауын береді емес пе? Енді сол салалық ғылымдарда қолданылатын терминдерді ұлттық тілімізге сай икемдесек, оның несі сөкет?

Міне осы сұрақтың жауабын Ахмет Байтұрсынұлы: «Шетелден қосылған кірме сөздерге қазақтың түлкі тымағын кигізіп, үстіне ұлтымыздың шекпенін жауып, аяғына қазақ халқының саптама етігін кигізіп, үйлесім деген тілдің ұлы заңына сәйкес қабылдау керек», - деп беріп кеткен. Бір таңданарлығы, біздің бабаларымыз шетелдің қазақ тілінде баламасы жоқ сөздерінің классикалық тамаша үлгісін жасай білген. Айталық, орыстың «самовар» деген сөзін «самаурын» деп, «ведро – бедіре» деп тілге енгізген. Міне, сөзжасамның керемет көрінісі осы емес пе?

Қазақ тілінің абыройын арттыру үшін қоғамның барлық саласында тек қазақ сөздерін, сөз тіркестерін, терминдерін қолдану һәм пайдалану керек. Ал сырттан кіретін кірме сөздерге қазақы балама болуы керек деп санаймыз. Екіншіден, кірме сөздерді Ахаң айтқандай қабылдасақ ұлттық тілімізді байыту құралы ретінде пайдалануымызға зор мүмкіндік туады. Үшіншіден, бұл үрдіс қазақ тілінде жаңа сөз қалыптастыруға ынталандырмақ. Кірме сөзді тиімді қолдану тіліміздегі термин мәселесін шешуге оңтайлы жағдай туғызады. Сонда ғана ғылыми қатынас құралы ретінде жаңа көзқарас пен ойды жеткізетін терминдер халықтың ақыл-ойы мен адамдық рухын көтеріп қана қоймай, білім-ғылым көкжиегінде кеңейте түседі. Сонымен қатар, термин жасаушы маманның өзіне ғана таныс жасанды таңбалардан ғана термин жасамай, халықтың мәдени һәм тарихи кодын, оның салт-санасынескергені құба-құп.

Ахаңдар өмір сүрген кезеңде терминдерді ұлттық тіл мүддесі мен таным-түсінігімізге, ана тілінің табиғатына сай жасау сынды ұмтылыстар анық байқалды. Біраз уақыт сол үрдістің үзіліп қалғаны аңғарылғандай болып еді, алайда қазіргі таңда қоғамдық сананың деңгейі өсіп, тілмәртебесіне сәйкес ол қайта жаңғыру үстінде. Қазақтың ұлттық сөз қоры уақыт деген керуеннің тоқтаусыз алға жылжуына байланысты жаңарып-жасарып, үздіксіз дамып отырады.

Тарихқа аз-кем шегініс жасап көрелік. Сонау 1924 жылдың маусым айында Орынбор қаласында өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» терминологияны қалыптастырудың қағидаттарын белгілеу жайы көтеріледі. Сол жиында ұлтының ұжданын ұсақтатпауды құмбыл көрген зиялылардың барлығы да осы мәселе төңірегінде ой тастайды. Ахаңның үзеңгілестерінің қатарында «терминология» ғана емес, жалпы қазақ тіл білімінің көптеген мәселелерін арнайы зерттеп-зерделеген, артында мол мұра қалдырып кеткен азаматтар аз болмаған. Солардың ішінде тіл білімінің аса көрнекті маманы Елдес Омарұлы да бар. Елекеңнің терминология қағидаттары жайлы жасаған баяндамасы әлі күнге дейін өзекті болып отыр.

Айта кететін жайт, бұл терминология мәселелерін ресми түрде талқылауға ұсынған алғашқы баяндама болатын. Оған дейін де әртүрлі баспа беттерінде терминология мәселелері қозғалғанымен, дәл осы білімпаздар құрылтайындай жоғары дережеде өткен жиындар болмаған еді. Жоғары білімді мамандар мен ғылымның түрлі салаларын меңгерген ғалымдар шоғыры енді қалыптасып келе жатқан уақытта ғылыми әдебиеттер саны ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеде болмады. Болған күннің өзінде жаппай таралмады әрі халықтың сауаты да қалыптаса қоймаған шақ болатын. Қалың бұқара қоғам өмірінде болып жатқан жаңалықтардан бейхабар еді. Білім-ғылым саласындағы тың ақпараттар негізінен газет-журналдар арқылы келіп отыратын. Көптеген жаңа терминдердің баспасөз беттерінде жиі қолданылуына да дәл осындай факторлар әсер етті. Терминдерді алғашқы сәттен бастап дұрыс қалыптастыру мен жұртшылықты жаңылыстырмау үшін термин қолданысына ерекше мән беру аса қажет болды.

Мұны жақсы түсінген Е.Омарұлы өз баяндамасында бұл мәселеге арнайы тоқталып өткен. Терминдердің негізгі қолданылатын жері арнаулы мәтіндер, ғылыми әдебиеттер мен оқулықтар, оқу құралдары. Алайда қазақ тіліндегі ондай әдебиеттердің де, оларды кәсіби қызметінде пайдаланатын ғылыми ортаның да қалыптаса қоймауына байланысты баспасөздің осы кеңістікті толтыруына тура келді. Е.Омарұлының: «Газет, жорналдарды қазақ оқи алатын болуы үшін, оның пән сөздері де қазаққа түсінікті болуы керек», - деген сөзі сол кезеңдегі қазақ баспасөзінде терминдердің көптеп қолданылғанынан хабардар етсе, екінші жағынан терминологияны қалыптастыруда терминдерді ұлт тілінде жасауға ерекше мән беру керектігін атап көрсеткен. Елдес Омаров ұсынған қағидаттар негізінен сол кезеңде термин мәселесін жоғары дәрежеде көтеріп жүрген А.Байтұрсынұлының тікелей басшылығымен жасалғандығы, сондай-ақ, термин жасау қағидаттарын қалыптастыруда Ахаңның еңбегі ерен екендігі жайлы талай мәрте айтылып та, жазылып та жүрді. Тіпті, терминолог-ғалым Ш.Құрманбайұлы да осыған арнайы тоқталып өткен.

Аталған съезден кейін 1926 жылы Әзірбайжанның Баку қаласында өткен «Түрікшілердің бірінші құрылтайында» А.Байтұрсынұлы қазақ терминологиясын жасаудың алғашқы ғылыми қағидаттарын ұсынған болатын.Ол қағидаттар мынандай:

1) Термин ретінде ұғым мағынасын толық беретін қазақ сөздерін алу;

2) Ондай сөздер қазақ тілінде болмаған жағдайда оларды туыстас тілдерден алу;

3) Жаппай қолданылатын әлемдік терминдер қабылдана алады, бірақ олар қазақ тілінің табиғатына сәйкес өзгертілуі керек;

4) Қазақ тілінің табиғатына сәйкеспейтін барлық өзге тілдердің сөздері дәл қазақтың айтуына сәйкес өзгертілуі керек.

А.Байтұрсынұлы жасаған терімсөздердің басты ерекшеліктеріне: анықталатын ұғымның дәлдігі;таңбаланған атаудың қазақилығы;терімсөздің жалқылық сипатының болуы;терімсөздің нақтылығы; әрбір терімсөздің мазмұндық уәжділігін жатқызуға болады. Ахаң қазақтың ғылыми терминологиясының негізін қалаушы ғана емес, терминжасам тәсілдерін де анықтап, оларды тәжірибеде пайдаланғантұңғыш ғалым. Оның термин шығармашылығы турасында Р.Сыздық, Ө.Айтбайұлы, Б.Қалиұлы, Ш.Құрманбайұлы, Ш.Жалмаханов сынды белгілі ғалымдар көптеген деректер қалдырған.

Алаш ардақтылары жасаған терминдер өміршең болған. Олар ұғым мен атау арасындағы байланысты терең түсінген. Терминге атау берер кезде алдымен «ұғымды» алға тартқан. Негізінен «лексикология», «терминология», «концептологияға» қатысты сұрақтарды бірінші зерттеп-зерделеп барып, термин жасаумен айналысқан. Ақиқатында, сол кезең зиялылары қазақ ғылымын дамыту үшін жекелей ғылым салаларындағы  терминдерді қазақи түрде қолданысқа енгізген.

Мысалы, А.Байтұрсынұлы орыс тіліндегі терминдерді жақсы білгеніне қарамастан, қазақ тілінің өз материалын ұтымды пайдаланып, термин жасаған. Бүгінге дейін бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш сияқты терминдердің қазақ тілі терминологиялық лексикасына мықты орныққаны – соның айқын дәлелі.

Ал, Х.Досмұхамедұлы – психология, физиология, медицина, анатомия сынды ғылым салалары үшін терминдік атаулардың маңызына тоқталып, біраз терминдерді ұлттық тілде жасаған. Х.Досмұхамедұлының «Адамның тән тірлігі» (1927) атты оқу құралында орысша-қазақша атаулар сөздігі берілген. Осыған қарап, ғалым сөздік түзу мәселесімен де айналысқанын аңғарамыз.  Ж.Аймауытұлы болса өсімдіктану атаулары мен психологиялық атауларды, Е.Омарұлы пішіндеме (геометрия) атауларын, С.Қожанұлы есептану терминдерін, А.Қоңқашпайұлы география атауларын, М.Жұмабаев педагогика саласының терминдерін жасап шығарған.

Қазақ терминологиясының дамуына үлес қосып жүрген кез келген ғалымды алсаңыз да, Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған қағидаттарды айналып өтпеген. Себебі, қазақ терминологиясының қалыптасуы Ахаңның кезінен бастау алады.

Елімізге танымал болған біраз ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлының термин жасаудағы шеберлігіне ерекше тоқталған. Филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздық: «А.Байтұрсынұлы – ұлттық рухымыздың ұлы тіні. Ұлттық рух деген – ұлттық намыс қой, қазақ екенін сезіну. Соны бастап берген, маса болып ызыңдап, бүкіл халықты  «қазақпын» деп  көтерілуге шақырған Ахмет Байтұрсынұлы болатын. Қазақтың ұлттық ғылымының  арқауы – ұлт ұстазынан басталады», - деп атап өткен. Оның пікірінше, қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың қай-қайсысына болмасын қазақша термин ұсыну ұмтылысы Ахметтің бастамасымен болған. Бұл терминдер әлі күнге дейін қолданылып келеді. Осыдан-ақ Аһаңның өміршең дүние ұсынуға деген қам-қарекетін көруге болады.

Ахмет Байтұрсынұлы қалдырған тілтанымдық мұра – қазақ тіл білімінің негізгі арқауы. «Тілтаным», «әдебиеттаным», «әдістеме», «этнография», «философия», «психология» және «педагогика» сынды әлеуметтік салаларға енгізілген ғылыми терминдер – қазіргі тіл танымының түпқазығына айналды. Ұлт ұстазының еңбектері кеңінен дәріптеліп, әрбіріміздің жадымызда жатталып, санамызда сақталуы тиіс деп санаймыз. Алаштың Ахметінің есімін ұлықтау ұлағатты ұрпақтың өміршең өнегесі, қасиетті парызы екенін естен шығармайық.

Темірлан АЙТБАЕВ,

журналист

Жетісу облысы