МАУСЫМ ЖАРЛЫҒЫ ЖАЙЛЫ ТЫҢ ДЕРЕК. ОН АЛТЫНЫҢ ОЙРАНЫН КІМДЕР ЖАСАДЫ?

Уақыты: 25.07.2022
Оқылды: 1499
Бөлім: ТҮПСАНА

1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс барысында басы ашылмаған мәселе – қырғынды кімдердің жасағаны. Сол тұста қынадай қырылған қазақтың көз жасын біз тек «25 маусым жарлығы» шыққаннан кейінгі толқуды басу үшін жасалған әрекеттерден көреміз. Шын мәнінде, орыс билігі бұл қырғынды қазақтардың шұрайлы мекенін иелену, оларды атамекенінен жер аудару мақсатында ертерек жоспарлаған. Ал маусым жарлығы тек отқа май құю үшін ойластырған зымиян жоспар ғана.

Расында, ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Ресей патшалығы Жетісуға орыс-казактарды көптеп көшіріп, «сенімсіз көшпеліге» күзетші қылды. 1914 жылғы неміспен соғыс басталғанда Жетісу орыстарына мылтық-қару қайта үлестіріп, қорғаушы әскер жасақтауға ерік берді.

Бұл жайлы Ілияс Жансүгіров біраз ізденіп, құнды деректер қалдырып кетті. Соған сүйенсек, Жетісудағы көтерілістен бұрын Қапалда, Алматыда және Жаркентте 885-тен бесатары бар сақтық әскерінің дружинасы тұрған. Мұның үстіне Бақтыдағы, Жаркенттегі, Нарындағы казак-орыстың бір-бір полкіне 100-120-ға дейін қылыш жеткізілген. Алматыдағы казак-орыс запасында 264 қылыш, Бақты, Нарын, Алматы мен Қапалдағы дружинаның екі-екіден пулемет берілген. Мұнан бөлек, Алматы дружинасының 1 ротасы Әулиеатаға, 20 казак-орыс, 30 ратник Бақтыдан Шәуешекке барып орналасқан. Сөйтіп өкімет қолындағы күштің ұзын саны мұздай қаруланған 3736 адамға жетіп, қазақтарды сеспен үркітіп, тапжылтпай ұстап тұрған.

Өкінішке қарай, бүгінде бұл әскердің аймағымыздың қай жеріне орналысып, қандай мақсат пен бағытта жұмыс атқарғаны туралы кешенді зерттеу жүргізілмей келеді. Олардың дені құпия құжаттар түрінде Мәскеу, Алматы архивінде сақталғандықтан кез келген адам парақтай алмайды. Ал Ілияс Жансүгіров 1925-1928 жылдары Мәскеу жоғары журналистика институтында оқып жүрген тұсында, Алматыдағы қызмет орайында архивтегі деректерден жалықпай іздеп, бізге қалдырды. Ілиястың назарына ілікпеген әлі қанша дүние ашылмай жатыр десеңізші?!

Жетісуда көтеріліс басталған тұста аймақ «Облыс соғыс халінде» деп жарияланып, жоғарыдағы әскер 17 бөлікке бөлініп, комендант белгіленіп, әскер күшін көбейтуге рұқсат етілген.

Көтеріліске шыққанымен қасына тек қылыш, найза, құрық ұстаған қарапайым халықты басуға өзге аймақтардан да әскер әкелінген. Сол қатарда Ташкенттен подполковник Гейценнің отряды – екі рота, екі зеңбірек, казак-орыстың бір жүздігі 4 пулеметпен Жетісу жеріне келіп, көтерілісшілерді аяусыз қырып-жойды. Олардың телефон, телеграф жабдығымен жабдықталған саперлар командасы тамыздың 9-ында жеткізілді. Подполковник Аларцевтің отряды 4 рота әскер, бір зеңбірек, бір жүздік казак-орыс отряды, саперлер командасы, 160 солдатымен тамыздың 15-інде келіп жетті. Осы екі отряд Пішпекте, Тоқпақта жаныштау жұмысын жүргізді. Капитан Бурныйдың отряды Скоблевтен Әндіжан арқылы Нарынға жетті. Бұдан басқа, барлық уезге казак-орыстан құрал атуға жарайтындардан қорғану отрядын жасақтауға бұйрық берілді. Сондай-ақ, 1916 жылы тамыздың 13-і күні Қарқара жайлауына Жаркенттен №3 казак-орыс полкінің бір жүздігі қосымша жіберілген.

Орыстың әскери деректерінде тамыз-қыркүйек айында Қарқара көтерілісіне 5 мыңнан астам адам қатысқаны айтылады. Ал, Сейдәлім Тәнекеевтің есебінде, қазақ жасақтарының саны 20 мыңнан асады. Оған Қарқара аймағын мекен еткен қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек, татар, дүнген сынды ұлт өкілдері де қосылып, патша жендеттеріне бір кісідей қарсы шығады. Бұл дерек көп жағдайда жасырын қалып келеді.

«Қазақ» газетінде жарияланған бір мақалада мынандай жағдай сөз болған: Иванов деген аңшы қаладан қырға бара жатқанда көршілері қайда бара жатқанын сұрайды. Сонда ол: «Екі аяқты аң атуға бара жатырмын» деп қуана айтады. Қазақ-қырғыздың көрген азабы бұдан да ауыр. Өкінішке қарай, орыс деректерінде тек орыс-казактардың ғана шығыны есепке алынып, қырылған қазақ, қолды болған мүлік, әлдебір келімсектің айдауында кеткен төрт түліктің есебі әлі түгенделген жоқ.

Патша әскерінің оғынан қаншама қазақ жер құшып, сілтеген қылышы қаншама қаракөзді жарымжан еткені саналмады. Сол ащы дерт, ашулы ыза жылдар ізімен бірге ұмытылып, есесіне, «өлкемізді орыс көркейтті» деген сенімге имандай сенетіндердің қатары көп болғаны қынжылтады.

Қажет АНДАС

Жетісу облысы

Сурет ғаламтор беттерінен алынды