СУ ОРТАСЫНДАҒЫ КЕСЕНЕ НЕМЕСЕ ӨТЕГЕН БАТЫР ЖАЙЛЫ АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

Уақыты: 18.08.2022
Оқылды: 2217
Бөлім: ТҮПСАНА

Шеңгелді ауылының тұсынан өткен жүргіншілер Қапшағай су қоймасының ортасындағы Өтеген төбесі (кейде Әулиетөбе) деп аталатын төбедегі күнге шағылысып жалт-жұлт етіп тұратын ақ түсті кесенені жиі көреді. «Ұшақпен төбесінен қарайтын болсаңыз, су ортасындағы төбе айбалта пішіндес», – дейді жергілікті тұрғындар.

Аңыз бен ақиқат

Демек, бұл жер бауырына талай тарихты бүгіп жатқан қасиетті мекен. Онда  ХVIII ғасырда өмір сүрген батыр, Абылай ханның сенімді серігі, көрші елдерге жіберетін елшісі қызметін атқарған Өтеген батыр Сәбденұлы және оның жақындары жерленген. 2017 жылдан бастап батырдың ұрпақтары тынымсыз еңбектенудің нәтижесінде төбеге сәулетті кесене тұрғызды.

Өтеген батыр – ХVIII ғасырдағы жоңғарға қарсы соғыста Ескелді би, Балпық, Қабан жырау, Саурық батырлармен қатар жүрген жаужүрек батыр, парасатты саясаткер.  Жалпы, зерттеушілердің еңбегіне сүйене отырып, үш қасиетін бөліп атауға болады. Бірінші – батырлығы, өзінің айналасындағы жас қолбасыларға, батырларға ұстаздық ету, қарапайым жұртқа әрі өз туысқандарына көмек көрсетуі. Ол 18 жасынан бастап ел қорғау жорықтарына қатысып, Аңырақай, Қалмақ қырылған, Бұланты-Білеуті, тағы да басқа шайқастарға қатысқан. Қазақтың 44 мыңға жуық қолы және қалмақтың да соған жетеқабыл әскері қатысқан Ойрантөбе шайқасында Өтеген батыр ел көзіне ерекше түседі. Екінші – мәмілегер ретінде танылуы. XVIII ғасырдың 30-40 жылдарында қазақ ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтанның қасында болып, сол кездегі қазақ билеушілерімен тізе қосып, қазақ елінің ішкі, сыртқы саясатын белгілеуге қатысуы. Үшінші қасиеті – жиһанкездігі. Асанқайғы бабамызша, жер кезіп, елінің тыныштығын, жұртының амандығын күзеткен парасаттылығы. Ауған, Үнді, Қиыр Шығыс пен Қытай, Тибетке жолы түскен деседі. Дастан-жырлар мен аңыздарда бұл жайлы көп айтылады.

Шежірешілер, құймақұлақ қариялар мен батыр ұрпағынан алынған дерек бойынша, 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тұсында Өтеген батыр Текелінің тауын мекендейді. Осы жерде жол тосып, жоңғар қолының Жетісу жеріне ішкерілей еніп кетуінің алдын алады. Сол тұста жас жігіттерді батырлыққа тәрбиелеп, жауға қарсы күрестің болашағын бекемдейді. Мысалы, жалайырдан шыққан әйгілі Кәшке батыр Өтегенннің тәрбиесімен ержетсе, кейін ел-жұрты Өтеген мен Кәшкені бір бейітке жерлейді.

Ел ішіндегі аңыздарға жүгінсек, Абылай сұлтан ашуланғанда Өтеген батыр ғана сабырға шақырады екен. 1743 жылы Ресей патшасының араласуымен Абылай сұлтан қалмақ тұтқынынан босатылып, 200-дей адам қазақ даласына бет алады. Олардың алдынан Төле би бастаған 90 адам шығады.  Бұдан хабар алған қытайлар Текелінің тауында Абылай мен  оның серіктерін өлтірмекші болады. Осы кезде жалайыр Өтеген батыр атақонысы болған Текелі тауларының соқпақ жолдарымен Абылай мен Төле би бастаған топты аман-есен елге жеткізеді.

Ерлікпен пара-пар

Иә, айта берсек, Өтеген батырдың осындай ерлік істері өте көп. Ал Қапшағай су қоймасының дәл ортасындағы төбеге аталарының алып кесенесін тұрғызған ұрпақтарының қажырлылығын бүгінгі күннің батырлығы деуге боларлық. Кесененің биікті 16 метр, 1,65 см қалыңдықтағы қабырғаның іші темірмен бетондалып, сырты Ресейден әкелінген ақ мәрмәрмен қапталыпты. Формасы 7 бұрышты етіп салынған нысанның әр тұсы әйнекті тереземен бөлінген. Ал кесененің айналасында үш бесіктас бар. Ол жерде Өтеген батырдың жақын адамдары жатыр. Ал ішкі қабырғасы, күмбездің ішкі бөлігі ою-өрнекпен әшекейленіп, көрген жанды таңғалдырады. Кесене ішінің дәл ортасына Малайзиядан арнайы алдырған жасыл таспен батыр жатқан жерге бесіктас қойылыпты. Айналасына орындықтар орналастырылып, келушілердің Құран оқып, тәу етуіне жағдай жасалған. Төңірегі абаттандырылып, төбеге шығатын жол мен кесененің айналасына өрнекті тастар жатқызылған. Қайық келіп тоқтайтын жер темірмен қоршалып, адамдардың қайықтан түсіп-шығуына жағдай  жасалған. Жалпы, еліміздің сәулет өнеріне тағы бір тың дүние қосылды деуге болады. Әрине, мұндағы айтпағымыз кесененің әдемілігі емес.

– Бұл кесенені 2017 жылдан бастап тұрғыза бастадық. Кесенені салу үшін жағалаудан материалдарды қайықпен тасып жеткіздік. Кранмен көтеріп, көлікпен жеткізетін ауыр темірлер мен гранит тастарды судан кішкентай қайықпен өткізіп, жағалаудан 50 метрдей биіктіктегі төбеге қалай жеткізгеніміз қазір түс сияқты. Құрылыс жұмысы басталғаннан бүгінге дейін ешқандай оғаш жағдай болған жоқ. Атамыздың аруағы жебеп тұрған шығар, – дейді батырдың ұрпағы, кәсіпкер Жеңіс Смайлов.

Бұл жерде әлі де атқарылар шаруа жетерлік. Енді кесененің айналасындағы ашық жатқан қорымдарға белгі қойып, төбенің айналасын темір шарбақпен қоршау, жазда келгендердің шомылып, демалып қайтуы үшін жағалауды абаттандырып, арнайы айлағын жасау жұмыстары қолға алынбақ.

Қажет АНДАС

Қонаев қаласы,

Алматы облысы