ШЕГЕСІЗ МЕШІТ ҚҰПИЯСЫ. ЖАРКЕНТТЕ 130 ЖЫЛ СЫР БЕРМЕГЕН КӨНЕ ҒИМАРАТ БАР

Уақыты: 21.08.2022
Оқылды: 2133
Бөлім: ТҮПСАНА

1882 жылы Жаркент қаласында уезге қарасты өңір халқынан қаржы жиналып, үлкен мешіт салына бастады. Құрылысы бірнеше жылға созылған мешіт қазіргі таңда «Жаркент көркем-сәулет мұражайы» деп аталады. Жергілікті халықтың мақтанышына айналған, қайталанбас ғажайып ғимараттың бой көтергеніне биыл 130 жыл толып отыр.

Кең-байтақ қазақ жерінің төсінде небір әсем көріністі құрылыс-сәулет өнерінің ғажайып үлгілері уақыт сынына сыр бермей, ғасырлардан аттап, бүгінгі күнге жеткені асылдың өзгеден артық бағасын танытқандай. Еліміздің мыңдаған жылдар бойғы ізденіс-тәжірибесін, талғам-танымын, сәулеткерлік өнерін тал бойына жинақтаған тарихи жәдігерлер арнайы ден қойып, жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Сондай назар аударарлық ескерткіштің бірі – Жаркент мешіті. Қала орталығындағы кешенді ғимараттың әдемі нақышпен безендірілген қабырғасы, өрнектері, қайқы шатыры, мұнарасы жұрт назарын бірден аударады.

Бүгінде «Жаркент мешіті көркем-сәулет мұражайы» атанып, халыққа қызмет көрсетіп тұрған осынау ғажайып ғимарат құрылысының бас мердігері, екінші гилді көпесі Уәли ахун Юлдашов болса, бас сәулетшісі жергілікті халық Мұқан деп атаған Қытай шебері Хон Пик еді.

Қаладан 200 шақырым қашықтықтағы Кетпен тауынан емен, қарағай бөренелер өгіз арбамен әкелінгеннен кейін, Хон Пик бастаған Бұқара, Самарқаннан шақырылған 75 ағаш шебері жұмысқа кірісіп, құрылыс материалдарын сүргілеп, бедерлеп шауып, жуан бөрене тіреулерді көлеңкеде арнайы шыт, жібек матаға орап кептіріп, тақтайларға айшықты суреттер оюға бірнеше жыл арнайды. Сөйтіп, алдын ала дайындалған құрылыс материалдары бір шегесіз құрастырылып, 1892 жылдың жазында жұма мешіті бой көтереді.

Кешеннің жалпы жобасына бас қақпа, күнделікті бес уақыт намаз оқылатын кіші мешіт, медресе, үлкен жұма мешіті, күйдірілген көк кірпіштен қаланған сәнді дуал қоршау, оңтүстік және солтүстік жағындағы қосымша шағын қақпалар енді. Бір ғажабы, осындай күрделі құрылыстың жобасын сәулетші Хон Пик құпиялап, өз жоспарымен жүргізеді. Алайда, болашақ ғимараттың жалпы көрінісі мен сәулеттік ерекшелігіне байланысты салдырушы бас мердігер мен шебердің өзара келісімі болған.

Шығыс елдерінде ертеде құрылыс өнеріне жастарды үйрету тікелей іс барысында жүзеге асырылған. Құрылыстағы өзіндік ерекше үлгіні шеберлердің ұрпақтары мұрагерлікпен жалғастырған. Сәулеткер Хон Пик те сондай ерекше үлгісі бар шебердің бірі еді. Сондықтан ол Жаркент мешітінің құрылысына бірде-бір шеге қолданбай, өрнектелген ағашты қиюластыру арқылы жасады.

Бас мешіттің көне қытай үлгісіндегі қайқы бел шатыры 122 бөрене бағанаға бекітілген. Айрықша күрделілігімен ерекшеленетін шатыр жиектерін иіп, қайық тәріздес етіп көтеруге «дау», «гун» деп аталатын имек сырықтар пайдаланылған.

Ғажайып сырлы ғимараттың қабырғасына, шатыр қапталдарына 3 мыңнан астам алуан түрлі сурет, араб-парсы тілдеріндегі көне жазу үлгілері бедерленді. Ондай ою-өрнекті зерттеушілер тақырыптық мазмұнына қарай бірнеше топқа бөледі. Атап айтқанда, жергілікті халықтың ою-өрнек нақышынан, геометриялық кескіндерден, қоршаған табиғат, өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесі, дінге қатысты белгілерден, өзіндік ерекшелігі бар суреттерден тұрады.

Бас мешіттің төріндегі мінбердің босаға тұсындағы қабырғаға шығыс аңыздарына арқау болған зәйтүн – «өмір ағашы» кескінделген. Шеберлердің әшекейге, сәнді пішіндерге, түске көп мән бергендігін шырағдандардан, мінберден байқау қиын емес. Онда ақ, қара, қызыл, жасыл, сары, көк түстер үйлесімді қолданылған.

Мешіттің дараланып көрінетін бөлігінің бірі – бас қақпа. Орта Азия мен Қазақстанның дәстүрлі сәулет өнеріне тән пішіндегі қақпаның идеялық, көркемдік жағынан атқаратын қызметі – көрнекілігі мен асқақтығында. Бұл әдетте құрылыстың өзге бөліктерімен салыстырғанда оның көлемін ұлғайту арқылы жүзеге асырылады.

Қақпамен бүйірлес күмбез төбелі екі бөлме мешіт қызметшілеріне арналған. Бас қақпаның оңтүстік, солтүстік қабырғаларымен жанаса медресе үйі орналасқан.

Кеңес өкіметі мешіт қақпасын жапқанымен, оны өнер туындысы, көненің асыл жәдігері ретінде сақтап, бүгінгі күнге жеткізді. Күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен Жаркент мешіті Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімовтің 1978 жылы 24 наурыздағы шешімімен Сәулет-көркемөнер мұражайына айналды.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы,

Жетісу облысы