ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ТІЛ САРАЙЫНА АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ЕСІМІН СҰРАЙМЫЗ

Уақыты: 05.09.2022
Оқылды: 1542
Бөлім: ТҮПСАНА

Реформатор, ғалым Ахмет Байтұрсынұлы тіл туралы зерттеу мақаласында: "Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Біздің заманымыз – жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман», - деп жазған. Сол заманнан бері тілге деген құрмет, тіл біліміндегі зерттелуі тиіс мәселелер бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Биыл қазақ әліпбиін түзеп, түрлеудің, ана тілінде оқулықтарды жазудың мәні зор екенін ғасыр басында қоғами ахуалмен байланыстыра отырып, аса жауапты жұмысты қолға алып, реформаланған араб жазуы негізіндегі қазақ әліпбиінің өз кезінде қазақ халқының мәдени дүниесінде зор серпілістер әкеліп, қалың көпшілікті жаппай сауаттандыру ісіне, жазба дүниелердің дамуына, баспа жұмысының жандануына ықпал еткен ғалым, ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының  туғанына 150 жыл толып отыр.

Өз елі, өз ерлерін ескермесе – қасірет. А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы биыл ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіледі. Бүгінгі таңда республикамыздың түкпір-түкпірінде ғалымның дүбірлі тойы өтіп, шығармашылығы кеңінен насихатталуда.

Қазіргі заманда қазақтың тіл білімін зерттеліп, оған қатысты том-том еңбек жазылып жатса да, білім мен ғылым бірізділікке салына қоймаған заманда жазылған, Ахмет Байтұрсынұлының  «Тіл – құрал» еңбегінің орны ерекше, өз алдына бір төбе.

Мен деген лингвист ғалымдардың бірнеше жыл бойы талқылап, бітпейтін кеңестер өткізіп, бір жағына шығара алмай қойған әліпби мәселесін Ахмет атамыздың өзі-ақ құрастырып, жілік-жілікке бөліп берген.

Тіл білімінің атасын ұлықау, есімін ардақтау, еңбектерін насихаттау, ең алдымен – мына біздің, тілдерді оқыту орталығының жоспарына қойылатын бірінші мәселе.

Ұлт ұстазының мерейтойында Ахмет Байтұрсынұлының қызметін жан-жақты танытуға, ғалымның еңбектерін зерттеп, көпшілікке беймәлім ғылыми шығармаларын насихаттауға бағытталған іс-шаралар өтуде.

Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының 17 аудандық, 2 қалалық, 1 облыстық орталығы, бүнігі таңда 20 орталық өз жұмысын жүргізуде. Мемлекеттік, орыс, ағылшын тілдерін тегін үйрететін мекеменің жұмысы тек азаматтарға тілдерді меңгертумен шектелмейді. Тіл орталығы болғандықтан, тіл үйренушілердің сауатын арттыруға, ұлт қайраткерлерінің еңбегін ұлықтауға бағытталған іс-шаралар, семинарлар мен конференциялар өтіп тұрады.

Бір ғана Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай, орталықта 34 іс-шара жоспарланған. Оның 7-уі ашық сабақ, 13-і танымдық сабақ, 6-уы дөңгелек үстел отырысы, 3-уі әдеби кеш, 3-уі эссе байқауы, 1-уі конференция, 1-уі кездесу.

Ұстаздың есімімен аталатын, Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқауы да бар. Мемлекеттік тілде оқытатын оқытушылар арасында өтетін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық «Үздік оқытушы» байқауында республиканың түкпір-түкпірінен 16 үміткер қатысқан бәйгеде былтырғы жылы Панфилов аудандық филиалының меңгерушісі Аслан Маратұлы Қалибеков оза шауып, жеңімпаз атанды.

Қазақстанда Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталған 1 ғылыми институт, 1 университет және бірнеше көше бар. Биылғы жылдың өзінде Алматы облысында 46 көшеге, Ақмола облысында 22 көшеге ғалымның есімі беріліпті.

Ғалымның мерейтойы қарсаңында облыс орталығында орын тепкен, қазақ халқының тілге деген құрметі ретінде салынған, республикамыздағы жалғыз Тіл сарайына Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілсе, мемлекет мүддесі, ел руханияты үшін жасалатын ең игі бастамалардың бірі болар еді.

Ахмет Байтұрсынұлының асыл мұрасын насихаттаудың өрісін кеңейтіп, әлем халықтарының рухани игілігіне айналуына одан әрі ықпал етіп жүрген азаматтар мен азаматшалардың мерейі тасып, айбыны асқақтай берсін! Елім дейтін ерлер көп болсын!

Мөлдір ҚУАНДЫҚ,

Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының бөлім басшысы