ТАЛДЫҚОРҒАНДА АЛАШТЫҢ АХАҢЫНА АРНАЛЫП КІТАП КӨРМЕСІ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 11.09.2022
Оқылды: 2075
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақстанда «Бір ел - бір кітап» акциясы 2007 жылдан бері өтеді. Биыл аталған акция аясында қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалымы, түркітанушы, публицист, аудармашы, қоғам қайраткері, педагог, ұлт ұстаз, қазақ тіл білімінің атасы, төл әліпбиіміздің негізін қалаушы, туғанына 150 жыл толып отырған Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары таңдап алынды.

«Бір ел - бір кітап» акциясы аясында 3-ші бөлімшедегі №7 кітапхана филиалының ұйымдастыруымен «Ұлттың ұлы ұстазы - Ахмет Байтұрсынұлы» атты әдеби сағат  өтті. Шараға мектеп оқушылары қатысты.

Іс-шара барысында Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы кең көлемде мағлұмат берілді. Сондай-ақ, мектеп оқушылары Ахмет атасының өлеңдерін жаттады. Атап айтқанда, Бердімұрат Баянсұлу «Оқуға шақыру», Асан Ерсұлтан «Тілек бата», Қасымхан Ақнұр «Қазақ салты», Қасымхан Балнұр «Қазақ қалпы» сынды бірнеше өлеңін мәнерлеп оқып берді. Ал Асан Адэль «Ахмет ата» деген арнау өлеңін оқыды.

Іс-шараға қатысушыларға «Бір ел - бір кітап» акциясы аясында безендірілген кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды. Көрмеге Ахмет Байтұрсынұлының шығармалар жинағы қойылды. Оның ішінде «Қазақ тіл білімінің мәселелері» ғылыми жинағы, «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы», Райхан Имаханбетованың «Ғасыр саңлағы» атты еңбегі көпшілікке ұсынылды. Көрмеде, сондай-ақ, Айгүл Ісмақованың «Тәуелсіздік және Алаш ғылымы», Р.Нұрғалиев, Т.Кәкішев сынды зерттеушілердің Ахмет Байтұрсынұлы өмірі жайында жазған ғылыми мұрасы ұсынылды.

Шара оқырмандарға Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығынан мағлұмат беру, тілге, елге құрмет көрсету,  кітаптарын, ғылыми еңбектерін оқырмандарға үлгі ете отырып, жастарды өз елін сүюге, оның көркеюіне үлес қосуға тәрбиелеу бағытынды ұйымдастырылды.

Күміс ЖҰМӘДІЛҚЫЗЫ,

3-ші бөлімшедегі №7 кітапхана филиалының меңгерушісі

Талдықорған қаласы

Жетісу облысы