КӨКСУ АУДАНЫНДА "АҚ КИМЕШЕК" ӘЖЕЛЕР БАЙҚАУЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 06.10.2022
Оқылды: 1606
Бөлім: ТҮПСАНА

Мұқыры ауылында аудандық «Ақ кимешек» әжелер байқауы өтті. Сәні мен салтанаты жарасқан 10 әже сынаққа қатысып, келген жұртты сүйсіндірді. 

Әр ауылдық округтің намысын қорғаған әжелер байқау шарты бойынша 5 сыннан өтіп, бар өнерін ортаға салды. әділқазылар алқасы сынға түскен әр әженің өнеріне тамсанып, лайықты бағалады.

Қарқара кимешек киіп, көненің көзіндей болған әжелеріміз тарихтан сыр шертіп, ұлттың ұлылығын көз алдымызға әкеліп, жүректің қылын шертті. Бірі қара өлеңнен ағытса, екіншісі киелі домбыраны қолға алып, тебірене толғады.

Сонау келін болып түскен шақтан ақ әжеге жеткенше ғұмыр-тарихын әңгіме етіп әнге сыйғызған әжелердің өнеріне таңдай қақтық. Байқаудың әр сатысынан ұпай жинап, шынайы ықыласпен қатысқан өнерпаздардың дайындығы өте жоғары екен. Немересінің құлақ құрышын қандырып, көңіл сарайын ашып, терең ойға батыратын қиссаны оқығанда келген жұрттың өзін елітіп әкетті. «Қолөнер» номинациясы бойынша әкелген бұйымдарын қорғап, көрген жанның көңілін қуанышқа толтырды.

Мұқыры ауылына күн нұрындай шуақ шашып, көңіл-күй сыйлаған «Ақ кимешек» байқауының түйінін қоюға Көксу ауданының әкімі Мәрлен Көлбаев, Жетісу облысы аналар кеңесінің төрайымы Жамал Баймадиева шығып, жүрекжарды сөзін арнады. Әр қатысушының өнерін жіктеп, таланттары мен талабына бас иеген әділқазылар алқасы ақ жаулықты әжелерге ризашылығын білдірді.

«Бұл сында барлығыңыз да жеңімпазсыздар, жеңілген ешкім жоқ. Бәріңізге әртүрлі номинация бойынша бәйге беріледі», – деген аудан басшысы Мәрлен Қапашұлы 10 округтен келген әжелердің иығына камзол, басына ақ жаулық жауып, арнайы сыйлықтар табыс етті.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Көксу ауданы,

Жетісу облысы