ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН НЕМЕСЕ ӘБДЕН МЕЗІ ЕТКЕН ЕСКІ СҮРЛЕУДЕН ҚАШАН АРЫЛАМЫЗ?

Уақыты: 17.10.2022
Оқылды: 2051
Бөлім: ТҮПСАНА

Жаңа Қазақстан. Екінші республика. Бұдан былайғы өмірімізде өзгеріс болатынын әйгілейтін осы бір тұжырымдар әрбір отандасымыздың жүрегінде сенім алауын тұтатып, көңіл көкжиегін кеңітіп кететіні анық.

Бәріміз алғы күннен алақай жаңалық күтіп, қоғам дамуының соны соқпағына, ізгілікті мемлекет құруға аяқ басқандаймыз. Бұл бағытта қолға алынған шаралар, игі бастамалар сол үміт отын үрлей түскендей. Алайда өткен 30 жыл бойы орныққан жүйені, қалыптасқан көзқарасты бір демде өзгерте алмасымыз тағы белгілі. Ол үшін жалпы қоғамды, жекелеген сала қызметкерлерін, қажет десеңіз әрбір адамды жаңаша ойлауға, өзгеше түйсінуге тәрбиелеу қажет. Осы орайда «Қасіретті қаңтар» деп ат беріліп, айдар тағылған оқиға қоғам санасында қопарылыс жасап кеткені анық.

Болған іс болды, бояуы сіңді! Енді айдай әлемге айғай сап аттандасаң да, ер-тоқымыңды бауырыңа алып туласаң да еш нәрсе өзгерте алмайсың. Алдағы міндет – елімізді осындай жағдайға алып келген оқиғаның себебін анықтап, келешекте қайталанбауы үшін әрекет жасау болмақ. Сөзіміздің басында айтқан «Жаңа Қазақстан», «Екінші республика» деген тұжырымдар осы оқиғалардан кейін айналымға енгенін естен шығармайық.

«Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» дейді халық нақылы. Біздің пайымдауымызша, халықтың жаппай шеруге шығуының тамыры тереңде. Және ол бір күннің, немесе бір жылдың нәтижесі емес, тәуелсіздік алғалы елімізде орын алған олқылықтар мен жіберілген қателіктердің салдары деп ұққан жөн. «Сонда неден жаңылдық, қай жерде шалыс бастық?» – деген сауал алдымызда менмұндалап шыға келетіні ақиқат. Жалпы, әлемдегі толқулар мен төңкерістердің негізінде ең алдымен қоғамдағы әділетсіздік пен биліктің озбырлығы жататыны белгілі. Бізде осының екеуі де орын алды деп айтуға негіз бар.

Тереңге бармай-ақ, көп жылдар бойы көзге көрініп, көңілге қонақтап қалған қарапайым ғана мысалдарға жүгініп көрейікші.

Бұл ең алдымен қоғамды жайлаған жең ұшынан жалғасу мен жемқорлық, парақорлыққа қатысты. Біз нені көріп келдік? «Қазақстан экономикасының локомативі» деп жүрген құрылыс саласын алайықшы. Құрылысқа мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыны кімдер иеленіп келді? Дұрыс айтасыз, ең алдымен қолында билігі барларға бұйырды. Тендерге қойылған қаржының белгілі бір бөлігі оны ойнатушылардың қалтасында қалатын. «Белгілі бөлігі» деуіміздің себебі, әр аймақта әрқалай. Құдайға қарағандары 10 пайызына ортақтасса, қайсыбір жерлерде 20 пайызға дейін иеленетінін жұртшылық жақсы біледі. Лақап аты «Господин 30» делінетін өңір басшысын да көрдік. Сонда белгілі бір нысанды салуға бөлінген қаржының 30 пайызы тендер ойнатушының үлесінде қалып, қалған 70 пайызы құрылысқа жұмсалады деп ойласаңыздар – қателесесіздер. 

Оны ұтып алған, қолында қаламынан басқа ешқандай техникасы бола бермейтін адам өзіне тиесілі үлесін алғаннан кейін нысанды «супчик» деп аталатын үшінші адамға беріп, өзі пайдасын шытырлатып санап, шырт түкіріп кете барады. Үшіншісі де адам ғой. Ал, құрылыс кезінде қолды болатын қаражатты қайда қоясыз?! Ең соңында сапасы күмәнді, құны арзан материалдармен салынған үйлер бой көтеретін. Пайдалануға берілмей жатып құлаған, адам тұруға жарамсыз деп танылған көпқабатты үйлер, міне, осындай қылмысты жүйенің жемісі. Бұл жерде жалақысы бала-шағасының ішіп-жеміне де жетпейтін жұмыстан бас тартып, көшеде қаңғып қалған азаматтардың мұң-зарын да қоса кеткен орынды.

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының қомақты бөлігін құрайтын әрі стратегиялық маңызы зор салмақты сала. 30 жыл бойы мұнда жүргізілген түрлі эксперименттер мен реформалар еш нәтиже бермегенін байқау үшін сарапшы болудың қажеті жоқ. Оны еліміздің бүгінге дейін агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортына тәуелді екенін айтсақ та жеткілікті. Жұмыс істеп тұрған ұжымдық құрылымнан бас тартып, ауылды жекешелендіру жалпы халықты кедейлендіріп, жекелеген адамдардың жер иеленуші алпауытқа айналуына әкеліп соққанын көріп отырмыз. Бүгінде шаруа адамдары ірі шаруашылықты былай қойып, азын-аулақ малын бағатын жер таба алмай сенделуде. Саланың тамырына қан жүргізу мақсатында жасалынып жатқан көптеген шаралар нәтиже берер емес. Себебі, мемлекеттік субсидиялар нақтылы тұтынушы шаруа адамдарына жетпей, орта жолда қолды болып кетіп жатыр. Үлкен қаражат кімдерге, қандай жолмен бұйырып жатқанын анықтау онша қиынға соға қоймас деп ойлаймын. Өткен жылғы қуаңшылық кезінде ауыл шаруашылығына көмек ретінде бөлінген ақшаны жымқырып, істі болған Ақмола облысы сала басшыларының іс-әрекеті басқа өлкелерге де ортақ схема.

Халықтың тегеурінді қарсылығына жолықпағанда жеріміз де шетелдіктерге сатылып, қазақтар өз елінде «квартирант» бола жаздағаны да өтірік емес. Бұл сатқындық саясатты кімдер және не үшін ойластырғанын білу үшін көріпкел  болудың қажеті жоқ шығар?! Өндірушілер мен тұтынушылардың арасында бағаның шарықтап өсуі, түк істемей шаш етектен пайдаға кенеліп жүрген делдалдардың қызметін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда» базарындағы былық арқылы көрсетіп берді.

Экономикамызды шикізатқа тәуелділіктен құтқару үшін индустриализация  жүргізу керек деп ұрандатқанымызға 30 жыл болды. Ал біз тіс шұқитын жаңқаға дейін Қытайдан алып келеміз. Өнеркәсіп саласында Елбасының қатысуымен салтанатты түрде ашылған ірі жобалардың жұмыс істеп тұрғандары некен-саяқ. Іс бітті, қу кетті. Құрдымға құйылған қаржыны іздеген, қылмыскерлерді жазаға тартқан ешкім болған жоқ. Жемқорлыққа жетелейтін жүйеден еш жақсылық күтуге болмайтынын жұртшылық әлдеқашан түсініп болған.

Көп жылдар бойы Қазақстанда, құзырлы органдардың мәліметінше парақорлардың тізімін дәрігерлер мен мұғалімдер бастап келді. Иә, ата-аналардан түрлі шараларға ақша жинау, науқастарды емдегендері үшін қолүздік алу етек алған кезеңдердің болғаны рас. Алайда аталған салалар өзгелердің жанында жіп есе алмайтынын халық көріп отыр емес пе?! Орыста: «Что охраняю – то имею!»  деген сөз бар. Яғни, елімізде кімдердің пара алу мүмкіндіктері көбірек?!

Ертеректе полицияға жұмысқа тұрған жас лейтенанттармен бейресми жағдайда сұхбаттасқаным бар. Күштік құрылымдағы қызметі өздері ойлағандай болмай шыққанына налыған жігіттер бір сәт ашыла сөйлеген. «Бізге қылмысты ашу мүлдем тиімсіз, – деген еді сонда. – Себебі, қылмысты әшкерелегеніміз үшін біз сыйақы да, шен де алмаймыз. Шеніміз өсу үшін жоғарыдағыларға ақша беруге міндеттіміз. Сондықтан құқық бұзғандарды ақшаға босатып, оны басшылармен бөлісуге мәжбүр боламыз. Сонда ғана шеніміз бен қызметіміздің жоғарылайтынына кепілдік беріледі!» Естіген құлақта жазық жоқ!

Бұл сөздердің қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтау қиын екенін түсінемін. Алайда, есірткі саудасымен айналысатын сығандардың тұратын жері, аты-жөні белгілі бола тұра, олардың жауапқа тартылмайтынын көргенде амалсыз иланасың. Кешкісін тұтқындалған саудагердің таңертең босап шыққанын көзіміз көрген. «Қорғас ісі» деп аталатын әйгілі сот процесінде жауапқа тартылып, жазасын алған 45 адамның екеуі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковниктері болғанын кезінде жазған болатынмын. Соңынан осы «Қорғас» бекеті кімнің иелігіне өткенін де шыққыр көзіміз көрді!

Қаңтар оқиғасы кезінде өкілеттілігі шексіз ҰҚК басшысының «Отанына опасыздық жасады» деген айыппен тұтқындалуы шектен шыққан сорақылық емей немене?! «Ет бұзылса тұз себеміз, тұз бұзылса не себеміз?!»  деген мәтел осындай шарасыздықтан айтылған болар, сірә. Және бұл полиция мен ҰҚК-ге ғана емес, күштік құрылымдардың бәріне қатысты екеніне ешкім шек келтірмейді. Оны қасіретті қаңтар тағы бір айғақтап берді.

Еліміздегі жоғары билік халықпен байланысын мүлдем үзіп алды деген пікір бар. Бұл – ақиқат! 30 жыл бойы жоғары билікте санаулы ғана адамдардың бір креслодан екіншісіне ауысып жүруін немен түсіндіруге болады?! Қазір осы үрдіске тосқауыл қою әрекеті басталғандай. Дегенмен, биліктің үш тармағынан да ежелден таныс есімдерді көріп келеміз. Олардың білім-біліктілігі, атқарып отырған қызметіне адалдығы мен лайықтылығы өз алдына бөлек әңгіме. Соның ішінде көпшілікті аса алаңдататыны, билік мемлекетті құраушы ұлттың тіліне – қазақ тіліне менсінбеушілік танытты. Құжаттардың барлығы орыс тілінде әзірленіп, қазақшасы «Яндекс» аудармасы арқылы жүргізіледі. Және оны ешкім оқымайды да. Бұл қарапайым халықтың қитығына тимей қайтсін.

«Жаңа Қазақстан» құру жолында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы күнге дейін орын алып келген бірталай былықтың бетін ашып, тәртіп пен әділеттіктің үстемдік алуына ықпал ететін нақты қадамдарға барды. Атын атамағанымен, былықтың барлығы бір адамның төңірегіне барып топтасатыны ақиқат. Еліміздегі байлықтың 50 пайыздан астамын иеленіп отырған 162 адамның кімдер екені халыққа әлдеқашан мәлім болған. Жә, онымен құзырлы мекемелер айналыссын. Ал біз, қарапайым халық, жылдар бойы көріп отырдық емес пе?!

Бүгіндері ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жабырқау жүйені, қытымыр қоғамды өзгертіп, жаңа өмірдің тамырына қан жүгіртуге әрекет жасалып жатыр. Конституциядағы өзгерістер, кезектен тыс Президент сайлауы осы бағыттағы әрекеттер екені анық. Дегенмен, жоғарыда айтылған өмір-тірлігіміз бен ой-санамызда төңкеріс жасамай, алға қойған мақсатымызға жете алмасымыз тағы да белгілі.

Ол үшін бір ғана Мемлекет басшысы емес, барша қазақстандықтардың ерік-жігер мен мақсат-мүддесін жұмылдыру қажет-ау. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының осы бағыттағы  жұмыстары әзірге көптің көңілінен шығады. Сөз бен уәде жеткілікті. Енді оны орындау керек. Ақырын күтейік.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ