ЖАМБЫЛ АУДАНЫНАН ЕЖЕЛГІ ТҮРКІ ДӘУІРІНЕ ЖАТАТЫН БАЛБАЛТАС ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 11.11.2022
Оқылды: 2687
Бөлім: ТҮПСАНА

Жамбыл ауданында Оразбековтар отбасының ауласынан ежелгі түркі дәуіріне жататын тарихи жәдігер табылды. Адамның бет бейнесі бейнеленген тас мүсінді жұмысшылар су құбырын жүргізу кезінде кездейсоқ қазып алған.

– Бұл тасты атамыз Еламан сақтаған. Бабаларымыз кезінде оған жылқы байлап, апаларымыз құрт кептіруге қолданыпты. Кеңес өкіметі тұсында жәдігердің құнды дүние екенін білмеппіз, – дейді Шилібастау ауылының тұрғыны Роза Шылғаубаева.

Табылған балбалтастың биіктігі шамамен 1 метр, ені 70-80 сантиметр. Жергілікті тұрғындар тарихи құндылық туралы көп естігенін айтады. Еламан атаның ұрпақтары осы жерге тағы екі балбалтас көмілген болуы мүмкін деп жорамалдайды. Олардың бірі – әйел адам бейнесі болуы ықтимал.

– Балалар бұл тасқа өрмелеп шығып, ойнайтын. Доп ойнаған кезде де қақпа ретінде пайдаланылды. Ол кезде екі тас болған, – дейді ауыл тұрғыны Нұрдәулет Байбосынов.

– Ежелден мұндай балбалтастар қайтыс болған адамдардың қабіріне айрықша белгі ретінде орнатылған. Өкінішке қарай, бүгінде олардың көбі қирап, жоғалып кетті, – дейді «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі бөлімінің басшысы Қуаныш Нұрмақсұтов.

Археологтар тарихи құнды олжаның ежелгі түрік кезеңіне жататын әйгілі балбалтас болуы мүмкін екенін айтқан.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Жамбыл ауданы,

Алматы облысы