Ұлт болашағы – ұлттық тәрбиеде

Уақыты: 09.08.2016
Оқылды: 1588
Бөлім: ТҮПСАНА

Бала – өмірдің гүлі, ата-ананың көз қуанышы, еліміздің болашағы. Сондықтан да қазақ халқы бала тәрбиесіне ертеден-ақ зейін қойып, назардан тыс қалдыр­маған. Шыр етіп дүниеге келген күннен бастап бесікке бөлеп, тазалыққа үйреткен. Баланың денсау­лығы мықты болу үшін оның күтіміне ерекше мән берген. Логикалық ойлау, есептей білу қабілеттерін тұрмыс-тіршілікке сәйкес түрлі ойындар мен сана­мақтар, жұмбақ, есептер арқылы дамытып, дүние­танымын кеңейте білген.

 

Мысалы:

Түйе, бота маң басқан,

Төрт аяғын тең басқан.

Шұнақ құлақ бес ешкі,

Қос лақты қос ешкі.

Төрт қозылы екі қой,

Бәрін бірге ойлап қой, –  де­ген жұмбақ есепті шешу бары­сында бала тек санап қана қой­май, «қанша болса сонша, артық, кем, тең»  ұғымдарымен де таны­сады. Сонымен қатар «Асық ату», «Хан талапай», «Бес тас», «Тоғыз­құмалақ» ойындары бала денесін шынықтырумен қатар тапқыр­лыққа, шапшаңдыққа, жеңім­паздыққа, шешім қабылдау тәріз­ді маңызды құндылықтарды  бойына ойын арқылы сіңіріп, баланың жеке тұлға болып өсіп- жетілуіне зор үлес қосқан.

 Түрлі ертегі, аңыздарды әңгімелей отырып Отанын, елін, жерін қорғауға тәрбиелеген. Алпа­мыс батыр, Қобыланды батыр, Жиренше шешен, Алдар көсе мен Қожанасыр туралы аңыз әңгі­мелер, жыр-дастандар ел тарихы мен жағдайынан сыр шертеді. Мақал-мәтел, даналық сөздер адамгершілікке, ар-ожданын сақ­тауға, имандылыққа, қанағат пен үнемшілдікке тәрбиелейді.

Мысалы: «Адалдық жүрген жер­де, адамдық жүреді», «Жігіт жол­дасынан белгілі»,  «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секі­реді».

Жаңылтпаш пен жұмбақ­тар­ды жаттай отырып баланың логи­калық және лингвистикалық қабі­летін арттырып қана қоймай, тап­қыр­лыққа, шапшаңдыққа тәрбие­леген.

Қазақ халқының мәдени-тари­хи, ұлттық мұрасы – бала бола­шағы үшін құнды мұра. Қазіргі технология дамыған заманда ұлттық тәрбиені  жеткіншек бойы­на сіңіре білген әр ата-ана бала болашағына сенімді көзқараспен қарайтыны анық. Тарихын танып, құрметтеген бала  елдің ертеңін ойлайтын тұлға болып қалып­тасады. Салт-дәстүрін ұмытпаған елдің болашағы жарқын.

Магулсен Болосхан,

Луначарский атындағы орта мектеп-

гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі. 

Жаркент қаласы.