Шаһардағы «Ардагерлер» саябағында соғыс жылдарында шырқалған әндер байқауының «Тағзым» атты ақтық кезеңі өтті. Оған 50 жастан жоғары қала өнерпаздары қатысты.
Есті ән кез келген жанның жүрегіне бірден ұялары анық. Көңіл пернесін дөп басқан ән кеші әсерлі де қызықты сәттерімен есте қалды. Аға буын өкілдері барын сала өнер көрсетті. Көрермен көңілін шалқытып, түрлі аспаптың үнімен Жетісу көгін күйге бөледі. Сахнада Отан, сарбаздар, соғыс кезінде жарыққа шыққан патриоттық әндер шырқалды.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкері Зинят-Буви Сүлейменова аңызға айналған «Катюша» әнін орындап, көпшіліктің көзіне жас ұялатты. Жиналғандардың жанары қуаныш пен қайғы-қасіреттің аралас сезімдерін бастан өткергендерін аңғартып тұрды.
– Әкем соғыстан оралмады, біз оның қайда жерленгенін білмейміз. Біздің отбасымызда бес бала болды. Анамыз жалғыз өзі бәрімізді тәрбиеледі, жетілдірді. Ол далада еңбек етті, ауыр жұмыс істеді, аштықты да көрді. Мен әрқашан ән айтқанды ұнататынмын, суретші болғым келді. Бүгінгі өткізіліп отырған кеш үшін ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамын, – дейді зейнеткер Зинят-Буви Сүлейменова.
Жалпы, шығармашылық байқауда өзіндік тарихы бар 20-дан аса ән шырқалды. Бұл байқауға қатысу үшін 30 өтінім беріліп, олардың тек 23-і ақтық кезеңге жолдама алды. Оның бесеуі ансамбль, біреуі трио және 17 жеке үміткер болып бақ сынасты. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Медет ЖҰМАБАЙ