Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін кеңінен насихаттау мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облыстық департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының қызметкерлері Алмаз Қалибеков пен Жандос Әсембай облыстық қазынашылық департаментінің мемлекеттік қызметшілерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында қатысушыларға мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың талаптары және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыру мақсатында олардың моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру және нығайту бойынша жүргізілген жұмыстар жайлы ақпаратпен бөлісті.
Алмаз Қалибеков мемлекеттік аппарат ішіндегі және мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен, қоғаммен өзара әрекеттесуіндегі қарым-қатынас мәдениеті тұрғысынан мемлекеттік қызметтің негізін қалаушы принциптерін анықтау барысында көбінесе адами қасиеттерге, яғни мемлекеттік қызметшінің моральдық ұстанымдары мен құндылықтарына жоғары мән берілетінін айтты. Өйткені мемлекеттік қызметшілердің бойында дәл осы моральдық ұстанымдардың болмауы түбінде жағымсыз құбылыстарға, құқықбұзушылықтарға, жемқорлыққа алып келеді.
Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілерге адамгершілік бағыт-бағдар беруге арналған. Оның мақсаты мемлекеттік қызметшінің өз жұмысының маңыздылығына сенімділігін арттыру және кодексте көрсетілген барлық қағидаларды сақтай отырып, мемлекеттік қызметтің жарқын үлгісі болғанына мақтаныш сезімін қалыптастыру. Бұл – басқа сөзбен айтқанда, мемлекеттік аппараттағы кәсіби қызметпен айналысуға құқық беретін анттың бір түрі. Осылай ант беру арқылы мемлекеттік қызметшілер кодекс талаптарын бұзу қоғам мен мемлекет тарапынан сын тудыратынын түсінеді. Сәйкесінше, Әдеп кодексі талаптарын қатаң сақтау мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың азаюына ықпал етеді.
Департамент қызметкерлері аталған жиында мемлекеттік қызметшілерге қашықтан жұмысты, қашықтан аралас жұмысты, икемді жұмыс кестесін енгізу мүмкіндіктері, еңбек нормалары, талдау жүйелерді интеграциялау, сондай-ақ, үстеме жұмыс фактілерін болдырмау бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді.
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Жетісу облыстық
департаменті