Ақсулықтар ақынын ардақтады

Уақыты: 20.09.2016
Оқылды: 2719
Бөлім: ТҮПСАНА

Арқыраған ағынды Ақсу тағы бір кемерінен асты. Жағасында ойнаған, ұлы өнерге бойлаған ақынды сағына толқыды. Қиын кезеңде өмір сүріп, қазағына қазыналы жырларын қалдырған шайырды еске алған елмен бірге шалқып, тасты. Оған себеп болған жыр жүйрігі Қуат Терібаевтің 125 жылдық мерейтойына орай Жансүгіров кентінде өткен «Өмір жыры» атты облыстық ақындар айтысы.

Тұйғын ақын атанған Қуат Терібаевтің мерейтойы Ақсу ауданына қарасты Көкөзек ауылындағы ақын ескерт­кі­ші­не гүл шоғын қою рәсімінен бас­­талды. Бабаға құрмет көр­сет­кеннен кейін игі шараның алғашқы сөзін алған аудан әкімі  Әділбек Далбағаев:

– Қадірменді қонақтар мен жерлестер! Ұрпақтың ру­хани тәрбиесінде тарихи тұл­ғалардың түр-келбетін ұрпақ санасына ұялатып, олардың шығармасын наси­хаттаудың маңызы зор. Та­рих­тың өшпес беттерінде өзіндік орны бар семсер сөз­дің сардары, саф салтындай ерекшеленген халық ақыны Қуат Терібаевтің 125 жыл­дық мерейтойына қош кел­ді­ңіз­дер, – дей келе ақынның өмір мен шығармашылғына тоқ­талды.

Сондай-ақ, облыстық «Ала­тау» газетінің бас ре­дакторы, айтыскер ақын Ай­т­а­қын Бұлғақов сөз алып, ке­шегі Сүйінбай мен Жамбыл бас­таған ақындар жайлы, со­лар­дың жолын жалғаған Қуат туралы кестелі сөз, ке­ліс­ті ойын ортаға салды. Со­нымен қатар, шара барысында Қуат ақынның келіні Ажар Сей­сенбаеваға аудан әкімінің сый­лығы табыс етілді. Мерей­той қонақтары Көкөзек ауы­лын­дағы Қуат Те­рі­баев атын­дағы орта мектепті ара­лап, ақын пайдаланған тұр­мыстық зат­тар­мен танысып, мектеп оқу­шылары қойған кө­ріністі та­ма­шалағаннан кейін Жан­сү­гіров кентіне аттанды.

Негізінде, Қуат Терібаев Ақсу ауданына қарасты Ча­паев ұжымшарының жерінде, ке­дей отбасында өмірге кел­ген. Әке-шешесінен ерте қал­ған­нан кейін ақын ағаларын паналап, солардың қам­қор­лы­ғын көп көрген. Аңыз-әп­са­на­лар мен жыр-дастандарды жат­­­тап өскен ол жастайынан жиын-тойларды жағалап, ар­қа­лы айтыскерлермен сөз сайы­сына түсіп ақындық атын шығарған. Оның шы­ғар­ма­шылығымен танысқан Мұх­тар Әуезов «Тұйғын ақын», – деп баға берген. Сонымен қатар, қарымды қаламынан туын­да­ған «Көкөзек», «Ағын­ды  Ақ­су»  және «Өмір жыры» атты кітаптардың авторы.

Халық ақыны Қуат Те­рі­баевтің 125 жылдығына ар­нал­ған облыстық айтыстың шы­мылдығын ақын, Қазақстан Жазушылар және Жур­на­лис­тер одағының мүшесі, об­лыс­тық «Жетісу» газеті бас ре­дак­торының орынбасары Нү­сіп­бай Әбдірахым ашты. Ол:

– Әр бұтасына жыр қо­нақ­таған киелі Жетісу өлкесі де­ген­де есімізге ең алдымен Жам­­­­был жыраудың түсетіні анық. Жыр алыбын ойлағанда оның ізін басқан Кенен Әзір­баев, Үм­бетәлі Кәрібаев,  Қуат Тері­баев пен Қалқа Жапсар­баев сын­ды тұлғалар ойға ора­лады, – дей келе Қуат ақын жай­лы көп деректердің кезде­се бер­мей­тінін, мұндай олқы­лық­тың орнын осындай маз­мұнды шаралардың тол­ты­ра­тынын атап өтті. Одан кейінгі кезекте Айтақын Бұлғақов пен ақсу­лық ақын Бекболат Атам­баев бір-бірін әзілмен қам­шы­лап, қа­ғыта келе Қуат­тай арда ақы­нын еске алып той өткізген ел­ді ақық жыр­ла­рымен ас­пан­ға көтерді.

Бекзат өнерге өңірімізден сайдың тасындай іріктетілген 12 ақын қатысты. Облыстың түкпір-түкпірінен келген ай­тыс­керлер қыз бен жігіт айты­сының тамаша үлгісін көр­се­тіп, баба тойының көрігін қыз­дыр­ды. Айтыста айтылған ой мен қозғалған мәселелердің ау­қымы кеңейіп, айтыскерлер ақын­ның абзал қасиеттері мен өмір жолын ғана емес, ел мен белдің, қоғамның келеңсіз жайт­тарын жырына арқау етті. Сол арқылы жырға шөліркеген ақсулықтардың айызын қан­ды­рып, көрерменді серпілтіп тастады.

Аламанның серті көмбеден көріну болған соң айтысқа түскен ақындар жанын салып, іркес-тіркес сөздерін жау­дыр­ды. Қарсыластың осал тұсын аңдап, сын садағына ілуге тал­пын­ды. Әркім өз әлінше шау­ып, думанға жиылған дүйім елдің ыстық ықыласына бө­лен­­ді. Қазылар алғасының ше­ші­мі бойынша 3 жұп ақтық сын­ға шығып, жеңісті өзара бө­лісті.

Тәуелсіздіктің 25 жыл­ды­ғы аясында Қуат Терібаевтің 125 жылдығына арналған об­лыс­­тық ақындар айтысында өзінің өрнекті жыр, өтімді ойы­мен Ескелді ауданынан кел­ген Алғысбек Дәуен мен қа­расайлық Аяулым Жұмабек жүл­­делі ІІІ орынға ие болып, ау­дандық «Ақсу өңірі» газе­ті­нің бас редакторы Мұха­мет­әлі Қазбанбетовтың қолынан 50 мың теңгелік сыйақы ал­ды. Ал ІІ орынды иеленген тал­ғарлық Арзыгүл Қайың­бек­ті айтыскер ақын Айтақын Бұл­ғақов құттықтап, 70 мың тең­гені табыс етті. Қыз бен жі­­гіттің тамаша айтысын жа­сап, Сара ақынның ізін жал­ғауға тырысқан талды­қор­ған­дық Аягөз Серікқызы І орын­ды иеленді.  Арнайы диплом мен 100 мың теңгелік сый­ақы­­ны ақын Нүсіпбай Әб­ді­ра­хым табыс етті. Ал кешегі Есен­­құл ақынның еле­сін көр­сет­­кен жамбылдық ақын Жал­ғас Садырұлы ай­тыс же­ңі­м­па­зы атанып,  аудан әкімінің орынбасары Сәбит Қор­ған­баев­тың қолынан 200 мың теңге көлеміндегі қар­жы­лай сыйлық пен диплом алды.

Ілияс Жансүгіров жыр ет­кен ағынды Ақсудың арнасы су­мен емес, жырмен толыс­қан­­дай болды. Ерлігіне сай ерім деп көкке көтеретін ел ақын­дығына сай айтыс ұйым­дас­­тырып, Қуат Терібаевті бір ау­натқандай болды. Оған игі ша­радан қуана тарқасқан көр­ер­мен мен ақын ұрпағы дә­лел.

Асыл Сұлтанғазы