Көңілде қалған жыр - бейне

Уақыты: 11.10.2016
Оқылды: 1890
Бөлім: ТҮПСАНА

Қаратал ауданындағы ақынның  балалық шағы өткен Жылыбұлақ ауылына бардық, білім алған мектебінде болдық,  әкесінің көңіл түкпіріндегі өкінішке толы әңгімесін естіп, құлын-тайдай тебісіп өскен достарының естелігін тыңдадық. Мәңгілік мекені болған қабіріне соғып, Құран бағыштадық. Осының бәрінен жүрек тебірентер әсер алып, көкірегімізге көптеген ой түйіп қайтқандай едік. Жазуға отырғанда тұмса тілек түйдек-түйдегімен төгілердей көрінген. Алайда, қолымызға қалам алғанымызда алғашқы арынымыздан жұғым да қалмады. Аузымызға: «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді...» деген сияқты кезекші сөздер орала берген. «Жоқ, айтарымыз бұл емес еді ғой...»  дейміз өз-өзімізді қамшылап. Қайрат жайлы жүрек түкпірінде  айтсам деп жүрген ойларымыз бөлек емес пе еді?! Сондықтан сөзімізді жұптап алу үшін әңгімені басынан бастайық...

Талдықорғандағы «Тамшыбұлақ» әдебиет бірлестігінен Гүлбақыт Қасенқызы телефон шалып, ақын Қайрат Әлімбектің дүниеден өткеніне 10 жыл толуына байланысты еске алу кешін өткізу шаралары қолға алынғанын хабарлағанда қуанғанымыз рас еді.  Қолымызға қалам алып, өлең жазуға талпынып жүрген кезеңнен бастап жанымызға етене жақын, кейіннен әдебиет әлеміне қатар ұмтылған, журналистика саласында әріптес болған замандасым әрі досым Қайраттың бейнесі көңілімізде көмескіленген емес. Мұқағалиға ұқсаған тау тұлғасымен алшаңдай басып, қыстың қытымыр аязында да маңдайынан бұрқыраған терді  алақанымен сыпырып тастап, жайраң қағып жүретін осы бір дарынды ақын, адал жан бір менің ғана емес, өзін танитын барша жұртшылықтың ықыласына бөленгеніне кезінде тәнті болғанбыз. Әттең, жарық дүниедегі ғұмыры тым келте болды. Қапияда болған жол апаты жүрегі дарқан, жаны жомарт, мәрт азаматты арамыздан алыстатып, беймәлім дүниеге алып кете барған.  Ал былтыр оның әдеби мұраларына қамқорлық танытып, шығармаларын халыққа жеткізуге мұрындық болып жүрген жан жары Қуаныштың да дүниеден озғаны жайлы хабар жетті. «Орнында бар оңалар» дегендей, артында қалған ұрпағының амандығын тілеуден басқа амал қалмады бізде.
Қайрат досымыздың әруағы алдындағы парызымызды атқарайық деген мақсатпен  белгіленген күні Талдықорғаннан табылғанымыз да содан еді. Айтылған мерзімде облыс әкімдігі алдындағы алаңға ақындар да жинала бастады.  Олардың қатарында Қайратпен үзеңгілес бір университетте білім алып, кейін бір басылымда  еңбек еткен «Жетісу» газеті редакторының орынбасары, ақын Нүсіпбай Әбдірахым, өлең мен өнердің жанашыры, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова, ақынның шығармашылығын бағалап, өнеге тұтатын жетісулық қаламгерлер Сағыныш Намазшамова, Ерлан Жүніс, Есболат Айдабосын, Ажар Ерболған, Мағрипа Сандуғаш, Сәрби Әйтенова, Торғын Тұрлыбековалар бар еді. 
Талдықорғаннан келген ақындарды Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Күлпәш Байтасова, осы өлкенің тарихын таразылап жазып жүрген көсемсөз шебері Қараша Қараман, Жексенбек Солтанбеков, аудандық «Қаратал» газетінің  редакторы, прозалық шығармаларымен жұртшылық назарын аудара бастаған Асхат Өмірбаев, «Бастау» газетінің редакторы Сарқыт Сәрсенқұлқызы және өзге де аудан азаматтары қарсы алып, Жылыбұлақ ауылына бастады. Мұнда ат басын алдымен Қайрат жерленген қабірстанға бұрғанбыз. Ауыл шетіндегі қыратқа орналасқан бұл қорымға ақынды жерлеуге келгенбіз. Енді, міне, араға он жыл салып, қайта соғып отырған жағдайымыз бар. Осы тұста бойымызды екіұдай сезім билегені де анық.  Бір жағынан арыстай азаматтың бір шөкім топырақтың астында момақан қалпы жатқаны көңілімізді құлазытса, құдіретті поэзиясы арқылы әлі де қалың жұртшылықтың жадында сақталуы, осыншама жанның арнайы келіп Құран бағыштауы ақын рухының әлі де бізбен бірге жүргенін түйсіндіріп, қанағатшылыққа шақырған.
Қайрат оқыған мектептің ұжымы аталған шараға жақсы дайындалғаны аңғарылады. Ал мектеп мұражайы бүтіндей ақынның өмірі мен шығармашылығына арналыпты. Бұл жерде Қайраттың мүсіні, ол тұтынған заттар, төл туындылары мен белгілі қаламгерлердің қолтаңба жазып берген кітаптары, түрлі естелік суреттер өткен күннен сыр шертетіндей. Бұл жәдігерлер әлгінде қойып кеткен жерінен өзі келіп қайта алатындай әсер қалдырады екен. 
Еске алу кешін ашып, жүргізіп отырған ақын Гүлбақыт Қасенқызы Қайрат Әлімбектің  сырлы өлеңдерінен үзінділер оқи келіп, алғашқы сөз кезегін Нүсіпбай Әбдірахымға берді. Қайрат жайлы айтқанда Нүсекеңнін еске түсірер естеліктері мол екені ежелден белгілі. Әл- Фараби атындағы университеттің журналистика факультетінде қатар оқып, өлең өлкесіне бірге із салған жалынды жастар еді олар. Сол кезде армандарын алау етіп, әдебиет көгіне қанат қаққан Бауыржан Омаров, Бауыржан Үсенов, Светқали Нұржанов және өзге де көптеген азаматтар кейін танымал тұлғаларға айналған. Нүсіпбай осы жайлы әңгімелей келіп, Қайраттың жеке қасиеттеріне де тоқталып өтті.
«Атам дегізсе дегізсін, ботам дегізбесін!» – дегенді айтқан қазақ  қашанда жастардың қазасын табиғатқа қайшы санаған ғой. Алайда, Алланың жазуына не шара?! Бүкіл ғұмырын мал шаруашылығы саласын дамытуға  арнап, бүгіндері еңбегінің зейнетін көріп отырған ақынның әкесі Әбдіраман қария: «Бүгінде мен Қайратты жоқтап сөйлеп тұрмын, негізінде Қайрат мені жоқтап сөйлесе дұрыс болар еді!» – дей келіп, ұлының рухына бас иіп, аруағына Құран бағыштап отырған жұртшылыққа әкелік алғысын жеткізген. Сөз кезегі бізге келгенде қатар жүріп, жасы кіші болса да қамқорлығын аямаған адал да дарқан досым турасындағы көңілде жүрген біраз жайларды мен де баяндадым. Қай жерде қызмет жасаса да ақындар мен өнер адамдарын қолдап жүретін Гүлсара Тастандықызы да ақын Қайрат, журналист Қайрат  жайлы жылы естеліктерін ортаға салды. Қараталдың қалам ұстаған азаматтары, Қайраттың тырнақалды туындыларына куә болып, әрбір сәтті қадамына қуана қол соққан Қараша Қараман ақын есімін ұлықтау бағытындағы нақтылы ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, осындай еске алу кештерін Талдықорғанда өткізу, ақынның шығармаларын жинақтап,  топтама етіп шығару, өзі оқыған мектепке Қайраттың есімін беру, ақын жайлы бейнефильм түсіру көп созбалаңға салмай атқарылуы тиіс шаруалар болса керек.  Сол сияқты қараталдық атпал азамат Жексембек Солтанбеков, бірге оқыған досы Жоламан айтқан әңгіме жұртшылыққа ақынның өзге де қырларын ашқандай болды. Бастауыш сыныптың мұғалімі Төкен Немеребаева апай болса төртінші сыныпта Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романын оқып тауысқан Қайраттың әдебиетке бала кезінен ерекше құштар болғанын, оның өлеңге келуін заңдылық деп ұғатынын жеткізді.
Жылыбұлақ орта мектебінде еңбек  ететін ақынның туған қарындасы Айсұлу Әбдіраманқызы барлық ұстаздар қауымы атынан сөз алып, Қайраттың өлеңдерінен оқушылар дайындаған әдеби қойылымды жұртшылық назарына ұсынды. Еске алу кешін аудан әкімінің орынбасары Күлпәш Ізмұханқызы қорытындылап, шараны ұйымдастыруға атсалысқан, ақын рухын ардақтап әр қиырдан арнайы келген қонақтарға жұртшылық атынан алғысын жеткізді. Соңынан халқымыздың ежелгі дәстүрі бойынша  Қайратқа арналып ас беріліп, Құран бағышталды.
Өмірде өлеңнен де өзге маңызды дүниелер бар екені анық. Алайда, «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын!» дегенді айтқан қазақ әрқашан ақындарын ардақ тұтқаннан жаңылған емес. Осы жолы, Қайрат Әлімбектің ауылы – Жылыбұлаққа барған сапарымызда оған көзіміз жете түскен. Халықтың қаламгерге деген мұндай құрметін көріп өскен жас ұрпақтан Қайрат сынды талай ақын шығар әлі деген үкілі үмітті үлбіретіп, қош көңілмен қайтар жолға түстік!

Қуат Қайранбаев