Айтыстың алтын діңгегі

Уақыты: 02.06.2016
Оқылды: 3288
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақтың айтыс өнері – Жаратқан Алланың берген сыйы. Мұндай нығмет әлемнің өзге елдерінде жоққа тән. Шымыр шумақ пен тапқыр әзілді орайластырып, ойындағысын ашып айту сайын даланың сағым жүзген келбетінен сыр аулаған Алаш баласының маңдайына жазылған ба­қыт.

Себебі, ана тілдің мәйегін мәңгі өлместей етіп сақтайтын жалғыз құрал – халық әдебиеті. Ал ана тіліне құрметпен қарайтын әрбір адам үшін айтыстың алар орны ерекше. Қиыннан қиыстырып, алыстан тербелген асыл ойды тыңдаушысына ұсынған талай-талай айтыс­кердің есімі алтын әріппен жазылып, келешектің мұрасына берілуде. Ондай ұлағатты ғұмыр, өнегелі өмір иесін іздестіру, біртуар жанның шығармашылығымен танысу, айтқан әрбір сөзі мен салмақты ойын паш ету бүгінгі ұрпақтың еншісінде. Сондықтан да биыл туғанына 90 жыл толып отырған Әбікен Сарыбаев жайлы алғаусыз көңілмен жазуға тиістіміз. Өткен ғасырдың 1961 жылы қазақтың айтыс өнері қайта тіріле бастаған тұста сөз зергері Ғабит Мүсіреповтен зор баға алған Әбікен Сарыбаевтың айтыстағы алымдылығы мен шалымдылығы кімді де болса бейжай қалдырмайды. Сол себепті, дүниеге келгеніне ғасырға жуық уақыт өткен асыл азаматты айтыс атты ақық сарайдың белағашын көтерген алтын діңгегіне теңеп отырмыз.

 

Атасы жақсы қандай-ды...

Жалындаған 25 жасында айтыс майданына араласып, өнер, мәдениет қайраткерлерінің зор бағасына ие болған Әбікен ақын 1926 жылы көктем мезгілінде қазіргі Кербұлақ ауданына қарасты Қосағаш ауылының төбесінен төніп тұрған Қайрақты деген жайлауда туған. Жетісудің көрікті жерінің біріне жататын Қайрақты жайлауы – айналасын биік таумен қоршаған, қалың қарағайы беткейін жапқан, жылғасындағы бұлағы сылдырап аққан әсем мекен. Балалық шағы Аралтөбе, Бірлік ауылдарында өткен бала Әбікен артельдің 4 сыныптық мектебінен сауат аша жүріп, кешкісін ауылдың қарттарына қисса-дастандар оқып береді. Сөйтіп ауыз әдебиетінің асыл мұрасы – дастандар санасында жатталып жатқанын аңғармаған бала жүрек бойындағы өнерге деген құштарлық осылай ашылса керек.

Атасы Сарыбай күллі Күреңбелге белгілі, ел ішінде әулие атанған адам. Өйткені ашаршылықтың ауыр күндерінде жоқ-жітікті аңшылықпен асырап, диқаншылықты дамытқан. Соғыс жылдарында Аралтөбе ауылындағы жалғыз мектепке Бірлік ауылының балаларын ат-шанамен ертелетіп жеткізіп, сабақтан соң үйіне әкетіп, оқимын деген талай жастың арманына сеп болған. Сарыбай қарттың шанасына отырып, орта мектептен тәлім алған бірталай бала бүгінгі күні ғалым, академик атанып, Алматы қаласына тұрақтанып қалды. «Елге болсын» деген жалғыз тілекті ту еткен Сарыбай қарт кіндігінен ерген жалғыз ұлын бетінен қақпай өсіріп, адамның ала жібін аттамауға үйретті. Соның арқасында 4 сыныптық мектепті ғана бітірген Әбікен білімге бас қойып, шығыс шайырларын, қазақтың «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Қамбар батыр», «Орақты батыр» жырларын санасына сіңірді. Шығыс шайырларын, оның ішінде Омар Хаям шығармашылығын биік қойды. Діни қисса-дастандарды жатқа айтатын. Соның бәрін домбырамен сүйемелдеп, орындап ауылдас-жерлестерінің батасын алып, ризашылығына бөленетін. Қазіргідей технология атаулы жоқ заманда халықтың рухани сұранысын қамтамасыз еткен Әбікен ақынның бұл қадамы ерлікке пара-пар, марапатқа лайық. Шындығында заманның талабы – білім жетілдіру екендігін жақсы ұғынған Әбікен ақын бастауыш мектептің білімін толықтыру үшін өздігінен ізденіп, елімізде шығып жатқан кітап атаулыны қалдырмай оқи түседі. Осындай ыждахаттылықтың пайдасын кейіннен айтыс өнері қайта жанданған тұста көрді. Алғаш өткізілген республикалық айтыстарда озық шыққан Әбікен Сарыбайұлы Қалқа Жапсарбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Кенен Әзірбаев сынды халық ақындарының көзіне тапқырлығымен, айтқыштығымен түседі. Соның арқасында оларды өзіне ұстаз, тәлімгер тұтып:

– Ұстазым Қалқа менен Үмбетәлі,

Өзіме тірі жанның келмес әлі, – деп қарсыласын бірден тықсырып алатын ақын кейіннен талай айтыстың көркін қыздырып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Әбікен ақынның өмір бойы бес уақыт намазын қаза қылмаған атасы Сарыбайдың көз тиіп, тіл тигенді емдейтін қасиеті болыпты. Сол қасиетін ұлының бойынан көргісі келген ақсақал көп үміт етіпті. Алайда жастайынан өлеңге, жырға жақын болған Әбікен 1937 жылы 11 жасында жездесі болып келетін Әзіқан Қасымбековпен айтысады. Сол арқылы ақындық қырын ұштай түседі. Ал оның айтыстағы алғашқы қарсыласы, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алған орденді ұстаз Әзіқан Қасымбеков кейіннен «халық жауы» аталып түрмеге қамалған. Сәбит Мұқанов, Хамза Есенжанов сынды қазақтың марқасқа қаламгерлерімен дос болған жан. Бірнеше кітаптың авторы, республикалық басылымдарда еңбек еткен Әзіқан осылай Әбікеннің тұсауын кесіп, айтыс әлеміне жол сілтейді.

Арғы атасын қуар болсақ, жалпақ Жалайырға белгілі Орақты батыр, ел арасында Қызыл би атанған Бөдеске барып тіреледі. Одан берідегі Сарыбайдың әкесі Бердібектің әйелі Өлмесек сол өңірге белгілі сөзге шебер, ел басқарған ана атанған. Зираты Малайсары тауының биігінде жатқан әженің тәрбиесі, атаның қаны арқылы келген ақындық Әбікеннің бойына осылай қонған-ды. Жас күнінде беліне жібек белбеу байлап, серілік құрғандығы тағы бар. Оның үстіне жары Рәзиха ерінің ақындық қасиетінің асқақтауына қолдау көрсетіп, шиеттей балаларымен тіршіліктің қамытын қайыспай тартады. Сол арқылы елдің алдында жүрген ері Әбікенді шөп шабу, мал жайғау, отын-су тасу, қонақ күту секілді үйдің таусылып болмас күйбеңіне араластырмаған. Ауылдық кеңестің Қызыл отауында, аудандық мәдениет бөлімінде жұмыс істеген Әбікен жаз шықса жайлау аралап, қыс түссе клубта өнер көрсетіп жүреді. Малшы қауымның көңілін көтеріп, тау-тас кезетін ерін ақын атандырған жары 53 жаста қайтыс болып, ауыр қайғы Әбікен ақынды есеңгіретіп кетеді. Ол жайында:

– Ақын болып жүргенім сенің арқаң,

Он бесімде қосылған сүйген қалқам.

Көтеретін назымды өзің жоқсың,

Өтер ме екен енді күн жалтаң-жалтаң?! – деп өлең жазды.

Әдеби қорға қосылған мұра

Қазақ әдебиеті атты алып мұхиттың қоры ел ішіндегі өнерпаздардың мұрасымен толығатыны белгілі. Оған үлес қосу әрбір талаптының қолынан келеді. Халық ауыз әдебиетін ұлттық қорға жаздыруға көмек көрсеткен Әбікен Сарыбаевтың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Қаршадайынан жыр-дастандарды жатқа айтқан ол жыршылықты жанына серік еткен-ді. Ел аузында жүрген көптеген айтыстарды жатқа соққан ол 1984 жылы «Алатау» телеарнасына өз аяғымен барып, Бақтыбай ақын мен Тезек төренің айтысын таспаға түсірткен. Бүгінде сол бейнетүсірілімді іздестірген жан жоқ.

Шыны керек кезінде бүкіл бір өңірдің абырой-беделі үшін айтысып, Талдықорған облысының атынан жыр құраған Әбікен Сарыбаевты елеусіз қалдырған жайттар да болыпты. Әсіресе, әйелі Рәзиха қайтыс болған соң тіршіліктің тауқіметіне тап болған ақынды ескерусіз қалдыру «өлмесең өмірем қап» деген жаман пиғылмен тең еді. Сол тұста ақынмен жүздесіп, ғибратты әңгімесін естіген белгілі айтыскер Айтақын Бұлғақов былай дейді.

– Мені айтыс өнеріне баулыған екі бірдей ұстазым болды. Оның бірі туған ауылымнан түлеп ұшқан, небары 30 жыл ғұмыр кешкен Әсет Керімбаев болса, екіншісі Жетісудың жеті ақынының бірі де бірегейі саналған Әбікен Сарыбаев. 1978 жылы Кеңес өкіметі құлағанға дейін, көпшілік құдайдай көріп: «Үйімізде, төрімізде портреті тұрған кім, Бұл Ленин бабамыз, Бұл Ленин данамыз» – деп еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін табынған күн көсемге арналған Талдықорған облыстық айтысы өтті. Мұрты жаңа тебіндеген бозбала кезім, ұстазым Әсет Керімбаев Әбікен Сарыбаевпен айтысатын болып, қасына ертіп жүрді. Ол жылдары Панфилов пен Кербұлақ аудандары бір-бірімен социалистік жарысқа түсіп, ауыспалы Қызыл Ту үшін қызыл кеңірдек болып жататын. Әсет пен Әбікен арасындағы айтыс әрі тартымды, әрі қызықты өтті. Онда жетістік мадақталып, кемшілік сын тезіне алынатын. Осы жыр бәсекесінде Әбікен бірінші, Әсет екінші орынды олжалады. Содан бастап Әбікен ағамен жиі-жиі хат алысып тұрдым. Марқұм: «Маған Қалқа Жапсарбаев 18 жыл ұстаздық етті, айтысқанда қарсыласты бірден бас салмай, мадақтап отырып, ішіне кіріп алып, іштен шал», – дей-тұғын. Әсеттің де, Әбікеннің де мінезі қиқар, қызуқанды, айтқанынан қайтпайтын, ұстаса кетсең орақтай орып түсетін өткір еді. Әсілі адамның туабітті мінезі дейміз ғой, сол мінез ұстаздан шәкіртке де жұғысты бола ма деймін?! Қалқа Жапсарбаевтың көзін көрмедім, бертінде ақын Сәкен Иманасов ағамен ақындар жайлы әңгімелескенде ол кісі бір кездері айтысқа түскенін айтып: «Қалқа ақынды көрдім, тұрымтайдай ғана қиқар шал екен. Тілі тотияйындай», – деген еді. Сол қиқарлық Әбікен Сарыбаевқа, одан Әсет Керімбаевқа, одан маған жұқты. Бұл кертартпалық емес, айтыстағы сахналық мінез десек болады. Әбікеннің айтыстағы мәнері, сөз саптасы, қиыннан қиыстыруы ерекше, сатиралық тілмен шымшып, мақтағанда майдай ерітіп жіберетін қасиеті бар еді.

Жалпы айтыс ақындарына мәдениеттің құлағын ұстап, қазанын қайнатқандар қай уақытта да аса көңіл бөлмей келеді. Көкшетаулық Көкен Шәкеев, семейлік Қалихан Алтынбаев, қызылордалық Манап Көкенов, Алматы облысынан шыққан Әсемхан Қосбасаровтар «Халық ақыны» атағын алғанда, осы құрмет олардан кем соқпайтын Әбікен Сарыбаевқа бұйырмады. Тек облыстық мәдениет басқармасының сол тұстағы бастығы Егеубек Далбағаев берген «Талдықорған облысының бас ақыны» деген мөр басылған куәлігі ғана болды. Атақ-дәрежеге келгенде қатарынан қалып қойған ақынның іші қазандай қайнап, кітап шығаруда нешетүрлі кедергіге кезікті.

1987 жылы Алматы, Талдықорған, Гурьев, Оңтүстік Қазақстан облыстарының мәдени күндері Алматы қаласында өтті. Менің де «Қазақрадиосы» арқылы айтысқа түсіп, жүлделі орын алған, сол арқылы күллі республикаға танылып, ел аузына іліге бастаған кезім. Сол жиынға шақырылып жолға шықтым. Жол-жөнекей: «Әбі­кен Сарыбаев өмірден озыпты», – деген суық хабарды естідік. Малайсарының тұсына келгенде: «Қабірің жарық болсын, алдаспан ақын?!» – деп бет сипап, Алматыға кете бардық. Барған соң ауылшаруашылық институтының жатақханасына орналасайын деп жоғары көтеріліп бара жатсам, қолында сүйенген таяғы бар «өліп қалды» деген Әбікен Сарыбаев алдымнан шыға келді.

– Ойбай, аға, мың жасайды екенсіз, сізді «өліп қалды» деп естіп, қара жолдың бойындағы қабірге білген дұғамызды айтып, бет сипап келіп тұрмыз, – десем ыржиып күледі.

– Бұлар мені өлтіре алмай жүр, осылардың кесірінен қан қысымым көтеріліп, бір аяқ, бір қолдан айырылдым. Сүйретіліп жүріп, Жазушылар одағынан биыл шығуы тиіс кітабымды білмек болып барсам, әлі де шығар-шықпасы белгісіз, сиырқұймышақтанып тұр, – деп күйінішін жасыра алмады. Қасында аудандық «Кербұлақ жұлдызы» газетінің редакторы Бақыт Әлімов бар.

Әбікен тек айтыскер ғана емес жыршы, термеші, әрі жазба поэзияны жетік меңгерген ақын болатын. Екеуара хат жазысып, амандық білісіп тұратынбыз. Маған жазған хаттарын кезінде мұражайға өткізгем. Қазір соның жұрнағы да қалмапты. Бір айтыстан жеңіліп: «Енді айтысқа шықпаймын!», – деп ашумен хат жазғанымда мені жұбатып: «Ақын жеңілмейді, оны күтіп-баптай білмеген елі мен ері жеңіледі», – деген өсиет сөзі бар еді.

Жалпы, Әбікен Сарыбаев қана емес, сол тұста талдықорғандық айтыскерлерді ешкім елеп-ескермеді. Айтыс болады деген сөз шыққанда бірін қызылша суғарып жүрген жерінен, екіншісін, жайылымнан, үшіншісін, қызыл отаудан, не болмаса автоклубтан алдырта қоятын.

Көзін көрген, көкірегін керген күйінішін тыңдаған Айтақын Бұлғақовтан асырып не айтуға болады?! Расында ер еңсесінің еңкіш тартуы еліне сын екендігін ақын ашып айтыпты.

Иесіне жетпей қалған хат

Кеңестік қызыл идеология халықтың әдеби-мәдени мұрасын жоюмен қатар бас көтерер азаматтарын итжеккенге айдатып, аттырып, тұқымын тұздай құртқанын өз көзімен көрген Әбікен Сарыбаев іштен тынғаны анық. Себебі, ел мен жердің тұрмыстық ахуалынан бастап, рухани құлдырауына дейінгі зорлықпен жасалған құбылыстар көз алдында өтіп жатты. Бала күні аштыққа дөп келген ақынның кейінгі репрессияның дүмпуін білмеуі мүмкін емес. Сол себепті болар көп нәрсені өлеңінде жасыра, астарлай айтты. Бірақ әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейінгі ахуалды жақсы білгендіктен Әбікен ақын 1986 жылы Қонаевты орнынан түсіріп, ел-жұрттың қарғысын алған Колбинге өлеңмен хат жолдайды. Онда не айтылғаны, қалай жазылғаны белгісіз. Бір анығы хатқа бола күллі облыс басшылығы бір дүрліккені. Оны кенже ұлы Серік өз көзімен көріпті.

– Аудандық «Кербұлақ жұлдызы» газетінің бас редакторы болған Бақыт Әлімов бір естелігінде: «1986 жылы Колбинге жазған хатын көрдім. Ішінде өрескел сөздер көп еді, Әбекеңді бір құдай сақтады ғой», – деп жазады. Осы оқиғаның біздің есімізде қалуының бір себебі, сол кездегі облыс, аудан басшылары Малайсарыдағы біздің үйге келгендігінде болса керек. Шағын ауылға қаздай тізілген ақ шаңқан «Волгалардың» сап түзеп кіріп келуі ешкімнің есінен оңайлықпен шықпайды. Сонда хаттың сыртындағы конвертін тастап кетіпті, ішіндегі мазмұны жоқ. Басшылықтың не айтқанын, не дегенін естіген жоқпыз. Бірақ маңдайдан сипайтын сөз айтпағаны белгілі. Сондықтан әкемнің турашылдығын, бетке айтқыштығын ұдайы мақтан тұтамын. Тіпті, әкемді пір тұтамын деп айта аламын. Себебі, тағдырдың ауыр тепкісіне төтеп беру екінің-бірінің қолынан келмейді. Қазақтың: «Орта жолда атың, орта жаста әйелің өлмесін» – деген сөзі бекер айтылмаса керек. Сондай ауыртпалыққа қарамастан өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған әкем біз үшін үлгі болды. Анамыз қайтқанда мен 6-7 жастағы ойын баласымын. Кейде балалармен ойнап кеткенімде әкем домбырасымен сырласып, қисса-дастандарды қайталап айтып, термеге айналдырып жатады. Одан қала берді кітаптан бас алмайды. Сонда біз оқысын дегендей, кей кітаптың қызықты жерін қарындашпен белгілеп қоятын. Аса қызғылықты тұстарын дауыс­тап оқытып, мазмұнын сұрайды. Соның бәрі, бүгін ойлап қарасам бізді оқуға, білім алуға талпындырғаны екен. Әлі күнге ауылға бара қалсам кейбір қарт кісілер танып: «Айналайын, Әбікеннің баласысың ба? Әбекеннің жақсылығын, шарапатын көріп едім», – деп жатады. Соған іштей шүкірлік айтамын. Ондайды қазекең: «Әкең өлсе өлсін, әкеңді көрген өлмесін» – демей ме?! Сондай қариялардың ықыласын көргенде көңіл босап, артында біз секілді ұрпағы қалғанына шүкір дейміз.

Иә, 1986 жылғы желтоқсандағы жастардың отаншыл, мемлекетшіл қадамы КСРО басшылығы тарапынан ауыр сынға алынып, күллі 15 республикаға теріс таныстырылғаны белгілі. Алайда жасы алпысқа келген қарт ақын азаттықты аңсаған ұл-қыздардың әрекеті дұрыс екендігін жүрекпен сезінсе керек. Қолында билігі бардан қағажу көріп, «көзім тіріде бір кітабым басыла ма?» деген үміті де үзілген ақын ашуын хат-жырға айналдырып, ҚазКСР-нің Бас хатшысына жолдауға бекінді. Бейбіт замандағы ерлікпен тең осы қадам әлі күнге дұрыс бағаланбай келеді. Іргесі іри бастаған қоғамның дертін танып, өлеңге айналдырған Әбікен Сарыбаевтың қадамы шындығында ерекше атауға тұрады. Өз кіндігінен тараған, қаршадайынан қасына алып, тәлім-тәрбие берген ұлы Серік бүгінгі күні еліміздің ақпараттық кеңістігіне кеңінен танымал журналист. Жақында ғана әлеуметтік желілердің біріне әкесінің жазған хаты салынған конвертінің суретін жариялады. Иесін таппаған хаттың дүмпуі осылай мәшһүр болды.

Адам ұрпағымен бақытты

Биыл туғанына 90 жыл толатын Әбікен Сарыбаевтың есімін қазіргі жастар біле бермейді десек артық айтқандық болар. Дегенмен, жаппай таниды деп тағы айта алмаймыз. Өйткені ақын есімін кейінгіге үлгі ету мақсатында 1996 жылы Үкімет басшысының қаулысымен Сарыөзек кентіндегі бір көше мен Мәдениет үйіне Әбікен Сарыбаев есімі беріледі. Оған мұрындық болған КСРО Журналистер одағының мүшесі Бақыт Әлімов. Бүгінде бақилық болған Бақыт Әлімов Әбікеннің туған інісіндей болып кеткен сыр­ласы еді. Кейде: «Мен Әбікеннің тұңғышымын, үлкен ұлымын», – деп жымиятын.

1991 жылы Әбікен Сарыбаевтың атында айтыс өтеді, сол сөз додасында суырылып шыққан қара бала қазірде республикаға танымал ақын Балғынбек Имашев. Ал ақынның 70 жылдығына орай 1996 жылы Сарыөзек кентінде үлкен жиын өткенде Айтақын Бұлғақов бастаған айтыс ақындары Күреңбел өңірін ән мен жырға бөледі. Ендігі міндет ақынның 90 жылдығын лайықты деңгейде өткізіп, ең құрығанда облыстық дәрежеде ақындар айтысын жасау. Осы мақсатта жұмыс істеп жатқан Серік Әбікенұлы бүгінде «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары. Бұған дейін еліміздің «31 арна», «Алматы» сынды бірқатар телеарналарында еңбек еткен, «Парасат» республикалық саяси-мәдени журналына да басшылық ететін қарымды журналистің әке мұрасын жинастырып жүрген жайы бар. Аналары Рәзиха қайтыс болғанда артында қалған 8 бала бүгінде өскен, өнген. Әрқайсысы өздері сүйетін мамандықты меңгеріп, әр салада еңбектеніп жүр. Қыздарының көпшілігі педагогтар. Ең үлкен қызы Алтын бақилық болған, одан кейінгі қызы Күміс 35 жыл қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиелесе, Әсия есімді қызы физика-математика пәнінің мұғалімі, Алтынгүл мектепке дейінгі дайындық саласында еңбек етіп жүргенде қайтыс болды. Жалғыз мәдени-ағарту саласында оқыған қызы Анардың ән айтатындығы бар еді, тұрмысқа шыққан соң қойған. Сарыөзек кентін мекен еткен үлкен ұлы Әсибай ішкі істер саласынан зейнетке шыққан. Қыздың кенжесі Бақытгүл Талдықорғанда дәрігер. Әдепкі жайларда айтылатын «адам ұрпағымен бақытты» деген жалғыз ауыз тәмсіл Әбікен Сарыбаевқа арналғандай. Себебі, балаларының түгелдей жоғары оқу орнын бітіруіне күш салған ақын қолынан қаламын тастамай, көңілін тербеген тақырыптарды ашуға тырысты.

Кербұлақ аудандық газетінде ұзақ жылдар бойы редакторлық атқарған Бақыт Әлімов 1993 жылы Әбікен Сарыбаевтың «Заман-ай» атты жыр жинағын шығарады. Жинаққа өлеңдері мен толғаулары, Қалихан Алтынбаев, Көкен Шәкеев, Асылақын Қалиев сынды жүйріктермен айтысқан айтыстары енгізілген. Сондағы шағын ғана «Адаммын» атты өлеңінде адамдықтың қыр-сырын ашуға, пенделіктің құпиясын тануға тырысады.

Адаммын,

Жүрек таза ақша қардай,

Еңбексіз отырам ба әнге салмай?!

Бақытты, алтын арай заманыңда,

Жағаңды өскен жақсы кiр шалдырмай, – дейді заманы қандай болмасын адалдықтан танбаған әділ жандардың бет-бейнесін меңзеп. Өлеңдерінің бәрінде бойындағы шыншылдықты, туралықты анық көрсеткен ақынның арманы бойындағы қарым-қабілетінің күшін танытып, өмірдің өтпелі екендігін айтатын халықтық танымды қайтара бір жаңғыртады, қайтара бір жандандырады. «Арманым» деп ат қойған өлеңі төкпе ұйқаспен, айтысқа тән шумақпен жазылған. Онда дүниенің шолақ, адам ғұмырының қысқа екендігі айтылады. Өзекті адам елдің санасынан ұмытылатынын, айтылған асыл сөз ғана, даналыққа толы ғұмыр ғана өлмейтіндігін еске салады.

О, жалған, ұзақ емес өмiр деген,

Өмірді көргенiм жоқ тегiн келген.

Қысқа жiп шешiлместей түйiн болып,

Бір күні қоштасармыз өмірменен.

Арманым көз жұмсам да болмас едi,

Өлеңiм бірге сүрсе елiмменен, – деп асыл арманын бірауыз өлеңге сыйдырады. Сондықтан да мәңгілікке мұра болып қалуды ойластырған ақынның халықпен бірге жасайтын өлең жазуы заңды құбылыс. Ал оның сырын ашып көрсету, құпиясын тұспалдай тану әдебиетші ғалымдардың еншісінде.

ТҮЙІН:

Айтыс та адам өмірі секілді, шырқау шақтары мен құлдырау сәттері болады. Айтыс аламаны қиқулай шапқан сан мықтының адалдығына, әділеттілігіне шыдас бергенде ғана көріктене түседі, көркейе береді. Оған өң беру, әр салу тумысынан айтыс үшін жаралған өрендерге тиесілі. Көзінің тірісінде айтыстың алтын діңгегіне айналып, қарсыласының ыстық ықыласына және халықтың пейілді құрметіне бөленген Әбікен Сарыбаев 1988 жылы 11 қарашада көз жұмды. Оның артында ел ұмытпайтын жалғыз ауыз сөзі жаңғырып қала берді. Шәкірті Айтақын Бұлғақовқа жазған бір хатында: «Далбағаевқа айт, ақын жеңілмейді, дұрыс баптамаған халқы мен ері жеңіледі. Осы жағын ұмытпа. Кездескенше қош. Сәлеммен қарт ақын, қайтпас Әбікен Сарыбаев» деп түйіндейді. Шындығында осы бірауыз сөз оның жеңілмегенін, керісінше, жұлдызы жарқырап, биікке көтерілгенін көрсетеді.

Мәди Алжанбай