ОНОМАСТИКА: ЖЕР-СУ, КӨШЕ АТТАРЫН АУЫСТЫРУҒА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 01.03.2020
Оқылды: 3225
Бөлім: ТҮПСАНА

Тәуелсіздік алғалы бері тарихымыздың түрен түспеген беттерінде ғасырлар бойы жасырынып келген жауһар дүниелеріміз қазыналы қамбамызға қосылды. Рухани жаңғырудың нәтижесінде өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Түп тарихымызға жат дүниелер біртіндеп ысырылып, оның орнына рухымызға қуат берер құндылықтар көптеп көрініс бере бастады. Ономастика саласы бойынша көптеген көмескі, таптаурын әрі ұлттық танымымызға жат сөздер өзгертіліп, оның орнына ұлы тұлғаларымыздың есімі мен қазақы атаулар қойылып келеді.

Дегенмен, қарапайым халықтың талап-тілектері уақыт сырғыған сайын көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Бұл бір қарағанда қуанатын жайт болғанымен, көпшіліктің ономастика саласының құзыреті мен қызметі туралы түсінігін тереңдету мақсатында бірқатар мәселеге тоқталып өтуді жөн деп көрдік.

Елді мекендер мен көшелердің атауын өзгерту үшін, ең алдымен, жергілікті тұрғындардың пікірі ескеріліп, ол жиында талқыланып, бірауыздан қолдау тапқан жағдайда жергілікті атқарушы органдар ауданға, аудандық әкімдік заңнама талаптарына сай ұсыныстарын облыс әкімдігіне жолдайды. Ол талап-тілекті тиісті ономастика комиссиясы жіті қарап, зерделеп, заң талаптарына сай келген жағдайда тиісті қорытындысын шығарады. Одан кейін нормативтік-құқықтық акт қабылданып, әділет департаментінде тіркеледі.

Осы орайда мына дүниені ескеру керек. Ең алдымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы № 138 қаулысымен бекітілген жалпы ережелерге сәйкес әрбір ұсыныс жергілікті атқарушы органның мәслихатында бірауыздан оң қолдау тауып, ұсыныс жергілікті басылым беттерінде жарық көріп, дауыс қорытындысы хаттамамен бекітіліп барып, тиісті салаға жолданылуы шарт. Сонымен қатар, Қапшағай, Текелі, Талдықорған қалаларының, яғни облыстық маңызы бар қалалардың шағынаудандары мен көшелеріне атау беру туралы ұсынысты қарау облыстық емес, республикалық ономастика комиссиясының құзырына қарайды.

Бүгінде жергілікті жердің, көше аттарының, нысандардың атауын өзгерту мақсатында халықтан көптеген ұсыныс келіп түсіп жатады. Алайда ұсыныстың басым көпшілігі ономастика талаптарына, заңнамаларына сай келіп жатқан жоқ. Кейде көпшілік белгілі бір атаудың өзгергенін оң көріп, сол үшін күш салып, ақыры лайық көрген атаудың оң қорытындысын алады да араға уақыт салып, бұрынғысының дұрыс екенін пайымдайды. Сөйтіп, бұрынғы атауды қайта жаңғыртуға білек сыбана кірісіп кетеді. Бұл жерде бір ескеретіні, ономастикалық критерийлерге байланысты өзгертілген атауды кемінде 10 жыл өткеннен кейін ғана қайта өзгертуге болады. Мәселен, белгілі бір тұлғаның есімін беріп, араға жыл салып, басқа бір атау берсек деген ұсыныс орынсыз. Жоғарыда айтқанымыздай, он жылсыз қайта ауыспайды.

Ономастикалық атау – елдігімізді, тарихымызды білдіретін ұғым. Сондықтан, атауларды беруде, біріншіден, жердің тарихына, жер-су аттары мен дәстүрлі атауларға ден қойғанымыз дұрыс. Кейде жергілікті елді мекен жұртына ғана таныс адамның есімін әспеттеу, насихаттау үшін оның атын берсек деп өтініш жолдап жатады. Ол да қанағаттандырарлық дүние емес. Өйткені, заңда аса көрнекті қоғам қайраткерлері, мемлекет қайраткерлері, халық батырлары мен ұлы тұлғалардың, тарихи, ұлттық құндылықтарымызға сай атаулардың ғана берілетіндігі хатталып, рәсімделген.

Ұлы тұлғалар есімі барлық өңірлерде ұлықталып, ескірген атауларды ұлттық танымға жақын атаулармен ауыстыру қажет. Жалпы жер-су, елді мекен атауы тамыры тереңге жайылған төл тарихымыздан сыр шертеді. Сондықтан, бүгінде атау берудегі реттілікті сақтау түбегейлі қолға алынған. Нәтижесінде, тарихи ортақ сананы қалыптастыру мақсатында кісі есімдеріне мейлінше шектеу қойылып, елімізге еңбегі сіңген тарихи тұлғалардың есімі ұлықталуда. Яғни тәуелсіздіктің иісі аңқып тұруы тиіс. Осы заңнамаға сәйкес ұлттық таным көкжиегінен шықпаған, жергілікті жұртқа ғана танымал тұлғаларға атау берілуі екіталай дүние.

Кейбір атаулар астарына, мазмұнына қарай екіұшты ұғым білдіреді. Алайда оның астарына бойламай, көпшілік сол атаудың жаңғыруына күш салып жатады. Мәселен, «Қызылту» деген атау. Бұл өз кезеңіндегі белгілі бір оқиғаға байланысты қолданысқа еніп, кейіннен сол жердің ныспысы болып кеткенімен, бұл бүгінгі көзқарасқа сай келмейді. Осы секілді көптеген атауларды кейде жекелеген адамдар топтасып ономастика комиссиясының қарауына ұсынып жататыны бар. Алайда түптеп, түбірлеп ойланса, тілі бай қазақ елінің түрлі таңғажайып сөздері, басқа атаулары бар емес пе?

Ел болып ескеретін тағы бір жайт, 2020 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсаны аралығында жерлердің, елді мекендер мен көшелердің атауы өзгертілмейді. Себебі, бұл өз кезегінде жалпыхалықтық санақтың жүргізілуіне кедергі келтіреді. Сондықтан, тиісті ономастика комиссиясының қарауына келіп түскен ұсыныстар мен өтініштерге бір жылға шектеу қойылды.

Ғасырлар бойы өркениеттің ошағы болған, тарихы терең елдің ұлы тұлғалары ардақталып, ұлттық құндылықтары насихатталып келеді. Сол тұрғыда түрлі жауһарларымыз, тарихи мұраларымыз бен ұлы тұлғаларымыздың есімін ұлықтау ісі де жүйелі өріс табуда. Дегенмен, жергілікті жердегі әр тұрғын ономастикалық саланың құзыретін, оның атқаратын міндетін және заңдылығын жете білсе дейміз. 

Ермек АҚШАБАЕВ,
Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы

Сурет ғаламтордан алынды