ЖАНАТ АХМАДИ: "КӨПТІҢ ҚАМЫН ОЙЛАУ - КӨСЕМДІКТІҢ БЕЛГІСІ"

Уақыты: 22.05.2020
Оқылды: 1525
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақта «Батырдың ғұмыры қысқа, даңқы ұзақ» деген ұлағатты тұжырым бар. Сөз болғалы отырған Жанай батыр – қазақтың ата жауына алғаш рет ойсырата соққы берген батырлардың батыры. Бұл туралы нақты деректерге жүгінсек, Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабының 192-бетінен басталатын «Емілдің Еренінен Ерман, одан Жайық, одан Шонай. Оның бел баласы - ЖАНАЙ батыр.

Ол заманында Шапырашты тайпасының туын көтерген. Ташкент әмірі Тұрсынмен болған соғыста Жанай батыр ерекше күш көрсеткен адам. Ол Шапырашты Асыл Сүлеймен екеуі осы ұрыстың басынан аяғына дейін қатысқан. Бірақ он адамды жекпе-жекте өлтірген Сүлейменді Қатаған Танау мерген алыста тұрып ұрланып атып өлтірген. Сүлейменнің жалғыз ұлы Сыйқымбай да жас та болса Есім ханға көп көмек көрсетіп, Тұрсын әмірді әбден масқаралаған. Ол сол кезде он бес жасар бала жігіт Тұрсын ордасына түнде ұрланып кіріп, дәрі иіскетіп, оны талдырып, сақал-мұртын күзеп, бетіне қара күйе жағып, бар киімін шешіп жалаңаштап, құйрығына қараала арқанды шұбата тығып, бар қару-жарағын алып, басына: «Мұны істеген Сүлеймен баласы Сыйқымбаймын» деп жазып кеткен.

Шапырашты Наурызбай батыр осы Сүлейменнің шөбересі. Тұрсын Есім ханмен жекпе-жекке шықпай қашқан. Қараертістегі соғысқа Шапырашты туын ұстаған Жанай батыр қарттықтан қатыса алмады. Ол 79 жасында туды жас жолбарыс Қарасайға өз қолымен тапсырды. Қарасай батырдың қоластында Есімнің белгілі батырлары Арғын Ағынтай батыр, Қоңырат Алатау батыр, Алшын Жиенбет батыр, Дулат Жақсығұл батырлар бар еді» деп көрсетілген.

Міне, байқап отырғандарыңыздай, жасы 80-ге тақағанша жастығы – жер, көрпесі – бұлт болып, аттан түспей қанды қасап соғыстарда кеудесін оққа тосқан Жанайдай біртуар батырды «өзім өлген соң дүние көл бола ма, шөл бола ма, бәрібір» дейтін, қолындағы дүниеге – малға дос байлармен салғастырсаңыз, орны біліне кетеді.

Елі-жері үшін қан төккен сондай көптеген батырларымызға (оларды ана ру, мына ру деп бөлмей) ескерткіш тұрғызып келе жатқан Серік Үмбетов соның бәрін өз болмысындағы дарқандық пен азаматтығын көрсетіп атқарғаны мәлім. «Көптің қамын ойласаң, өз қамың соның ішінде» дегендей, ескерткіш атаулы халық үшін, көптің мерейі үшін орындалатын шаруа. Ол тұрмақ кей басшылардың өкімет бөлген қаражатты тиісті жеріне жұмсау орнына жеке басына пайдаланудан ұятқа қалып жататындары ешкімге де жасырын емес.

Айтқалы отырғанымыз, Серік Үмбетовтің өкімет міндеттеген өз қызметінің сыртындағы халықшылдық, көпшілдік жұмыстары көп болғандықтан, салыстырмалы түрде көрсетудің артықшылығы жоқ. Қайта сауапкершілік іс болар еді. Қоғам мүлкіне көз алартатын басшылар қабы толса да көңілі толмайтын ашкөздіктің аяғынан «аспандағы құсты ұятқа қал- дырған жердегі жем» дегеннің керін келтіреді. Өкіметіміздің қатты күресіп отырғаны да сол сыбайлас жемқорлық. Ендеше осындай орайлы тұста қаламгер- лік міндетімізді ақтап, Секеңнің ұлт ардақтыларына жасаған құдайшылық жұмыстарын айтып қалуға тиіспіз.

Атап отырғанымыздай «Сауысқан деген құс қолға сақтығынан түспейді, сұқтығынан түседі» демекші, азаматтығы нәпсіден аса алмай қолға түсіп жататын басшы қандай, әкім болып отырған облыстарда қолындағы қаражаттан бөліп елі-жері үшін қажет ескерткіштер орнатып, жұрт алғысына бөленген мақаламыздың кейіпкері қандай?!

Ашып айтсақ, кей шенеунік Президент сеніп тапсырған жұмсақ көпшік-креслоға жайғасқан соң «Қойы мыңға жетсе, нәпсісі екі мыңға жетеді». Қазақта «Қозысында уызға жарымаған тоқтысында түрткенін қоймайды» деген ұлағат бар. Дүниеге көңілі тоқ адам бір басқа, сырты мырза, көңілі кедей адам бір басқа. (Жақсы адам өзі жарлы болса да, намысы бай келеді). Данышпан қазақтың «көңілі кедейді ешнәрсемен байыта алмайсың» дейтіні осындайдан.

Осы айтқанымыздай, «жұлығынан май кешем деп, тобығынан қан кешкеннің» керін келтіріп, мемлекет қаржысын үптеушілер ақыры қоғам мүлкіне қол салады, торға түскенін бір-ақ біледі. Бала-шағасының қасында рақат ұйқысын тыныш ұйықтап, қара суын тыныш ұрттап, қам-қайғысыз отырудың орнына... Қайран сенім, қайран бет-бедел деңіз. «Түйе сойған ешкі сойғанның үйінен дәметеді» дегеннің керін келтіріп, өзіне ісі түскен кедейден бірдеңе дәметіп, қолға түскен басшылар жоқ емес екендігін өмір көрсетіп отыр.

Шындықтың аты – шындық. Бейнелі сөзбен айтқанда, жаңа шындықтың жасамыс жаладан соққы көретіні де, зорлық есіктен кірсе, шындықтың терезеден шығатыны да, шынайы шындықтан өзін жақсы көретін тоңмойындық та, зомбылықпен көркейгеннің қарғыстан күйрейтіні де, ойсызды би сайласаң тәкаппар ететінінің де, ойсыздардың өркөкірек келетіні де, көше алмастай баюдан өзгені көздемейтін дүниені өліп-өшіп жинайтын адамда ізгі ниет болмайтыны да, аузымен демеген болып, аяғыңнан шалатын қас-қырауыз, түлкіқұйрық адамнан жақсылық келмейтіні де, ешкімді менсінбеген тәкаппар адамы өлсе жалғыз жылайтыны да, арамзаның арқанымен құдыққа түссең, түбінде шіритінің де – осы жүрген жұртқа мәлім.

Қоғам қайраткері Серік Үмбетов мырза өзі тұрғызып жүрген ескерткіштерін де ешқайсыларының тайпа, руына қарамай, алалап бөлмей, жау қолынан шейіт болған қазақ батырларының барлығына тең қарап келе жатқаны көпке белгілі. Қырғыздарда «қайырыңа ризамын, қаптырмағын итіңе» деген мақал бар. Сол айтқандай, халыққа ерекше қайырым жасамай-ақ, ескерткіш тұрғызбай-ақ, жеген нанын адалдап жейтін басшыларға ризасың. Сиырдың бүйрегіндей бөлшектемей, тең қарайтындарға да ризасың. Бұрынғы қазы-билер «өспейтін елдің басшысы алаяқтан ақылшы, алапестен нақылшы сайлап алады»; «алапеспен құдалассаң халықты бұзады, алаяқпен құдалассаң парықты бұзады»; "қаршыға орнына қарғасын ұшырады" деген. Тұйғынбайлату жұмысын жолға қойып отырғандығының өзімен көптің көкейіндегі ең ізгі тілектердің бірін атқарды. Аудан-аудандардың барлығына міндет арқалатып, киіз үйлер тіктіріп, бәсекелі жұмыс жүргізіп отырды.

Оның сыртында өзі басқарған өңірлерге қарасты ақын-жазушы, өнер адамдарына шынайы көңіл бөліп, оларға арнайы маусымдық бас қостырып, өзі бірге болып құрметтеуді жолға қойды. Маусым сайын қайырым көмек ретінде белгілі дәрежеде қаржылай қол ұшын беріп, биік азаматтық көрсетті. Атамыз қазақ: «ер мойнында қыл арқан шірімейді» дегенді дәл тауып айтқан. Сол ақын-жазушылардың қай-қайсысымен Үмбетов жайлы сөйлесе кетсең, іштері жылып алғыстарын білдіріп жатады.

Тегінде ақын-жазушы атаулы ешнәрсені қарыз қылмайтын халық. Көптеген ақын-жазушылар Секең жайлы ағынан ақтарылған жақсы мақалалар жазған. (Оның өзі «Ел Серігі» деген жеке бір кітап болып жарық көріп отыр). Бұл көптің көңілі; кейбір бүгін кетсе, ертең ел аузымен аты аталмайтын әкімдермен осының бәрін салғастырыңыз. С.Үмбетовтің, әсіресе, ескерткіштерге көп көңіл аударған көсемдік еңбегі жайлы. Халық даналығына сүйенсек: «Мың кісі жемеген қамыңды бір кісі жейді», «Жақсы адам мың күнде бір кісілік болғанмен, ақыры бір күнде мың кісілік болады», «Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді», «Мың күндік жақсылық бір кісіден басталады», «Бір кісі мың кісіге олжа салады», «Мыңды айдаған бай бірді мініп өледі, таудай байлық жинаған бай бұйырғанын жеп өледі» деген нақылияттардың барлығы Серік Үмбетов тектес, бір күндік жұмысын емес, мың күндігін ойлаған азаматқа тән десек, артық айтқандық емес. «Жақсылығын айт...» демей ме? Иә, бұның барлығы бір мақаланың жүгі емес.

Әңгіменің басы қазақтың Қарасайдай бас батырына ұстаз болған, елдің елдік туын ұстатқан Жанай батыр туралы еді. Уақыттың ұзауына байланысты сол атақты Жанай батырдың аты көп аталмай, ұрпақтың есінен шығуға, ашығырақ айтқанда ұмытылуға айналып бара жатыр. Уақыт мың жасар қарағайды қураған әппақ сүйектей ақсөңке етеді. Сүйменмен (құстұмсық) ұрып дақ түсіре алмастай алып жартастарды ғасырлар бойындағы дала аңызағы, яғни, аспан айналып жерге түсердей қақтаған аптап ыстық, сел жаңбыр, қыстың бет қаратпас аязы мен борай соққан ақтүтек қарлы боран, дауылы мүжіп, шытынатып, үгілтіп, қиыршық қорым тас қып ағызады.

Сондай тылсым уақыт санадан өшіріп, ұмыттырып бара жатқан Жанай батыр жөнінде де баяғы қолы ашық Серік Үмбетов мырзаға қолқа салып: «Тағы бір ескерткіш орнатуға бел бусаңыз, бұл да сауап үстіне сауап болар еді», - дегіміз келді. Қазекең «Тоғызын қиған онын да қияды» немесе «Қолы ашыққа қолқа сал» деген ғой. Сүйегі Ақсу-Сарқан жақта атаусыз жатқан бүкіл қазақтың ең алғашқы бас батырын ел көзіне тартып, жер ортасы боларлықтай бір орынға ескерткішін орнатса, нұр үстіне нұр, құба-құп істің бірі болар еді. Бұл мәселе бір мен ғана емес, ұлт жанашыры боларлық әркімнің аузына ілініп жүрген толғақты тілектердің бірі.

Жанат АХМАДИ,

этнограф жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Алматы облысы және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы,

«Құрмет» орденінің иесі