ҒАРИФОЛЛА ӘНЕС: "4,5 МИЛЛИОН ҚАЗАҚҚА АЗА ҚАБЫРҒАСЫН ТҰРҒЫЗУ КЕРЕК"

Уақыты: 31.05.2020
Оқылды: 1461
Бөлім: ТҮПСАНА

Әлемді құрсаулаған пандемия баршамызды жалпыхалықтық Наурыз тойы мен қасиетті Ораза айтымызды, Жеңістің 75 жылдығын отбасы, ошақ қасында еске алып, ұлықтауға мәжбүрледі. Міне, 31 мамыр – жаппай қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні де солай өтіп жатыр. Біз осы орайда Талғар ауданы, Жаңалық елді мекеніндегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің аға ғылыми қызметкері, профессор Ғарифолла ӘНЕС мырзаға жолығып, әңгімелескен едік.

– Ғарифолла аға, осы музейдің ашылуында сіздің еңбегіңіз елеулі екенін естіп, біліп жатырмыз. Енді осы игілікті істің жай-жапсарын өз аузыңыздан білгіміз келеді. Облыс жұртшылығы арасында аталған музейдің танымалдығы қандай дәрежеде? Қолға алған шаралар көңіліңізден шығып жатыр ма? Алда тағы қандай мақсатты істер бар?

– Әрбір күніміз, сағат-сәтіміз хатталып жатқан тұста, әрине, тәуелсіздік тарихымыз да түгенделіп, тұтасып келеді. Біздің Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіміз еліміздегі алғаш ірге көтерген Шымкент қаласындағы осы тақылеттес музейден, Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі АЛЖИР музейінен кейінгі үлкен тарихи, мәдени, ағартушылық бағыттағы мекеме болады деген үмітіміз зор. Ең алдымен, біз Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа шын жүректен ризашылығымызды білдіргіміз келеді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланып, қолға алынған бойда Амандық Ғаббасұлы белсенділік танытып, Жаңалықта жазықсыз, жалалы болып атылған бес мыңға жуық Алаш арыстары мен өзге де репрессия құрбандарының есімдерін ұлықтау ісін қолға алды. Бұл мәселе жайында Қазақстанның тарихи-ағарту «Әділет» қоғамы сан жылдардан бері жоғары билікке өтініш жасап келген болатын.

Жаңалық елді мекені маңындағы ескерткіш кешені бірден республикалық сакральді, киелі мекендер тізіміне енгізілді. Мен осы орайда облыс әкімінің сауапты бастамасын жеріне жеткізіп, осы музейдің қазығын қағып, іргесін көтеруге бар ынты-шынтысымен атсалысқан азамат Ақан Әбдуәлидің есімін құрметпен атағым келеді. Ол облыстық мәдениет басқармасын басқарған тұста да, облыс әкімінің орынбасары болған кезде де сонау Талдықорғаннан күн-түн демей сан мәрте ат терлетіп келіп, барша түйткілді мәселелердің тез шешілуіне ықпал етті.

Осылайша ашылуы 2019 жылдың наурызына жоспарланған музейіміздің құрылысы 2018 жылдың күзінде бітіп, есігін желтоқсанда, Тәуелсіздік күні ашты. Сол сары күзден қарлы қысқа дейінгі аралықтағы 2-3 айды шығармашылық бағыттағы жанталас жұмыстың жемісі десек болады. Музей саласының белгілі шебері Шәміл Қожахановтың концепция-тұжырымымен, А.Әбдуәлидің ескертпе ақыл-кеңестерімен, М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшылары Р.Аязбаева, К.Исабекова ханымдардың қажырлы еңбегімен аз уақытта заманауи жаңа музей дүниеге келді.

Әрине, бұл айтуға ғана оңай, шын мәнінде күні ертең мәдени, рухани тарихымыздың алтын беттері болып қалатын ұйқысыз, күлкісіз күндердің еншісі болатын.

– Ғарифолла аға, Алматы облысының мәдени-рухани өміріне өзіңіз де үлесіңізді қосып келесіз. Облыс басшысынан бастап қосшылары туралы жылы пікір білдіріп жатқаныңызға рахмет. Осы жерде бұл музейдің дүниеге келуіндегі сіз басқарып отырған «Әділет» қоғамының еңбегін де, өзіңіз айтқандай, бір хаттап қойған жөн сияқты.

– Ұлбосын қарындасым, «Әділет» қоғамы туралы бір сәті түскенде кеңінен толғап, өзім сонау 1980 жылдан үзбей оқырманы болып келе жатқан «Жетісу» газетінің бетінде сыр-сұхбат ұйымдастырсақ болғандай екен. Қысқа ғана мәлімет бере кетейін. 1988 жылы құрылған «Әділет» қоғамы қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтау, есімдерін мәңгілікке қалдыру жолында қисапсыз мол шаруа атқарды.

Алғашқы басшысы Санжар Жандосов, кейіннен академиктер М.Қозыбаев, К.Нұрпейісовтер басқарған кезде өте белсенді жұмыс істеді. Өйткені, бұл сол нәубет жылдардың қияметін көзбен көрген, бастан кешкен ата-апаларымыздың баршылық кезі еді. Қазір репрессия құрбандарының бала-шағаларының өзі саусақпен санарлықтай ғана қалды.

Мәселен, Ілияс Жансүгіровтің кенжесі Саят ақсақал, Құдайберген Жұбановтың кенжесі профессор Асқар Жұбанов ағаларымыз әбден қартайды, бірақ, «Әділеттен» қол үзген емес. Қайтсек те бұл қасиетті істі тоқтатуға, ата-баба алдындағы борышымызды ұмытуға болмайды. Сондықтан мен талай жылдан бері «Әділет» қоғамы ақсақалдарының өтінішін жерге тастай алмай өзім 1992 жылы құрған, репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының жұмысымен қоса атқарып келемін («Арыс» қоры мен баспасы хақындағы әңгімені бұл жерге кірістірмей-ақ қоялық). Осы «Әділет» қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев, қоғамның атқарушы директоры Сәуле Ходжиковалар музейдің безендірілуіне, тақырыптық-экспозициялық түрлендірілуіне өз үлестерін қосты.

Осы музей мен саяси қуғын-сүргін құрбандары монументі орныққан 17 гектар жер «Әділет» қоғамының меншігі. Алдымен музей үшін 1 гектар жерді облыстық меншікке өткіздік. Міне, қазіргі таңда ескерткіш кешен маңындағы 2 гектар жер де Талғар ауданының меншігіне берілді. Ол жерді абаттандыру ісі басталып та кетті.

Тәуелсіздік алғалы осы монумент түбінде 31 мамыр күні Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерінің ұйымдастыруымен азалы митинг жыл құрғатпай өтеді. Екі-үш жыл бұрын Алматы қаласында Ашаршылық құрбандарына ескерткіш тұрғызылған соң 31 мамырды Жаңалық маңында атап өту облысымызға басы бүтін тиесілі болды.

Биыл өзіміз, музей қызметкерлері, мүмкіндік болса «Әділет» қоғамы белсенділерінің шағын тобы жиналып, арыстар мен құрбандарға Құран бағыштаймыз. Жылдағыдай ауқымды митинг, үлкен ас берудің биыл сәті түспейді.

– Өзіңіз айтқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір нақты көрсеткішіндей іс-шаралар тек 31 мамырда атап өтумен шектелмейтін шығар...

– Әрине, 31 мамыр – Аза күні күнтізбеміздегі біздің кәсіби ардақты күніміз, атап өтетін арнаулы межелі, есеп беру жиынымыз десек болады. Бұдан басқа да істер ісіміз, қолға алған бастамаларымыз жетіп артылады.

Жоғарыда айтқанымдай, «Әділеттің» қарамағында әлі де 14 гектар жері бар. Осы жерге ұлттық Атабейіт жасау, М.Шоқай сынды көсемдеріміздің сүйегі мен кең-байтақ еліміздегі және басқа елдердегі арыстарымыз жатқан жерлерден топырақ алып келу, кешенді ескерткіштер тұрғызу, советтік-коммунистік, сталиндік-тоталитарлық жүйенің геноцидтік саясатының құрбаны болған 4,5 миллион қазақтың аты-жөнін мәрмәрға қашап жазып, өркениетті елдердің үлгісімен Аза қабырғасын тұрғызу сияқты сауапты істер кезегін күтіп тұр.

«Әділет» қоғамы мен музейіміз биылғы Аза күніне бірнеше ауқымды іс-шараны жоспарлаған болатын. Мәселен, Боралдай кентінің түбінде бір түнде атылған 19 халық комиссарының (яғни, үкімет мүшелерінің, министрлердің) сүйегін және Қытаймен шекарадағы Нарынқолдың Көрсайындағы екі оттың, жауған пулемет оғының құрбаны болған мыңдаған қазақтың шашылып жатқан сүйектерін де осы болашақ Атабейітке әкеліп жерлеуді жоспарлаған едік. Оған мына індет, карантин мұрсат берер емес.

Мүмкін болса, ол сауапты істерді 26 тамызға, Қазақ АССР-нің 100 жылдық белесті датасына тураламақ ниетіміз бар.

– Шын мәнінде жүректі сыздататын, бірақ уақытылы көтерілген жалпыұлттық мәні бар ауқымды шаралар екен. Шешілмеген түйінді мәселелер де бар шығар?

– Иә, ондай мәселеміз де бар. Ол біздің қоғамдағы баршаның бас ауруы, жұрттың жылдар бойы естіп келе жатқан жыры, яғни қаражаттың тапшылығы. Музей ашылған бір жарым жылдан бері айлықтан басқа бір тиын қосымша қаражат қолымызға тимеді.

Ол қаржы не үшін қажет? Ең алдымен, жоғарыда атап өткен 5000-ға жуық құрбандардың сүйегі Жаңалық пен Әли ауылының аумағында тарыдай шашылып жатыр, тіптен күре жолдың астында қалғандары да бар. Біз біліп-білмей сол бір кезде беті ғана жасырыла салған аруақтардың сүйектерін таптап жүрміз. Ал оларға археологиялық қазба тек жаз бен күз айларында ғана жүргізіледі.

Екіншіден, әр музейдің, соның ішінде Алматы облысында жұмыс істеп тұрған 25 мәдениет ошағының арасында Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің өзіндік функционалдық, өзге музейлерге ұқсамайтын заманауи сұраныстары бар.

Біздің үкіметіміз барша мәдени, оқу-ағартушылық мекемелерден, әсіресе, жоғары оқу орындары мен музей, кітапханалардан бұрынғыдай көпшілікке қызмет көрсетуімен қатар ғылыми-зерттеу ісімен де шындап айналысуды талап етуде. Ол үшін арнайы лицензиясы бар мәдени ошақтарға қаржы да бөлінуде.

Сондықтан, біздің музейдің жанынан мыңдаған тағдырлы тұлға бен атаусыз жатқан 4,5 миллион Алаш баласының атын тірілтіп, есім-сойларын еске түсіретін ғылыми-зерттеу орталығын ашу қажет. Және ол бүгінгі ең жетілген компьютерлік құрал-бағдарламалармен жабдықталып, цифрлануы керек. Сонда ғана біз әлемдік деңгейдегі заманауи виртуальды музейлердің маңына жолай аламыз. Ал бұған арманда кеткен арыстарымыз да, бүгінгі өркениетке қол созған жас буын да лайықты және құқылы деп білемін.

Өтінішіміз облыс әкімі Амандық Баталовтың құлағына жетсе дейміз. Осы сауапты істі бар ниетімен бастаған парасатты басшымыз игілікті істі орта жолда қалдырмай, діттеген мақсатқа жеткізеді деген үмітіміз зор.

– Ғарифолла аға, бәріміз де алдағы күндерге үлкен үмітпен қараймыз. Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы