"ШЫНАЙЫ ЗЕРТТЕЙДІ": ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНА - 75 ЖЫЛ

Уақыты: 04.06.2020
Оқылды: 1510
Бөлім: ТҮПСАНА

Биыл Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты өзінің салиқалы мерейтойын атап өтпекші. Сонау сұрапыл соғыс жылдары білім мен ғылымды болашақ дамудың маңызды факторларының бірінен санаған кеңес үкіметі Қазақстанда тарих, археология және этнография ғылымдарының жаңа шаңырағын дүниеге келтірді.

СССР Министрлер Советінің қаулысы және Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы штаттық комиссияның 1944 жылдың 6 желтоқсандағы № 689 шешімі қазақ тілі, әдебиеті, тарихы сынды ғылымдардың болашақ даму жолын анықтап берді. СССР Ғылым Академиясы Қазақ филиалы Төралқасының шешімімен 1945 жылдың 14 тамыздағы № 20 қаулысына сәйкес ғылыми-зерттеу институты құрылды.

Содан бері 75 жыл өтті. Салыстырмалы түрде алсақ,  бұл дамыған алпауыт ел тұрғындарының өмір сүру  ұзақтығына пара-пар уақыт. Институттың тарихына мән беріп, терең үңілсек, оның талай күрмеуі қиын, тығырықты жағдайларды, жігерін еселеп, рухын ту етіп желбіреткен асқаралы жетістіктерді бастан кешіргеніне көз жеткізесіз. Оның ғылыми емес, саяси талас-тартыстың ортасына айналған кездерінің ізі тарихта сайрап жатыр. Ғалымдардың институтқа келіп, зерттеулерін тереңдетуден гөрі бой тасалап, айдалада жүрген уақыттары әлі ұмытыла қойған жоқ. Керісінше, ел басқару тізгіні қолымызға тиген шақта шындықтың шынайы беттері ашылып, саяси қуғынға түскен ғалымдардың тағдыры мен бастан кешірген қасіреттері айқындала түсті. 

Қандай да болмасын қиындықты жеңе білген, ғылымға деген ұмтылысы мен құштарлығын жоғалтпаған институттың қазіргі ахуалы ойдағыдай. Институт ұжымы бір кездерде Қаныш Сәтбаев сынды біртуар ақиық азаматтың бастамасын, ғылыми дәрежелі аз ғана қызметкердің  істерін абыроймен жалғастырып келеді. Институттың атағы тек Қазақстанға ғана емес, шетелдерге де танылуда. Мұның өзі ондаған жыл бойы жүргізілген ғылыми ізденістердің, жарияланған зерттеулердің, ең бастысы, ұрпақтар сабақтастығының жемісті нәтижесі болып табылады. 

Әрбір ғылыми-зерттеу ұйымының елдің зияткерлік дамуында алатын өзіндік орны мен ерекшелігі болатыны даусыз. Олардың біреуі қаржылық әлеуетімен, екіншісі, жоспарларының ұтқырлығымен, үшіншісі, дәстүрлерін берік ұстануымен, енді бірі кадрларының мықтылығымен ерекшеленеді. Ал Тарих және этнология институты несімен өзгелерден дараланады деген сауал қоятын болсақ, оған былай деп жауап берер едік.

Біріншіден, ұжымының жұмысы әуел баста бір мақсатта әрі сындарлы түрде жүргізілді. Қазақ тарихын шынайы зерттеу және оның көкейкесті түйткілдерін, ақтаңдақ беттерін айқындау үнемі күн тәртібінде тұрды. Бұл үдеріс өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан басталып, бүгінгі күнге дейін өзінің жалғасын табуда. 1943 жылы М.Әдіқалықов және А.Панкратованың редакциясымен «Қазақ ССР тарихы» жарық көрген еді. Бұдан кейін екі томдық, одан соң бес томдық Қазақ ССР тарихы шығарылды. Бес томдық ұжымдық зерттеу 1982 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Талай ұрпақ өкілдері осы кітап арқылы Қазақстан тарихын таныды. Ел өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізген тұста бес томдық Қазақстан тарихы жарық көрді.

Екіншіден, бабаларымыздың «жақсы келсе – іске» деген киелі сөзі бар емес пе? Тұрмысы мен тіршілігінен тәлім алған атам қазақ мұны бекер айтпаса керек. Кез келген ұжым жұмысының берекелі, нәтижесінің қомақты болуы басшысына байланысты. Институттың  басшылық қызметінде біраз жақсы мен жайсаң еңбек етті. Дегенмен, олардың бәрінің есімі іс жүргізу құжаттарында қалғанымен көптің жадында бірдей қала алмады. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, көпшілік Ақай Нүсіпбековтің, Рамазан Сүлейменовтің, Манаш Қозыбаевтың есімдерін әспеттейді. Шындығында бұл тұлғалар ұжымның көсегесін көгертіп, мәртебесін көтерді.

Үшіншіден, институт кадрларының әлеуеті алғашқы жылдан-ақ байқалды. Институт құрылған тұста Х.Айдарова, Т.Шойынбаев, А.Нүсіпбеков, Б.Сүлейменов және басқалар жұмыс істесе, 1950 жылдары оның құрамы С.Кеңесбаев, Ә.Тұрсынбаев, Г.Дахшлейгер, Т.Балақаев, А.Елагин, В.Басин, С.Ибрагимов, Б.Әбішева, Е.Масанов, М.Асылбеков сынды жас зерттеуші-ғалымдармен толықты. 1960 жылдары институтқа «нұрлы ақылдарымен, ыстық қайраттарымен, жылы жүректерімен» ғылымға аяқ басқан жастар – Р.Сүлейменов, Б.Көмеков, И.Захарова, Г.Уәлиханов, В.Востров, Р.Ходжаева, К.Нұрпейісов, Х.Арғынбаев, Е.Масанов, М.Мұқанов, О.Смағұлов, К.Пищулина, Ю.Романов, Қ.Алдажұманов келіп қосылды.

Олар ғылыми экспедициялар ұйымдастырып, іргелі зерттеулер дайындап, ғылымға жаңа серпін берді.  Осылайша ұжымның абыройы асқақтап, беделі мен мерейі еселене түсті. 1970 жылдары Н.Едігенов, С.Әжіғали,  Ж.Әбілхожин тәрізді жаңа ғылыми көзқарас пен идеяға толы тарихшылардың тың буыны институттың кадрлар әлеуетін нығайтты. 1980  жылдары институт қызметкерлерінің саны 150 адамға дейін өсіп, оның ішінде 10 ғылым докторы және 36 ғылым  кандидаты қызмет етті. Солардың арасында Б.Төлепбаев, М.Қозыбаев, Е.Уәлиханов және басқалары ерекшеленді. Алғашқы екеуі басшылық қызметте биіктен көрінді. Уақыт керуені тоқтамай ілгері басқан сайын институт ұжымы да жаңарып, тарихшылардың келесі буын өкілдері тарих ғылымдарының сан алуан салаларында ізденіс жұмысын жүргізіп, докторлық, кандидаттық диссертация қорғап, ғылымды тың тұжырымдармен толықтырды. А.Тоқтабай, Д.Әлімғазы, А.Құдайбергенова, С.Рүстемов сынды тарихшылар институттың қатарын арттырып қана қоймай, тың тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру арқылы салмақты ой-пікір танытты.

Аға буын өкілдері Отан тарихын жаңаша зерделеп, бұрын-соңды тыйым салынған, шындығы бүркемеленген тақырыптар мен мәселелерді зерттеп, өткеннің ақтаңдақ беттерін ашты. Қазіргі уақытта институттың мамандары заман талабына сай жастармен толығуда. Олар уақыт ағымына орай жаңа форматтағы докторлық диссертациялар қорғаған, қазіргі заманғы жас ғалымдар. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз»  деген дана Абай даналығын берік ұстанған жастар өздерінің ұстаздарынан тәлім-тәрбие алып қана қоймай, солардың көрсеткен  өнегесін  өмірлік даму  жолына айналдырған. Қазіргі кезеңде олар ғылыми жобаларға қатысып,  ғалым ретінде қалыптасып келеді.

Төртіншіден, институт сан түрлі бағытта зерттеу жұмысын жүргізумен айналысады. Зерттеулер түрлі мемлекеттік бағдарламалардың, тұжырымдамалардың аясында жүзеге асырылады. Егер осыдан он шақты жыл бұрын «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ізденістер қолға алынса, одан кейін «Халық тарих толқынында», ал соңғы екі-үш жылдың төңірегінде «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры», «Ұлы Даланың Ұлы есімдері», «Архив – 2025» бағдарламалары бойынша ауқымды зерттеулер жүргізіліп келеді. Нәтижелері де ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Ғалымдар мен қызметкерлер алыс және жақын шетелдердің архивінен, кітапханасынан Қазақстан тарихы бойынша тың деректерді анықтап, жинақтаумен айналысуда. Зерттеулер тарих және этнология ғылым салалары бойынша кезең-кезеңімен іске асырылады.

Бесіншіден, ғылымды зерттеу өз алдына, оны насихаттау және көпшілікке жеткізу өз алдына жеке мәселе. Осы бағытта әлем елдерінде ХІХ ғасырдың бас кезінен-ақ ғылыми басылымдарды ұйымдастыру мен жарияланымдар жасауға көңіл бөлінген. Қазіргі уақытта сол басылымдар жоғары рейтингті журналдарға айналған. Институт та кеңестік кезеңде қалыптасқан ғылыми басылымдар шығару ісін жалғастырып қана қоймай, оның қатарын толықтырды, мазмұнымен қатар түрін де өзгертті.

Мәселен, «Отан тарихы» журналында мақалалар бірнеше тілде жарияланса, «Edu.e-history.kz» журналы электрондық ғылыми ғаламтор басылымы ретінде шығарылып тұрады. Басылымдардың барлығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Білім саласын бақылау комитеті бекіткен тізімнен орын алған. Айтылғандармен қатар «Исторический ежегодник», «Түркістан хабаршысы» мерзімді басылымдары қоса шығарылады. 

Алтыншыдан, институт ғылыми зертхана ғана емес, сонымен қатар, жоғары білікті мамандар даярлайтын білім орталығына айналған. Заманауи жоғары білім берудің талаптарына сәйкес мұнда магистратура және докторантура бойынша мамандар даярланады. Институт ғалымдары дәрістер оқып, семинар сабақтарын жүргізеді. Мұның өзі білім мен ғылымды ұштастырудың озық үлгісі болып табылады. 

Жетіншіден, өз қазаныңда қайнап, пісетін уақыттың ауылы алыс қалғаны белгілі. Жаһандану жағдайында мұның өзі мүмкін емес. Өзіңді тәжірибелі, білгір санағаныңмен өзгелердің ұстанымы елеңдететіні тағы бар. Сондықтан неғұрлым басқалармен қарым-қатынасың кеңіген сайын үйренерің де, жиренерің де көп болмақ. Осынау қағиданы жадында берік сақтаған институт Ресей, Белоруссия, Монғолия, Өзбекстан, Қытай, Мажарстан, Үндістан, Түркия, Украина, Грузия елдерінің ғылыми мекемелерімен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Аталған елдердің архивіне барып, құжат анықтаумен, кітапханаларында сирек кездесетін басылымдарды зерделеумен қатар бірлесіп зерттеу жүргізуді күн тәртібіне шығарды. Бірлесіп архив құжаттарының жинақтарын, ұжымдық іргелі зерттеулер дайындау қолға алынуда.

Мерейлі мерейтой қарсаңындағы ғылыми мекеменің жұмысы қауырт. Биылғы жылы атқарылуға тиіс жұмыс шаш етектен. Індеттің етек жаюына байланысты жарияланған карантинде ұжым мүшелері үйде отырып талай шаруа атқаруда. Мұның өзі ұжым басшысының ұтқырлығы мен ұйымдастыру қабілетінің жоғары екендігінен хабар береді. Еңбекқор ұжымы, үйлестіруші басшысы бар мекеменің қол жеткізер табыстарының мол екені даусыз. Сол себепті де оған ғылыми жетістігің еселене берсін, мерейің үстем бола берсін деген тілек айтқымыз келеді.

Оразгүл МҰХАТОВА,

тарих ғылымдарының докторы, профессор