"АБАЙ АТАМ КҮТІП ТҰРҒАНДАЙ": ГЕТЕНІҢ АЗИЯДАҒЫ ТҰҢҒЫШ АУДАРМАШЫСЫ

Уақыты: 15.06.2020
Оқылды: 1922
Бөлім: ТҮПСАНА

Кафедрада бірге жұмыс істейтін профессор Нұрберген Омарқожаұлының жұмыс кабинетіндегі мамандыққа қатысты арнаулы кітаптардың арасында М.Мақатаевтың өлеңдер жинағы тұратын. Кәсіби дүниелердің арасында бұл кітап неге тұр екен деген ой келетін. Сөйтсем, ол кісі ақиық ақын Мұқағалидың жерлесі екен. Өн бойынан өлең-жырға деген құштарлығы да байқалатын. Абайдың әнін де ерекше нақышпен шырқайтын. Бірде Абайдың атақты «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін орындаған соң, Нұрекең сырлы әңгіменің шетін шығарды. Әрине, «Қараңғы түнде тау қалғыпты» шырқамайтын, тарихын білмейтін қазақ жоқ. Ол кісі айтқан қызықты жағдаятқа тоқталмас бұрын осы өлеңге қатысты деректерді тағы бір жаңғыртқанды жөн көрдік.

Бұл тұрғыда алдымен «Абай» энциклопедиясына жүгінген дұрыс болар. Онда «Қараңғы түнде тау қалғып» атты мақалада: «Абай мұны 1892 жылы М.Лермонтовтың «Из Гете» атты өлеңінен аударғаны жайлы жазылыпты. Әрқайсысы 4 тармақты 2 шумақтан тұрады, барлығы сегіз жол. Өлең – Абай аудармаларының шоқтығы биік озық үлгісі. Лермонтов бұл шағын өлеңді 1840 жылы неміс тілінен тікелей тәржімалаған. 1780 жылдың күзінде Кикельхан шыңына жаяу сапар шегіп, И.Гете шың түбіндегі аңшы үйінің қабырғасына қарындашпен небәрі сегіз жол өлең жазады. Кейін бұл өлең бүкіл дүниежүзіне танымал болған. Өлең – көп тілге аударылған әйгілі «Жолаушының түнгі жыры» еді. Лирикалы-философиялық миниатюраның негізгі түйіні, әлеуметтік мәні мен астары, көркемдік құдіреті аса тереңде жатыр», – деп жазылыпты.

Немістің атақты ойшылы, философ, жазушы, мемлекет қайраткері Иоганн Вольфганг Гете (1749-1832) әлемдік әдебиет тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлға.

Гетенің еңбектерін орыс тіліне Грибоедов пен Брюсов, Григорьев пен Заболоцкий аударған. Сонымен қатар ұлы неміс ақынының шығармашылығын орыс әдебиетінің классиктері Толстой, Тютчев, Лермонтов, Пастернактар аударған.

Жоғарыда айтылған ақындар үндестігі – тарихи сабақтастық. Ильменау қаласы маңайындағы Кикельхан тауында дүниеге келген Гете өлеңінің тағдыры белгілі жазушы Қалмұқан Исабаевты қатты толғандырып, шығармашылық ізденістерге жетелейді. Сонымен, 1976 жылы оның идеясы және бастауымен Ұлы Гете, Лермонтов, Дана Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі неміс, орыс және қазақ тіліне аударылып, Қарауылдағы ескерткіш-тақтаға жазылған.

Қайраткер ағамыз 1979 жылы Германиядағы Габельбах қаласындағы Гете музейіне неміс ақынының адамзат пен табиғат тұтастығын көркем бейнелеген әлемге әйгілі «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінің Абай аударған нұсқасын жаздыртып, ілдірді. Оларға қазақ ақыны шығарған кең тынысты, нәзік әуенді ән жазылған магнитофон таспасын, әннің нотасын сыйға тартты. Сонымен қатар, 1980 жылы 13 маусымда Исабаев өзі салған Абайдың портреті мен қақпағына орыс және неміс тілдерінде: «Гетенің Азиядағы тұңғыш аудармашысы, ақын және композитор «Түнгі кезбе» өлеңіне арналған әуенді ұлт аспабының сүйемелдеуімен шығарған» деген сөз жазылған домбыраны да музейге табыс етті. Германия газеттері Тюрингияда шырқалған Абай әнін жыл сайын 60 мыңдай адамның тыңдайтынын жазды. Сондай-ақ, Исабаев мерзімдік баспасөзде жоғарыдағы жолсапарлары туралы «Ильминауға тағы да жол түскенде» (Қазақ әдебиеті, 1980 ж. 13 маусым) атты мақала жариялады.

Абай мен Гете үндестігін зерделеп, Тюрингия өлкесін аралап, тарихи жәдігерлерді қолымен ұстаған адам – Асқарбек Құсайынов. Ол туралы Уикипедиядан қысқаша мәлімет бере кетейік:

«Асқарбек Қабыкенұлы Құсайынов (30.05.1951 жылы туған, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, Қайнар ауылы) — ғалым, педагогика ғылымдарының докторы (1997ж.), профессор (1998 ж.) Қазақстандағы салыстырмалы педагогика және оқулық сапасы мониторингі бағытының негізін салған. Қазақ ұлттық техникалық институтын бітірген. Ол 1973-1991 ж.ж. ғылыми-педагогика жұмыстарымен айналысты. 1976-1979 ж.ж. Германияда Жоғары техникалық мектепте оқып, неміс тілінде диссертация қорғады.

1991-1997 ж.ж. Қазақстан Республикасы Білім министрінің басқарма бастығы, департамент директоры, “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясының бас редакторының бірінші орынбасары, “Білім”, “Мектеп” баспаларының директоры. Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті Асқарбек Қабыкенұлы 2004 жылдан Қазақстанның Педагогика ұлттық академиясының президенті. Құсайынов салыстырмалы педагогика мәселелерін, оқулық жасау теориясын зерттеп, осы салада оқулықтар мен монографиялық еңбектер жариялады. Оның ғылыми жетекшілігімен шетелдердің білім беру жүйелері зерттеліп, Қазақстанның білім беру саласын реформалау мен дамытудың жаңа үлгісі ұсынылды. Құсайынов 31 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша ғылыми салалық терминологиялық сөздіктерін және қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздіктер сериясын шығаруға басшылық етті. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты».

Өмірбаянына зер салсақ, Абыралы өңірі, Қайнар ауылының тумасы. Қазақ-станның білім саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген тұлға. Міне, осы Асқарбек Қабыкенұлы 1976 – 1979 жылдары Германияда Жоғары техникалық мектебінде оқып, неміс тілінде диссертация қорғапты. Яғни, Гете тұрған Ильменау қаласында. Сондағы басынан өткерген жағдайды «Еларна» сайтында жарияланған «Ерлікке куәлік» атты жазбасында (08.05.2015ж.) баяндайды:

«Сол кездегі социалистік лагерьге кіретін елдер жоғары оқу орындарының өзара студенттер, аспиранттар алмасу жолымен энергетика саласынан білімімді тереңдете түсу үшін 1976 жылы бұрынғы ГДР-дің Зуль округі (бүгінде Тюрингия өлкесі) Ильменау қаласындағы Жоғары техникалық мектеп (университет) (ЖТМ) аспирантурасына түстім.

Бір күні мені Герхард деген жергілікті досым қаладан төрт шақырым жердегі Кикельхан деген таудың басына алып барды. Тақтайдан салынған шағын үйдің үстіңгі қабатына көтеріліп, терезеден кешкі Тюрингия қыраттарын көрген едім. Соңынан мен бұл үйдің 1780 жылы тұрғызылып, Гете қонғанын білдім. Оның кешкі Тюрингияға қарап тұрып, бізге Ұлы Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деп аударып берген өлеңінің немісшесін есікке жазғанын естідім. Бұл үй неміс халқының жадында «Гетенің аңшылық үйі» деген атаумен қалған», – деп жазыпты ол.

Бұдан арғы әңгіме Қ.Исабаевқа қатысты өрбиді, яғни аспирант жігіт өзі куә болған жағдайға тоқталады: «1979 жылдың 22 шілдесі күні, қаладан төрт шақырым жердегі тау басындағы Габельбахта Гете музейінде салтанатты жиын болып, оны Гете қоғамы аудандық бөлімшесінің бастығы Зигфрид Борһард ашып, сөзді немістің классикалық әдеби мұрасын жинап, зерттейтін Ұлт институтының директоры, доктор Петер Гольдһаммер жолдасқа бергенде ол бұл оқиғаның саяси маңызы барын айта келіп: «Ұлы ақынның көңіл-күйінен туған осы бір шағын өлең дүниежүзін шарлап кетті. Алайда, бүгінгі оқиға сол өлеңнің мәрмәр тасқа жазылып, автордың өзіне қайтып келуі, әдебиет дүниесіндегі тұңғыш оқиға!» – деп тұжырымдады сөзін.

Одан кейінгі сөз Алматыдан арнайы келген жерлес жазушы Қалмұқан Исабаевқа берілді. Ағамыз тебірене сөз сөйледі: «Кикельхан тауы менің Мекке жерім болды. Күнделікті күйкі өмірден қолым сәл босап кетсе (соғыстан кейін Ильменаудағы комендант кезі – Ө.С), мені сол жерде Абай атам күтіп тұрғандай Кикельхан тауына қарай жүгіремін. Ал Гете елі және оның қаласымен қоштасар шақ келгенде, жолға жиналып болып, Кикельхан тауына тағы да бардым. Гетенің аңшылық үйіне кіріп, бөгелдім. Сыртынан екі рет айналып шықтым. Осы жерде маған «Тюрингия өлкесіне тағы бір рет қайтып оралар сәт түссе, Абай аудармасын мәрмәр тасқа қашап жаздырып әкеліп, орнатармын-ау осы үйге» деген серт келді. Сол сертімді 24 жылдан кейін орындап отырмын. Дәл бүгін бұл дүниеде менен бақытты адам жоқ, – деп сөзін аяқтады Қалекең» деп жазыпты А.Құсайынов. Ол Қ.Исабаевтың Абай аудармасын мәрмәр тасқа қашап жаздырып әкеліп, орнаттырғанына куә болған екен.

Міне, осы жерге табаны тиген тағы да қазақ бар екен. Бір қызығы, ол жоғарыда айтып кеткен кафедрада бірге істейтін ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Н.Омарқожаұлы. Ол кісі жаңағы Асқарбектің апайы Шолпан Қабыкенқызының жұбайы. Шолпан апай да Қайнарда туып, орта мектепті Семейдің іргесіндегі бұрынғы Знаменка, бүгінгі Көкентау ауылында тамамдаған. Ол кісі де үлкен ұстаз-ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Астана медициналық университетіндегі Ғылыми кеңестің ғалым-хатшысы.

Ендігі әңгімені Нұрберген Омарқожаұлының хикаятына берсек: «Асқарбек аспирантурасын ГДР Ильменау қаласында өтіп, ондағы араласып, достасқан Герхард пен Марлесті Алматыға алып келгенде шама-шарқымызша күтіп, дастарқанымыздан дәм татқызған едік. Солардың шақыртуымен 1982 жылдың тамызында Мәскеу – Берлин пойызымен алғаш рет шетелге сапар шектік. Bеrlin – Аrnstad – Ilmenau-ға барғанымызда олар бізді қазақтың күйімен қарсы алып, табиғаты тамаша, тарихы бай Тюрингия өлкесіне сапарлатты. Асқарбек алдын ала «немістер тәртіпті сақтайды, сондықтан келіскен мерзімде баратындай жоспар жасаңдар» деген. Соны ұстанып, өлкенің ең маңызды жерлері, әсіресе, біз үшін қастерлі – Гетенің Абайдың аударуында «Қараңғы түнде тау қалғып...» аталған лирикалық өлеңін жазған аңшылық үйін, оған Лермонтовтың аудармасынан Абайдың, сондағы соғыстан кейін комендант болған Қалмұқан Исабаевтың мәрмәр тасқа жаздырған өлеңінің екі тілдегі мәтінін көрдік. Бұл біз үшін есте қаларлықтай үлкен оқиға еді.

«Blumen stad, яғни Гүл қала» атанған Эрфурттағы Гете мен Шиллер мемориалында олардың шығармашылық жолымен таныстық. Одан Дрезден галереясында орнына қайта қойылған Рафаэльдің «Сикстин мадоннасын», басқа да неміс суретшілерінің туындыларын тамашалап, 1945 жылы Совет және Америка әскері тоғысқан Эльба өзенінің көпірінде тұрдық. Қайтарда Берлиннің орталық көшесі Unter den Linden-мен Alecsander-plaz аумағындағы телемұнарадан қаланың Кеңестер одағына қарайтын шығыс секторы мен одан «Берлин қабырғасымен» бөлінген батысындағы АҚШ, Франция мен Англияға қарайтын үш секторын көрдік», - деп еске алған еді.

Қазақтың ұлы Абай мен әлемге әйгілі Гетені жақындастырған өлең екені белгілі. Тағдырдың жазуымен Қ.Исабаевтай ұлтжанды, қайраткер азамат Германия мен Қазақстандай елдің бір-бірімен жақындасуына негіз, дәнекер болғаны белгілі. Оның бір мысалы, кейінгі 15 жылда Астана, Алматы, Қарағанды облысында, жалпы саны Қазақстанның елеулі деген төрт қаласының көшесіне Гете аты жазылды. Ал Берлиндегі «Абайштрассені» ашу салтанаты 2000 жылдың 18 ақпанында өтіпті. Оған Қалекеңнің (Қ.Исабаев – Ө.С) өзі қатысып, сөз сөйлепті.

Ұлылардың шығармасын құрметтейтін елі бар. Ақындар мәңгі тірі. Абай мен Гете үндестігі ән әуезі арқылы жүректерге жол тауып келеді.

Өмірзақ СҰЛТАНОВ,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті

Нұр-Сұлтан қаласы