СҮЙІНБАЙ МУЗЕЙІНДЕ ОН ҒАСЫР БҰРЫНҒЫ МУЗЫКАЛЫҚ АСПАП САҚТАЛҒАН

Уақыты: 25.06.2020
Оқылды: 2384
Бөлім: ТҮПСАНА

Қос шанағынан күй төгілген домбыра ұлттың бітім-болмысын, тарихын, ерлік-шежіресін жазып қалмастан, ақын-жырауларымыздың жан серігі ретінде де дәуірден-дәуірге жалғасып келеді. Аталған саз аспабы Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды музейінде мақтанышпен айтылады. Өйткені, Сүйінбай Аронұлы қазақ айтыс өнеріндегі бітімі бөлек тұлға. Демек, Сүйінбай ақынның сан айтысында қазақтың қара домбырасы серік болып, серпіліп алға шығуына дем берген деп айтуға болады.

Бүгінде музей қорындағы жәдігерлердің ішінде ең көрнекті орын шертпелі аспаптарға берілгені бергілі. Сол қатарда, алдымен Әбдіғали Сариевтің қызы Шайымқан Сариева 1996 жылы сыйға тартқан, ескірген қызыл-қоңыр түсті домбыраны атауға болады. ХХ ғасырдың мұрасы саналатын жәдігер ағаштан жасалған. Өлшемі 80х25 см. Қол жұмысы арқылы жасалып, біраз жыл қолданыста болған саз аспабы сәл ескірген, беттері сырылған, ішегі, тиегі жоқ. Десе де, бір ғасырлық тарихы бар құнды мұра қонақтарды қатты қызықтырады. Тағы бірі Үмбетәлі Кәрібаевтің домбырасы. Ромб пішініндегі кіші домбыраның бетінде қоңыр түспен ою салынған, қызыл-қоңыр түсті. Ұзындығы 70 см-ді құрайтын, ағаштан жасалған аспаптың авторы белгісіз. Беті сырылғаны болмаса, жақсы сақталғаны көрініп тұр.

Сүйінбай атамыздың айтыс өнеріндегі ең таңдаулы  дүниесі қазақ-қырғыз достығын жырлап, бүгінге қалпын бұзбай жеткен «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» екендігі анық. Сол айтыста Сүйінбай ақын домбыраны серік етсе, Қатаған қырғыздың ұлттық аспабы қобызды қолына алды. Сондықтан сол күндердің белгісі ретінде Сүйінбай Аронұлының әдеби-ескерткіш музейінде қырғыз халқының шертпелі музыкалық аспабы, 1996 жылы музей қорына алынған сары түсті ескі комыз бар. Бұл аспап тұтас ағаштан ойып жасалған, үш ішегі бар, пернелері жоқ. 1-ші және 3-ші ішектерінің дыбыс үндестігі әдетте ұқсас, ортаңғы ішек онан кварта немесе квинта жоғары бұралады. ІХ-Х ғасырдың мұрасы саналатын жәдігердің өлшемі 120х25 см. Жәдігер айтарлықтай зақымданбаған.

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра»  деп ақын Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, жоғарыда айтылған музыкалық аспаптар бүгінде музейдің сәнін кіргізіп, салтанатын асырып тұр. Алдағы уақытта да музей қорына өзге де музыкалық аспаптарды жалықпай жинастырып, жұрт назарына ұсынуды ойластырып отырмыз.

Мұрат МҰҚАШҰЛЫ,

Сүйінбай Аронұлы әдеби-мемориалды музейінің директоры