КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕС: КҮНДЕЛІКТІ ҚЫМЫЗ ІШУДІҢ ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 05.08.2020
Оқылды: 2871
Бөлім: ТҮПСАНА

Әлемге қауіп төндірген жаман індеттің күн санап емес, сағат санап өршіп бара жатқаны адамзатты алаңдатпай қоймайды. «Тәж» вирусы, әсіресе, иммунитеті төмен, әлсіз адамдарға өте қауіпті екенін мамандар жиі айтуда. Сондықтан, иммунитетті көтеріп, дұрыс тамақтанып, маман кеңесіне құлақ асыңыз.

Ежелден аттың жалы, түйенің қомында көшпелі ғұмыр кешкен халқымыздың ұлттық тағамының алар орны ерекше. Түп төркіні төрт түлік малдан қарапайым жолмен өңделіп алынатын бұл азықтар  ет, сүт, құрт, май, қатық, қаймақ, айран, уыз, ірімшік, іркіт, қойыртпақ, қорықтық, қымыз, шұбат.

Бұл астың барлығы адам ағзасына өте пайдалы. Әсіресе сары қымыз таптырмайтын ем. Бие сүтін саумалдай ішсе денсаулыққа өте пайдалы екенін түсінген жұрт қазіргі таңда бие байланған желіге қарай жаппай ағылып жатыр. Әлемді шарпыған індет кезінде иммунитетті күшейтеміз дегендердің саны күрт артып, саумал, қымызға деген сұраныс аспандап кеткен. Бұл, біріншіден, жұрттың табиғи, сондықтан да өте пайдалы ұлттық тағам түрлерін қолдануына жол ашса, екіншіден, ауылшаруашылығын өркендетіп, орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндік береді.

Бие байлап, саумал мен қымызды қатар сататын кәсіпкерлердің көпшілігі саумалдың қымыз ашытуға артылмайтынын айтады. Өйткені, саумал ішіп, дертіне шипа іздегендердің саны артқан. Мың бір дертке шипа сусынның қадірін, жылқының қасиетін қала жұрты енді ұғынып келеді десек, артық айтқандық болмас.

Ұлтымыздың төл сусыны – қымыздың пайдасы жайлы бала күнінен естіп өскен Жарқын Жамаубай атакәсіппен айналысқанына еш өкінбейді.

– Қымыз – талай дертке таптырмас ем. Бұған еш ғылым дәлелдемей тұрып-ақ дала данышпаны атанған ата-бабаларымыз тым ертеде-ақ көз жеткізген. Сондай-ақ, оны табиғи түрде қолдан өңдеудің қарапайым жолын ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Қазір біз солардан үлгі алып, ұлт құндылықтарын жаңғыртуға барымызды салудамыз. Шаған тауының етегіндегі жасыл жайлауда жайылып жүрген текті жануардың сүті де, еті де өте құнарлы. Қымыз негізінен жылқы терісінен тігіліп, тобылғы түтінімен ысталған сабада ашиды. Мұнда алдымен біраз қор дайындалып, оның үстіне жаңа сауылған саумал құйылып, көбірек пісіледі. Атап айтсақ, қымыздың өзі «саумал», «уыз қымыз», «бал қымыз, «құнан қымыз», «дөнен қымыз», «бесті қымыз», «сары қымыз», «жуас қымыз», «қысырақ қымыз», «қысырдың қымызы», «түнеме қымыз» болып бірнеше түрге бөлінеді. Біз тек «жуас қымыз» ашытамыз. Тапсырыс берушілердің көбі қалалықтар. Біздің өнім олардың көңілінен шығады. Алғыстарын айтып, үлкендеріміз бата беріп жатады. Ең бастысы, елдің разылығы, – дейді Жарқын Ғазизұлы.

Жамаубай ақсақал әулетінің жылқы малын ұстағанына ғасырдан аса уақыт өткендігін ұрпағы зор мақтанышпен айтады. Кейін қария дүниеден өткен соң әкесінің құрығына ұлы Қабдолда мен інісі Серік ие болып қалады. Қазір бұл атакәсіпті немересі Жарқын жандандыру үстінде.

Нұртас НИЯЗБЕКҰЛЫ,

дәрігер:

– «Ас – адамның арқауы» демекші, саумал, қымыз, шұбат, сүт өнімдерін жиі тұтыну керек. Дәл қазіргі жағдайда сұйықтықты көп ішкен жөн. Шайға бал, лимон және имбир қосып ішсе де болады. Ол да иммунитетті көтереді. Тек ондай шайды қант диабетімен ауыратындардың ішпегені дұрыс.

Мүмкіндік болып жатса, саумал ішкені жөн. Саумал – дертке ем. Бастысы, иммунитетті көтеріп, ағзаның жұмысын жақсартады. Бұл өнімде В, А, Е дәрумендері, әсіресе С дәрумені өте көп. Олар адамның иммундық жүйесі мен денсаулығын нығайтып, күшейтеді. Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит) сияқты аурулардың алдын алады.

Қымызды безгек ауруына және жөтелге қарсы ішу керек. Қымызбен емделгенде қан құрамындағы гемо-глобин, эритроцит көбейеді. Тамырдың соғуы жиілеп, қан айналымы жылдамдайды. Қан-тамыр жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады. Ағзадағы зат алмасуын реттеп отыратын асқазанның, ішектің, бауырдағы өт бөлетін ферменттердің жұмысын жақсартады.

Шипалы сусынның құрамында ағзаға жеңіл сіңетін ақуыздар пептидтер, аминқышқылдар болғандықтан сусынның бұл түрі сырқат адамның күш-қуатын тез қалпына келтіреді. Қымыз ашығанда пайда болатын сүт қышқылы асқазан-ішек сөлінің көптеп бөлінуіне ықпал етіп, астың жақсы қорытылуына, ыдырау өнімдерінің сіңуіне жәрдемдеседі. Бие сүтінде С дәрумені мол болғандықтан өкпе дертімен ауыратындардың ағзасына өте қажет өнім.

Қымыз ішкенде адамның тәбеті ашылады. Оған қымыз құрамындағы сүт қышқылы әсер етеді. Ал қазіргі фаст-фудтық өнімдер мен газды сусындардан біржола бас тарту керек. Ол астан ағзаға зиян болмаса ешқандай пайда жоқ. Деніңіз сау болып, ұзақ өмір сүргіңіз келсе дұрыс тамақтанып, спортпен жиі шұғылданыңыз.

Текті жануардың қыр-сырын терең меңгерген Жарқын мен бауыры Ерлан таңғы бестен бие байлап, 14 биені екі сағат сайын бес сауын сауады. Күніне 60 литр қымыз ашытып, литрін 500 теңгеден сатып, көпшіліктің тапсырысын орындап, алғыс арқалап жүрген азаматтардың еңбегі адал. Ағайын-туысына тегін беріп, қымыздың дәмін тексерту үшін ауыл ақсақалдарына дәм татқызады. Абзал азаматтың бұл ықыласына риза болған қариялар қымызды қанып ішіп, таза өнімді жоғары бағалап, ақ батасын беріп, қазақтың қара домалақ баласының амандығын тілейді.

Болашақта атадан балаға, баладан немереге берілген кәсіпті кеңейтіп, қымызды қазақтың брендіне айналдырсам деген Жарқын індеттен қауіптенген жандардың жанына дауаны көп ретте нақ осы ұлттық сусыннан іздейтінін айтты. Әрине, бұл қуанарлық жайт. Мүмкіндік болса, қазағымның әр шаңырағында бір-екі бие байлағанға не жетсін?!

Ұлттық тағамтану орталығының мамандары қымыздың пайдасы туралы үнемі айтып жүреді. Олардың айтуынша, қымызда кездесетін дәрумендердің бәрі адам денсаулығына пайдалы. Кез келген сүттегі ең бағалы зат – ақуыз болса, бие сүтінде ол 1,8-2 пайыз болады. Қан құрауда маңызды рөл атқаратын кобальт пен мыс сияқты элементтер сиыр сүтінен гөрі бие сүтінде едәуір көп болады. Кобальт онда 1,5 есе, ал мыс 3,2 есе артық. Бір литр қымызда 1,60 мг. мыс болады екен.

Атакәсіптен ажырамай арнасын ашып, қолда бар мүмкіндікті кеңінен пайдалана отырып жылқы малын асыраумен айналысатын уақыт жеткен сияқты. Өйткені, саумал мен сары қымыздың ұлт саулығы үшін теңдессіз сусын екені хақ.

Арудан асқан жан бар ма?
Жылқыдан асқан мал бар ма?
Биенің сүті – сары бал,
Қымыздан асқан дәм бар ма? 
– деп көмейінен жыры төгілген Ақтамберді бабамыздың текке жырламағанына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Олай болса, ұлттық сусын ішіп, денсаулығыңызды күтіп, иммунитетіңізді көтеріңіз.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды