НАУРЫЗ ҚЫЛЫШБАЕВ: "ХАЛЫҚ МҰРАТЫ - САЯЛЫ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ"

Уақыты: 10.08.2020
Оқылды: 1330
Бөлім: ТҮПСАНА

«Әрбір ұлттың борышы – әлем алдында өзінің ұлттық болмысын таныта білу. Егер де халық әлем дамуына ешнәрсе қоспаса, онда бұл адамзат тарихында қашанда кешірілмес, өлімнен де зор, ұлттық қылмыс ретінде қаралуы тиіс», – деген екен Рабиндранат Тагор. Бұған енді Қытайдың ұлы ойшылы Конфуцийдің «Дүние жүзін соғыспен жаулап алу мақсат емес. Ғасырда бір миллиметр алға жылжысаң да болады» деген сөзін қосыңыз. Әлем алдында өзінің ұлттық болмысын танытып келе жатқан ұлттың бірі – Қазақ. Қазақ даласында ата-бабаларымыздың асқақ рухы еш уақытта бәсеңдеп көрген емес. Қоғамдық даму процесін басынан өткізген халық қалай атанса да төрт құбыласының тең болуына атсалысқан. Кіммен күрессе де бейбіт өмір үшін жан беріп, жан алып күрескен.

«Халықтың мұраты – саялы мемлекет құру. Патшаның падишахтығы халықпен бірге тұрады. Халықтың дәулеті патшамен бірге!» деген ұлы тарихшымыз Қадырғали Жалайырдың сипаттамасы кешегі сап түзеп өркениетке бет алған қазақстандықтардың «бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» ұранымен үндесіп, ұрпақ сабақтастығы арқылы баянды болашаққа бастап барады! Ұлы байтаққа байрақ тіккен қазақтың салауатты өмірі, әдебиеті мен мәдениеті көне сарындарын қайта оралтқан тарландардың ізбасарлары жайқалған құрақтай өсіп келеді.

Осындай жетістіктерімізбен қуанатын күніміз алдымыздан шыққан сайын бәсіміз биік, басымыз азат болмақ. Күні кеше Балпық бидің торқалы тойы жоғары деңгейде өтті. Жадырасып табысқан, жамырасып қауышқан ағайындардың ақ пейілі қазақ деген болмысымызды асқақтатты. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың құттықтау сөзі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев пен Зиябек Кабульдиновтың танымдық конференцияда жасаған баяндамалары халықтың көңілінен шықты.

Мен де өз пікірімді білдірдім. Сөзімді «Халық үшін керемет заң – оның дәстүрі» деген Конфуций тұжырымынан бастауым бекер емес. Әлем халықтарының барлығына ортақ ұлы мақсат – ұрпағының амандығы, өмір өткелінен өтіп, тегін жалғастыруы. «Өмір – күрес» деген данышпандардың тұжырымын сыпайылықпен ұрпақ сабақтастығы десек жарасымды. Қазақтың небір даналары өмірдің қым-қиғаш мектебінен өтті. Ащы мен тұщының дәмін татты. Жаман мен жақсыны айырды. Жаумен жағаласты. Доспен араласты. Өзара қырқысқан кездері де аз болмапты-ау. Төзімділігінің арқасында асқар асулардан асып, сыры белгісіз өткелдерден өтіп, өрлеу жолының сүрлеуін қалап, даму жолының даңғылына шығып, әлемге танылған ұлы тұлғалардың қатарынан өзіне лайықты орнын алды.

Төзімділік – өңешке қадалған тікен іспеттес. Кірген ізімен кері шықпайды. Амалсыздан жұтасың. Өкпеңе кетсе дертке ұшырайсың. Асқазаныңа түссе – қуат аласың. «Төзім – тілекке жеткізеді» деп сеніміне селкеу түсірмей тар жол, тайғақ кешуден өтіп, жүздеген жүйрігін аламанға қосқан ата-баба, ақ тілеуімен қалқан болған абзал аналарымыздың өткен өмір жолы, тағылымды тарихы солай дейді.

Орыс тілінде «гордость», «гордыня» деген сөз бар. Қоғамның даму жолы жеңіл болуы мүмкін емес. Еліміздің жетістігі мен кемшілігі – ұрпақ үшін тарихи тағылым, рухани азық. Одан шөлдегенде сусындайсың, қиналғанда қуат аласың. «Гордость» дегені осындайда айтылса, онда қазақ халқы өз тарихымен шаттануға құқылы.

«Гордыня» дегенің – астамшылықтың кескін-келбеті. Еңбексіз жиған байлығын бойына сіңіре алмай, билік басында іскерлігін көрсете алмай, кеудесіне нан піскен талтаңбайлар ертелі-кеш мүсәпірлікке тап болары сөзсіз. «Өскенді де көрдік, бөскенді де көрдік. Өсіп, бөсіп болған соң, өшкенді де көрдік» дегенді жас кезімізде естіп едік, енді сондайлардың біразын көріп жүрміз.

«Ханнан қасиет кетерде қарашамен қас болар, байдан қасиет кетерде байлығына мас болар, жетесіз туған жігіттер жиырма бесінде жас болар» деген сөздің астарына үңілсеңіз, өткен патшалық, тоталитарлық заманның әр белестерінде орын алған, келеңсіз беттеріне берілген сипаттама екенін ұғасыз. «Біреудің бойлап өскенінен, көптің қаулап өскені артық» деген ұстанымның енді «Игілік – баршаға» деген тың тұжырымдамамен ұштасқаны ата-баба аманаты – ұрпақ сабақтастығының жалғасы. Осынау бастамамен қанаттанған қазақстандықтар еліміздің экономикасын нығайтып, халықтың тұрмысын көтеруге белді бекем буып отыр. Бабаларымыздың ежелден аңсағаны осы болса, әділдік деп те осыны айт!

Елін, жерін ойлаған,
Адалдықтың белгісі.
Сөз мәніне бойлаған,
Даналықтың белгісі.
Жоқта шоқтай жайнаған,
Әділдіктің белгісі.
Жақсылармен жанаспау,
Надандықтың белгісі,
– деген бабалар сөзі сіздер мен бізге арналғандай. Сабақтастық өрмегінің арқауына айналып, ұлт аманатына қиянат жасамау – әлімсақтан ұрпағына жүктелген.

«Біріктіріп жатса – би мықты, құрастырып жатса – құл мықты» дегенді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және оның қалыбынан шыққан сардарлары – республикалық құрылым басшылары, облыс, қала, аудан әкімдерінің бойынан таныдық. Түрлі әлеуметтік және экономикалық дағдарыстарды еңсере білген қазақ елі мемлекеттіліктің негізін қалап, татулық пен тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді сақтауы, айтары жоқ, тәуелсіздігімізді сақтағаны. Ең басты жеңісіміз – елдің амандығы, жұрттың тыныштығы, жердің бүтіндігі. «Көш жүре түзеледі» дегендей, қалғанын жөнге салып, ел игілігіне жарату жастардың еншісіне тиіп отыр.

Барды құрастырудың үлгісін Жетісу жұртшылығы да бәзбаяғыдай табанды тірлігімен дәлелдеп келеді. «Үш бәйтерек» қорының бастамасымен бой көтерген Қадырғали Жалайыр, Үш ата ескерткіштері қаламыздың келбетін ажарландырып, жастарымызды елжандылыққа баулып тұр. Жақсы бастама жұғысты болып, жалғасын тапты. Халық қаражатына Қарабұлақта Ескелді би, Бақтыбай ақын, Балпық ауылында Балпық би, Қабылиса ауылында Қабылиса жырауға, Шеңгелді ауылында Бөлек батырға ескерткіш орнатылды. Мұндай жұмыс әлі де болса жалғаса бермек.

Сананы аздырмай, ұрпақты тоздырмай еліміздің ертеңгі күнін ойлау – бүгінгілердің қамы. Бүгінгі дегеніміз – тәуелсіз мемлекетіміздің құрдастары мен замандастары. Ертең дегеніміз – әрқайсымыздың балаларымыз, немере-шөберелеріміз.

Жібі түзу әкеден жөні түзу ұрпақ өрбіту – қазақтың тегімен біте қайнасып, үзіліссіз дамып келе жатқан болмысымыз. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Жас келсе, іске» деген тұжырымның өмірде дәлелденіп, «Мәңгілік ел» болуға талпынған ұрпақ сабақтастығының жарқын жалғасына айналғаны – өмірдің мәні. Жастардың білімін жан-жақты дамытып, әдебиет пен мәдениетке құштарлығын, ұлтжандылық сезімін оятып, ел қамын ойлау қабілетін арттыру мақсатында Отанына сүйіспеншілігін қалыптастыра отырып басшылыққа дайындау – «Атабек», «Ноқта ағаларына» жүктеліп келсе, бүгінгі таңда балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары ұстаздарына жүктеліп отыр. Аумалы-төкпелі жылдары білім беру жүйесінде орын алған орасан олқылықтарды шұғыл түзетудің қажеттілігін ескерген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тұжырымы: «Айтушысы мықты болса, тыңдаушысы дана болады!» дегенге сай келіп, ұстаз мәртебесін арттыру бастамасы бүкілхалықтық қолдауға ие болғаны қандай ғанибет десеңізші?! Мұндайда көргені көп, түйгені мол ел ағаларының айтары: басшы этикасын дұрыс сақтамасаң, адамгершілік қадір-қасиетіне берілер халықтық бағаны қалыптастырып кеткен ата-баба аманатына құрметпен қарамасаң, шыққан тегің – Қазақтың жалауын желбірете алмасаң, Нағыз адам, Нағыз саясаткер бола алмайсың деген сөз.

Еліміздің билік тармағындағы қызметкерлердің дені – тәуелсіз мемлекетіміздің құрдастары. Олардың алдыңғы легінде өмірдің сынағынан өткен ақсақал, ардагерлер де аз емес. Бұрын төрелерді іріктеу, даярлау, тағайындау мұрагерлікпен емес, Мәскеу саясатына байланысты жүргізілген-ді. «Әркім өзінің қолда барын теке қояды» деген кезеңді де көрдік. Билікке жағып, халыққа жақпаған төре-қаралардың қылығынан шошыдық. Билікке жақпаса да халыққа жаққан азаматтарды қолдадық, қол ұшын беріп, алдынан ақ жол ашылуына атсалыстық.

Бүгін жасампаздық танытып, бәсекелік қабілетін ұштаған, азаттық сәулесімен нұрланған ұл-қыздарымыз аламанға қосылды. Иә, «Жүйе өзгермей, жағдай түзелмейді» дегендей, тәуелсіздіктің ақ таңын қарсы алған қазақстандықтар тарихтың жаңа бетін аштық деп шаттанды. Оң өзгерістер, жеткен жетістіктермен қатар  жағдайы шиелінісе түскен салалар да бар. Соның бірі – денсаулық саласы. «Алғашқы байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшіншісі он саулық» қағидасы індетке тап болып, он саулықтың алдыңғы шепке шығуы қолдан жасалған кесел болып шықты. Заманына қарай адамы да өзгерген сыңайлы. «Соқа ұстаған адам артына қарамайды» дегенді өгіз шегіп, жер жыртып, егін еккен ағаларымыз бағзы заманда-ақ санамызға сіңіріп кеткен-ді. Жан-жағына жалтаңдаған адамның алға жылжи алмайтынын ешкімнен кем білмейтін қазыналы қарттарың да қарап қалмай, жастардың қателігіне күйініп, іскерлігіне сүйсініп, реті келіп жатса ақ тілеуін айтудан жаңылар емес. Тыңдар құлаққа ноқта ағасы мәртебесіне ие болған адамның атқаратын үш міндетін тағы бір қайталасақ артық бола қоймас.

Ол – адамзаттың адалдығы үшін күрес. 
Ол – қара жердің тазалығы үшін күрес. 
Ол – ел билеуші пенде ойының адаспасы үшін күрес.

Жаңғырудың жаңа кезеңіндегі саясаттың түпкі мақсаты – біліктілігі, жаңалыққа құштарлығымен, еңбекте табандылығы, бәсекеге қабілеттілігімен өркениетті отыз елдің қатарына қосылу. Сабақтастық па? Әлбетте, сабақтастық. Әділдік пе? Болғанда қандай. Өрлеу ме? Айтары жоқ, өрлеу.

Осынау өрелі де күрделі бағыт-бағдарды іске асыруға құлшына кіріскен бүгінгі жастардың білімі озық, мүддесі ортақ, мақсаты айқын. «Сабақтастық, әділдік, өрлеу» атты үш тағанды қағидаттарын бойтұмарына айналдырған Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне де, табанды тірегі барша қазақстандықтарға да орасан жауапкершілік жүктеп отыр.

«Пай-пай, жиырма бес» дегендей, бір жиырманы артқа тастаған жиырма бірінші ғасырдың өзі сабақтастық. Қым-қуыт оқиғалар жағымсызынан бас тартып, жиырма ғасыр бойы сынақтан өткен құндылықтар негізінде елдігімізді, ірілігімізді, қазақ деген болмысымызды сақтап қалудың өзі сабақтастық. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының өмірге келіп, бүкілхалықтық қолдауға ие болғанының өзі ұрпақ сабақтастығының пәрменді нышаны.

Тарих қойнауына енген жиырма ғасырдың да бас кейіпкері – адам. Адамзат баласы басынан өткен татымды өмір мен дамудың сүрлемінен даңғылына дейінгі аралықта кездескен қиянатты жоюға бастамашылық танытқан тұлғалардың да ұстанымы әділдік болған. Әділдік үшін күрес еш уақытта толастамаған. Бұл күрес әлі де болса жалғаса бермек. Мызғымас одақтың құрсауынан байсалдылық таныта шыққан Қазақстан өз жолын таңдады. Әлемге танылды. Оң өзгерістерге қол жеткізді. Тәубе делік. Қанағат тұталық. Желбіреп тұрған көк тудың түбіне топталалық. Әлі де болса, атқарар шаруа шаш етектен. Ең бастысы – тәуелсіздігімізді сақтап қалу.

Атам қазақта: «Мейірімділік – анадан, әдептілік – данадан» деген жақсы сөз бар. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осынау мектептің түлегі екенін жаңа қызметінің алғашқы сәтінен танытты. Елдің көптен аңсап, күткені де осы еді. Жіберілген қателіктер мен орын алған олқылықтарды түзету жолдары айқындалды. «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің» өмірге келуі соның дәлелі. Оның нәтижелі болуы халықтың жаппай қолдауына байланысты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, айтары жоқ, болашақ өзгерістердің іргетасын қалап, өрлеу арнасымен жалғасары хақ. Мұндағы басты мәселе – қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайту. Халықтың сеніміне ие болған мемлекет қана көздеген межесіне жете алмақ. Мемлекеттің саясатына, ісіне сеніп, жұдырықтай жұмылған халық ұлы жетістіктің кепіліне айналады. Жеңіс дегенің де осы. Баянды өмір дегенің де осы болса керек.

Өрлеудің екі жолын басынан өткізіп, бұрын-соңды болмаған жетістікке жеткен адамзат баласы қазір күрделі кезеңге тап болды. Оның ең өкініштісі, басшы болсын, қосшы болсын нарықтың асау толқынын қызықтап, бір-бірін түсінудің саудаға салынғанын аңғармай қалғаны. Ашкөздікке ұрынғаны. Дамудың революциялық, эволюциялық жолын таңдап, бірде сүрініп, бірде қабынып келе жатқан да адам баласының өзі. Бірінен жеріп, екіншісіне жерік болып, алма-кезек орын алған олқылық пен жетістікті әділдік тұрғысынан сараптап, баянды ғұмырға ұмтылып өмір күресін жалғастырып келе жатқан да қоғам мүшелерінің өзі.

Заман өзгерген сайын адамы да өзгереді дегенің осы емес пе? Десе де, үш нәрсенің өзгеріске ұшырамай тиянақты да тыңғылықты сақталғанына не жетсін. Бірі – тілі, екіншісі – ділі. Қазақ ұлттық мәдениеттің бір белгісі – үлкенді сыйлау, аталы сөзге тоқтау. «Сөйлеу үшін ойлау керек, жұту үшін шайнау керек»  депті ұлылардың бірі. Ойлайтындар мен шайнайтындардың сөзсайысы басталып та кетті. Мұндай жағдайда басты мәселе адамның санасы алдыңғы шепке шығады емес пе? Шықпаса – шығару керек. Ел болып қолдауымыз керек. Жаһандану жаңғырығынан шет қалмай, «жақсы» мен «жаманның» аражігін айырып, рухани текетіресте табандылық таныту үшін. Тағы да таңдау өзімізден.

Діліміз деген – салт-дәстүріміз. Оны төресі сыйласымдық, ізеттілік, имандылық. Жол-жоралғысымен жалғасқан дәстүр арқылы тіліміз сақталып, мәдениет дамиды, білім мен өнер өрлейді, өмір төрлейді. Алайда тілі мен ділінсіз, яғни әдебиеті мен мәдениетінсіз ұлы ұлт болып есептелуі екіталай. «Даналыққа – дала жақсы, балалыққа  – қала жақсы» дегендей, ұлттық салт-дәстүріміздің төркіні – ауылда. Сәбиін тал бесікке бөлеп, бесік жырымен сусындатқан анасы, бабалар рухымен қанаттандырған әкесі өрімдей ұл-қыздарын «Барым да сенсің, нарым да сенсің»,  деп өсірсе, қазақ ұлты соның жеңісін көріп, жемісін жеп келеді. Алла берген нәсіп, дәм-тұзымыздан айырмасын!

Үшіншісі – бірлік. Мұны енді ұлттың тілінен де, ділінен де бөліп ала алмайсың. Біте қайнасып келе жатқан осы үштаған ру бірлестігінен бастап небір  ірі-ірі қауымдастық пен мемлекеттің негізін қалап, ауызбірлік, сабырлық, жанашырлықты халқымыздың құндылығына айналдырған. Ел басына төнген талай сынақтардан алып шыққан да бірлігіміз. Бірлігіміз божыраған сонау бір жылдары дүние астаң-кестең болып, елдің бей-берекесінің қашуына жол берілгеніне өкінген де едік қой.

Қазір іргелі елдер қатарына қосылдық. Тарихтан тағылым алдық. Сабақтастық, әділдік, өрлеу ұғымдарының көркем сөз емес, өмірдің төріне жетелейтін пәрменді бағдар екенін бір кісідей мойындау  – заманның қалауы. Заманның қалауын қабыл алып, нақты іспен қарекеттену адам баласының негізгі амалы. «Қалауын тапса, қар жанады» дегендей, ұлы майдан алаңында бірлік сақтап, иық тірестіре алға жылжу бөгденің емес, өз қолымызда. «Берекеміз қашпасын, белімізді ешкім баспасын!» деген баталы сөз айту – менің де азаматтық парызым, ағалық міндетім.

Асар асуымыз, шығар биігіміз бүгінгімен шектелмейтіні айдан анық. Қазақстанның барлық өңірімен қатар Жетісу жұрты да жаңа буын жастардың белін буып, аламанға қосары хақ. Олардың мақсаты елі үшін еңбек етіп, асыл мұратына жету. Бейбітшілік пен тыныштықтың салтанатын паш ету. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемел- ұлы айқындаған тың бағдарды басшылыққа алып, азаматтардың тең құқылығын сақтап, билікте әділдік орнатып, заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Әлбетте, бұл оңайлықпен орындала қоятын шаруа емес. Мұндай өрелі іс кәтепті қара нарға теңелген адамдардың азаматтық борышы. Бұл – «өз басың әділ болса, жарлықсыз-ақ іс бітер» деген қарапайым, қарапайым болса да жүрекке жылы, құлаққа жағымды, әркімнің санасына сіңер қасиетті ұғымды тұмар тұтқан мемлекетшіл басшылардың міндеті.

Тегі араб, орыстың ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің «Естіліктің тағылықтан айырмашылығы – өткен шаққа құрметпен қарай білетінінде» дегені құрғақ сөз болып қалмай, кеш те болса естілердің ұстанымына айналуымен тарихи ілімнің құдіреті сезіле бастады. Кешегісін ұлықтап, келешегіне талпынған жастардың белін буып, рухын жаңғырту өзекті шаруаға айналды.

Жеңіл күлкінің арбауына алданып, сайқымазақтың шырмауында қалған бейкүнә жандарды бейқамдықтан, енжарлықтан құтқаратын, масылдыққа, мәңгүртікке ұрындырмайтын қару десең, қаруға бергісіз, құрал десең, құралға бергісіз қуат көзі – елдің шынайы тарихы болса, күші – ұл- тымыздың тілі мен ділі. Бұл таласып-тартысып жататын көкпар додасы емес, дәлелдеуді қажет етпейтін қағидат! «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім»  дегендей, біз – сонау ұлы Даланың төрінде ту көтерген көк түріктердің текті ұрпағымыз. Рухани тоқырауға жол бермей еркін өскен аталарымыз қазақ атанған. Қазақпысың, қазақшыла, қазақ емеспісің деген сөздердің астары қаншалықты терең болса, мазмұны да соншалықты ауқымды. Мұны еске салып, рухани қуат беретін мәртебелі мерекелер әл-Фарабидің 1150, Алтын орданың 750, Абайдың 175, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы елімізде кеңінен аталу үстінде.

Әлемді әбігерге салған індет төрткүл дүние кеңістігін шарлап, елдің үрейін алып, экономикасына орасан нұқсан келтіргеніне қарамастан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлыларды ұлықтап, даналарды дәріптеу – халқымыздың игі дәстүрі. Біз Әл-Фараби мен Абайды зерделеу арқылы қазақ даласындағы өркениеттің тамыры терең екенін көрсетеміз. Сондықтан бұл мерейтойлар – бәрімізге сын», – депті «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Дархан Қыдырәлімен өткізген салиқалы әңгімесінде. Тарихқа құрмет, аруаққа тағзым етудің үлгісі деп осыны айт. «Біз біргеміз» деп жаңарған қоғамның ұраны қазақстандықтарды жұдырықтай жұмылдырып, ынтымағын ұзағынан жалғастырғай, басқаға жұғысты болғай.

Ендеше, «Замана бір желмая, қалмасаң халқым жақсы еді желмаядан жығылып», – деп Кердері Әбу Бәкір ақын толғағандай, өткен тарихымыздың терең қатпары, мығым тұстарымен қатар көлеңкелі жақтары да жетіп артылады. Өкпесі тарқамағандары майын тамыза, тіпті, асыра сілтеп айыптау сөзін айтса, өмір мектебінен өткен азаматтар болған іске түсіністікпен қарауы болмысымызға жат емес. Ендеше, жарқын болашағымыздың бағдарын бір кісідей түйсініп, жас ұрпаққа ұғындыра алсақ, нұр үстіне нұр. Ұлттың салт-санасы, оның арғы бастауы, бергі жаңғыруы, қалыбын бұзбай сақтап қалу міндеті қазақстандықтардың алдынан шығып отыр. Онымен қауышып, өркениетке өрлеу – елімізді ізгілік пен ірілікке тәрбиелейді. Жауапкершіліктің салмағы жастарға жүктелгені өмір заңы, замана қалауы. Адам өз заманымен дегенің де, ұлттық идеология дегенің де осы. Әр дәуірдің алға қойылған асыл мұраттарын іске асыратын қуатты қаруың, қолыңдағы құралың да идеолгия. Атам қазақ оны батамен ұштап, ұрпағын батамен шыңдап отырған.

Шырақтарым, ұрыс бермесін, ырыс берсін,
Екі қолдарыңа күш-қуат, екі аяққа жүріс берсін,
Бәрінен де Тәңірім, мына жеріңнің иесі – ұрпағыңның 
Ниеті мен санасын дұрыс берсін
, – деген Бұлғақ бабаның Еділ қағанға берген батасы бүгінгі жастарымызға да қуат берсін.

Кешегі социализм құрылысына құлшына атсалысқан аға буын өкілдерінің еңбегін жоққа шығармаудың бір амалы тәуелсіз қазақ елінің жарқын болашағы үшін бейбіт қүресте, ырғалып жырғалмай, ағымды тірлігімізді бүкілхалықтық еңбек майданына айналдырып, өркениетті елдер қатарына қосылу.

Цель творчества – самоотдача,
А не шумиха, и не успех.
Позорна, ничего не знача,
Быть притчей на устах у всех,
– деп Пастернак айтқандай, мадақ пен марапат үшін емес, еңбек адамдарын құрметтеп, асыл мұратына жеткізу енді ел Президентінің ұлы мақсатына айналғаны замана талабы әрі Қазақстан халқының адал перзентіне артқан сенімі.

«Мәңгілік ел» – толастамайтын қозғалыс, сабақтастық, жасампаздықпен жалғасатын өзгеріс. Өркениетке ұмтылған елдің өрлеуі дегенің – қазақтың даналық жолы екендігін тебіндете білу шарт. Жастарды елжандылыққа баулуды бүгінгі таңдағы тәрбие жұмысының басты арқауына айналдырмайынша, егемендігімізді сақтап қалу оңайға түсе қоймас. Мәселе бес қаруын асынып сапқа тұру немесе түймедейді түйедей ғып көрсетуге құмар жандарға ілесіп көшеге шыққан даңғаза шеру  де емес, «Нұр Отан», «Алға, Қазақстан» деп даурығу да емес. Ең бастысы, әдептілікті сақтап, ақыл қорытып, күш біріктіріп жұмыссыздықты жою, қыз баланың тәрбиесін ұлт құндылығына айналдыру.

Әңгімені қыз тәрбиесінен басталық. «Отбасының жүрегі, алтын діңгегі – ана», «Бір үйді он еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» депті бұрынғылар. Бұған «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген әл-Фараби сөзін қосыңыз. «Баланың санын шектеме, жетіден асса көп деме» деген алтын құрсақ аналарымыздың ең айтулы парызы – жар сүйіп, бала туу, бала емізіп, бала иісін сезіну болған. Қызын арға, ұлын нарға балаған Қазақ қызын қызғыштай қорғап, үкідей үлбіретіп өсіргендегі мақсаты – текті ұрпақ өсіріп, теңдессіз бақытқа бөлену. «Қыз өссе елдің көркі деген сөзді, қапысыз қалай айтқан қайран бабам» дегендей, бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің көркін қыз қылығынан көре алмасақ, қыздардың арманынан сезе алмасақ – егемен ел боламыз дегеніміз бекершілік. Артық кетсем, кешірімді болыңыз.

Жұмысқа тартылғандарының кедейі болмауы мемлекеттік мекемелерден бұрын жұмыс беруші тап – олигархтарды ойландырып, ел қызығарлық жетістікке жеткені мақтанышқа айналуы шарт. Еліміздің басынан өткен мұндай жетістік эволюциялық жолмен орындалатын шаруа. Эволюциялық тәсілді пайдаланып, екпінін үдету керек. Ұзаққа созылса революцияның ұшқынына ұрынамыз. Оған жол бермеу үшін жастардың білімін өсіріп, кәсіпкерлікке ұмтылғандарының іскерлігін ұштап, бәсекеге қабілеттілігін шыңдап, ізеттілік, мейірімділік, қайырымдылық, бауырмалдық, дарқандық, ерлік, тазалық, адалдық, әділдік сияқты ұлттық құндылықтарымыздың жаңғырған сипатын күнделікті тірлікке айналдыру. Рухани жаңғырудың алғы шарты осы болса керек-ті. Олай болмаған күнде кері кетеріміз хақ.

Өлім мен өмірдің қатар жүретіні сияқты еңбек пен масылдық та қатар жүреді. Масылдардың қатарынан шығатын барымташы, коррупционерлердің тамыры саналы жол – тәрбиемен (идеологиямен) шабылатын болса, ұлттық болмысымызға тән береке-бірлігіміздің тұрақтылығын сақтап, басқаға үлгі боларлық тірлігімізді танытамыз. «Көп білген адам кемеңгер емес, білгені көп, еліне пайда келтірген кісі кемеңгер» депті көне грек данышпаны Эсхил. Кім білсін, имандылығынан айырыла қоймаған жиырма бірінші ғасырдың бай-манаптары, барымташы, коррупционерлері нәпсісін тыйып, тура жолды таңдап, еліне пайдасын тигізіп жатса, кеңпейілді қазақ жұрты: «Әй, азаматым-ай!»  деп бауырына алып, жотасынан қағып, маңдайынан иіскеп, өз қатарыңның алды бол деп ағынан жарыларына сенімдімін. Өйткені біз қарға тамырлы қазақпыз.

Қазіргі «аға баласы» деген ұғымның сырын тереңінен түсініп, белгіленген бағыт-бағдар мен ағымды шаралардың орындалуына атсалысу – «Жақсының ғұмырын ұрпағы ұзартады, ісін ұлысы жалғастырады» деген аманатқа қиянат жасамайтын ұрпақтың азаматтық парызы. Бүкілхалықтық қолдаудан оппозицияның шет қалуы әсте жараспайды, әрі орынсыз дау-дамайға құмарлығын, арандатушылыққа бір табан жақындығын әшкерелей түседі. Таңдау өздерінен.

Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тектілердің тұяғы,
Таңдайды құз-қияны.
Шын тектілер халқы үшін,
Өлімге басын қияды.
Жақсы-жаман деместен,
Жанына жұртын жияды.
Тисе тиер пайдасы,
Тимес жұртқа зияны
, – демеп пе еді қазақтың данагөйлері.

Тарихтың өткенінен тағылым алып, жеттік деген жетістігіне сын көзбен қарап, олқылығын сараптап, қиянаты болса байбалам салмай, көпшіліктің пікірін ескере түзететінін түзетіп, әділдікті ту еткен қазақстандықтардың қажырлы еңбегімен өрлеудің тың жолын табу керек. Ұлылық дегенің де осы.

Олай болса, әлі де танылмаған нәрсені танытатын және ненің ақиқат, ненің жалған екені туралы ой-пікірімізді түзуге үйрететін логика ілімі – қисынға жүгінелік. Оны игеру, қисынын табу, жүрекпен сезу, болмысыңды бағалау өзгенің емес, өз қолымызда. Атам қазақта: «Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды» деген нақыл сөз бар. Басынан бағы таймаған қазақ елінің қуаты – жерінде, күші – бірлігінде. «Жайылсақ жоқпыз, жұмылсақ бармыз» деген ата-баба аманаты мен тағылымды тарих сабағы дәл қазір қай кездегіден де аса маңызды, ағайын!

Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,

Алматы облысының Құрметті азаматы