"БАСҚАРУМЕН БАЙЛАНЫСТЫ": ҚАЗАҚТЫ ҮШ ЖҮЗГЕ БӨЛУДІҢ БАСТЫ СЕБЕБІ

Уақыты: 18.09.2020
Оқылды: 2298
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақ халқы және оның құрамына қосылған ру-тайпалар үш жүзге бөлінді. Ерте заманнан бері Қазақстан мен Орталық Азияны қоныстанған көшпелі елдерде жұртты «оң, сол, орта» немесе «батыс, шығыс, орта» деп үш өңірге айырып басқару дәстүрі болған. Қазақ жүздерінің (Ордаларының) генетикалық-этникалық мағынасы жоқ, тек қана географиялық-әкімшілік аумақтық топтасудан туған термин.

Тарихи деректерге жүгінсек, елді үшке бөліп басқару дәстүрінің тым ертеден, біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІІІ ғасырдан – хуннулар (хұндар) заманынан бері бар екенін және оның үзілмей жалғасып келе жатқанын көреміз. Мысалы, хуннулардың Ұлы тәңір құты Модэ өзі жаулап алған ұлан-ғайыр жерді үшке бөліп, елдің шығыс жағын өзінің баласына, батыс жағын бауырларына басқартады, ал өзі осы екеуінің ортасындағы өлкені иеленеді.

Ел билеудің осы тәсілін Шығыс түркі қағанатының қағандары Елтеріс (Құтлығ), Мочжо (Қапаған), Могилян (Білге) одан әрі жалғастырды. Түркі қағанатынан кейін тарих сахнасына шыққан қазіргі Қазақстан жеріндегі мемлекеттер: Түргештер де, Қарлұқтар да, Қарахандықтар да дәстүрлі үшке бөліп басқаруды қабылдаған. Айбарлы Шыңғысхан да өзіне бағынған түркі елін үшке бөлді. Олар:  Жошы, Шағатай және Үгедей билік жері. Шыңғысхан балаларына осы үшке бөліп басқару тәсілін қолданды. Мұндай ел басқару тәсілін Тәуке ханның да қабылдағаны белгілі.

Негізгі билік тізгіні үлкен орданың өз қолында қалып отырды. Қазақ жерінің үш жүзге (үш ордаға): Ұлы, Орта және Кіші жүзге бөлінуінің негізгі себебі сыртқы және ішкі жағдайға байланысты болды. Біріншіден, қазақ жерінде 100 жылдан асып түскен жоңғар шапқыншылығы жүріп жатты, оған қоса Ресей империясының және Орта Азиялық хандар қолдан өршіткен, сұлтандарды бір-бірімен бәсекелеске айдап салған саясаттан болды. Екіншіден, Тоқа Темір ұрпағынан тарайтын қазақ сұлтандарының, билер мен ру басыларының арасындағы мал жаятын жайылым жердің азаюына байланысты өзара талас, қарама-қайшылықтан туған.

Қазақ жерін үш ордаға (үш жүзге) бөліп басқару деген шешім Тәуке хан өлген соң 1718 жылы саяси шешімін тапты. Бұл шешім біртұтас қазақ жерін, хандығын үш әкімшілікке бөліп, саяси жағынан бытыраңқы етуге әкеліп соқты. Ал кейіннен қазақ елінің басқаларға бодандыққа түсуіне негізгі себеп болды.

Ал үш жүз атауы «Орда» терминінің мағынасы ретінде қағаз бетіне түскен ең алғашқы жазба дерек орыс патшасының қазақ даласына жіберген елшісі Мәмет (Құтлымбет) Тевкелевтің Сыртқы істер алқасында 1732 жылы 5 қаңтарда жазған хабарламасында айтылды. Онда: “Қазақ Ордасы ежелден үшке, нақтырақ айтсақ, Үлкен, Орта және Кіші жүз деп бөлінеді”, – дейді.

Қазақ халқының бөлінбейтін біртұтас халық екендігін патшалық Ресейдің белгілі ғалымдары да мойындады. Қазақстанды басқару туралы ережелерде: “Жергілікті жағдайдың қажеттер мен халықтың тұрмысын зерттеуге қарағанда қазақтар, өзінің шығу тегі, дін туралы, тіл және тұрмыс салты жөнінен бір халық болып табылады”,  – деген.

Қорыта келе, қазақ ордаларының (жүздерінің) үшке бөлініп аталуы ежелгі заманнан бар дәстүр: әскерді, мемлекетті әкімшілік тұрғыдан басқару жүйесінен пайда болған. Ешқандай этникалық мағынасы жоқ, тек қана жерге, аймақты топтастыру мен басқарудан туған термин.

Дарын ҚАСЕНОВ,

Алматы облыстық М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі

Сурет ғаламтордан алынды