"ШАЛҚЫП ЖАТҚАН ТЕҢІЗ": АБАЙ СӨЗДЕРІН ТҮСІНУ - БІР БАСҚА, ТАНУ - БІР БАСҚА

Уақыты: 18.10.2020
Оқылды: 1445
Бөлім: ТҮПСАНА

Адамзат баласына ортақ мәдениетті әрбір халықтың ой-пікір, таным-түсінігінің озық сипаттары мен ақын-жазушы, ойшылдардың шығармашылығы түзетіні хақ. Даналық тұғырдан тақ сайлаған ұлылар өз халқының төл танымының асылын аршып, адамзаттық озық үлгілермен сабақтастырады. Он тоғызыншы ғасырдың бел ортасында от жүрегін тулатып өмірге келген данышпан Абайдың гуманистік-философиялық ой-толғамдары, таным көкжиегін кеңейтер кестелі, кесімді байламдары, рухты аспаншыл етер оптимизмге толы шығармашылығы – ғасырлар мен ғасырлар мүйісін жалғаған, әлемге ортақ тұжырым түзген, мәдениетіміздің мәйегін танытқан асыл дүние. Асылында, сол асыл дүниенің нарқын салмақтап, парқына жете алдық па деген сауал көптен бері көңіл түпкірінде жатқаны жасырын емес еді. Күлбілтесіз кесіп айтар болсақ, ұлы ақынның рухани әлеміне бас қойған қазақ халқының дені кемеңгердің ұлы жазбаларының астарына толық мән бере қойған жоқ. Таным мен түсінудің аражігін ажырата айтсақ, біз заңғар тұлға шығармашылығының ширегіне жетпедік. Ендеше, осы бір ішкі толғамды ойымыздың тұжырымына не түрткі болғанын тарқатып өткенді жөн санадық.

***

Жазба әдебиетіміз хакім Абайдан бастау алатыны қайталауды қажет етпейтін тақырып. Сондықтан, Мұхтар Әуезов іргетасын қалап кеткен абайтану мәселесіне бірден бет бұрғанымыз дұрыс. (Ақын мұрасын алғаш зерттеп, насихаттаушылар: Әлихан Бөкейханов, Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауһари әл-Омскауи, Кәкітай Ысқақов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Самат Әбішұлы сияқты ревалюцияға дейін қазақ қауымының қоғамдық ой-санасына әсер еткен зиялылар тобын да ұмытпағанымыз жөн). Жасырары жоқ, бүгінгі таңға дейін хакім өмірі мен шығармашылығы терең талдауға түсті. Танымға тамыр тартқан ғалымдар көшелі ой мен кесімді пікірді нақтылы деректермен сабақтастыра отырып, талай томдыққа жүк болар ғылыми еңбек бедерледі. Санамаласа жүзден асып жығылар әдебиеттанушы, ғалымдар із түспеген соны алқапта соқпақ салуға тырысты. Онсыз да төрт мәрте жасалған Абайдың ғұмырбаяндық-хамсасынан адам естімеген жаңалық тауып, жариялауға талпынды. Шығармасын талдау тұрғысында да сол «жаңалық ашу» мұратымен жан аямай іс қылды. Абайтану бағытында жүзге жуық ғылыми кітап оқырманға жол тартты.

Абайтану атты іргелі салаға өзіндік үлесін қосқан ғалымдар мен зерттеушілердің еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Бір ғана хакім жолында саналы ғұмырын арнаған абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының еңбегі орасан! Дегенмен, ұлы ақынның шығармасын талдау барысында кейбір ғалымның танымына таңырқап, туындыны толыққанды тұшынып-түсінбегеніне көз жеткізесің. Мәселен, «Алла деген сөз жеңіл» жырына ғылыми тұрғыда түсінік берген бір абайтанушы осы өлеңнің үшінші шумағындағы: «Ақыл мен хауас барлығын, білмей-дүр, жүрек сезе-дүр», – деп келетін жолын зерделейді. Сондағы пайымы – «хауас» сөзін Хауа ана деп түсіндіруі. Жаратушы мен адам арасындағы сезімнің негізі ниетте жатқанын Абай ашып айтып, Жаратушының болмысына ақылмен емес, жүрекпен бойлау керектігін айшықтаған өлеңді осылайша бұрмалауға түсіреді. Негізі бұл жырда текстологиялық қате кеткен бе деп те қаламыз. «Ақыл мен хауас барлығын» деген жолдардың түпнұсқасы – «Ақылмен хауас барлығын» (хауас – жаратушы сипатында қолданылған) деп жазылуы керек деген де пікірлер айтылады.

Міне, бір ғана мысалдың мәні осында. Ал, жалпы ақын шығармашылығын талдау барысында кей ғалымның оғаш айтқан пікірлерін санамалап жатудың қажеті жоқ деп шамаладық. Өйткені, біздің айтпағымыз абайтанушылардың танымай жатқанында емес, біздің жалпыхалықтық сипатымыз Абайды тану өресіне емес, түсіну кіріспесіне енді жеткендігін айшықтау еді.

Ахмет Байтұрсынұлы 1904 жылы от жүрегін тулата тебіреніп жазған мақаласында: «...Абай... бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азын түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі», – деп жазады. Ұлт ұстазы атанған А.Байтұрсынұлы бұл сөзі арқылы Абай танымының тұңғиығына бойлау оңай дүние емес екенін анық сездіреді. Шындығында, бүгінгі таңда ақын-жазушы, журналистер мен әдебиетшілер, өнер иелері болмаса, жалпы көпшілік Абай жырының тереңіне көп бойлаған жоқ. Бұл – ащы да болса ақиқат.

Ескілікке, кертартпалыққа қарсы тұрған хакім халықты еңбекке, өнер-біліге ұмтылуға шақырды. Кесел мен кесапаттың аражігін жырмен ажыратып, жіктеп тұрып, енжар елдің ертеңіне алаңдап өтті. Ұйытқып соққан замана желінің бағдарын айқындап, жұртына бағыт сілтеді. Дегенмен, арада бір жарым ғасыр өтсе де, Абайдың  ұлы арманына, аңсарына зейінмен ұлт болып зер салғанымыз жоқ. Тіпті, кешегі күні сырбаз қаламгер Асқар Сүлейменов айтып кеткен: «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді», – деген астарында ақиқат жатқан ащы сөз өз құндылығын жойған емес.

***

Белгілі ақын Мұзафар Әлімбаев өзінің «Көңіл күнделігінен» деп атаған ой-толғамдарының бірінде, француз жазушысының маржан ойын алға тартады. Өз ұлтының танымын, дәстүр-салтын, сөзін аса биік қойған сол жазушы: «Егер мен француз тілінде бір ғана қате жіберер болсам, Құдай мен үшін пейіштің есігін ашуға тыйым салар еді» – депті. Өз ұлтын сүю, құндылықтарын бағалауда бұдан асыра айтар мысал болмайтындай. Біз де бүгінгі күні адамзат баласын, қазағын шексіз сүйген Абай жырының бір әріпін қате оқуға, бір тармақ жырын қате насихаттауға болмайтынын ұғынуымыз керек. Десе де, Абай Құнанбайұлының екі томдық кітабы баспа бетінен жарық көрген сайын, текстологиялық кейбір қателіктер «түзелді ме екен» деп үңілетініміз бар. «Баяғы жартас, сол жартастың» кебімен оқырманға жолданып жатқанын аңдап келе жататыны жасырын емес.

Хош, абайтануға үлес қосып жатқан әрбір ғалымнан тартып, әрбір өлеңсүйер қауымға ұлы ойшылдың шығармашылығына зейінмен зер салып, таным тұңғиығына бойлап, асыл жырды көлденең ойсыз насихаттағаны абзал екенін тағы бір нақтылап айтқымыз келеді.

***

Жүйелі ойдың бір тармағын тарқатқанда, екіншісіне мән бермей кетуге болмас. Абайды ұлт болып танысақ екен, тамырына бойлап, тереңіне зер салсақ екен деген ішкі арман тектес ойды айшықтаған соң, аз да болсын ақын шығармашылығына тоқталып өтуді жөн санадық.

Өз заманында Париж төрінде алшаңдай басып жүрген француз жазушысы, драматург Жюль Ренар: «Қандайлық ғажайып болғанымен, сонау Гомер заманынан келе жатқан бейнелемелерден бой тартыңыз», – деп жас қаламгерлерге насихат айтыпты. Бұл ойды тарқатар болсақ, әуелі Гомердің шығармасындағы боямалардың Жюльдің жаратпағаны ма деп қалуыңыз мүмкін! Дегенмен, әдебиет өрісі қоғамға сай түрленіп, уақыт өткен сайын өркендей беретіні заңдылық. Сондықтан да драматург, әр ғасырдың өз Гомері болса деген үмітке бас ұрғандықтан осылай десе керек. Біз де осы қағидадан қиыс кетпедік. Бүгінгі таңда Абай шығармашылығындағы поэзиялық көркемдік өз қызметін атқарып қойғандай сезіледі. Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаевтардан тартып, кешегі Мұқағали, Сағи, Жұмекен, Тұманбай, Кеңшілік, Жұматай мен Қадыр сынды көптеген ғажайып ақындар поэзияға жаңа бояу, жаңаша суреттеу алып келді. Өз сүреулерін өз асқарына дейін соқпақ етіп салды. Олар Абай жасаған поэзиялық қалыпты сақтағанымен, Абай көркемдігін көшке қалдырып, өз үндерін көкжиекпен астастырды. Одан қала берді, Жарас Сәрсек, Маралтай Райымбекұлы, Жанарбек Әшімжан, Ерлан Жүніс, Ақберен Елгезек сынды бүгінгі аға буын өкілдері санатына іліккен шайырлар да боямалардан бас тартып, өзіндік көркемдігімен қазақ поэзиясын кемелді ету жолында тер төгіп келеді.

Десе де, біз Абай поэзиясындағы боямалардан бой тартқанымызбен, ұлы ақынның шығармашылығы өз құдіретін жойған емес. Өйткені, ұлы ақынның поэзиясы көркемдіктен гөрі, мазмұнға бай. Асыл ойдың арзаны болмайтынындай, Абай жырының көркемдігінен бұрын аталы сөзі ұлы елдің мәңгілік темірқазығына айналғаны ақиқат. Абайдың ұлылығы, жырының құдіреттілігі мазмұн жағынан бұтарланбас беріктігінде. Абай әлемде айтылмаған ойды айтқан тұлға деп айтсақ, асыра бағаламағанымыз да болар.

«Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ұлтқа ұран етерлік сөзін тұмарымыздай көріп, осы мұрат жолында иманигүлдің ләззатын сезіне алмай жүріп, үш сүюдің парқына парасатпен сана жетелете алмай жүріп, біз ақын жырының құдіреттілігін тұтас қамтып, талдап бере алмасымыз  анық. Сонда да, орайы келгенде, ақын жырының көп насихатталмаған тұсына ойысып көрелік.

Абайдың заманын, өмірін төрт кітапқа арқау еткен заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Абай шалқып жатқан теңіз, мен одан шөміштеп қана су іштім», – деп толғанады. Ғажап баға! Ұлы ақынның сәулелі ғұмырын тұтас жазған ұлы жазушы осылай десе, ақын шығармашылығының тұңғиығына бойлау керектігін ескерткені болар. Біз ақынның гуманистік-философиялық ой-толғамдары мен қара сөзінен, адамзаттық асыл  жырларынан мысал келтірмей-ақ, аудармасы мен мысал өлеңдеріне (бұл да тәржіма) зейін қоялық. Мәселен, Абай А.Пушкиннің «Онегиннің Татьянаға жазған хаты» өлеңін:

«...Михрабым сен, бас ұрамын,

Тіл жете алмас ғұзіріме.

Жетпедім, не жасырамын,

Гауһарымның қадіріне...» – деп тәржімалайды.

Осы өлеңде Пушкин дәл осылай жазды дегенге кім сенеді?! Түпнұсқада өзге һәм өңге. Ал, ұлы ақын мұны қазақы қалыпқа салып, ұлттық бояу, ірең кіргізіп, ғажайып толғаным ретінде оқырманға тарту еткен. Сол секілді, абайдың көптеген аудармаларының өзінде қазақ халқының небір асыл ойлары, інжу сөздері зерленген. Осының өзінен-ақ, ұлы ақын шығармашылығын, поэзиясының құдіретін салмақтай беруге болады.

***

Мысалды жанрлық түр жағынан шарттылығы басым, қалыптасқан, өзгермесіз, ескі сюжетке негізделетін ойдың, аң-құстың, жәндік пен жануарлардың іс-әрекеті арқылы тұспалдап қана білдіретін, белгілі бір шындықты уағыздап айтуға бейім тұратын шығарма деп қарау әдебиетте жиі өріс алған.  Негізінен, мысал өлеңдердің артықшылығы – тұспал бейнелер арқылы сан тағдыр иесінің мінез-құлқын, іс-әрекетін аңдатып, өз алдына алып келіп, сол арқылы қоғам шындығын, өмір қайшылықтарын ашып беретін қуатқа ие екендігінде әрі поэзиялық ерекшелігінде. Мәселен, Абай «Есек пен бұлбұл» мысалында:

«Тойған есек шөпті оттап маңайдағы,

Соңырқап шатқа кетті қай-қайдағы.

Қаңғырып өлкені өрлеп келе жатып,

Жолықты бір бұлбұлға тоғайдағы», – деп тәржіманы түп-нұсқада (орышсада) жоқ шумақпен бастайды. Түпнұсқадағы негізгі мазмұнды өз ұлттының танымына сай әрі поэзиялық кемшіліктен ада етіп тәржімалап, ұлттық бояуды мейлінше көп қосқан Абай мысалдары осылайша көңіл толқытатын деңгейде өрнектеледі.

Жалпы, ақын творчествосындағы төл туындылары көбіне-көп аудармадан айырғысыз болып келуі, ақылманның әрбір аудармаға, ұлттық поэзияға ұлы күшпен, асқан құрметпен, ыждаһаттылықпен қарағанын танытады. Ендеше, жалпақ жатқан жұртына жырымен үн қатып, адамзаттық бақытқа бөленетін жолды нұсқаған ақынның тек тәржімасының өзі осындай деңгейде болса, поэзиясының құдіретін сипаттауға ақынның өз тілімен айтқанда «тіл жете алмас ғұзіріме» емес пе?!

***

Ғұмырында сан тараулы жол өндірген, серілікпен сейдің күн кешкен, аңға шыққан, болыс болған, ұлы толғаныспен ұлтына мәңгілік мәнге ие өсиет айтқан Абайдың ашылмаған қыры көп. Десе де, ұлы ойшылдың Науаи, Фердауси, Низами, әл-Фараби сынды мұраты бір ұлы ойшылдармен үндесіп жатқаны да аян. Алты құрлықтың ақылмандарының дариясынан су ішіп, өз ұлтының болашағына бағдаршам болған Абайды тану – ұлтты ұлы биікке алып шығар ұлы баспалдақ екені екібастан анық болған дүние.  Сондықтан да, Абайдың ұлы тойын түркі жұрты болып атап өтіп жүргеніміз жан толқытады.

Тәует басты тұлпарымен Тұран даланың жиегін кеңейткен текті ұлттың, алты аталы Алаштың асылы – Абай жаққан сәуле сөнбек емес. Дегенмен, бұл толғанысымыздың түп негізі ұлы ақынға деген оқырманның аңсарын аудару болатын. Ұлттық сипатта ұлы ақынның жырына бас қойсақ, асқар шыңнан рухымыз тұғыр сайлайтыны анық. Сондықтан да, М.Әуезовтің «Абайдың туысы мен өмірі» атты естелік жазбасындағы хакім туралы жазылған бір мысалын алға тартқым келеді.

«Құнанбайдың Көкше ішінде тұрғылас, сыйлас кісісі, өзі шешен, тілге бір жүйрік кісі атанған Қаратай бір күні Абайдың өз құрбы жас жігіттерімен жиналып отырғанының үстінен келіпті. Сонда Қаратай өз заманын мақтап, жастардың заманын қаралай бастапты. Сонда Абай бұл сөзге көп дау айтып келіп: «Сіздің заманыңыз қанша жақсы еді, ең аяғы осы отырған Тобықты, Сыбан сияқты көрші елдің арасында бір қол болып, жиналып алып, түн қылып жүрмесеңдер, жалғыз-жарым кісі қатынасып алмаушы еді. Ұрлық, барымта, бұзықтық көп болғандықтан «әні алып кетті, міні алып кетті» деп кемпір-шал, қатын-қалаш, жас бала тыныштықпен асын іше алмаушы еді.  Осы заман жақсы ма?» – дегенде Қаратай  атып келіп: «Менің заманым пайғамбарға жақын» депті. Бұған қарсы Абай: «Алатаудың басы күнге жақын, бірақ басында мәңгілік қар жатады. Сайында неше түрлі өсімдік, неше түрлі алуан жеміс шығады. Алланың рақметіне алыс жер, алыс заман жоқ. Қайда болса да жетеді. Сіз пайғамбарға Әзірет Әлінің әкесінен жақын емессіз, ол кәпір болған», – депті хакім. Бұл жарқын естелікті алға тартып, біз Абайдың айтқыштығына мысал келтірейін деп отырғанымыз жоқ, керісінше, ұлы ақын айтқандай, біз Абайдан алыс еместігімізді, хакімнің ұлы сөздері ұлтқа ортақ екендігін тағы бір мәрте сөзімізге өзек еткіміз келгендіктен атадық. Заманының шетін көрген кешегілер танып, талдап жатыр деген нанымнан айырылып, ел болып ұлы мұхиттан шөл қандырған дұрыстығына, асылын тануға заманалар бөгесін болмайтындығына дәлел ретінде осы бір оқиғаны қайта жаңғыртып отырмыз.

Иә, өз жұртын шексіз сүйген хакім Абайды, темірқазығымызды тану аздық ететіндей. Мемлекеттік идеологиямыздың алғысөзі ел басқарған тұғырлы тұлғалардың емес, Абайдың сөзімен басталуы қажет-ақ. Сонда ұлылардың аңсаған өркениетіне өріс ашармыз. Бір сәттік тебіреністен туған осынау толғамымның соңын Абай бақиға бет қаратқаннан кейін 10 жыл өткен соң «Абай» деп «Қазақ» басылымында тебірене термелеген Міржақып Дұлатұлының мына бір асыл арманымен аяқтауды жөн деп таптым: «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ рухына сонша жақындаймыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар. «Бірінші ақынымыз» деп қабіріне халық жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар».

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан