"БАС БАРМАҚСЫЗ ТАРТҚАН": АБАЙДЫҢ "АҚТОЛҚЫН" КҮЙІ ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕК

Уақыты: 28.10.2020
Оқылды: 2476
Бөлім: ТҮПСАНА

Абай хакімнің «Ақтолқын» атты күйін Қытайда тұратын қазақтар сақтап, бүгінге жеткізді. Алайда күйдің Қытайдағы қандастарға жетуі тым арыда жатқан тарихи оқиғалармен байланысты.

1890 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Көктұма деген жерде үлкен съезд өтеді. Оған арғын, найман, керей және қызай руларының атқамінерлері қатысып, қордаланып қалған жер дауы, жесір дауы сияқты  істерді қарайды. Съезбен қатар бәйге, балуан күрес, көкпар, қыз қуу, тағы да басқа ұлттық ойындар, ақындар айтысы, күй жарыстары ұйымдастырылады.

Осы съезге қызай руынан шыққан атақты Қоңқай күйші де (1836-1920) қатысады. Сол жолы күйшілер төрт күн бойы күй сайысына түсіп, бақ сынайды. Күй сайысына Абай, Шәкәрім бастаған қасқа-жайсаңдар төрелік етеді. Сайыстың төртінші күні Қоңқай күйші бас бармағы буынынан үзіліп кеткеніне қарамастан Абайдың бір рет шертіп көрсеткен күйін басқа күйшілер нақышына келтіре алмағанда төрт саусағымен тартып, елді таңғалдырып, нәтижесінде, бас бәйгені ұтып алады. Күйдің «Ақтолқын» деген атауы сол жолы қойылады.

Кейін бұл күйді Қоңқайдың шәкірті, қызайдан шыққан тағы бір дәулескер күйші Әшім Дөңшеұлы үйреніп, кейінге жалғастырады. Әшім Дөңшеұлы өткен ғасырдың 40-шы жылдары Қытайдың Құлжа қаласында құрылған Қазақ-қырғыз ансамблінің домбырашылар сыныбына сабақ беріп жүріп, әлгі күйді шәкірттеріне үйретеді. Әшім шерткен күйдің аудио нұсқасы Қытайдың орталық радиосының архивінде сақтаулы деген дерек бар. Ал Әшімнің шәкірті Кәмал Мақайұлы ұстазынан үйренгені бойынша бұл күйді 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай нотаға түсіріп, ел назарына ұсынады. Нота домбыраның оң бұрауына (суретте) ыңғайластырып жазылған.

Дереккөз "Шың Жияң" қоғамдық ғылымдар журналының 1995 жылғы №3 санынан алынды.

Қажет АНДАС

Алматы облысы